АЛМАТЫДАҒЫ АЛАУ БҮКІЛ ҚАЗАҚ ЕЛІН ШАРПЫДЫ
2016 ж. 14 желтоқсан
2901
0
1986 ЖЫЛҒЫ КЕРЕКУ..
Суретте: Керекулік желтоқсаншылар мен «Азат» қозғалысының ардагерлері Саяси қуғын-сүргін құрбандары монументі жанында. Павлодар, 2014 жыл, 16 желтоқсан. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1986 жылғы желтоқсан айындағы Y пленумының шешіміне Павлодар облысындағы қазақ жұртшылығының наразылығы түрлі сипатта көрініс берді. Солай бола тұра, Павлодар облысы мемлекеттік мұрағат құжаттары сол кездегі саяси ахуалды нақты ашып көрсете алмайды. Желтоқсанның 24-і күні облыстық партия комитетінің бюросы өткізіліп, «Қазақстан компартиясы ОК-нің 1986 жылдың 19-желтоқсанындағы «Алматы қаласындағы жағдайға байланысты шаралар жөніндегі» қаулысын жүзеге асыру шаралары» бекітілген. Он бес тармақтан тұратын бұл шараларда мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен жұмыс жоспарлары белгіленген. Дегенмен, Алматыда желтоқсаншылардың наразылық көрсетуі басталысымен-ақ Қазақ КСР компартиясы ОК-нен, республикалық МҚК-нен, ІІМ-нен Павлодардағы партия және мемлекеттік органдарға өз байланыс жүйелері арқылы түрлі нұсқаулар, бұйрықтар беріліп, олар ресми қаулы шығарылмай-ақ, қолма-қол жүзеге асырыла бастаған деп түсінгеніміз дұрыс шығар. Атышулы Ү пленумның соңы Алматыда қандай да бір төтенше оқиғаға әкеп соқтырғанын павлодарлықтар сол 17-желтоқсан күні-ақ сезді. Жазушылар одағындағы таныс қаламгерлермен хабарласу әрекетімізден еш нәтиже шықпады: Алматымен телефон байланысы үзілді. Сол кездегі әдетімізше, «Голос Америки» тәрізді радиостанциялардың хабарларына құлақ түргенімізбен, маңызды ақпарат ала алмадық. Желтоқсанның 17-сі күні, кешке қарай Павлодар қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалаушы милиция қызметкерлерінің саны көбейіп, белсенділігі арта түскені айқын байқалды. Келесі күні қаланың орталық алаңы маңында және оған таяу көшелердің қиылыстарында ІІБ қызметкерлері мен негізінен европалық ұлттардың өкілдерінен құралған жасақшылар топтары қоғамдық тәртіпті бақылауға алды. Олар орталыққа қарай өз істерімен келе жатқан қазақ жастарының саны бір-екеуден асса, себеп-салдарсыз тоқтатып, кейін қайтарып тұрды. Қалада төтенше жағдай жарияламай, азаматтардың ұлттық белгілеріне қарап, көпшілік орындарда жүріп-тұруларына тыйым салу я шектеу қою халықаралық және кеңестік заңдардың да шеңберіне сыймайтын. Солай бола тұра, тәртіп сақшылары өздерінің заңсыз іс-әрекеттеріне наразылық білдірген жастарды милицияның қалалық, аудандық бөлімдеріне күш қолдану арқылы жеткізіп, тергеуге алған, қоқан-лоқы көрсеткен. Баянауыл ауданынан Павлодарға жеңіл автомашинамен өз шаруалары бойынша келе жатқан қазақтың бес жігітін қаланың кіре берісіндегі МАИ бекетінде тоқтатып, кейін қайтарып жіберіпті деген ақпарат та бар. Әуежайда Алматыға ұшатын ұлты қазақ жолаушыларды авиабилеттерін күні бұрын алғанына қарамастан, сапарларының мақсатын және өздері жайындағы мәліметтерді сұрап, тексерген. Сол күндері павлодарлық өнерпаз жігіт Серік Таласбаевтың «Қызық-ай» ойын-сауық кешін өткізбек болуы партия мен қауіпсіздік органдары қызметкерлерін әбігерге салған. Дегенмен, кеш сауыққұмар көрермендермен қатар «үндеместердің де» көңілінен шығып, сәтті өткен. Желтоқсанның 18-19-ы күндері Алматыдағы желтоқсаншыларға үн қосуды көздеген павлодарлық жастардың белсенділігі артты және оларға қарсы тәртіп сақшыларының іс-әрекеттері де күшейіп, облыстағы саяси ахуал тұрақсыздана бастады. «Совхоз-техникум – Павлодар» бағытындағы жолаушылар автобусы қатынасы тоқтатылды. Қалаға қарай жаяу шыққан студенттер тобын орта жолда милиция қызметкерлері мен жасақшылар күш қолдану арқылы кейін қайтарған. Араларындағы тартыс кезінде студенттер тәртіп сақшылары отырған автобустың терезе шынысын таспен атып сындырған. Павлодардағы монтаж, есептеу-экономикалық техникумдарының студенттері жатақханалардан шығарылмады, ІІБ қызметкерлерінің тобы мен МҚК-нің өкілдері сол мекенжайларда түнеді. Тіпті қазақ оқушыларының да жүріс-тұрыстары қатаң бақылауға алынды. Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушылары арасында сабаққа келмей қалғандардың үйлеріне қолма-қол мұғалімдер жіберілді. Қаланың «Казкрай» аталатын аумағында тұратын қазақ жастары күн бата бірнеше топ болып көшеге шықты. Шамамен, 20–30 адамнан тұратын топтар милицияның жылжымалы пункты жақындаған кезде жан-жаққа ыдырай қашып, басқа жерде қайта жиналды. Бірақ қандай да бір нақты саяси мақсатты көздемегендіктен, не істерін білмей, ақыры үйді-үйлеріне тарап тынды. Мұндай жайттар келесі күндері де қайталанды. Жергілікті үкімет пен партия органдары жастарды орталық алаңға шығармаудың «бейбіт» тәсілін ойлап тауып, әккілікпен жүзеге асыра білді. Арақ-шарап дүкендері теңертеңнен кешке дейін жұмыс істеді және алкогольді ішімдіктер автомашиналармен үсті-үстіне тасылып жеткізіліп тұрды, осы себепті, әдеттегідей бір-екі сағат ішінде бітіп қалған жоқ. Павлодарлықтар М.Горбачевтің «құрғақ» заңы шыққан 1985 жылдың 1 маусымынан бастап мұндай арақ-шарап молшылығын көрмеп еді... Әуелде орталық алаңға баруға ниеттенген қазақ жастарының бірсыпырасы оған жетпей, Дзержинский (қазіргі Сәтбаев) мен Толстой көшелерінің қиылысындағы арақ-шарап дүкеніне жіпсіз байланды... Дегенмен, Алматыдағы желтоқсаншыларға үн қосуға бел буған ұлтжанды жастардың шағын топтары милиция мен жасақшылар тұрған жерлерден жеке-жеке бөлініп өтіп, орталық алаңның жанындағы ЦУМ ішіне жиылды. Сатып алушылардың кейпіне енген олар алаңға шығар сәтті күтті. Бірақ жатақханалардағы қамаудан ебін тауып сытылып шыққан санаулы студенттер мен жұмысшылар өкілдерінен ғана құралған олардың саны тым аз еді әрі бірін-бірі танымайтын. Ал орталық алаңның обкомға қарама-қарсы жағында милицияның бір ғана «жигули» автомашинасы «момақан мінез» танытып тұрды. Мұның алдамшы көрініс екенін ішіміз сезді. Сол орталық алаңның жанынан түнге қарай қонақтан үйіне қайтып бара жатқан орта жастағы ерлі-зайыпты еркек пен әйелді ұлты өзге милиция қызметкері еш себепсіз тоқтатып, қол жұмсаған. Бір жақсысы, әлгінің жанындағы милиционер қазақ жазықсыз жандарға араша түсіп, соққыға жығылудан сақтап қалған. Есесіне ол ертеңгісінде ішкі істер бөлімі басшылығына ұлты қазақ әріптесінің үстінен «басбұзарларды жақтады» деген сыңайда арыз түсірген. Сол күндері МҚК, ІІБ, партия органдарының жауапты қызметкерлері жұмыс уақытынан кейін де жұмыс орындарында қалып, төтенше оқиғаға әзір отырғандығын, жабық мекемелерді күзететін әскери бөлімшелерде наразылық акцияларын күшпен басуды көздейтін дайындық істері жүргізілгенін біз кейін білдік. Дайындық барысында жауынгерлерге, митинг не демонстрация бола қалған жағдайда, акцияға қатысушыларды солдат күректерінің қырымен емес, жалпағымен ұрып тарқату жөнінде ауызша нұсқау берілген көрінеді. (Мұндай бұйрықты мүлтіксіз орындау мүмкін емес. Сол күндері Алматының орталық алаңында қаза тапқан, жараланған желтоқсаншылардың денелерінде солдат күректерінің қырынан «кесілген», «шабылған» делінетін жарақаттар түскен). Командирлердің саяси істер жөніндегі орынбасарлары ұлты қазақ әскери қызметшілерден желтоқсаншылардың іс-әрекеттері жөніндегі пікірлерін сұрап, өздерінше сынақ жүргізіп, сенімсіздік танытқан. Павлодар қаласында жұртшылықтың алаңға шығып, наразылық көрсетуге деген ұмтылысы келесі 1987 жылдың бас кезіне дейін оқтын-оқтын бой көрсетіп тұрды. Қазақ жастарының наразылығы ауылдық аудандардың орталықтарында да көрініс берді. Бірақ бұл іс-әрекеттер түрлі себеп-салдарларға байланысты Алматыдағыдай көтеріліс дәрежесіне жеткен жоқ. Дегенмен, сол кезде Алматыда жоғары оқу орындарында оқып жүрген павлодарлық студенттер: Айман Зейнуллина, Сәуле Жақаева, Рыскүл Шакаман, Амантай Құдабаев, Маржан Баймұқанова, Ақан Алпысов, Рүстембек Қасенов, Бейбіт Шәнімов тәрізді студенттер Желтоқсан оқиғасына қатысып, кейбірі жазалау мен қудалауды бастан өткерді. Қазіргі шақта Рүстембек Қасеновтен (1964-2005) басқа желтоқсаншылар бар – білім мен өнер салаларына еңбегі сіңген белгілі азаматтар. Ал Алматы облысы, Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылындағы қой шаруашылық ғылыми зерттеу институтының аспиранты Құрманжан Ыбыраевтың Желтоқсан оқиғасы кезіндегі жұмбақ қазасының құпиясы әлі ашылған жоқ. Марқұмның есімі Желтоқсан құрбандарының тізіміне енгізілмеген... Әрине, Желтоқсан оқиғасының тарихы мен желтоқсаншылардың өмірбаяндарында әлі де жариялық сәулесі түспеген күңгір тұстар көп. Бұларды зерттеп жарыққа шығару ісі келешектің еншісіне тиесілі. Арман ҚАНИ, Павлодар қаласы. qazaquni.kz