Кебенек киген қайдан келеді?
2016 ж. 24 желтоқсан
10568
2
«Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді». Қай дәуірдің мақалы екенін кім білсін, әйтеуір, ата-бабадан қалған ескі сөз. Үлкендердің айтуынан ести-ести құлаққа сіңісті болып кеткен.
Кез келген мақалды қолданғанда оның шығу тегін тектеп, мағынасына көңіл бөліп жатпаймыз ғой. Бұл мақалды орны келген сәттерде өз тұстастарымыз да айтып қалып жататыны бар.
«Кебін киген келмейді». Кебін киген (бақилық болған) адамның келмейтіні рас қой. Басы түсінікті болған соң ары қарай бас қатырып, ойлап та жатпайтын болсақ керек.
«Кебенек киген келеді». Кебенекті көрмесе де, оның не екені жұрттың көбіне түсінікті ғой. Кебенек – киізден тігілетін, суық өткізбейтін, қыстыгүні отардағы малшылар киетін киімнің ескі түрі екен. Үлкендер «кебенек суықта таптырмайтын киім» деседі. Кебенек киген адам суықтан қорықпайды, кез келген жерге шешінбей жата кетсе төсеніш те, жамылғы да керек емес. Жамбастан сыз, бүйірден аяз өткізбейтін өзі төсеніш, өзі жамылғы... Салт атпен алыс жолға шыққан кісіге көрпе-жастық алып жүру де оңай емес: ең алдымен атқа жүк, онан қалса мұздап қалған төсек-орын жатсаң денені қарып жатқызбайтыны тағы бар.
Қорыта келгенде, кебенек көшпелі өмірдің, атүсті тірліктің өз қажетінен туған киім деп ұғамыз.
Ал мақалға келсек, бұрын үлкендер бұл мақалды жоғалып кеткен адамдарға, сотталып түрмеде жатқандарға байланысты қолданатын. Осы күнде алыс жолға кеткен адамдарға байланысты, «тірі пендеден күдер үзбе» деген мағынада да қолданылып қалып жүр.
Бұл мақалдың мазмұнын айқындап тұрған екі сөз «кебін» мен «кебенек» екені анық. Кебін жұртқа түсінікті болса да, кебенек сөзі мағынасы өшкіндеп бара жатқан ескі сөз. Себебі, бұл күнде бұрынғыдай отардағы малшы, далаға қонатын жолаушы жоқ, қайда барса жылы үй, кебенекке ешкім зар емес. Сөйтіп, әуелі кебенектің өзі қолданыстан шығып қалады. Сонымен бірге кебенек сөзі заттық тұлғасынан айырылып, өлі атауға айналған.
Мақалдың мазмұнына мән беріп ой жүгіртер болсақ, мәселе кебенек аталған киімге ғана емес, сол кебенекті қандай жағдайда киюге байланысты екенін байқау қиын емес.
Кебенек кигенді неге кебін кигенмен салыстырған? Отарға кеткен малшыны, алысқа кеткен жолаушыны дүниеден өткен кісімен қатар ауызға алатыны қалай? «Кебенек киген келеді» дегені – отарға кеткен малшы келеді дегені ме? Болмаса, алысқа жолаушы кеткен адам қайтып оралады деген сөз бе?
Бұл екеуінің де қисыны келіңкіремей тұр. Отарға кеткен малшының, жолаушы кеткен кісінің келетіні онсыз да белгілі жай. «Үмітсіз шайтан ісі», «үйдегі қан жұтады, түздегі май жұтады» деп білетін, келер күннен жақсылық тілеуді өмірлік ұстаным еткен халық өз игілігі үшін сыртқа шығып кеткен азаматтарын қаза болған адаммен салыстырмаса керек. Бұл жердегі түйін басқа.
Қазақ өнердің басқа түрін жетік меңгермесе де, қара сөзден қаймақ алған халық қой. Талғамсыз сөйлейтін, мағынасыз сөзді базарға салатын әдет қазаққа жат. Әр сөзі бір атанға жүк болар мақал-мәтел мен тұрақты тіркестердің жөні тіпті бөлек.
Қазақтың қазіргі сөз қолданысында мағынасы көмескі тартқан сөздер, сөз тіркестері, мақал-мәтелдер көп. Неге олай? Ата-бабаларымыз аузына не келсе соны айта бермеген, әсіресе, мақал-мәтелдері ғасырлар бойы жинаған тәжірибенің қорытындысы, ұлт парасатының көрсеткіші. Олай болса, мағынасы көмескі тартқан сөздер мен мақал-мәтелдерге басқа қырынан назар аударған жөн.Ұлттық тіліміздің ұзақ тарихи дәуірлерді басынан өткізіп қалыптасу барысында әр дәуірдің тұрмыс-тіршілігі сөздік қорға да, сөйлеу нормасына да өз таңбасын қалдырып отырған. Халықтың өмір сүру тәсіліне, тіршілік күйіне қарай жеке сөздер де, тұрақты тіркестер де өзгеріске ұшырап отырған.Тіпті поэтикалық ерекшеліктердің де уақытқа байланысты болатынын теріске шығара алмаймыз. Белгілі бір себептерге байланысты сөз туады, ұғым қалыптасады. Ол себеп белгілі оқиға болуы да, халықтың тіршілік тәсілі болуы да мүмкін. Уақыттың өтуіне орай сөздің тууына, ұғымның қалыптасуына себеп болған оқиғалар мен тіршілік тәсілі өзгереді. Сөз тудырған себептер жойылғанмен оған байланысты туған сөздер халық жадында қалып қояды. Сөздердің мұндай заттық қабығынан ажырап қалу құбылысы түсініксіз сөздердің пайда болуындағы басты себеп екенін айта кеткен жөн.
Бір қызығы, кейінгі ұрпақ ондай ескірген сөздер мен мақал-мәтелдердің қайдан шыққанын түсінбесе де қолдана береді.Уақыттың өтуімен ауыспалы мағына алып кететіндері де бар. Осыдан барып түпкі мағынасы ұмытылған сөздер қалыптасады. Мысалы, «айналайын» деген сөз. Күнделікті тұрмыста көп айтылады, бала-шағамызды еркелеткенде үнемі аузымыздан түспейді. Бірақ қайдан шыққанын біле бермейміз. Тым ерте заманда, мүмкін тәңірлік діннен қалған сенім болса керек. Адам бір затты толық айналып шықса, сол заттың бойындағы энергияны өз бойына жинап алады. Ауырып жатқан адамды айналса, оның денесіндегі бар ауру-сырқауды өзіне қабылдап алады екен. «Ауырып жатқан адамды айналып жүріп, тәңірден оның сауығуын тілеп, ондағы дертті маған бер деп тілесе, оның ауруы сол адамға ауады» деген сенім болғанын Ш.Уәлиханов жазған.
Ауырған адамды айналып тілек тілегенде аурудың басындағы дертті, ауыртпалықты өзіне қабылдайды деген сенімнен айналмақ ырымы шыққан болса керек.
Бұрынғы заманда бақсы-балгерлер науқасты емдеуде айналмақ ырымын жақсы пайдаланған. Онда көбінде белгілі түсті малды (қара қой, қара мойын лақ, т.б) науқасты айналдырып ауруды сол малға аударатын. Қазақта «қара мойын лағың болайын» деген сөз бар. Оның мәні – «қара мойын лағың болып айналайын, саған келген пәлені мен көтерейін» дегені.
«Ауырып жатқан адамды қимай, орнына мені ал деп тілеген кісі сол науқасты солдан оңға қарай үш рет айналып, «ей, жаратушы Тәңірім, мына құлыңның жанын қалдыра көр, алсаң мені ал» деп тілейді екен. Баласы ауырған ата-аналар мойындарына белбеу салып, ауырған баласын немесе сол жатқан үйді солдан оңға қарай (сағат тілінің бағыты бойынша) үш рет айналып «саған келген пәлекет мені алсын» деп тілек тілейтін болыпты.
Хан науқас болса, елге қорған батырлар науқастанса оны бағалап сыйлайтын абыздар айналмақ ырымын жасайды.
Қолға түскен құсты басынан үш рет айналдырып ұшырып жібереді. Басыма келген пәле-жала сол құспен бірге кетеді деген сенімнен туған. Үлкендердің «үйді айналма, адамды айналма» дейтіні осы сенімнен туған. Кейін мұсылман дінінің күшюуіне орай «айналмақ» ырымы жойылған да, айналу деген сөз жақсы көру мағынасында қолданылып жүр.
Кебенек киген сөзіне келсек, кебенекті тек қана отардағы малшы, алысқа шыққан жолаушы ғана кимеген екен. Кебенек киюдің басқа да себептері болатын көрінеді. Жұрт алдында айыпты болған адамға да кебенек кигізетін болыпты. Бұл туралы Мақаншы ауданында тұратын ақсақал Меллат Ақпанбетұлы деген ағамыз: «8-9 жасымда біздің ауылда бір адамға кебенек кигізді, аппақ матадан тігілген киімді кигізіп бір иығына қосу (плюс), бір иығына алу (минус) таңбасын салып ел аралтауға айдап кетті. Үлкендерден сұрасам ол бір іске айыпты болған адам екен, билер өлімге кесерін де, қылмысын кешірерін де білмей кебенек кигізіп ел аралатуға жіберіпті. Қосу таңбасы өлім жазасын беруге қосыламыз дегенді, алу таңбасы кешіреміз дегенді білдіретін көрінеді. Қай ауылға барса сол ауылдың адамдары оның иығына не алу таңбасын, не қосу таңбасын басып отырады екен, алу таңбасы көп болса ол адам кешіріледі екен де, қосу таңбасы көп болса өлім жазасы беріледі екен», деп еске алады. Бұрынғы заманда қылмысы толық дәлелденген кісіні ғана өлім жазасына кесетін де, жаза табанда атқарылатын болған. Дегенмен қылмысты екені анық болса да, елге ерекше еңбегі сіңген адамның қылмысы кешірілетін болған. Хан «қылмысты болсаң жазаға тартпаймын» деп немесе «хрет қылмысты болсаң да жазаға тартпаймын» деп уәде берген болса, ол адамның қылмысы кешірілетін. Хандар мұндай кеңшілікті 9 ретке дейін («тоғыз рет қылмыс өткізсең де жазаға тартпаймын») береді екен. Сол сияқты, «сені басың кететін қылмыс істесең де жазаға тартпаймын» деп уәде берсе, ол адамның қылмысы кешіріледі.
Мұнан тыс қылмыскер елге сыйлы, еңбегі сіңген адам болса, ханның кешіріміне ие болмаған кісілерге де бір мүмкіндік беріп кебенек кигізетін салт болған. Сол арқылы халық оның жанына сауға сұрап алады.
Үшінші, қылмыскердің қылмысы толық дәлелденбесе, оның өткізген қылмысы өлім жазасына лайық па, жоқ па? Билер оған нақ басып кесім жасай алмаса немесе қылмыскердің өлімге кесілуіне қарсы болса да, оны ақтап аларлық дәлел таппаса қылмыскерге «кебенек кигізіп» ел аралатады екен.
Айыпты адамға кебенек кигізгенде кебенектің сыртын ақ матамен қаптап, ақ матамен қапталған кебенектің екі иығына екі түрлі белгі салады.
Қылмыскердің оң иығына басмармақты көк бояуға батырып көлденең басып, сол ияғына тігінен басады да, бармақ баспай-ақ, бір иығына бір сызық, екінші иығына екі сызық деген сияқты белгі салса да болады. Екі иығына екі түрлі бояумен белгі салуға да болады.
Оң иығына салған белгі қылмысын кешіруді, сол иығына салған белгі өлімге кесуді білдіреді. Өлшемді күн кесіліп (елді толық аралап шығатындай) екі адам ертіп, ел аралатады. Қылмыскер ру ішінде қылмысты болса, оған жазаны ру ақсақалы, билер кесетін болса жарты айдан үш айға дейін уақыт береді. Қылмыскер ұлыс алдында қылмысты болса, оған жазаны хан кесетін болса үш айдан бір жылға дейін уақыт кеседі. Кебенек киген адам қай ауылға барса ауыл иелері өлім жазасын беру керек дегендер сол иыққа, кешірілсін дегендер оң иыққа бұрынғы салынған белгімен бірдей белгі салып отырады екен. Кесімді уақыт аяқтағанда қылмыскер бидің немесе ханның алдына әкелініп кебенекке басылған белгі саналады да, оң иығындағы көк таңба көп болса оның жазасы кешіріліп, өлім жазасынан құтылады. Сол иығындағы қызыл таңба көп болса өлім жазасы орындалады. Кебенек өлім жазасынан кейінгі ең қорқынышты, ең ауыр жаза. Алайда оның аман қалу мүмкіндігі де бар. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген мақал осыдан қалған.Демек, кебенек киген ажалдың аузынан, яғни өлімнен қайтып келеді деген сөз.
Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ,
Қазақ ұлттық Өнер университеті Қорқыт атындағы Ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері
Дереккөз: "Айқын" газеті