«БІРЖАНМЫН АТЫМ ШЫҚҚАН АЛТЫ АЛАШҚА»
2011 ж. 18 наурыз
3206
2
«Адырна» этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен 16 наурызда Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «БІРЖАНМЫН АТЫМ ШЫҚҚАН АЛТЫ АЛАШҚА» атты кеш өтті. Кешті жүргізген Арман Әубәкір ең алғашқы сөзді академик, ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевке берді: - Біздің классикалық әншілерімізді жастар ұмыта бастаған кезде оны қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа, мына залда отырған студенттерге тағылым етіп, іс-шараны көтеріп отырған «Адырна» ұйымының бағыт-бағдары өте дұрыс-деп, өзінің алғысын білдірді. Сөз аяғында ұйымдастыру ұжымына «істеріңде нәтиже көп болсын» деген ақсақалдық батасын берді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай студенттер сарайында қазақтың біртума перзенті Біржан Қожағұлұлына арналған бұл кеште кереметтей әндері орындалып, өмірінен сыр шертілді. Кейінде Біржанның шөбересі Марал Теміртасов Біржан салдың мұраларын қайта жандандырып, іс-шара өткізіп отырған ұйымға алғысы-тілегін айтты. Біржан салдың шығармашылығына тоқталып, тарихи фактілерді қозғап баяндама жасаған Ерлан Төлеутай болды. Сонымен дүйім жұрттың алдында дәстүрлі өнер өз көгінен көрініп, ең алғаш сахна айқара ашылған уақытта Фараби саз оркестрінің орындауында Құрманғазының күйі «Балбырауын» өз кезегін алды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Болатқали Әмірхан. Кештің бір ерекшелігі Біржан салдың бұрын-соңды ел тыңдамаған, архивте қалған жаңа әндері өз тыңдарманына жол ашты. Кенжебек Күмісбекұлы «Өмір жолы», Еркін Шүкімәнов «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Жанбота», Досхан Одаманов «Ақтентек», Нариман Әбдірахманов «Ләйлім-шырақ», Сәуле Жанпейісова «Бурылтай», Ербол Біләлов «Мәті-дәулен», Саят Нұртазин «Адасқақ», Жасұлан Базарбеков «Қуандыққа», Ерлан Рысқали «Ақын», «Жамбассипар», Талғат Әбілғазы «Сырғақтым», Ерлан Төлеутай «Ақсеркеш», «Он саусақ», Төлеутай Серіков «Мақпал қыз» және жоба авторы Жоламан Құжаманов «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты Біржан салдың әндерін шеберлікпен айтып шықты. Ерлан Төлеутайдың орындауындағы «Он саусақ» әні тыңдарманның көңілін бір серпілткені кеш ақсақалы Тұрсынбек Кәкішевтің оған өз шапанын шын көңілімен сыйлауынан көрінді. Соңыра Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Айдайкөк», «Айбозым» әндері кештің сәнін одан әрмен қыздырып, қызықтыра түсті. Кеш соңында Біржан салдың шөбересі, тікелей ұрпағы Марал Теміртасов былай деді : – Бұл кештің ұйымдастыру алқасына үлкен алғысымды білдіремін, Біржан сал исі қазақтың игі мұраларының жарқын бейнесі. Біржан өмірі мен шығармашылығы қамтылған музей қазір Бурабайда орналасқан. Ұрпағынан қазір үш шөбересі бармыз. Екі бауырым бар. Бірінің аты Орал, бірі Шәріп. Көкшетауда Степнякта тұрамыз.
Ардақ ҚҰЛТАЙ