Ұлттық зиялы қауымды қосымша құн салығынан босату керек - «Ақ жол» партиясы
2016 ж. 05 желтоқсан
2515
1
"Өкінішке орай, біз футбол Федерациясының президентін жуырда сайлап қойдық, – деді Нығматуллин, – Әйтпесе сіздің министрліктегілерді сонда ұсынуға болатын еді. Бір-біріңізге сілтеп, футболды жақсы ойнайтындарыңыз көрініп тұр…"
"Ақжол " партиясының шығармашылықпен айналысатын ұлт зиялыларын қосымша құн салығынан босату жөніндегі ұсынысы Мәжілісте қызу пікірталас туғызды
«Ақ жол» партиясы ұлттық зиялы қауымды қосымша құн салығынан босату керек деп есептейді. Бұл туралы өткен сәрсенбіде, Мәжілістің Пленарлық отырысында "Мəдениет туралы" заң жобасын талқылау кезінде депутат Дания Еспаева мəлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, аталған Заң жобасы Алматы зиялыларының назарына ұсынылғанда олар мемлекеттің бұрынғыдай көмектеспейтінін өкінішпен айтқан еді. Бұрын суретшілерге тегін шеберханалар бөлінетін. Жазушылар мен ғалымдарға пəтерлерінен жұмыс істейтін қосымша бөлмелер берілетін. "Бұрын зиялы қауым салық дегеннің не екенін білмейтін. Ал бүгінде оларды мемлекеттік қолдау қысқарып қана қоймай, кітап шығару мен оны сату, театр, концерт мəселелеріне салық салынады. Бұндай жағдайда мəдениет қалай дамымақ? Бұл деген бизнес емес, олар тауар сатпайды, шығармашылықпен айналысады ғой"- деп атап өтті Дания Еспаева. Мысалға, Еуроодақта кітапқа, мерзімдік басылымдарға, картиналарға музыкалық, театрлық жəне спорттық шараларға заң бойынша ешқандай қосымша құн салығы салынбайды. Бұл шығармашылық қызметке жасалған үлкен жеңілдік. «Ак жол» партиясы бірнеше жылдан бері Қазақстанда салалық салық ставкасының дәл осындай жолын енгізуді ұсынып келеді. "Біз осы салалық салық ставкаларын енгізу мəселесін көтерген сайын Үкімет оның бюджетке ауыртпалық салатынын айтып, қайта қараудан бас тартып отыр. Осы салаға жауап беретін тікелей орган ретінде Мəдениет министрлігі Еуроодақ тəжірибесін Үкіметке біздің шығармашылық зиялыларымызды салықтан босату жөнінде ұсыныс жасай ала ма? " деп сұрады депутат. Бұл сауалға жауап берген мəдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алдымен "Ақ жол" партиясына зиялы қауымның өзекті мəселесін көтергені үшін алғыс айтып, ұсынысты қарауға əзір екенін жеткізді. Ол бұл мəселе "Кино туралы" заң жобасына түзетулер енгізілгенде қаралатындығын атап өтті. Айта кетерлік бір жайт "Ақжол " фракциясының бұл ұсынысы Мəжіліс төрағасы мен мемлекеттік органдар өкілдерінің арасында кызу пікірталас туғызды. "Мəдениет министрлігінің «Ақ жол» фракциясының бұл ұсынысын қолдайтынын көріп отырмыз. Ал, қаржы министрлігі бұған не дейді?"- деді спикер Нұрлан Нығматулин. Қаржы министрлігінің әлеуметтік сала бюджеті бойынша департаментінің орынбасары Айнұр Жабатаева өз мекемесінің құзырына жатпайтынын айтып, ат тонын ала қашты. «Сонда салық органдары қандай министрлікке қарайды?» деп сұраған Н.Нығматулинге «Саясатпен Экономика министрлігі айналысады» деп Жабатаева жалтарма жауап беріп жатты. Шыдамның да шегі бар. Бұл жауап Мәжіліс төрағасын қанағаттандырмағаны оның сөзінен анық білінді.- Өкінішке орай, біз футбол Федерациясының президентін жуырда сайлап қойдық, - деді Нығматуллин, - Әйтпесе сіздің министрліктегілерді сонда ұсынуға болатын еді. Бір-біріңізге сілтеп, футболды жақсы ойнайтындарыңыз көрініп тұр... Депутат Еспаеваның айтқанына байланысты Министрліктің позициясын тиісті жерлерге жеткізіңіздер, сосын жауап беріңіздер!
- Үкіметтің өкілі қайда? - деді ол қатаң үнмен, - Мен сіздерден күн тәртібіндегі мәселелерге жауап бере алатын адамдарды ғана мұнда шақыруды сұраймын. Аппарат басшысы, тез арада Премьер-Министрдің канцеляриясына хат дайындаңыз!