Мен көрген «Желтоқсан»...
2016 ж. 13 желтоқсан
2498
0
«Желтоқсан» оқиғасы талай жастың арманын көкке ұшырып, тағдырының түбегейлі өзгеріп кетуіне себеп болды. «Желтоқсанды» біз де көрдік, бел ортасында жүрдік. Сондай қиын-қыстау сәтте көмектескен жандарға алғыс айтуды парыз санаймын.
Ал олар жастарға қалай көмектесті?..
Тәуелсіздіктің жаршысына айналған құбылысқа да кісі ғұмырындай отыз жыл толып жатыр. Желтоқсан туралы жазу – өткенді еске салу. Бауырым Дінмұхамед мақаланы жазып газетке берейік, ондай кісілердің жақсылығын, батырлығын жұрт білуі керек деумен келеді. Іште тынып жатқан сырдың ақтарылар сәті енді келгендей. Арыстай ағаларыма деген көңіл түкіпірінде көп түнеген алғысымды ақтарайын деген ниетпен ақыры қолға қалам алдым. Сол ағаларым көмектеспегенде біздің тағдырымыз қалай болар еді?
Осы бір «парыздың» көкейде қалып қоймай жазылуына себепкер болған Қазыбек Иса ағамызға, інім Дінмұхамед Ізтілеуовке алғыс айтамын!
1986 жыл 16-желтоқсан. Жатақханада студенттік өмірдің қызығын кешіп, ешбір алаңсыз жүргенбіз. Кешкі уақытта жеткен беймәлім хабар барлығымызды шулатып жіберді. Алаңда көтерілістің болайын деп жатқаны анық еді. Бәріміз бір байламға келіп, алаңға қарай тарттық. «Жандосов» көшесімен жүретін №94-автобусқа отырдық та, алаңға да келіп жеттік. Өз көзімізге өзіміз сене алмадық. Әр жерде көліктер өртеніп, дүңгіршектер төңкеріліп жатыр. Бұрын-соңды көзіміз көрмеген жағдайдан жанымыз толқып, бойымызды қорқыныш биледі. Қасымыздағы бірге оқитын құрбыларымызды кейін қайтарып жібердік. Тек Анар Чудабаева деген құрбым екеуіміз қалып қойдық. Көтерілістің қалай ұласарын білмедік. Оқиғаны көргіміз келді.
Алаңды жастардың айқайы мен ұраны жаулап алған. Қалың адам біртұтас бейнеге айналып, бір ауыздан «ақ үйге» қарай үн қатып жатқандай. Дауыс үдеп, дүбір күшейгенде «ақ үйдің» оң қанатынан әскери машиналар келіп тоқтады да, ішінен түскен көп солдат бізге қарай жүгірді. Жастардың барлығы кейін шегініп, жан-жаққа қашты. Әскери күшпен қарсыласуға шамалары жетпейтін. Қасымдағы қыз екеуіміз алаңның екінші бетіндегі екі үйге қарай жүгірдік. Алдымыздан шыққан биік бетоннан жоғарыда тұрған жігіттер төмендегілерді тартып алып жатты. Кейбіреулері шығып үлгеріп жатса, үлгермегендерін арттан келген күш шашынан сүйреп, дубинкаларымен ұрып, машиналарға сүйреп мінгізуде. Біз егіз үйдің біріне еніп кеттік. Қабаттан қабатқа жүгіріп, есіктерді қағып көмек сұрап жүрміз. Төртінші қабаттағы бір пәтер ғана есігін ашты. Үйге жастардың бес-алтауын кіргізді де есікті жауып қойды. Қорқыныштан көзіміз байқырайып, ентігімізді баса аламай ұзақ тұрдық. Бір сәтте есімізді жиып айналамызға қарай бастадық. Қасымызда егде тартқан апа бар. Баласын іздей келіп көтеріліске тап болыпты. Төрде ілулі тұрған кілемнің бетіндегі медальдарға көзім түсті. Арғы бөлмеден орта жастағы әйел шығып есіктен бері тұруымызды сұрады. Сөйлесе келе, Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың үйіне кіргенімізді білдік. Бізді кіргізген әйелі көрінеді. Алаңда тыныштық орнады деген уақытта сыртқа шықтық. Солдаттар көтеріліске шыққандарды әлі де қуып жүр екен. Әр жерден естілген қыздардың ащы дауысы жанымызды ауыртты. Біз жүгірген бетімізбен «Абай» даңғылына түсіп, төмен қарай зымырадық. Алдымыздан шыққан солдаттардан тағы да бейтаныс үйлердің біріне тығылуға тура келді. Қашып жүріп қай қабат екені есімде жоқ. Бірақ қаққан есігіміз Анар екеуімізге бірден ашылғанын ғана білемін. Есіктен бір ер адам кіргізіп алды. Күн мен «күштің» ызғары қарыған үрейлі бізге отырғызып шай бергізді. Ол кезде үй иесін танымайтынмын. Тек жылы жүзді бейнесін ұмытпағанмын. Арада жылдар өтіп теледидардан сол адамды көрдім. Математик Асқар Жұмаділдаев екен.
Міне, менің жанымда сол бір ел тағдырын шешкен қиын күндердің үрейімен бірге ізгі жандардың – жастарға пана бола білген аға-апаларымыздың жарқын бейнесі қоса сақталып қалды. Осындай кең жүректі, елі үшін қызмет еткен, бойына ізгілік ұя салған жандар көмектеспесе біздің тағдырымыз шайқалар еді.
Нағима Ізтілеуова
qazaquni.kz