САҚ МОНШАСЫ
2011 ж. 29 наурыз
6670
1
Қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында басқа халықтардан әсте кем болмаған. Мұның дәлелдерін көптеп келтіруге болады. Соның ішінде, мәселен, біздің арғы ата-бабаларымыз осыдан алты мың жыл бұрын қымыз дайындауды меңгергендігін жуырда ағылшын ғалымдары дәлелдеді. Мұның айғағы ретінде олар Батыс Қазақстан облысындағы ежелгі «Ботай» қонысынан табылған керамикалық ыдыс ішіндегі қымыз қышқылы мен май қалдықтарын келтіреді. Сондай-ақ, жылқының бас сүйектерін зерттеу арқылы сол кезде-ақ «ботайлықтар» ауыздық пайдаланғандығын анықтаған.
Бұл тек соңғы кезде ғана табылған және анық белгілі болған фактілер. Ал, әлбетте, аяқ астынан, жылдам жасалуы мүмкін емес осындай ғажайып жаңалықтарға жеткенше протоқазақтарға қанша уақыт қажет болғандығын әзірше ешкім білмейді. Бәлкім, ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар шығар... Сол сияқты, біз бүгін әңгіме етіп отырған сақ моншасының да тарихи тамырлары тым тереңде жатыр. Осы тұрғыда бір дәйек ретінде мынадай қызықты фактіге жүгінуге болады. Есте жоқ ескі дәуірлерде қазіргі «Америка» аталатын құрлыққа қоныс аударған біздің ата-бабаларымыздың бір бөлігі – «үндістер» өздерімен бірге о жаққа жылқыны жеткізе алмаса да, моншаға түсу дәстүрін ала кетті деуге негіз бар. Нақтылай айтсақ, оларда тасты қыздырып, оған су бүркіп булау әдісі күні бүгінге дейін сақталған. Қазақта да «Ауру жел арқылы кіріп, тер арқылы шығады» деген қағида бар. Және де біздің халқымызда тер шығарып емдеудің бірнеше әдісі белгілі: 1. Қара қойға қара құрт («черная вдова») жегізіп, ол қой қараша айында әбден семірген соң оны сойып, терісіне оранып, етін жеп, сорпасын ішіп емделген. 2. Жамбыл облысының Талас ауданында қазіргі кезге дейін науқас адамдар шілде және тамыз айларында «шілденің ыстығы», «бөгелектің ыстығы» деп, 3, 5, 7, 9 күн құмға түсіп, түрлі-түрлі аурулардан ем қабылдайды. Сондай-ақ, қыстың суығында ауырмау үшін де соның алдын алып, құмға түсу әдісі бар. 3. Cуық қатты өтіп, науқас қиналған кезде жыл мезгіліне қарамастан ор қазып, оның ішіне от жағып әбден қыздырып, соған ауруды жатқызып «қамау тер» алған. Мұның мысалы ретінде Мәди ақынды дұшпандары құдыққа тастап, суық өтіп кеткенде оны анасы осындай әдіспен сауықтырып алған дейтін халық арасындағы сөзді келтіруге болады. 4. Қазақтар көшіп келе жатып, қажет болғанда жерошақтың күлін алып тастап, қызған жерге салынған төсекке жатып терлеу әдісін де қолданған. Біздің бала кезімізде жөтел қыса бастаса болды, әжеміз дереу осы әдісті пайдаланып, сондай төсекке жатқызатын да, ертеңгісін біз бейне бір кеше ауырмағандай құлан таза жазылып шыға келетінбіз. Бұл тек біз білетін ғана әдістер, сондықтан бұдан басқалары да болуы мүмкін, әрине. Ал, бүгінгі әңгімеге арқау болған әдісті халқымыз «тас бұлау» деп атайды. Және де мұндай әдістің ең керемет көрінісі – «сақ моншасы», немесе, «патша моншасы». Ел аузындағы әңгіме бойынша, сақ елі моншаны өзі пайдаланумен қатар оның «халықаралық» та маңызы болған. Мәселен, сақ патшасы шетелден келген елшілер үшін арнайы осындай монша жақтырып, оларды соған түсірген. Бұл, біріншіден, қонақтарға сақ елінің кереметтігін паш етсе, екіншіден, моншаға бусанып, рахаттанған елшіден байқатпай сыр тартып, келген мақсатын біліп алуға мүмкіндік берген. Жаз айында неше түрлі шөптердің жұпар иісі аңқыған монша мен бұлақтың мұздай суы, сары қымыз бен жас қозының былбыраған еті адамға қандай көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, қыс айында тағы да не бір шөптердің жұпар иісіне балқып, қарға аунап, жылқы етін жеп, сорпасы мен қыстың қымызын ішкен қандай ғанибет! Тұла бойың, бүкіл ішкі құрылысың тазарып, өмірге қайта келгендей тыңайып, оның үстіне ата-бабаларымыздың тіршілігі санада жаңғырып, олармен қайта қауышқандай сезім сыйлайтын осынау керемет моншаға қалай ғана риза болмассың! Сақ моншасының басты ерекшелігі – оны жаққаннан бастап түсіп шыққанға дейінгі екі аралықта отқа қып-қызыл болып әбден қызған тастарға бүріккен судың ыстық буына емдік қасиеттері бар 21 түрлі шөп пен ағаш бұталарының шылануы деуге болады. Солардың кейбірін атап өтсек, мыналар: шырша, арша, жалбыз, киік оты, қара андыз, түйме дақ, мың жапырақ, иман жапырақ және т.б. Бұл моншаның және бір ерекшелігі – рак ауруының алдын алу мақсатында ішіне жылқы кіргізіп, соның терімен тыныс алу әдісі. Қорыта айтқанда, бір жағынан – біздің халқымыздың мәдениеті ежелден-ақ өте жоғары деңгейде дамығандығын дәлелдеп, «қазақта монша болмаған-мыс» тәрізді астамшыл жалған пікірге ойсырата соққы беретін, екінші жағынан – бүгінгі қоғамымызды салауатты өмір салтына уағыздап, халқымыздың денсаулығын дұрыстауға мол мүмкіндік беретін, үшінші жағынан – жалпы ел үшін өте пайдалы кәсіпкерліктің көзі болып табылатын сақ моншасын өз көзімен көріп, жақын танысқысы келетіндерге: «Қош келдіңіз!» - дейміз. Бұл өңірде алғаш осындай монша тұрғызылған біздің ауыл Алматыдан 230-240 шақырым жерде, тау ішінде, айнала сылдырлап ағып жатқан бұлақтар арасында орналасқан. Қалың жұртшылыққа мәлім табиғат ғажайыптары – «Айқай құм» немесе «Әнші құм» аталатын құмтөбе де, кезінде парсының жаугер патшасы Кирдің басын алып, қазақ жерін жаудан қорғап қалған атақты Тұмар (Томирис) патшайым жерленді деп есептелетін «Бес шатыр» атты сақ қорғандары да бізге жақын орналасқан. Біздің «Бақ-Пер» шаруа қожалығының 250 гектар жері бар. Бие, сыйыр сауып, қымыз, айран, май, құрт, ірімшік айырып, бәйгі атын баптаймыз. Алдағы уақытта, Құдай қаласа, форель шаруашылығын ашуға, омарта ұстауға, сондай-ақ, туризммен айналысуға да мүмкіндіктеріміз бар. Осыған орай қаржы құйып, аталған кәсіптермен айналысқысы келетін азаматтар табылып жатса, ақылдаса отырып тірлік етуге, бірігіп жұмыс істеуге біз дайынбыз.
Бақытхан Ақылбай Перизат Исаева Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Шаған ауылы