ҚАТАР ӨСКЕН ҚАЛАМГЕР ДОСЫМ ЕДІ...
2017 ж. 22 қаңтар
7311
7
Жалынды журналист, қарымды қаламгер, қатар өскен досымыз Жұмабек Мұқанов та өмірден өтіпті...
Жұмекеңнен айрылғанымыз туралы жайсыз хабар жай түскендей әсер етті... Көз алдыма Шардарадағы бірге жүрген күндер, тізе қосып еңбек еткен сәттер келе берді. Жұмабек досымыздың қаламы да, қайраткерлігі де қатар қанат қағып жүретін. Шардараның аудандық газетіне көп жылдар бойы еселі еңбек сіңіріп, ауданның рухани-қоғамдық өміріне де үлкен үлес қосқан зиялы жан еді. Кезінде екпіні мен тепкіні қатар өмірдің қызығын да, шыжығын да қатар көре білген Жұмабек досымның енді бұл өмірде жоқ екенін ойлау қиын екен...
Біз Жұмабек екеуміз атқа қатар мінген аралас достар едік... Шардара ауданында бірге еңбек еттік. Мен Шардара аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезде ол аудандық "Өскен өңір" газетінің редакторы еді. Ол кездегі апта сайын өтетін аудандық партия комиттеттерінің жиналыстары қазіргі әкімшілік жүйедегідей "айттым-бітті, кестім-үзілді" деген әміршіл әуенде емес, қызу пікірталаста өтетін. Ауданның қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік тынысын ашу жолындағы талас-тартыста екеуміздің ой-пікірлеріміз бір жерден шығып жататын. Сондықтан ба, екеуміз тонның ішкі бауындай араласып, жақын болып кеттік. Оған себептің бірі, бәлкім, менің ақын-жазушыларға, жалпы өнер адамдарына жақындығымнан да болса керек.
Шардара ауданының дамуына үлкен еңбегі бар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Лесбек Бекжановтың кезеңі Жұмабектің қарқынды еңбек еткен кезі еді. Ешкімді жақтыра қоймайтын қатал мінезді, қатаң талапшыл Лесбек ағамыз ақындығы арынды, қаламы қарымды Жұмабекке ерекше ықыласты болды.
Әкімшілік жүйе келгенде, ең алдымен үлкен соққыны біз Жұмабек екеуміз алдық. 30 жасымда республикада тұңғыш рет өткен демократиялық сайлау арқылы "Жаушықұм" кеңшарына директор болып, жемісті еңбек етіп жүрген мені ауданның алғашқы әкімі алғашқы бұйрығымен жазықсыз орнымнан алды. Көп уақыт өтпей аудандық газеттен әкімнің айтқанына көніп, айдауына жүрмеген Жұмабекті де кетірді... Сонымен, мұңымыз да бір, жырымыз да бір болып шыға келдік...
"Бір аштықтың бір тоқтығы да бар"-дегендей, тосыннан келген бұл өмірдің қиындығы бізді бірақ, қирата алған жоқ, қайта ширататүсті. Мен Шымкентке кетіп, кәсіпкерлікпен айналысып, ол саланың қыр-сырын жақсы меңгеріп алдым. Осы кезеңде Жұмабектің де Ташкент тартып, ҚР Парламенті «Халық Кеңесі» газетінің Орта Азия Республикаларындағы, Халықаралық «Түркістан» апталығының Ташкенттегі меншікті тілшісі болып, тәжірибе арттырды. Отты да, ойлы жырлары да осы кезеңде туғанына өзім куәмін.
Кейін мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жүрген кезімде, 2005 жылы болу керек, ол кезде қайтадан Шардара аудандық газетінің редакторы болып жүрген, есімі елімізге танылып қалған Жұмабек Мұқановтың 50 жылдығын өткізуге өзім мұрындық болып, ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болдым. Жұмабектің 50 жылдығы Шардарада дүрілдеп өтті. Оған Астана мен Алматыдан тарлан ақындар Фариза апайымыз бен Темірхан Медетбек ағамыз бастаған еліміздің белгілі қаламгерлері қатысып, ақ тілектерін ақтарды.
Кейін де тығыз араласып жүрдік. Әр ауданның басында болатындай, Шардараның шаш-етек мәселелерімен Шымқалаға келетін Жұмабек алдымен маған кіретін. Ақылдасып, кеңесіп, келісіп пішкен тондарымыз келте болмай, ол ауданның игілігі үшін іске асып жататын.
Жұмабектің алғыр болып өскен ұл-қыздарын да жақсы біліп, қолымнан келгенше көмегімді беріп жүрдім. Журналистиканың жалынан ерте ұстаған, шет тілдерін шемішкеше шағатын Гүлнәр мен Шыңғысы қазір есімдері елге белгілі қаламгер-қайраткерлер.
Әрине, өмір болғасын бәрі ойдағыдай, мінсіз бола бермейді... Жұмабектің ақындық арынмен асыра сілтеп жіберген кездері де аз болмайтын. Сондай кездерде менің сабырға шақырған салқын ақылыма қызуқандылықпен қырын қарап кеткен кездерінде арамыз алыстап кеткен күндер де болды... Бірақ, шәй десіп қалғанның өзінде кірбің түскен көңілдерміз шәйі орамал кепкенше, шәйдай ашылып шыға келіп, ашық-жарқын араласып жүре беретін едік...
Сарқылмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақыты жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген пәни бұл, -
деп, Жұмабектің өзі де атын ұлықтауға көп еңбек сіңірген кемеңгер би Әйтеке бабамыз айтқандай, өмір деген осы... Біреуге ерте, біреуге кеш келетін өлімнен ешкім қашып құтылмайды... Бәрі де бір Алланың қолында. Өмірге өзі әкеледі, өзі алады...
Жұмабек досымыз да жалынды жырларын жазып, жақсы жүрген еді... Армандары да көп еді... Ауру-сырқауы жоқ еді... Болған да шығар, мүмкін, бірақ ешкімге сыр білдірмей, сырбаз кетті... Енді, міне, суыт жеткен суық хабарды есітіп, есеңгіреп қалған жайымыз бар...
Жұмабек Мұқановтың бейнесі артында қалған мол шығармашылық мұралары тұрғанда, оны білетіндердің есінде ұзақ сақталады деп білемін.
Отбасының қайғысын бөлісіп, ағайын-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.
Алды пейіш, арты кеніш болсын!
Артында қалған ұрпақтарына ұзақ өмір берсін!
Иманы саламат болсын!
Ислам ӘБІШЕВ,
Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасы
qazaquni.kz