Cексенге келді десе сене алмайсыз...
2016 ж. 23 қараша
2388
0
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті актриса, Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаеваның 80 жылдық кеші өтті.
Көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаева 1936 жылы Алматы облысы, Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданында дүниеге келді. Бала жасынан әнші болу арманы-тын. Содан ауыл-аймаққа аты шыққан айтыскер-әнші анасы Шәлипаның ақылымен 1954 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға келген ол ойламаған жерден осы оқу орнының актерлік бөліміне түседі. Өнерлі жасты бұл жолға бағыттаған ұлы ұстаз Асқар Тоқпанов еді. Консерватория қабырғасындағы қызықты жылдар сахна өнерінің, әншілікпен егіз актерліктің қыр-сырына баулыды. Оқуды бітірген 1959 жылы Нүкетай бір топ талантты құрбы-достарымен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданады. Содан бергі алпыс жылға жуық уақыт бойы осы қарашаңырақ театрда үзбей еңбек етіп,сахнаның ауыр жүгін серіктестерімен бірге көтеріп келе жатқан актриса бүгінде халықтың сүйіктісі, қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы.
Нүкетайдың алғашқы ролі – жас режиссер Ә.Мәмбетовтің «Беу, қыздар-ай!» (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Жандарбеков) спектаклінде сәтті шыққан Айсұлу. Сол кезеңде негізінен комедиялық рольдер – Ә.Тәжібаевтың «Той болардасында» актриса болуды армандайтын Айбала, «Көңілдестер» драмасында Роза, Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедиясында ақкөңіл де адал Марфуғаны орындаған ол келе-келе жанрдың үлкен шеберіне айналды. Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесіндегі» байдың шолжаң қызы Меңсұлу, И.Саввин, Ж.Тәшеновтің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырдысында» Анжелика, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» жағымпаз, сөз аңдығыш келін Саттыхан, Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойдағы» пысық әйел Гүлбарам, башқұрт драматургы Ф.Бөлековтің қазір репетуарда табысты жүріп жатқан «Отыз ұлың болғанша…» мұңлы комедиясында өмір бойы әлдебір идеалдарға қызмет еткен, жаны қасаң, бірақ, мейірге сусаулы Фатима… Бұл рольдеріндегі күлкінің астарында қоғам мен әлеуметке деген өткір сын жүлгеленеді.
Актриса Н.Мышбаеваның драма жанрындағы алғашқы күрделі еңбегі режиссер Ә.Мәмбетовтің «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов. «Құс жолы», сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин) спектакліндегі Әлиман болды. Қазақ сахнасындағы жаңаша бейнелеу, жаңа көркем тіл болған; өмірлік өзегі мықты, қоғамдық-әлеуметтік жүгі ауыр бұл спектакльде актриса Әлиманның психо-эмоционалдық ахуал, жағдайын көркем де қуатты ашады. Алғашқы премьера күні Ш.Айтматов: «Н.Мышбаева Әлиманды менің шығармамдағыдан да терең ойнады», деп жоғары баға берген бұл бейне актрисаның ғана емес, ұлттық сахнаның табысы болды.
Жалпы, Нүкетай актриса шығармашылығының ерекшелігі – халықтық сипатында екенін бөле-жара атауымыз орынды. Мұның тағы бір жарқын мысалы келесі бір күрделі ролі – әнші Майра. Атақты ақын Исаның қызы, актриса М.Байзақованың айтуында, Нүкетай кең тынысты, қоңырқай үнді жарқын дауысымен атақты Майра әнін шырқағанда олар көз алдарында тура әке-шешелерінің аузынан естіген керемет әнші Майра тұрғандай әсерленген. Ал, пьеса авторы, көрнекті ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың өзі: «Нүкетай Майраның әндерін керемет айтады. Нағыз Майра енді туды», – деп қуаныпты.
Н.Мышбаева ұлттық характерлерді жеріне жеткізе ашатын, табиғи талантымен күрделі әлеуметтік драмаларда жарқырап көрінетін актриса. Оның өзегі ұлттық дүниетаным, қазақы пайым-парасат, ішкі драматизмі мықты болып келетін еңбектерінің қатарында М.Әуезовтің «Абайында» кесек мінезді ақын Зейнеп, «Түнгі сарынында» қысқа күнде қырық құбылатын Жүзтайлақ, «Қарагөзінде» жақсы жеңге Ақбала, Ш.Құсайыновтың «Сырымбет саласында» ауыр қайғы жұтқан әйел Айша, С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында» спектакль басында қорғансыз қыз, ал финалына қарай батыл да өзіне сенімді әйел Ажар, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» тағдыры талайлы Ақбала, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» бір шаранаға зар болған Бекей, Д.Исабековтің «Кішкентай ауылында» ауылдық кеңес төрайымы, ер мінезді, рухы мықты Ардақ, А.Сүлейменовтің «Төрт тақта – жайнамаз», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтарында бас ал десе, шаш алатын Хатшы әйел мен бастыққа жағынумен күн кешкен Ұрқия, т.б. көптеген бейнелерді атауға болады.
Н.Мышбаева шетел классикасы, алыс-жақын шетел драматургиясы қойылымдарында да сәтті көрінді. М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» Миранда, Г.Лорканың «Қасіретті қатындар – «Бернарда Альбаның үйіндегі», белгілі театртанушы А.Қадыровтың пікірінше, «тұйық, сөйте тұра әжептәуір қу мінезді Амелия», А.Вальехоның «Бүгін мерекесінде» Манола, Б.Томастың «Мен сіздің әпкеңізбін», «Түлкі бикеш» комедияларында Донна Люция, әнші Корина, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Күтуші сынды бейнелерінде адам жанының құпияларына үңіліп, жақсы қасиеттерін іздеп табуға ұмтылады. Мысалы, қырғыз драматургы Б.Жакиевтің қазіргі репертуарда жүріп жатқан «Жүрейік жүрек ауыртпай…» драмасында жан қайғысы мол кейіпкері – күлегеш әйелдің өмір тарихын, жан қасіретін актриса бірер минутқа ғана сыйғызатын сахнаны бей-жай отырып көру мүмкін емес. Бұл хас шебердің ғана қолынан келеді. Жалпы, қара шаңырақ сахнада үлкенді-кішілі, басты-қосалқы сексенге жуық ролінің барлығы да Нүкетай актрисаның жүрек лүпілі, өнер іздері, өмірлік тәжірибесі мен үлкен рухани ізденістерінің жемісі һәм жеңісі.
Н.Мышбаеваның негізгі шығармашылығы сахна болғанымен, ол кино мен дубляждың да төл перзенті. Кинодағы алғашқы басты ролі – «Қазақфильм» киностудиясының «Шығыс жолы» (1968 ж.) көркем фильміндегі жылқышы әйел. Сондай-ақ ол «Жазда жауған қарда» (1965 ж.) Хатша, «Ағам үшін қалыңдықта» Өзген, «Алпамыс мектепке барадыда» мейірбике, «Жамбыл» (1996) фильмінде Жамбылдың анасы, «Тастандыларда» Сәбитхан апа рөлдерінде көрінді. Ал, соңғы кездегі елеулі еңбегі – «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Болашақ» телесериалындағы Майра апа. Телеарна демекші, актриса Нүкетай сонау 80-жылдары көп бөлімді «Қымызхана» телетеатрында көрерменнің сүйікті кейіпкері Теңгетай ролімен, сондай-ақ халық әндері мен осы заман композиторлары әндерінің орындаушысы ретінде танымал болды.
Нүкетай Мышбаева халық сүйген актриса. Қазақстанның Халық артисі (1991), «Парасат» (2010) орденінің иегері. Аналық ақ ниеті мен шуақты мейірімі өмірде де, өнерде де қарапайым ұлылығымен мағыналанатын тұлға. Ардақты ана, сүйікті әже, жас буынға ұстаз.
Абыройлы мерейтойыңыз, қазақ өнерінің тойы құтты болсын, қадірлі Нүкетай апа! Жүрегі үлкен, әніңіз бен сәніңіз келіскен Сізді сексенге келді дегенге де сену қиын. Ендеше алдағы уақытта да шығармашылық және өмірлік үлкен қуаныштар тілейміз!
Сая ЕРМЕКОВА
qazaquni.kz