Жеңісгүл ДӘУЛЕТОВА: Қазақы сән салтанатты әлемге паш еткім келеді
2016 ж. 23 қараша
2610
0
Он алты жасында көлік апатына ұшырап, жаны мен тәнін қатар шыңдау арқылы балдаққа сүйеніп, жүретіндей жағдайға жеткен Жеңісгүл отыздан асқан ғұмырының он жылдан аса уақытын қазақтың ұлттық өнеріне арнап, өмірін өнерімен өрнектеп келеді. Қолөнер шебері әуелде әуестіліктен бастаған тігіншілік өнерін бүгінгі таңда үлкен кәсіпке айналдырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы «Өтеген батыр» кентіндегі «Прогресс» колледжінде жалғыз басты аналар мен тұрмысы төмен адамдарға іс тігуді тегін үйретеді. Қарт әжесінің қолынан шыққан бұйымдарды көріп өскен алғыр қыздың бала арманы актрисалық болса да, әр қазақтың үйінде қазақы бұйым міндетті түрде болуы керек деген мақсатпен өзгеге ұқсамайтын бұйымдар жасау арқылы ұлттық өнерді дәріптеу жолында он саусағынан өнер тамған шебер атанды. Қазақстан шеберлер үйінің мүшесі, дизайнер Жеңісгүлдің ендігі арманы – қазақтың өнер үйін ашу.
– Таяу арада Алматының төрінен «Берекелі ауыл» атты қымызхана аштыңыз. Осы кәсіпті бастауыңыздың сырын айтыңызшы...
– Қымызхананы ашудағы басты мақсатым – қымыз сату емес, қымызханада жастарымыздың басын қосу арқылы салт-дәстүрімізді дәріптеу еді. Жиналған қауым әуезді ән тыңдап, қымыз бен шұбат іше отырып, ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға аз да болса септігін тигізсе деген ой болды. Сонымен бірге шулы қалада ауылды сағынғандардың «Берекелі ауылда» табысқанын қаладым.
– Одан өзге «Қазақстанның ең үздік тауары» атты өңірлік көрме конкурсына қатыстыңыз. Бұл шара несімен қызықтырды?
– «Үздік тауар» деген конкурсқа 83 компания қатысты. Соның ішінде Аида Кауменованың сән үйі мен одан өзге де компаниялар болды. Аталмыш конкурстан Алғыс хатпен марапатталдым. Мен үшін осы сынға түсудің өзі үлкен мартебе еді.
– Сіздіңше, кәсіпкерлік қабілет қанмен беріле ме, әлде тәрбиемен келе ме?
– Кәсіпкерлік қабілет қанмен де, тәрбиемен де келеді деп ойлаймын. Өнер Алланың қалауымен һәм қанмен бірге беріледі. Ең қызығы менің кәсіппен айналысу үш ұйықтасам түсіме де кірмепті.
– Жастайыңыздан жұмыс істеу мінезіңізді қатайтқан болар?
– Мінезімде көп өзгеріс бар. Өмірді көрген сайын сан түрлі адаммен танысып, аралас-құралас бола келіп те өзгересің. Негізі ақ көңілділігім басым. Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Бақытты болашақтың ең басты негіздерінің бірі – бұл жалпыға бірдей жақсылық тілеу» деген екен. Сондықтан да, мінезім қанша қатал болғанымен әрбір адамға жаным ашып, жақсылық тілеймін.
– Алғашқы табысыңыз есіңізде ме?
– «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші әрине, алғашқы табысым есімде. Көрші апайға қолөнер бұйымын тоқып бергенім үшін 11000 теңге берген. Мен сол күні ақшалы болдым деп мәз болғанмын. Сол тапқан табысама түгел дерлік мата алған күнім әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
– Ал сіз кәсіпкерлікті кімнен үйрендіңіз?
– Маған кәсіпкерлікті ешкім үйретпеді. Өз жолыммен осыған келдім. Оқу оқып жүріп, бір нәрсе сатуга құмар едім. Тіптен, төсек тартып жатқан кезімде де киім, шарф, шұлық тоқып сататынмын.
– Жалпы, сіздердің қолөнерлеріңіз өз шығынын ақтай ма?
– Абай атамыз «Талап, еңбек, терең ой. Қанағат, рахым – ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» дегендей қанағат пен рахымды ойлаған жанның кәсібінде береке болады. Ал ынтымақ пен береке болған жерде шығынға орын жоқ.
– «Ақ отау» ұжымыңызда қанша адам жұмыс істейді?
– Қазіргі уақытта «Ақ отау» ұжымында үш адам бар.
– Тігін машинкалары мен бұйымға қажетті тауарларды қайдан аласыздар?
– Арнайы дүкендерден аламын. Кейде белгілі бір орындарға тапсырыс беремін.
– Өнердегі шоқтығыңыздың биік болуы талантыңыздан бөлек қайсар мінезіңіз деген пікірмен қаншалықты келісесіз?
– «Бір нәрсеге, не өнерге талпыну үшін алдымен табандылық қажет» деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай мен өнермен өмір сүремін.
Мінезімді өзгерткім келді, өзгерте алмадым. Осы мінезіммен кейде жеңсем, кейде женілемін. Көп адамдар таңғалып жатса, тағы бір жандар мені өздеріне бәсекелес ретінде санайды. Олардың арасында жетістігіңді көре алмайтын қызғаншақ адамдар да аракідік кездесіп тұрады.
– Бүгінгі қазақ қызының бейнесі туралы сіздің пікіріңіз?
– «Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді» деп қашан да қазақ қызы қадірлеген. Біздің қыздарымызға өзгенің қолы жетпейтін әрдайым биік деңгейде болса деймін. Олар – болашақ ана мен болашақ жар. Киім үлгісіне келер болсам, жабық әрі әдемі етіп талғаммен қазақы үлгіде киінсе, шариғат бойынша да сауабы көп.
Сұхбаттасқан:
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz