ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ
2016 ж. 14 желтоқсан
5820
1
«Қыз өссе елдің көркі» деп түйіндейтін қазақ халқы ерлерімен қатар, ел бастаған аруларын да үлгі еткен. Қыз баланың тек «отбасы ошақ қасылық» міндеттерін дәріптеп қана қоймай, оған қоса сүйікті қарындас, аяулы әпке, ардақты ана, адал да сүйікті жар ретіндегі қасиеттерін де бағалай білу – дала демократиясының жарқын көрінісі. Алайда қазақ қыздары мұндай сенім мен мадаққа ешуақытта мардымсып, «басқа шауып, төске өрлемеген». Отбасындағы, әлеумет ортасындағы өз орнын біліп, ерлерге сенімді серік бола білгендігіне ел тарихында мысалдар мол. Сол әдеп пен ибаның, ізгілік пен өрліктің үлгісіне айналған арулардың сарқыты іспетті арулар арамызда бүгінде жоқ емес. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – менің әріптес құрбым Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда. Бұлай деуге менің соңғы 25 жылдағы отбасылық, әріптестік, қатар-құрбылық етене аралас-құраластығым мол мүмкіндік береді. Сондықтан «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілер» дейтін халық нақылын ойқазық ете отырып, досқа адал, көпке бауыр, қаламдас замандасым жайлы ой толғауды мақсат тұттым.
Ел жұртына шабандоздығымен аты шыққан ұлдарын да ұлтымыздың осы өнеріне тәрбиелеген көкірегі шежірелі әкесі Жұмаберді мен жасы сексенге жақындаса да ибасы мен иманы дидарынан нұр шашып тұратын ардақты ана Ұлбала анамыздың тәрбие құндағынан шыққан ұл-қыздың ізгіліктен бөлек жол таңдауы да мүмкін емес еді. Солардың ішінде қара үзіп, білімді серік етіп, қазақ руханиятына хал-қадірінше үлес қосып жүрген Гүлжаһанның орны бір төбе. Әдеттегі қазақтың үлкен отбасына тән қасиет еңбекқорлық пен адалдық, бауырмалдық қасиеттер мен жауапкершілік Гүлжаһанның өмірлік жолындағы негізгі кредосына айналған. Қандай жауапты істе де бел шеше кірісіп, қашан бітіргенше тынбайтын шапшаңдығы әкесі Жұмабердіден ауысса керек. Себебі, Жұмаберді Баймаханұлы – ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан басталған тың және тыңайған жерлерді игеру науқанында Қазақстанның құм және шөлейт жерлерінің біршама бөлігін игеру жұмысына алғашқылардың бірі болып қатысып, Қызылқұмның қазақтың бүгінгі құтты мекеніне айналуына елеулі үлес қосып, қажырлы еңбек сіңірген адам.
Бала жасынан дарыған білімге құштарлығын ұштаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалым Юсуповтың үлкен сенімі Гүлжаһанды алыс армандарына жетелейді. Арманға аңсаумен ғана жетпейтінін ұққан зерделі қыз жастайынан өлең-жырларды мол жаттап, сан түрлі кітаптарды ақтарады. Бұған отбасындағы ата-ана, бауырлардың да кітапқұмарлығының ықпалы мол болды. Асқақ арман жетелеген Гүлжаһанның жолы болып, Алматыдағы қазақ білімінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының студенті атануы жас қыздың жан дүниесіне сілкініс тудырып, білімге деген құштарлығын арттыра түсті. Ғалым ағайы майын тамызып таныстырған қазақтың марқасқа ғалымдарынының дәрісін тыңдап, бетпе-бет жүз көрісуі сезімтал қыздың қиялына қанат бітіріп, қолына қалам алдырды. Ойын тербеген сезімдері мен әсерлерін өрнекті тілге түсірген алғашқы мақалалары да жазыла бастады. Сабақты үздік оқумен қатар ұстамды, сабырлы мінезі арқылы өз ортасында да, ұстаздар алдында да үлкен беделге ие болды. Алайда қазақ қоғамында осынау арман қанатына құлаш ұрған қыздың сәтті қадамын үзуге мәжбүр еткен оқиға болды. Ол – қазақ жұртының азаттық аңсаған арманын танытып, жатқа мойынсынбайтын өршіл рухын жаһанға паш еткен әйгілі Желтоқсан оқиғасы болатын. Әрине, кеңестің құрсаулы саясаты азаттық жалынын тұншықтырудың жолында түрлі айла-шарғылар ойлап тауып, жазықсыз жандарды жазаға ұшыратты. Солардың қатарында Гүлжаһан да комсомол қатарынан шығарылып, «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» деген бұйрықпен оқудан аластатылды. Әрине, ол тұстағы көкірегі зерделі, көзі ашық қазақ жастарының жай-күйін жеткізуге кез келген сөз құдіреті жетпес... Әр адамның өзін ғана емес, түп- тамырына дейін қопаратын қатал партиялық тіміскілік әрекеттердің ызғары Гүлжаһанның әкесіне де тиіп, оны «баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін» жазықты етіп, қатаң сөгіс берілді. Әрбір қадамы аңдуға түскен жас қызға саяси қылмыскер ретінде аудан көлемінен ұзап шығуға тыйым салынды. Алайда биліктің әділетсіздігіне мойынсына бермейтін ел ішіндегі берекелі бірлік ұйытқысы болған ел ағалары өз қыздарына оң қабақ танытты. Әсіресе, жастары орталарына сеніммен, құрметпен қабылдады. Мемлекеттік мекемелерге жолатпағанымен, №4 бөлімшенің күрішші қызына ауылдастарының көзқарасы түзу болды. Алматыдан тауы шағылып қайтқан қайсар қызға халықтың ақ жарқын тілегі рухани күш-қуат берді. «Тұрғын үй – 1987» жобасы бойынша комсомол жастар бригадасына қатысып, тас қалаушыларға көмекші бола жүріп, еңбек майданында шыңдала түсті.
Әрине, ақиқаттың ақ таңы әйтеуір бір ататыны анық. 1988 жылы Кеңестер одағының астанасы Мәскеуде өткен съезде Арал тағдырын айтуға үш минут уақыт сұрап алған қазақ ақыны Мұхтар Шаханов он бес республика өкілдері жиналған жиынның үлкен мінбесінде қазақты «ұлтшыл» атандырған оқиғаның әділетсіздігін айтып үлгеріп, жазықсыз қуғынға ұшыраған жастарды ақтауды талап етіп, империялық саясаттың әділетсіздігін әшкерелеп берді. Дүниеге тарап кеткен ақиқат сөзден соң қатал саясаттың қатқан тоңы жібіп, артынша көп ұзамай оқудан қуылғандар мен жұмыстан шеттетілгендерге кешірім жасалынды. Мысалы, өздері оқыған оқу орындарына қабылдауға үкім шығарылды. Осы мүмкіндіктің лебімен Гүлжаһан да сүйікті білім ордасына қайта қабылданып, білімге жаңа бір леппен, ерекше құлшыныспен кірісті. Әрине, ол кезеңде де, тіпті қазір де Желтоқсан көтерілісі туралы пікір әрқилы болды. Тіпті ұстаздардың ішінде бірі бұларды «батырлық танытушылар» деп таныса, енді бірі «қолынан келмес іске ұмтылушылар» қатарында бағалады. Алайда мақтауға масаттанбай, даттауға мойынұсынбай үздік оқып, терең білім алуды мұрат еткен Гүлжаһан барлық пәндерді тыңғылықты меңгеріп, тобының ғана емес, курсының маңдайалды студенті атанды. Қазақ әдебиеті мен тілінің әр саласынан білім берген көрнекті ғалым-педагогтар: Нығмет Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Немат Келімбетов, Фатима Мұсабекова, Күлтай Бисембаева, Асхат Әбілқаев, Нұржамал Оралбаева, Сейілбек Исаев, Секерхан Хасанова, Серік Мақпыров, т.б. тәрізді ұлағатты ұстаздардың сынағынан мүдірмей өтіп, осы аталған оқу орынын 1992 жылы қызыл дипломмен тәмамдады.
Мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасы болған белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы Әбділхамит Нарымбетов Гүлжаһанның жан-жақты білімін ескеріп, өзі жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке шақырды. Ата-анасының батасын алған арманшыл қыз Алматыға қоныс теуіп, алған білімін ғылыммен ұштастыруға бекіді. Бұл кезең қазақ руханиятының қасіретті беттері қайта қаралып, саясат құрбандарына айналған алаш арыстарының ресми ақталып, олардың мұраларын ғылыми айналымға түсіру жылдарымен тұспа-тұс келді. Институт директоры академик Серік Қирабаевтың басшылығымен институтқа келген, бүгінде белгілі ғылым қайраткерлеріне айналған үркердей жастар тобына алаш әдебиетін зерттеу тақырып етіп берілді. Солардың қатарында Гүлжаһанның үлесіне алаштың ардақтысы Қошке Кемеңгерұлының мұрасын зерттеу бұйырды. Талапшыл, тынымсыз ғалым Ә.Нарымбетовтің ғылыми жетекшілігімен Қошке мұрасын тыңғылықты зерттеген еңбегі де ғылыми ортада толық мойындалып, 1996 жылы филология ғылымдарының кандидаты атанды. Оның бір себебі жас зерттеушінің жүрек түкпіріндегі әділетсіз жапа шеккен шақтардың салқыны да болуы мүмкін. Осы тақырыпты зерттеп жүргенде қазақтың ғалым қыздарының бірі Рәзия Рүстембекованың: «Апырай, Қошкенің мұрасын зерттеу Гүлжаһанға бұйырғанына не дерсің. Бұл да жастайынан қуғын-сүргін көрген қыздардың бірі ғой», – дейтінінің де сыры осында. Әрине тек әдебиет саласында ғана емес, жалпы қазақ қауымын қалай аман сақтап, көтеруге болады деп жар құлағы жастыққа тимей ғұмыр кешсе де тағдырлары трагедияға ұшыраған Алаш зиялылыарының қай-қайсы жайлы зерттеу де асқан жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Гүлжаһан осы ұлы міндетті абыроймен атқарып шықты деуге болады. Талай ұлылардың табанының ізі қалған құтты ұяда қалыптасқан ғылымға адалдық, ізденіске ыждаһаттылық, айналамен тіл табысуға мінезділік мектебінен өткен зерттеуші Қошке Кемеңгерұлы туралы «Алаштың бір ардағы» атты еңбегі үшін жас ғалымдарға арналған М.О.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды (2002).
Гүлжаһанның ғылымдағы ізденістері әдеби процестің бел-белестерімен өрелес жүріп отырды. Зерттеушілік жолын алаш ардақтысы Қошкеге арнаса, академик С.Қирабаевтың кеңесшілігімен «Әдебиеттану ғылымының проблемалары және Мүсілім Базарбаев зерттеулері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғады (2010).
Ал Гүлжаһанның институттың жоспарлы жұмыстарына сәйкес атқарған еңбектері бірнеше ғылыми жинақтарға жүк болды. Білікті маман ретінде қазіргі ғылым талаптарына сәйкес ұсынған жобалары жоғары бағаға ие болып, оның жетекшілігімен атқарылған ғылыми ізденістер ұжымдық монографиялар түрінде жарық көрді.
Гүлжаһанның бір ерекшелігі: іргелі зерттеулермен ғана шектелмей, ақын-жазушылар жайында шағын портреттер жазуға машықтанғандығы. Оның дәлелі: 60-қа жуық ақын-жазушылардың, майдангер қаламгерлердің шығармашылық келбеттері, портреттерінің шеберлікпен, қысқа да нұсқа жазылуы. Бұл қатарда «Қазақ көркем сөзінің шеберлері» атты ұжымдық монографиядағы Бұқар жыраудан бастап сыршыл ақын Шөмішбай Сариевке дейінгі аралықтағы 45 қаламгердің шығармашылық келбеті жайлы әрі шағын, әрі тартымды тұжырымдары мен «Майдангер қаламгерлер» атты жинаққа енген Ұлы Отан соғысының ардагер қаламгерлеріне арналған он бес портретін ерекше атауға болады. Әріптесіміз мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған отандық филология саласында соңғы 50 жылдық әдебиет тарихын қамтып жүйелеген 10-томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» іргелі-ғылыми зерттеуінің 7-8-9 томдарына жауапты шығарушы ретінде елеулі еңбек сіңірді.
Табиғатынан тынымсыз құрбымыз республикалық, халықаралық конференциялардың әрі ұйымдастырушысы, әрі белсенді мүшесі ретінде де қатарларынан оқ бойы озық тұрып, алыс және жақын шетелдерде өзінің де өзгенің де еңбектерінің жариялануына ықпал етті. Мерзімді баспасөзбен ғана емес, телевидение мен радио хабарларына белсене қатысып әдебиеттің келелі мәселелері жөнінде ой қозғап, байыпты пікірлер білдіруді де кәсіби мақсатына айналдырған. Осы қыруар істермен қатар, мықты ұстаздарға шәкірт бола білген жанның өзі де ұлағатты ұстаз болды. Әдебиет институтының жанынан ашылған магистранттар мен докторанттарды дайындайтын жоба бойынша белсенді жұмыс атқарып, беделді ұстазға айналды. Осы тұрғыда үстіміздегі жылдың қараша айында Қытай Республикасының астанасы Бейжің қаласындағы Орталық Ұлттар университетінің арнайы шақыруымен Қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне барып, «Қазақстандағы қазақ әдебиеті», «Фольклортанудың методологиясы», «Абайтану», «1920-1930 жылдардағы қазақ әдебиеті» атты пәндер бойынша қазақ балаларына дәріс оқып қайтты.
Ақыл-ой еңбегі мен темірдей төзімді, салиқалы сабырды талап ететін ғылыми жұмыстың күрделілігімен қоса, отбасын қатар алып жүруде де Гүлжаһанның қанына біткен қайсарлық қасиетінің көмегі болды дер едім. Сырлас, ойлас құрбының өмір белестеріндегі ауыр сынақтарды бастан кешірген сәттерінің куәгері ретінде осылай ой түйдім. Ат құлағанда ойнаған шабандоз әкелердің перзенттеріне деген ақ тілеуі Гүлжаһан мен Түркебайға бақыттың ақ отауын тіктірді. Жарасымды тірлік пен сыйластық арқасында ғылым да өз жолымен жүріп жатты, дүниеге алтын асықтай Ерсұлтан, Ернұр атты екі ұл келді. Алайда адам-пенде алдын болжап білген бе?! Шат-шадыман шаттықтың шырқын бұзған оқыс жағдай бұл отбасын ғана емес, аралас-құралас жүрген біздің де жанымызды құлазытты. Бәрімізге сүйкімді, бал тілді, құлдыраңдаған балапан Ернұр оқыс жағдайда қайтыс болды. «Тас түскен жеріне ауыр», мұндай қасіреттің салмағын басынан өткен ғана сезіне алар... Сүйікті ұлынан айрылған Түркебайдың денсаулығы да морт сынып науқасқа шалдықты, соның зардабынан ұзақ жылдар ауырып, күрделі оталарды басынан өткерді. Ботасын іздеп боздаған ана жүрегін жылытар жұбату жоғы белгілі. Бірақ «тірі адам тірлігін істейді». Бұған дейін де тағдырмен бетпе-бет келген қайсар құрбым қайратын қайта жинап, отбасын қайғыдан арылтуға, жарын дертінен айықтыруға, Ерсұлтанын жасытпай жеткізуге бел буды. Талай қиындықтарды басынан кешірді. Қанша қиналса да әдебиет дейтін ардың ісіне дақ түсірмеді. Ғылым мен отбасының тізгінін қатар нық ұстап босатпады. Жанын салған аяулы ісінің жемісін көріп, бүгінде ұжымда биік беделге ие болып, жастарға ақылшы, жетекші ғалым-ұстазға айналды. Ерсұлтаны ержетті, жоғарғы оқу орнының 3 курс студенті. Оқу озаты. Түркебайдың да денсаулығы біршама түзелді.
Әріптес ретінде Гүлжаһанның қазақ әдебиетінің келелі мәселелерін зерттеуде әлі де алар асулары мол екендігіне сенім білдірсем, тілеулес дос- жаран ретінде отбасына амандық, өзіне мықты денсаулық тілеп, құрбымның мерейлі мерейтойларында да сүбелі сөз сөйлеуге жазғай деп тілеймін!
Дүйсенкүл ЖАҚАН , М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының аға ғылыми қызметкері
qazaquni.kz