ҚЫЛҚАЛАМ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
2017 ж. 27 қаңтар
4814
0
ЖАС СУРЕТШІЛЕР ЕРТЕҢГІ ЕЛ ШЕЖІРЕСІН БҮГІН ЖАСАП ЖАТЫР
Алматы қаласы Әкімдігі мен ҚР Суретшілер одағының қолдауымен «Мен – қазіргі заман куәгерімін» деген атаумен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің қорында суретшілердің көрмесі өтті. Көрмеге суретшілердің 47 туындысы қойылды.
Суретшілер Одағы конкурс талаптары мен ережелерін 2016 жылы әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Жас суретшілер жыл бойы өзінің қолынан шыққан туындыларын инстаграм желісіне жариялап отырды. Байқауда Қазақстанның барлық облыстарынан жетпіс беске жуық суретшілер бағын сынады. Солардың ішінен 39 талапкер іріктеліп алынды. Ұйымдастырушылар суретшілерге «Мен осы заман куәгерімін» деген еркін тақырып аясында әр қатысушыға өз өнерін барынша паш етуге толық мүмкіндік берді. Сондай-ақ, конкурс талабы бойынша, олардың жас шамасы 18-35 аралығы мен суреттің көлемі 100 х 100 сантиметрден аспауы қадағаланды. Іріктеу барысында байқау үміткерлерінің колледж немесе жоғары оқу орынын бітіргені міндеттелген болатын. Бір айтарлығы, көрмені тамашалауға келгендердің дені жастар екенін байқадық. Әрине, жастардың сурет өнеріне қызығушылық танытуы қуанарлық жағдай. Қылқалам шеберлерінің қиялынан туындаған кейбір суреттердің не жайлы екенін бірден аңғару қиынырақ болғанын жасыра алмаймыз. Ол үшін оларды жазғыруға да болмас, өйткені бұл - өнер. Ал өнердің өрісі кең екені ежелден белгілі, қалай қиялдап, қалай шарықтаймын десе де автордың толық еркі бар. Жас суретшілер өз ойын астарлап жеткізуге де мән беріп, бүгінгі қоғамда орын алып отырған проблемалық мәселерді көтерген. Сондай ақ бұрынғы өткеніміз бен бүгінгі шындықты байланыстыра отырып сурет арқылы жеткізуге тырысқандары байқалады. "Біз бұл жобаны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - жастардың қазіргі қоғамға деген ойын, пікірін, бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға деген көз қарасын білу болатын. Мысалы, талантты суретшілердің бірі Ержан Танаевтың "Мен жастарға сенемін" атты Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне құрылған туындысын алып қаралықшы. Арыстанның суреті арқылы біздің алғыр, болашағы зор жастарымыздың бейнесін бере білген. Автордың жастарымыздың арыстандай айбатты да қуатты болғанын көргісі келетінін анық айтып тұр. Бұл айтар ойы бар құнды туынды десек қателеспейміз. Ең бастысы жас суретшілер жай ғана сурет салып қоймай, үлкен ой түйеді. Сол сияқты мына бір "Вирус" атты тағы бір суретті айталық. "Өзгешелігі үшін" деген номинациясымен марапатталған бұл туынды тек қана медициналық ұғымды ғана білдірмейді. Вирустың медицина түсінігінде індет екені белгілі. Ал, автор оны кең мағынада қолданғанын көреміз. Қоғамда орын алып отырған келеңсіз, жағымсыз көріністердің ешқайсысы індеттен кем түспейтіні белгілі. Айталық, ұрлық-қарлық, жемқорлық, зорлық-зомбылықты қоғамды ауруға шалықтыратын вирус демеске болмайды. Сондықтан бұндай еңбектер сол індеттен арылуға, қоғамды сауықтыруға өзінің үлкен үлесін қосатынына сенімдіміз. Бұл орайда көрмеге қатысқан жас суретшілердің айтар өзіндік ойы барлығы қуантады. Өйткені жас қылқалам шеберлері ертеңгі ел шежіресін бүгін жасап жатыр. Осы талапкерлер қатарынан ертең танымал, халқымыздың мақтанышына айналар қылқалам шеберлері шығуы ғажап емес. Біздің де күтеріміз сол. Көпшіліктің көзайымына айналған көрме барысында 5 номинация бойынша 7 суретші марапатталды. Шеберлігі үшін - екі жанрда қатар жұмыс істеген Али Закиров, Хусейн Джевоман, тақырыпты толыққанды аша білгені үшін - Алмас Нұрғожаев, жоғары және жаңа идеяны көрсете алғаны үшін - Бахыт Сезімханұлы, шығармашылық ерекшелігі үшін - Бекназар Дәуренбек пен Дина Есенова байқаудың сый-сияпатына ие болды. Байқауда шығармашылық шеберлігімен көзге түскен өзге де жас таланттардың бірқатарына дипломдар табыс етілді. Айта кетуіміз керек, осы тақырыптағы көрме елімізде бірінші рет өткізіліп отыр. Бүгінгі өзіміздің қоғам проблемаларын ашып көрсету өте маңызды. Оның жетістіктерімен бірге кемшіліктерін көрсетіп, жалпақ жұртқа ой сала білу қылқалам шеберлерінің басты назарында болғаны ләзім. Екіншіден, осындай көрмелер жиірек ұйымдастырылса бай тарихы бар біздің сурет өнеріміздің алдағы уақытта да қарыштай дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл көрмеден кейін Ә. Қастеев бастаған қазақстандық қылқалам шеберлерінің даңқты жолын жалғастыратын жаңа буын өсіп келе жатыр деген ой түйдік. Ысқақ САДЫҚОВ Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 4-курс студенті qazaquni.kz