ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АЗАМАТТЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ
2016 ж. 02 желтоқсан
5513
0
Алғыс айту, алғыс алу, ризашылық білдіру, қуану мен қуанту – адамдықтың шыңы, азаматтықтың көрінісі!
Әдетте біз көп нәрсені елемейміз, байқамаймыз, яғни мән бермейміз, ешнәрсеге таңданбаймыз. Өйткені күнделікті тіршілікте барлығы үйреншікті дүние сияқты көрінеді. Сондай-ақ, көн нәрсені әркімнің өз міндеті мен парызы деп қараймыз. Ал енді осы нәрселерге зер салып, сезімталдықпен, ризашылықпен қарасақ ше? Онда сол елеусіз көрінген дүниелерден тамашаны, сұрықсыздан сұлулықты, қарабайыр тіршіліктен небір ғажайыпты көретін едік! Ризашылық өзіңді, өмірді, айналаңдағы күллі тіршілік иелерін бағалап, олардың қажетіне жарасам деген ізгі ой бастау алады. Айналаңа ризашылық сезіммен қарау, өмір сүрумен өмірдің мәнін түсінуге жетелеп, адамды нағыз бақытқа бөлейтіні сөзсіз.
«Ризашылық» күні... я, жыл он екі айдың әрбір күні құтты, әрбір күні жақсы. Соның ішінде бір күнді әдейілеп алғыс, ризашылық күні деп жариялауда да, бір ізгі ой жатқан болар... Алыс жолдың алғашқы қадамнан басталатыны сияқты.
Өмірдің әрбір күні мен сағаты, минуты мен секунды адамға кездейсоқ берілмегендіктен, оны мәнді өткізу, сүйіспеншіліктен бастау алған кемел, сұлу жаратылысты пайдамызға жаратып, тұтынып отырғанымызға мың сан ризашылық білдірудің өзі табиғи заңдылық іспетті.
Адам өмірінде «Алғыс», «Ризашылықтың» алатын орны ерекше. Ата-бабамыз атқан таңнан, батқан күнге дейін айнала қоршаған ортада үлкен ілтипатпен, аса сезімталдықпен қарап, өз ықыластары мен ризашылықтарын сәт сайын білдіріп отырған. Ол қатынастары күнделікті өмірімізде бата беру, ауырған адамның көңілін сұрау, құтты болсын айту, көрімдік беру, көңіл айту, сүйінші беру, ақылдасу, ерулік беру, отқа шақыру және т.б. амалдар мен жоралғылар арқылы көрініс тапты. Қандай ортада болсын адамдар мінез-құлық, тұрмыс тіршіліктің жөн-жосығын, жол-жоралғысын біліп, оны бұлжымас қағидаға айналдырып отырған. Тек орындап қана қоймай, олар өзінің отбасының, ата-анасының, балаларының, туған жер, атамекен, Отан, халық алдындағы парызы мен міндетін біліп, оны риясыз, ризашылықпен атқаруы осының көрінісі.
Қазақта игі іс атқарған адамға ерекше алғыс, ризашылық, құрмет көрсетілген. Сол себепті әрбір адам бір-бірінің алғысын алуға тырысқан. Бала күнімізде, үлкендердің кішкене қажетіне жарап, қолқабыс етсек: «Ой, бәрекелді!», «Жолың болсын!», «Өркенің өссін!», «Жасың ұзақ болсын!», «Азамат!», «Айналайын!» деген сөздері бізді одан әрі қанаттандырып, тағы қалай қуантсам екен деген ойымызды оятатын. Сол сөздердің байыбына барып, түп төркінін ұқпасақ та құлағымызға майдай жағып, жан дүниемізге жып-жылы болып тиетін еді. Сөйтсек, ол үлкендер сөзінің құдіреті мен ниет-пиғылдарының тазалығынан туындаған күш пен өз парыздарының алдындағы адалдығы болса, ал кішілердің үлкендерден ризашылық пен алғыс алу арқылы күнделікті өмірде өз міндеттерін бұлжытпай, мінсіз орындауы үшін нәзік бір түрткі екен.
«Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы», «Алғыспенен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген мақалдар да тегін айтылмаған ғой, еліміздің еңселі ел болып, әлемдік отыз елмен иық тірестіруге аяқ басуы, тыныштық пен береке – осының айғағындай.
Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған әрбір сәтке ризашылықпен қарау, обал мен сауап, қанағат бүгінгі ұрпақтарды да ізгі ниет, болашақтан күтер жақсы үмітке, игі істерге бастары сөзсіз.
Елімізде қайырымдылыққа бастаған мәні мен маңызы жоғары игі істер көптеп атқарылатыны сөзсіз. Солардың бірі - еліміздің бірінші ханымы, «Бөбек» қорының президенті, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының авторы, Сара Алпысқызы Назарбаеваның тікелей бастамасымен 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Ризашылық атты қайырымдылық мерекесі. Жыл сайынғы дәстүр бойынша биылғы жылы да «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы аталмыш мерекенің аясында қайырымдылық пен көмекке мұқтаж жетім балаларға қол ұшын созу мақсатында бірнеше қайырымдылық шараларын өткізді. Осынау шараның аясында қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға көмек көрсетіліп, бірқатар балалар үйінде түрлі концерттер ұйымдастырылып, балғындарға бағалы сыйлықтар табысталды. Көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатындағы осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Луиза ЖҰБАТОВА, Жазира ӘКІМБАЕВА
«Бөбек» орталығының ғылыми қызметкерлері
qazaquni.kz