"Шанстар" теориясы МӘРЕГЕ БЕТТЕДІ

шанс«Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй...» Абай айтып кеткен осы бір сөздің шындығы көп. Дәуірлер арасындағы үндестіктер өзара қабыса байланысып жатса да, өз алдына деңгей деген де болады екен. Қазақ қазақтығын (мұра) тауып, ескісімен қауыша көрісіп жатқан кез. Қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ. Тіл мәселесі қолға алынып, қордаланып жатқан жерден алаштықтар сепкен дәннің бүршігі атты! Тарихи кезең. Қиырдағы бауырлардың ала келген «Қаражорғасы», тарих атаның берген арыдағы «Елім-айы», сері Ақанның «Балқадишасы» (дұрыс мәтіні!), берідегі Қапез жырлаған «Алаш» әні бүгінгі «жаңа» қазақпен төс қағыстыра қауышып жатқан сәті – бәрі, бәрі дерлік ұлттың толығып, толысуы, тобырлы жерден төрге төрт елі басуы болып көрініс алды деуге әбден саяды. «Жоқ!» Жаушаптылап келген бір «әттең-ай!»-ымыз бар екен. Тағы не болды дейік? Әлдеқайдан «жік шықты, екі құлағы тік шықты»! Ал керек болса! Танымасаң танып ал ендеше! «Бір шанс бер!» дейді. (Әлде «...деп елеурейді»). Кім дейсіз ғой. «SHINE» тобы! Күндіз дүмбілездік «әңкір-тәңкір» сарынындағы әуенді, ал түнде қазақша әндерді сайрататын «Хит тв» арнасы көрсетіп жатқан «Мүмкіндік бер» әні, қателеспесем, 86-шы рет қайталанып жатыр. (Әлі де қанша?!) Қош. Біздікі не еді? Иә, әннің мәтіні. Жарқылы жарды жасытқан жастардың, тегінде, ару қыздарымыздың бұдан әсерлі, мазмұны кең, әуезді сөзді таппай қалуы деуге сеніміміз аз. Мәтінге үңілейік: Бір шанс бер, Жаным, маған бір шанс бер! Жаралама, бір шанс бер! Барі де бір саган арналады арман әнім... Тоқтар Серіков ағамыздың Мақпал Исабекова қарындасына орысша ән айтқаны үшін наз білдіргенін де көрдік. Қазақтағы «ықтималдылықтың “өгей” досын өрем қаптыруға өкінген аталған топ продюсері мен ән мәтінінің авторы батыл қадамға барған-ақ екен» деуге келе ме? Әлде сары прессаның ашқарақ асқазанынан қорытылып кетерміз деген сотанақ дәме ме? Қызығы да сол... «Әнші қазақ өзімізді қойып, ендігіде өзгенің тілін мансұқ еткендей ме?» деп жүргенде бір бұрыштан әнді «реформалауға» бет бұрған әншілеріміздің ісі теріс емес деу орынсыз пікір болар еді. Рас, кірме сөздер бар (кереует - кровать, самаурын - самовар, жәшік - ящик, т.т. мысалға миығыңыздан күліп қойыңыз...). Десе де, тілдің шұбарлануына алып келетін «тілдер галереясы» саналатын дүбәра әндерді соншама әспеттеу, сансыз қайталап, құлаққа сіңіру жастар тілін бұзатын негізі факторлардың бірі. Расында, «шанс» сөзі орыстың да сөзі емес. Бірақ мәселе онда емес қой! Әйтеуір кірме. «Қонақжай» халық өзгенің қаңсығын таңсық көріп, ақтарыла шапқан, сәлден кейін деміккен әндерді жалпы сауалнамада бірінші орынға қойып жатса, оны өзіміз емес, өзгелер көрсе ішегі суырылып түскенше күлмей ме деген күдік көкейімізге келеді. Ұлттық намыс, тіл, діл, сана, ар-ұят дегендер талқыға талапай араласып, дабыл қағып жатса да, көш жүрісінен көнек дәметкен көлкіме сөздер әншілердің аузынан түспей жатыр. Қиналып, қынжылатынымыз да сол. Әрқашан да әнімен әммені теңселткен, әріне әр, арына ар қосқан әнші қауымның ақ пен қарадан тұратын дәстүрлі жолында «адасқақ» деген үшінші жолы пайда болған секілді... Мәре алда... “Жұлдыздар құпиясы” журналы