Былтыр ғұлама ғалым, абайтану ғылымының негізін қалаушы, шәкәрімтанушы, алаштанушы, текстолог, Семейдегі Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толғаны белгілі. Осы орайда ғалымның қызы, Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедханмен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
Дина Мұхамедхан: Әкем Әуезовтің үш аманатын да орындады
2017 ж. 11 қаңтар
3859
1
Мұхамедханның үйінде қазақ зиялылары жиі бас қосқан - Дина Қайымқызы, сіздің әкеңіздің қазақ әдебиетіне, оның ішінде абайтану ғылымына қосқан еңбегі орасан. Жалпы, Қайым Мұхамедханұлы Абайға, абайтануға қалай келді? - Әкем жайында әңгіме қозғағанда, атам Мұхамедхан Сейітқұлов туралы айтпай кету әбестік болар. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, адамның тұлға болып қалыптасуының іргетасы туған отбасында қалыптасады. Әкемнің әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болды. Қазақ тілімен қатар, орыс, татар, араб тілдерін де жақсы білсе керек. Атам Мұхамедханның үйінде қазақ зиялылары жиі бас қосады екен. Олардың ішінде Абайдың шәкірттері де, «Алаш» қозғалысының мүшелері де бар. Әлихан Бөкейханов Семейде өткен бір жиында қалаға «Алаш» атауын беру туралы сөз сөйлегенде, Мұхамедхан Сейітқұлов оған қолдау білдірген көрінеді. М.Сейітқұлов 1911 жылы Міржақып Дулатовты кепілдік салып, тұтқыннан босатып алады. Ал үйіндегі бай кітапханасында тіпті әлем классикалары мен сирек қолжазбалар, әр жерден әкелінген газет-журналдарға дейін болыпты. Тіпті Мұхамедхан атам Семейде жарық көрген «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің басшылығымен шыққан «Абай» журналын қаржыландырып та отырған. М.Сейітқұловтың үйіне Шәкерім қажы, Мұхтар Әуезов те жиі қонақ болса керек. Шәкерімнің бүгінде белгілі суреті сол Сейітқұловтың үйіне келген кезде түсіріліпті. Бірде Семейге келіп, Мұхамедхан Сейітқұловтың үйіне тоқтаған Шәкерім қажы таңғы шайдан кейін қаланы аралауға шығады. Бірақ үйге ұзақ уақыт оралмайды. Ақынның үйге кешіккенінен қауіп алған үй қожайыны қонағын іздестіре бастайды. Сөйтсе, Шәкерімді полиция тұтқынға алған екен. Мұхамедхан Сейітқұлов Шәкерімді босатып алады. Семейдегі мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып жүргенде, Мұхтар Әуезов те Сейітқұловтың үйіне жиі келеді. Жас жазушының «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше тоқал», «Ел ағасы» секілді алғашқы пьесаларының репитициясы да негізінен сол үйде жүргізілген. Сол кезде алты жасар кішкентай Қайым Мұхтар Әуезовті алғаш рет көреді. Әрине, осындай ортада тәрбиеленген Қайымның өзге жолды таңдауы мүмкін де емес қой. Жастайынан Ұлы Абайдың сөзі құлағына сіңген Қайым өле-өлгенше Абай мұрасына адал болып өтті. - Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен Қайымның арасындағы рухани жақындық сол кездерде пайда болған деуге негіз бар ғой. Қайым Мұхамедхановтың басына бұлт үйіріліп, қанша қиындық көрсе де, ұстазы Әуезовті сатпауы үлкен ерлік екені сөзсіз. Бұл туралы жазушы Қалтай Мұхамеджанов «Мұхтар Әуезовті егер бір адам сатпаса, ол - Қайым, екі адам сатпаса, соның бірі – тағы Қайым. Қайым Мұхтар Әуезовтің өзіне де, оның мұрасына да адал болды» деген екен. Бұл жайында не айтасыз? - Мұхтар Әуезов Қайымды сол бала кезінен-ақ көп бақыласа керек. Жазушы оның адалдығына, ғылым мен білімге деген іңкәр көңіліне ерекше риза болады. Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов қуғын-сүргін, қудалауға тәуір-ақ ұшыраған адам. 1921, 1928, 1932 жылғы қудалаудан аман қалған ол ақыры 1937 жылдың 2-желтоқсанында атылады. Бірақ осынау сұмдық шындықты оның туыстары қаншама жыл өткеннен соң ғана біледі. Әкесі тұтқындалған соң, Қайымның да жағдайы қиындайды. Оқып жүрген институттан шығып қалады. Міне, осынау қиын сәттерде әкесінің досы, жазушы Мұхтар Әуезов Қайымға моральдық тұрғыдан көп қолдау көрсетеді. «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу барысында ол Қайымды түрлі тарихи деректерді анықтайтын ғылыми тілші етіп алады. Қайымға түрлі тапсырмалар береді. Ең бастысы, Мұхтар Омарханұлы Қайымға Абай шәкірттері мен ізбасарларын анықтауды, Абай өлеңдерінің түпнұсқасын зерттеуді және Абайдың мұражайын ашу секілді үш нақты тапсырма береді. Жазушының осынау үш аманатын да Қайым асқан қажырлылықпен орындап, іске асырды.
[caption id="" align="aligncenter" width="587"] Мұхтар Әуезов, Ғали Орманов және Қайым Мұхамедханұлы[/caption]Сол 1930 жылдардың аяқ кезі, шынында да, аса қиын уақыт еді. Кеңестік дәуірде Абай өлеңдері аяусыз бұрмаланды, ақын мұрасына жойылып кету қаупі де төнген болатын. Ақынның өлеңдерінен діни терминдерді, араб тілінен енген сөздерді жұлып алып тастады. Редакторлар түсініксіз сөздерді халық көп қолданатын сөздерге ауыстырды. Қайым халыққа Абай шығармаларының түпнұсқасын қайтарды. Абай шығармалары текстологиясымен әкем өмір бойы айналысты. Ол Абайдың барлық өлеңдері мен поэмаларына ғылыми түсініктеме жазды. Сондай-ақ, ертеде жазылған 31 өлеңін тауып, ғылыми-текстологиялық талдау жасау арқылы ақынға тиесілі екенін анықтап, әдеби айналымға қосты. Менің әкем Абай есімін тарихта мәңгі қалдыру үшін көп іс тындырды. 1949 жылы Үкіметке хат жазып, Ұлы Абайға ескерткіш орнату мәселесін көтерді. Сол кездерге дейін Абайдың бірде-бір ескерткіші болмаған екен. Әкем тіпті мүсіншілер мен суретшілер байқауын қалай ұйымдастыру, тасты қайдан алу қажет екеніне дейін тәптіштеп көрсетіп берді. Сонымен қатар, Абайдың зираты мен қыстауының, ақынның туыстарының зираттарының қараусыз жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Иә, Абай бізге осындай қиыншылықпен келді. Абай үшін, ақынның әдеби мұрасын сақтап қалу үшін Қайым жанқиярлықпен күресті. Ол күрес те оңай болған жоқ. Абай үшін күресу үшін де Абайды білу, Абайды сүю қажет, ең бастысы, күресе білетін үлкен жүрек керек. Әкем өзін емес, ең алдымен халқын ойлады. Ол сондай-ақ, Шәкерім үшін, алашордашылар үшін де көп күресті. Олардың есімдері мен еңбектерінің ақталып шығуы үшін жанын салды. Олардың барлығы да кезінде әкесінің көзін көрген, жақсы сыйласқан жандар болатын. «Абайдың әдеби мектебі бар» дегеннен танбады - Сонда Семейдегі Абай атындағы қорық-мұражайдың негізін қалаған сіздің әкеңіз Қайым Мұхамедханов қой... - Сіз әкем үшін Абай мұражайын ашудың қаншалықты қиынға түскенін білесіз бе? Сол бір 1940 жылдары ауыр жүк көлігімен Абай ауданының шалғайдағы ауылдарын аралап, айлап сапар шегудің өзі оңай емес. Оның үстіне мұражай қорына тапсырылған жәдігердің, шынында да, Абайға тиесілі екенін анықтаудың өзі де үлкен шаруа екені сөзсіз. Осынау тынымсыз еңбектің нәтижесінде Абай заманы мен ақынның өзіне тиесілі 500 жәдігер анықталып, нақтыланады. Олардың әрқайсысына ғылыми сипаттама беріледі. Мұражайды ашуға әріптесі әрі досы Борис Акерман да үлкен үлес қосады. 1947 жылы мұражай ҚазССР-і ғылым академиясының қарамағына өтеді де, академия президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың бұйрығымен Қайым мұражай директоры болып тағайындалады. Сөйтіп, директор болып 1951 жылға дейін қызмет етеді. Қайым мұражай директоры бола жүріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол ашады. Мұражай қабырғасына Абайдың айналасының, шәкірттері мен ізбасарларының суреттерін іледі. Бұл кейбіреулерге мүлдем ұнамайды. Мұны сол кезде газетке шыққан мақалалардан да көруге болатын. 1951 жылы газетте жарық көрген бір мақала «Мұражайды ескі-құсқыдан тазарту» деп аталады. Бұл Мұхтар Әуезов пен Қайымға қарсы ұйымдастырылған науқанның басы ғана болатын. - Иә, сол 1951 жылы қазақ зиялыларын қудалаудың тағы бір толқыны басталып кетеді. Бұл қудалауға Қайым Мұхамедханов та ілінеді. Бірақ жендеттер Абайды аласартып, Мұхтардай заңғарды мұқатып, Қайымға қанша қысым көрсеткенімен, дегендеріне жете алмады емес пе? - Әкем 1951 жылы «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында диссертациясын қорғады. Әрине, бұл қазақ ғылымындағы айрықша оқиғалардың бірі болғаны анық. Бірақ сол жылдың 1-ші желтоқсанында Қайым қамауға алынады. Сол кездегі шаш ал десе, бас алатын кеңестік идеология жендеттері одан Абай мектебінен бас тартуды сұрайды. «Бізде бір ғана мектеп – марксизм- ленинизм мектебі ғана бар» дегенді желеу етеді. Бірақ әкем Абайдың әдеби мектебі бар деген пікірінен еш танбайды. Сол үшін әкем Абай мұражайы директорлығынан да, оқытушылық қызметінен де қуылады. Ал 1951 жылдың 1-желтоқсанында тұтқынға алынып, 25 жылға сотталады. Семей мен Алматыдағы НКВД түрмесінде, Карлагта жазасын өтейді. Әрине, түрмедегі азаптаулар ол өз алдына бір бөлек әңгіме. Көбіне әкем сол бір азапты жылдарын есіне алмауға тырысатын. «Мен сол кезде өлсем, алаш азаматтарынан жаным артық емес... деп ойладым» деп жазады әкем кейін түрме естеліктерінің бірінде. Десе де адам жаны төзгісіз азаптаулардың ешқайсысы да менің әкемнің сағын сындыра алмады. Ол Абай мектебін сақтап қалды. Ұстазы Мұхтар Әуезовке де өле-өлгенінше адал болды. Бірде Мұхтар Әуезов әкемнен түрмедегі жағдайын суыртпақтап сұраса керек. Сонда бір адамдық камерада отырғанын естіген жазушы аяушылық танытып: «Біз Ташкентте түрмеде отырғанда, Ахметтермен бір сағаттай болсын жолығып, әңгімелесетін едік. Сенің жалғыз отырғаның қиын болыпты» десе керек. Сонда менің әкем: «Менікі люкс қой» деп әзілдеген екен. Қазір ойласам, қазаққа Абай оңайлықпен келген жоқ. Қайым Мұхамедхановқа Абай үшін, Абай мектебі үшін күресуге тура келді. Балаларына адалдықты үйретті - Дина Қайымқызы, енді біздің оқырмандарға анаңыз жайында айтып берсеңіз. - Анам Фархинұр - өте бір ақылды, мәдениетті, парасатты жан еді. Әкесі Ахметжан имам болған адам. Семейде екі мұнаралы мешіт салдырған. Мұхамедхан Сейітқұловтың үйіне жастай келін болып түскен анам енесі Мақыпжамалдан қонақ күтудің, дастарқан жаюдың қыр-сырын үйреніп, көңіліне тоқиды. Өйткені, сол кезде Мұхамедхан Сейітқұловтың үйіне игі жақсылар көп тоқтайтын болған. Семейге келген сайын Мұхтар Әуезов те ең алдымен Қайымның шаңырағында қонақ болатын. Анам тіпті Әуезовтің жейдесіне дейін жуып қояды екен. Әкем сотталып, түрмеге қамалғанда да, анам ерінің тілеуін тілеп, жолын тосты. Оның амандықпен қайтып келеріне сенді. Ерін босатуды сұрап, жоғары жаққа хат жазды. Балаларын бағып, тәрбиелеп, жеткізді. Әкемнің басына түскен барлық қиыншылықты анам бірге бөлісті. Менің анамның тағдыры, өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. - Қайымдай тұлғаның қызы болғаныңыз үшін мақтанатын боларсыз? - Мақтанышпен қатар, мойынға үлкен жауапкершілік те жүктейді. Отбасында бес ұл, бес қыз өстік. Әкем бәрімізге ең алдымен адал болуды үйретті. Оны сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. - Әңгімеңізге рақмет!