РАБИА СҰЛТАН БЕГІМ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР НЕГЕ АЗ?
2017 ж. 29 қаңтар
15258
0
Рабиа Сұлтан бегім туралы ептеп хабардар болғанымызбен, ол туралы нақты мәліметтер жоқтың қасы. Тарихи деректердің бәрін ақтарып көргенімізде, көңілге қонымды тұщымды ақпарат таба алмадық. Қазақша-орысша мәліметтердің көбі – Рабиа Сұлтан бегім мазараты туралы ақпар береді.
Сонымен, Рабиа Сұлтан Бегім (кей деректерде Рабиға деп те аталады) Дешті Қыпшақтың ханы болған үлкен Әбілқайыр ханның жары. Бұл хандық тарихта көшпенді өзбек мемлекеті деген атпен белгілі.
Кейбір мәліметтерде Рәбияны Ұлықбек хакімнің қызы деп атаса, кей деректерде немересі деп жүр. Тарихи фактілер бірізді емес. Бастысы, Рабиа Сұлтан Бегім – Әмір Темірдің ұрпағы.
Ілияс Есенберлин өзінің әйгілі «Көшпенділер» трилогиясында Рабиа Сұлтан бегімнің сұлулығын былай деп суреттейді: «Үстеріндегі сауыттары, асынған қару-жарақтары күнмен шағылысқан осынау топтың ішінен үш-төрт әйел көзге түседі. Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дешті Қыпшақ жеріне әйгілі, «Ортеке» деп ат қойылған күлсары сәйгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сәйгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі – бәрі сары алтынмен апталған. Әйелдің үстінде алтын жіппен зерлеген сарғылт, дүрия қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен дәіптелген. Кеудесіндегі гауһар таспен безелген алқасы көзді шағылыстырып күн сәулесімен ойнайды. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай, көзді тартажы. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұл жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл – Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым – Самарқант ханы Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу Сұлтан бегім сұлу еді».
Рабиа сұлу Әбілқайырмен 16 жыл отасып, екі баланы өмірге әкелді. Сүйініш пен Кішкене (кейбір деректерде Көкенші деп жазылып жүр) анасы қайтыс болған соң, үлкен күмбез салдырады. Қожа Ахмет Йассауи ғимаратының оңтүстік шығысында соғылған күмбезді 1895 жылы Ресей әскерлері «ескі, бір күні құлап қалуы мүмкін» деген сылтаумен қиратып тастаған.
Рабиа Сұлтан Бегімнің кесенесі әуелде 8 бұрышты бір камералы, цилиндр тәріздес барабанға бекітілген биік күмбезі бар құрылыс ретінде бастаған екен. Кейін оны көп камералы етіп толықтырған. Кесененің Оңтсүтік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Қабірханада ағаш табыттар қойылған. Онда Рабиа Сұлтан бегімнің де табыты бар. Бегімнің табытында: «Бұл Құдіретті Әмір Темірдің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганның қызы, ақсүйек, құдай кешіріп рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рабиға Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар көрінеді.
Рабиа Сұлтан Бегім туралы деректерде оның білімді, білікті, ақылды әйел болғандығын жазады. Шайбанилер мен Әмір Темір ұрпақтары арасында да сыйлы, ерекше беделге ие болған. Әбілқайырдың төртінші әйелі бола тұра, саяси қадамдарда ханға ақыл қосқан, маңызды рөл атқарған айрықша жан болса керек.
Қазақ хандығы туралы түсірілген «Алмас қылыш» фильмінде Жәнібек хан мен Рабиа Сұлтан бегімнің арасын жақын етіп қояды. Біз білетін тарихта Жәнібек хан Әбілқайырдың қызы Ғайып-Жамал Сұлтан бегіммен арақатынасы болмаушы ма еді. Қаһарлы хан қызы Ғайып-Жамал Сұлтан бегімді Жәнібекке бермеу үшін өзі жазаға тартатын. Ендеше, фильмде тарихи деректер неге бұрмаланып кетті?
Белгілі тарихшы Берекет Кәрібаев Рабиа Сұлтан бегімнің өте парасатты адам болғанын, тарихта ол туралы деректердің тым аз екендігін алға тартты.
Рабиа Сұлтан бегім туралы ресми деректер жоқтың қасы. Рабиа ана жатқан кесенеге 1980 жылдары қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. ХV ғасырдың көзіндей боп тұрған қасиетті кесенеде анамыздың қабірі бар. Қожа Ахмет Йассауи мавзолейіне барған адамдардың дені Рабиа Сұлтан Бегімге де құран бағыштамай өте алмайды.
Әмір Темірдің немересі, ұлы Ұлықбектің қызы Рабиа Сұлтан бегім туралы жазылған деректердің бір парасы осы ғана. Ол туралы шынайы деректер қашан айтылады? «Алмас қылыш» фильміндегідей шатасып жүре береміз бе? Бұған тарихшыларымыз не дейді екен?
Дереккөз: Айқын