Би деген сөзді есіткенде осы күнге дейін елең етпейтін қазақ баласы жоқ. Осынау сөздің аса жағымды естілетіні соншалық, шын мәнінде, ол қазақ өмірімен біте қайнасып кеткен тарихи күрделі процесс екенін бұл күнгі ұрпағымыз білуге тиісті. Сонау ерте заманнан бері келе жатқан қазақтың билер институтын зерттеу соңғы үш ғасыр бойы жүріп, әлі күнге дейін жалғасып келеді...
Қазақ тарихында бидің алатын орны ерекше, сондықтан, билер институты жалпы мемлекеттің саяси және мәдени өмірінде әрқашан маңызды рөл атқарады. Әрине, қазақ мемлекетін хан басқарды, дегенмен, хан мемлекеттің ішкі және сыртқы істерін ез кеңесшілерімен, яғни, билермен ғана ақылдасып шешіп отырған...
Мысалы, Тәуке хан тұсындағы «Билер кеңесіне» бүкіл қазақ елінің сексен, тіпті, жүзге дейін билері қатысқан. Демек, әрбір рудан бір-екі әйгілі би міндетті түрде қатысып отырған.
Кейінгі жылдары, Тәуке хан тұсында соңғы нұсқасы жазылған Қазақ мемлекетінің заңдар жинағы – «Жеті жарғы» туралы көп айтылса да, оның құрастырушылары туралы үш жүздің үш биі ғана қатысқан деген сияқты шолақ пікірлі ойлар көптеп айтылып жүр.
Біріншіден, «Жеті жарғы» қазақ мемлекетінде, жалпы, одан бұрынғы ата-бабамыз тарихында бірінші емес, оның талай нұсқасы болған.
Екіншіден, Тәуке хан тұсында оның жаңа редакциясын жасаған болса, оған үш би емес, талай тарландар қатысса керек.
Қазақ хандығында үш жүзге бөліп билеу сонау Батыс Түрік қағанаты заманынан қалған, яғни, мұрагерлік әдіс. Мұнда қазіргі кезде көптеген шежірешілеріміз әлде тарихшыларымыз ойлайтындай туысқандық ешқандай қатынас жоқ. Бұл тек «әкімшілік бөлу», сондықтан, қазіргі шолақ түсінікпен айтқандай, туысқандық ешқандай белгі жоқ. Қазақта қырық ру болса, олар туысқандық жағынан да, құқық жағынан да бірдей. Аумақ үлкен болған соң, үлкен үш аймаққа бөліп билеу, шын мәнінде, ата-баба дәстүрінің, яғни Қазақстан жерінде өмір сүрген іргелі мемлекеттер дәстүрінің жалғасы, сондай-ақ, өмірдегі қажеттілік.
Қазақ қоғамымен біте қайнасып келе жатқан билер институты өз ерекшелігімен біздің тарихымызда аса маңызды орын алады. Шын мәнінде, біздің өткен тарихымыздағы үлкен мақтанышымыз.
Қазақ еліндегі билер институты, яғни, ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінде, саяси өмірінде билердің алатын орны мен ерекше маңызын өткен ғасырда ұлы ғалым, шығыстанушы Шоқан Уәлиханов жан-жақты зерттеген болатын. Осы мәселені одан әрі толықтырып, түбегейлі зерттеген –Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Салық Зиманов.
Әрине, қазақ қоғамындағы ерекше құбылыс – билер институтын патшалық Россия ғалымдары өз мақсаттары үшін зерттеп, қазақ елін түгелдей отарлау үшін ең алдымен билер институтын түгелдей қирату керек деп қорытқан. Солардың барлық зерттеулерін және қазақ қоғамындағы билердің орнын құртуға айналған патша өкіметінің экспансиялық саясатын түгелдей сараптаған Ш.Уәлихановтың осынау зерттеуі шын мәнінде, осы күнге дейін құнын жоғалтпаған ірі, кесек ғылыми жұмыс. Осы мәселені түбегейлі зерттеп, яғни Батыс Қазақстандағы билер институтының тарихына байланысты нақты архивтік материалды көтеріп, теңдесі жоқ ғылыми кітаптар жазған – С.Зиманов. Сондықтан, осынау мәселені зерттеушілер бұл күнде Шоқан Уәлиханов пен Салық Зимановқа борышты.
Сонау атам заманнан бері қазақ қоғамындағы әрбір би – суырылып шыққан талант, ол тек қара сөздің ғана шебері емес, сондай-ақ, өлең сөздің және көсемсөздің (публицистика) шебері болған. Ол сондай-ақ, көреген дана, ақылгөй данышпан, қара қылды қақ жаратын әділ және өткір адам болған. Би деген атының өзі халық арасында аса құрметті болды. Осынау біздің өткен тарихымыздағы ардақты адамдарымыз туралы кезінде Ш.Ш.Уәлиханов «Суд биев в древней народной форме» атты әйгілі еңбегінде:
«...Возведение в звание бия не обусловливалось у казахов каким-либо формальным выбором со стороны народа и утверждением со стороны правящей народом власти, только глубокие познания в судебных обычаях, соединенные с ораторским искусством, давали казахам это почетное звание» деп тайға таңба басқандай етіп жазып қалдырды. Шынында, би болу үшін, би атағын алу үшін қазақ азаматына байлықтың, әлде мемлекет басшыларының ешқандай әсері жоқ еді. Биге ешқандай сайлау да болмайтын. Тек халықтың әдет-ғұрпы мен сот заңдарын терең біліп, оны өзінің көркемсөз, әлде көсемсөз өнерімен, яғни, шешендік талантымен көпшілік алдында сынға түсетін адамды осынау құрметті «би» атағы дәрежесіне жеткізетін еді.
Бұл құрметті атаққа жету үшіл әлгі өнерлерін, яғни, құқықтану білімін және қызыл сөздің шебері екенін халық алдында әлденеше рет көрсетуге тиісті еді.
Сонда оның атағы ел арасына тез жайылып, халыққа танымал болады. Осылайша би атағы мен дәрежесі жөнінен бір жағынан халық данасы болса, екінші жағынан сот пен адвокат қызметін атқаратын еді.
Ш.Уәлиханов та, кейбір әйгілі билердің балалары әкесінің мұрагері ретінде би атағын алып, кейінгі ұрпағына дейін таратқанын көрсетеді.
Мысалы, ХҮІІІ ғасырда Орта жүздегі қаракесек руынан шыққан белгілі Қазыбек бидің үшінші ұрпағына дейін атадан қалған осынау құрметті би атағы сақталған: Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай.
Әрине, бұған қарап, бидің атағы мен абыройы тұқым қуалайтын мұрагерлік құбылыс екен деп ойламау керек. Би секілді аса құрметті атақты ұрпақтан ұрпаққа жеткізу көптің маңдайына жазылмаған. Ешқандай атақ-абыройы жоқ қарапайым шаңырақтан өзінің табиғат берген талантымен талай әйгілі билер шықты.
Мысалы, Орта жүз ішіндегі қалың қаржас ішінен шыққан Шорман би он үш жасында би атағына ие болған. Ал оның аталарында ешқандай би болған емес. Әрине, Шорман, әлде Есет Көтібарұлы секілді жастайынан осынау құрметті атаққа ие болу ата-бабамыз тарихында өте сирек кездеседі. Алайда, олар өздерінің бойына біткен табиғи таланты арқасында жастай би атанды. Шорман он үш жасында, Есет жиырма жасында дүйім жұртты аузына қаратқан би атанып еді.
Шын мәнінде, қазақ тарихындағы билердің бәрі осынау сыннан өткен ерекше талант иелері мен дана, ақылгөй адамдар. Қазақ билерін, яғни, ата-баба тарихындағы билер институтын түбегейлі зерттеген әйгілі ғалым және қоғам қайраткері Ш.Ш.Уәлиханов әрбір биді және халық өміріндегі олардың орнын Батыс Еуропадағы ұлы адамдар Шекспир, Гете және басқалармен қатар қойып бағалаған. Сондықтан ол: « ...Бии никем формально не избираются и формально никем не утверждаются. Значение их основано на частном авторитете, который приобретают они так же, как в Европе поэты, ученые и адвокаты. Шекспир и Гете считаются всеми за великих поэтов, но мнение об гениальности их основано не на декретах правительств и не на формальных выборах народа...» – деп әрбір бидің қоғамдағы орнын тамаша мысалдармен көрсеткен еді.
Міне, осы аз мысалдардың өзі Қазақ мемлекетіндегі, яғни, хан еліндегі билер орнын, билер институтының ғасырлар бойғы қалыптасқан үлкен дәстүрін, яғни, халық даналығын көрсетеді.
Патшалық Ресей Өкіметі Қазақстан жерін түгелдей иеленіп, халқын біржола тізе бүктіріп отарлау үшін қоғамдағы билер институтын және оның ерекше орнын жан-жақты зерттеді. Себебі, билер институтын құртпайынша қазақ халқын түгелдей айтқанына жүргізе алмасын жақсы түсінді. Осынау берік дәстүрді, яғни, билер институтын құрту керек болды.
Сонау 1820 жылдары белгілі зерттеуші Д.Самоквасов қазақ қоғамындағы би орнын жан-жақты зерттеп: «Звание бия в сознании народном принадлежит тем немногим, которые с природным даром красноречия соединяют в себе глубокие познания в коренных обычаях народа и в историчееких о них преданиях...» деп жазған болатын.
Жалпы айтқанда, қазақ жері мен елін зерттеген қандай ғалым әлде саяхатшы болса да, халқымыздың өміріндегі билер институтына тоқталмай өткен жоқ. Олардың ұзын саны өте көп, тек негізгі, яғни, әйгілілерін айтсақ: Паллас, Рычков, Левшин, Броневскийт.б.
Олар сондай-ақ, «би» деген терминнің этимологиясына да үңілген болатын. Сондықтан, олардың әртүрлі дәлелдері бар. Солардың ішінде, біздің көңілімізге көбірек қонатыны А.Леонтьевтің тұжырымдары. Ол «би» термині «билеу» етістігінен алынған, яғни «управлять» деген мағына беретінін дәлелдеген болатын. Сондай-ақ осынау ғалым А. Леонтьев қазақ қоғамындағы билер институтының ерекше орнын түбегейлі зерттей отырып, түпнұсқа ретінде қазақ халқының «Хан ақсұңқар болса, алтын тұғыры би болар» – деген өте құнды халық мақалын мысалға алыпты.
Орта жүз тарихына қарайтын болсақ, осынау мақсатын патша окіметі 1822 жылғы қабылдаған «Устав о сибирских киргизах» атты заңдар жинағына кіргізіпті.
Міне, осы кезден бастап патша өкіметінің заңы бойынша билер қызметі сайланбалы болатын болды және оның мерзімін әкімшілік өзі тағайындайтын болды. Демек, сайлау арқылы болған, әлде өкімет өзі тағайындаған би қызметіндегі адам отаршылдардың айтқанын істейтін итаршы, яғни, нұсқауды ғана орындайтын қолбала болатыны белгілі емес пе?
Жалпы, сайлау дегеннің өзі Ш.Ш.Уәлихановтың айтуына қарағанда, «формальды» ғана нәрсе. Сайлау деген ұлы сөз халық атынан айтылғанымен, о замандарда тек патша өкіметі кездеген адамның ғана пайдасына шешілген.
Осылай 1824-жылдан бастап қазақ еліндегі билер сайланбалы болды, сондықтан, бұрынғыдай ел арасынан шыққан халық таңдаулылары емес, тек байлар ғана бидің қызметіне қолы жетті, себебі, патша ұлықтарына пара беретін дәулетті, дүниеқоңыз, итаршы, жағымпаздар, яғни, халықтың емес, өздерінің айтқанын істейтін адамдар керек еді.
Сонымен, күннен күнге қазақ билері халық ісінен аулақ бола бастады. Дегенмен, халық таңдаулылары – билер XIX ғасырдың орта шеніне дейін өз абыройы мен беделін ел алдында жоғалта қоймайды. Патша өкіметі қанша тырысқанымен, билер сотын халық өмірінен түгелдей алып тастай алмады. Сот шешімі түгелдей патша шенеуніктерінің қарауында болғанмен, тек қазақтарға қатысты мәселелерді билер соты шешіп жүрді. Міне, осы жағдайды Ш.Ш.Уәлиханов: «... Таким образом древнейший суд биев действует и поныне в казахской степи на тех главных началах, на которых действовал он до принятия казахами русского подданства. Если 40-летнее русское владычество, внесшее много совершенно новых элементов в общественную жизнь казахского народа, не имело никакого влияния на древний казахский суд биев, если суд этот мог устоять против неблагоприятных условий русского законодательства (например, закона 1845 года), ясно, что он вполне удовлетворяет настоящему развитию казахского народа» – деп жазған еді.
Сондай-ақ, ол билер сотының соншалықты әділ болатынын ерекше атап өткен болатын. Шынында, орыс заңымен, яғни, патша әкімдерінің сотында ешқашан әділдік болған жоқ, себебі, олар пара алады. Пара берген адам әрқашан сот процесін жеңіп шығады. Патша қызметіндегілер (аға сұлтан, заседатель, болыс, т.б.) әрқашан өз мәселелерін орыс сотымен шешкенді жақсы көреді. Ал жалпы халық үшін билер соты тиімді, себебі, мұнда әділ, пара алмайды.
Көптеген бұзықтар, яғни халық қарғысына ұшыраған ұрылар әрқашан орыс сотына пара беру арқылы жазадан құтылып кетіп отырған. Осындай орыс сотын жақтаушылар туралы Ш.Ш.Уәлиханов: «...просители эти были ордынцы, заклейменные народным презрением, люди вполне безнравственные, которые надеялись незаконными путями, через русских чиновников исправить проигранные на народном суде дела...» – деп жазып, ары қарай нақты мәліметтер береді.
Мысалы, Құсмұрындағы белгілі ұры Қожық, Атбасар гаупвахтасында екі жыл отырған қанішер, белгілі ұры Баубек (Кенесарының атын жамылып елге талай зорлық қылған) билер соты шешімімен бірнеше жүз жылқы төлеуі керек болды. Міне, солар парамен құтылу үшін орыс сотын сұрады. Билер соты, жалпы билер орны халық үшін аса қажет болды. Осыны көре тұра патша өкіметі халық өтінішін орындамады. Билер жағдайын жақсартамыз деп сөз жүзінде уәде бергенмен, 1854 жылы заңда билерді бұрынғыдай сайланбалы, яғни, жоғарыдан тағайындалатын етіп қалдырды. Оларды түгелдей тек ұлықтарға қызмет етуші етіп бекітті. Ал ел ішіндегі халық таланттары – нағыз билердің сот шешімдері ұлықтар бекітсе ғана жүзеге асты, әйтпесе, ештеңеге жарамайтын болды.
Россиядағы «мировой суд» пен қазақ арасындағы билер сотын салыстырып Ш.Ш.Уәлиханов:
«...Решения биев могут всегда быть обжалованы, решения же мировых судей, в известных случаях, считаются окончательными и не подлежат обжалованию (30 ст. Угол.зак. и 3 ст. Гражд. судопр.). ...Решение биев приводят в исполнение султаны, управители и старшины, а окончательный приговор мирового суда исполняет сам мировой судья...» – деп орыс губернияларына арналған «мировой соттың» қаншалықты күшті екенін, ал билер сотын қазақ жерінде патша әкімшілігі қалаған қезінде бекітпей қоя алатынын қазақ ғалымы қынжыла отырып жазады.
Ал XIX ғасырдың екінші жартысында патша окіметі билерді және олардың қазақ халқы мұқтаж болып отырған «билер сотын» мықтап әлсіретті. Округ пен болыстардағы би қызметін тек бай адамдар пара беру арқылы сатып алатын болды. Олар халықтың емес, отаршыл өкіметтің сенімді итаршылары еді. Бұл туралы академик С.З.Зиманов: «...Бии, как правило, были людьми богатыми, состоятельными. С одной стороны, богатство было той материальной силой, которая давала возможность некоторым представителям знати возвыситься до положения биев и стать биями...» – деп сол кездегі би атын жамылған чиновниктер халықты басқарудың бұрынғы қағидаларын өрескел бұзып жүргендігін, яғни, Қазақстанның әлеуметтік жағдайын толық корсетеді. Осылайша бұрынғы би деген құрметті атақты «болыс, билер» деп, болыспен, яғни патша әкімшілігінің ел ішіндегі ізбасарлары, яғни нағыз билер өкімет тепкісімен шын мәнінде шет қақпай болды. Би деген ғасырлардан келе жатқан құрметті атақ сол кезде кері мағынада айтыла бастады. Би қызметіндегі патша өкіметінің қолшоқпарларын халық жан-жақты сынағаны соншалық, тіпті ел арасында оларды сынап-мінеген жаңа мақал мәтелдер пайда болды. Сол кездегі осынау халықтың қанатты сөздерін жинаған академик С.З.Зиманов:
«...Осуждение массового проникновения на бийские должности неподготовленных или неспособных к этому людей отразилось даже в некоторых поговорках и пословицах, имевших широкое распространение в дореволюционное время и впервые возникших, очевидно, в «старобийской» среде.
«Жеті атасы би болған – жеті жұрттың қамын жер, кенеттен би болған – құлақ-миын, шағып жер»...
«Мал бақпаған мал бақса, жайламаған сай қалмас, би болмаған би болса, билемеген ел қоймас»...
«Соқырдан қарауыл қойсаң, еліңді жауға алдырар, білмес наданды би қойсаң, жұртыңды дауға алдырар»...
«Жаңа биден билік сұрама, жаңа байығаннан қарыз сұрама»...
В этих поговорках и пословицах ясно выступает основная тенденция – недовольство новыми биями, в большинстве своем вводимыми в это звание органами царского правительства в Казахстане. Вместе с тем они отдают известной идеализацией старых биев» – деп жіктеп жазған болатын.
Сондай-ақ ол жоғарыдағы мақал-мәтелдерді М.Ысқақовтың «Қазақ мақалдары» (Қазан, 1914) атты кітабынан алғанын көрсетіпті. Сонымен, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ билерінің екі түрі болды. Біріншісі, ертеден келе жатқан дәстүрді жалғастырушы, яғни, халық таңдаулылары. Екіншісі, патша өкіметінің нақсүйері, халыққа жеккөрінішті болса да, пышағы май үстінде жүрген, яғни, қызметкер би, өкіметтен жалақы, ал халықтан пара алушы. Алайда, халық өздерінің атақты билерін және сол дәстүрді жалғастырушыларды әлі күнге дейін жоғары дәрежеде құрметтейді.
Әрине, қазақ тарихындағы барлық бидің аты осы күнгі ұрпақтарына жете қойған жоқ. Қазақ тарихындағы билер институтының маңызын XX ғасыр ғылымындағы ірі тұлға Қаныш Сәтбаев өзінің «Ер Едіге» (Москва, 1927 ж.) атты еңбегінде: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары, білімі бар». Тура сөзді «әділ жарғыға» сансыз адамның батасы тимекші. «Батамен ел көгереді» дегендей, сондықтан, қазақ сияқты көпшіл елде қашан да ханнан гөрі бидің қадір-киесі басым болады. Ханның арқа сүйеуі жарасымды бимен табылады. Бисіз хан оңбайды, хандықпен қатар қырағы билік те бір жерге бас қосса, ондай ханды ел де сүйеді, үмытпайды, шежіресінде атын қалдырады. Алты алашқа мәлім ескі жолды Есімхан, қасқа жолды Қасымхан, тура жолды Тәуекелхан, жеті жарғылы ӘзТәуке, ер Абылай – бәрі де осындай хандық пен билікке қатар ие болған қасиетті адамдар. Ел меңгерерлік тілі жоқ, еңсерерлік күші жоқ, білім мен ойға, «билікке» ие болмаған, не ел ішіндегі рулардың көсемі – билерді ішіне тартып қыбын таба алмаған алаңғасар, әңгүдік хандар хан болып та тұра алмайды. Ондайлардың тағы жарлының лашығы сияқты, наразы көпшіліктің бірінші құйыны түбіне жетеді.
Қазақ шежіресіндегі Дайыр, Бұрындық сияқты хандардың тарихы мұның шындығына дәлел. Сондықтан, Тоқтамыс хан мен Едіге бидің тартысы да сайып келгенде «ханнан билік кетіп, биге мәдет жету» мен «хан қашып, бидің қууымен» тиянақталады. Мұнан егер де хан мен би екі бөлініп таразының екі басына түсе қалса, ел ниеті қашанда бидің жағына ауып отыратындығы көрінеді...» – деп жазған еді.
Біз бұл жерде ұлы ғалым Сәтпаевтың өз сөзін ешбір түсіндірмесіз сол күйінде беріп отырмыз. Бұл жерде соңғы екі ғасыр ішіндегі талай ғалымдар зерттеулерінің түйінін Қаныш Имантайұлы аз сөзбен беріп отыр. Тарихты талай сараптаған ұлы ғалым аталарымыз айтқандай, Қазақ мемлекеті құрылғанға дейінгі атақты би Ер Едіге (1352 – 1419) болатын. Ал, қазақ елі Ресейге бодан болғалы атақты бидің бірі Сырым Датов еді.
Сырым би тұсында қазақтың билер институтын патша өкіметі амалсыз мойындады... Қанша тағдырдың тауқыметін көрсе де, осынау билер институтының мұрасын жалғастырушы топтан озған жүйріктер аз да болса XX ғасырға жеткен еді. Алайда қазақ билерінің миссиясын түгелдей ат төбеліндей қазақ интеллигенциясы өз мойнына алған-ды. XIX ғасырдың ақырында біздің халқымыздың тарихындағы жалынды топ қазақ интеллигенциясы қалыптасты. Олардын билерден айырмашылығы – оқыған, білімпаз болатын. Алайда бүкіл түркі халықтарындағы интеллигенция ішінде қазақтан кештеу шықса да XX ғасырдың басында көш бастаушы (гегемондық) рөл атқарды. Соңғы үш ғасырдағы бүкіл түркі халықтары ішінен ең ірі ақын Мағжан Жұмабай, бүкіл түркі халықтарының көсемі Мұстафа Шоқай, алаш көшбасшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т.б.
Оқымай қалса да табиғи таланты мол би Тобанияз Әлниязов сияқты адамдар тауқыметі көп XX ғасырдың алғашқы ширегінде халқымызға көп еңбек сіңірді. Халық алдында үлкен беделге ие болған Тобанияз би өкімет басшыларына сөзін өткізе білді. Қазақ республикасы жаңадан құрылып жатқан кезде ол Маңғыстау облысын құрды. Сол кездегі Маңғыстау облысы қазіргідей шағын емес, өте үлкен болатын. Оған Түркіменстан жеріндегі Красноводск облысының біраз жері, яғни қазіргі қазақтар орналасқан аудандары, қазіргі Атырау, Ақтөбе облыстарының біраз жері кіретін...
Көп ұзамай Тобанияз би және қазақ интеллигенциясы түгелдей қыршынынан қиылды...
1995 жылы Маңғыстауда Тобанияз бидің, яғни осы облыстың алғашқы басшысының 120 жылдық мерекесі атап өтілді...
Еліміздің тарихындағы билер институтының маңызы ерекше. Сол бір топтан озған жүйріктердің ел басқару істерін бұл күнде тәуелсіз Қазақстан тағдырында қайта жаңғыртып пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді.
Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
профессор
qazaquni.kz