Ұлыс оң болсын!
2011 ж. 18 наурыз
1691
0
Халқымыздың ғасырлар бойы көшпенді тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне байланысты туып, қазіргі уақытта да жалғасын тауып келе жатқан мерейлі мерекелеріміздің бірі – «Ұлыстың ұлы күні» атанған «Наурыз» мейрамы. Еліміз «ұлы күнін» наурыз айының 22-сінде күн мен түн теңелген күні тойлайтын болған. «Әр елдің салты басқа...» демекші, біздің қазақ халқы үшін жаңа жыл көрікті көктем мен бірге ақ көрпесін қайырып, жер-ана оянғанда, табиғат қызыл-жасыл түске боянғанда, мұз еріп, сылдыры сулары ағып, жез таңдай әнші құстар сайрағанда келетін болған. Ойын-тойды қалт жібермейтін сауықшыл халқымыз «Ұлыстың ұлы күнін» де салтанатты түрде тойлаған. Әр үйде қазан көтеріліп наурыз көже жасалған. Наурыз күнінің ең басты ерекшелігі – халықты мейірімділікке шақырып, еңбекке баулуында. Осы күні жас бұлақтың көзін ашып, балауса ағаш отырғызу, елдің сауабын алып, алғысына бөленетін игілікті істер жасау, жұрттың әдетіне айналған. Үлкен-кіші сәнді киініп, бір-бірінің үйлерін аралап, жаңа жылға арналған бата-тілектерін айтқан. Міне, биыл да сол көптен күткен наурыз мерекесі елге бақ пен бақыт, қуаныш пен шаттық әкеліп отыр. Ендеше ата-салтын ардақтайтын қадірлі халқымызда: Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын. Төрт түлік ақты болсын, Қайда барсаң жол болсын! – демекпін.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы Сарыбай би ауылы, Қарасу орта мектебі 11 А сынып оқушысы Мөлдір Бекжан