Жер мен көше атауы – елдіктің айнасы
2016 ж. 23 қараша
3491
0
Семей қаласында «Ел мен жер атауы-елдіктің айнасы» деген тақырыпта семинар болып өтті. Бұл шара намысы бар қазақтың әр баласын ойландырар тәлімімен есте қалды.
Жиын барысында «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында ой өрбіткен Шығыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Роза Төлемісованың батыл да, орнықты ойлары көпшілік көңілінен шықты. Сондай-ақ, «Семей қаласындағы ономастикалық жұмыстардың жай-күйі жайлы» қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Толқын Берікбаева шаһардағы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерге тоқталды. Ал, Үржар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Тұрсынғазы Тұрдыбаев өз ауданындағы тарихи атауларды қайтарудағы жетістіктерін атап өтті.
Семей өңіріндегі тарихи атаулардың деректері мен дәйектеріне тарихшы, елімізге танымал ғалым Амантай Исин терең тоқталды. Бородулиха ауданынан келген бас маман Әйгерім Байжұманова аудан көлеміндегі жат тілдегі жер атауларының көптігін айтса, Көкпектіден келген бас маман Гүлнұр Иіспаева: «Жер-су атаулары-ұлттық құндылықтарымыз» – дей келе, ономастика тақырыбы – тәуелсіз елдің ертеңі, патриотизмнің бастауы екеніне назар аударды.
***
Абылайханнан айрылған алаш жұрты мемлекеттілігінен қоса айрылып, үш ғасыр бодандықтың қамытын киді. Бодан болғанда да, өзге емес, іргеміздегі орыс патшалығына кіріптар болдық. Осы бодандықтан құтылуды армандаған талпыныс-көтерілістер еді. Сол көтерілістер орыс патшалығының аяусыз жазалауына ұшырап отырды. Бұл көтерілістердің ең салмақтысы – Кенесарының орыс әміршілдерімен ұзақ жылдар соғысуы болатын. Абылай заманына оралып, өткен тарихты еске алсақ, атақты Абылайхан мен Ғалдансереннің де ішкі ойлары орыс империясына деген қарсылық болатын. Тарихтың қатпарларына үңілсек, Ғалданның орыстарға: «Абылайды тұтқындадым» деп хабар таратуы үлкен тактика еді. Орыс әскерлербасылары келгенде Абылайдың қолына кісен салдыра қойып, олар кеткен соң босатып жіберуіне қарасақ, бұл тарихи оқиғада терең мән бар. Логикаға салып қарасаңыз тамырлас екі халықты, кәсібі мен тұрмысы ұқсас даланың егіз ұлтын, бір-біріне қарама-қарсы айдап салып, отырған сыртқы күштер болды. Олар алып империялар шығысында – «Айдаһар елі» мен іргесіндегі – «Аю елі» екенін, солардың зымиян да астарлы саясатын, егіз ұлт кештеу болса да түсінген еді. Бірақ бәрі де кеш болатын. Сол себепті де, біздің дана бабаларымыз осы күнге дейін жер атауларындағы жоңғар-қалмақ батырларының атын құрметтегендіктен өзгертпей сақтап келді. Бұл біздің дана халқымыздың ғана бойынан табылатын ерекше қасиет. Бұл дала философиясының мына ғаріп әлемдегі теңдесі жоқ «адамгершілік шыңы» десек болғандай. Бодандыққа бой ұсынған қазақ елінің тартқан тауқыметі ғасырлар қатпарларынан қасіретті дәуірлер көз жасындай мөлтілдейді. Ресей түрлі саяси науқандарды сылтау етіп, орыс тілді келімсектерді қазақ жеріне әкеле бастады. Сонау Столыпин реформасынан басталған қоныс аудару Ресей тарапынан толастаған емес. Кейінгі Кеңестік кезеңнің өзінде «тың көтеру», «Қазақстан Магниткасын өркендету» деген ұрандармен Солтүстік облыстар мен Орталық Қазақстанға бөтен жұрттың қоныс аударуы кең етек алды. Осы кездерде жабылған қазақ мектептерінің саны 800-ден асып жығылады. Осыдан бастап, қазақ тілінің бітпейтін мәселесі туындады. Бұл аз болғандай, жер-су атаулары да орысшалана бастады. Романовтар мен Ивановтардың аты қазақтың тарихи атауларын үстемдікпен жаулай бастады. Осы бір шовинистік пиғылдың көріністері Шемонайха, Бородулиха, Глубокое, Владимировка, Николаевка, Георгиевка, Зырян, Курчатов, Таврия, Украинка, Багратион т.б толып жатқан сол сияқты атаулар бүгінгі күнге жетті. Бұл қазіргі Шығыс Қазақстан облысына тән болса, басқа облыстарда да мұндай елді мекендер мыңдап саналады. Біз ұлттық намыс пен патриотизмді жас ұрпақ бойына сіңіру үшін өз батырларымыз бен хандарымыздың атын елді мекендерге беруден неге жасқанамыз? Шығыс Қазақстаннан басқа облыстардағы ағайындар аудандарын «Бәйдібек», «Әйтеке би», «Бұхар жырау» деп атап жатқанда біздің әлі ойланып отыруымыз елдігімізге сын емес пе? Шығыс өңірінде Абай ауданынан басқа бір ауданның аты ұлттық намысымыз бен ұлттық рухты көтеретін талаптарға жауап бере алмауын немен түсіндіреміз? Жоғарыда айтылған қазақша қойылған аудан атауларын естігенде, рухың көтеріліп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді.
Ал біздің облысқа келетін болсақ, орысша атауларды айтпағанның өзінде Зайсан, Көкпекті, Үржар, Аягөз, Жарма, Бесқарағай, Қатонқарағай сияқты атаулардың қандай мағынасы бар? Оларды неге өзгертпеске? Адам атын елді мекендерге беру әлем тәжірибесінде бар екенін де бір уақ еске алуымыз керек шығар. Америкалықтар тұңғыш президентінің есімімен астаналарын атаса, Ресей Бірінші Петр мен Екатерина патшаларының аттарын екі алып (мегаполис) қаласына беріп отыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары хандарымыз бен билерімізге Алматының орталық көшелерінен ойып тұрып орын берілген еді. Кеңес өкіметінің көсемдерінің атынан осылай оңай құтылған Алматыдан әлі үлгі ала алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Семейдегі атауларға қараңыз: «Қашағанов», «Бозтаев», «Морозов», «Посмаков», «Ұранхаев», «Елемесов» бұлардың бәрі кешегі кеңес заманының кадрлары-советтік партократтар. Ал соңғысы 1986 жылғы «желтоқсандықтарды» соттаған прокурор. Сонда біз кімдердің атын ұлықтап жүрміз. Осындай келеңсіздіктерге қарап, кәдімгідей қынжыласың. Әлем картасы мен ресми құжаттарда аты жоқ мемлекеттің жандайшап қызметшілері, қолдарында билік бола тұра, ұлты мен халқы үшін Әлихандардай тер төкті ме екен деп ойлайсың. Өз ортамыздағы Алаш арыстарының жоғын жоқтап жүрген азамат Рахат Алтайдың кешегі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға Ленин атындағы көшенің атын беру туралы ұсынысы жауапсыз қалып келеді.
Кейбір орыс белсенділері Ленин атындағы көшені өзгертусіз қалдыру туралы қол жинап, қазақ мемлекеттілігін мойындағылары келмейтін сыңайлы. Ол адам жай ғана қатардағы саяси сауатсыз адам емес. Мұндай сырты бүтін, іші түтін басшысымақты өзі қызмет етіп жүрген мемлекетінің саясаты мен Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» бағдарламасына қарсы жұмыс істеп жүргендіктен жауапқа тартып, неге жұмыстан шеттетпеске?!
Осындай көңілге қонымсыз әрекеттер қандай да бір шара қолдануды қажет ететіні сөзсіз.
Бұл іске Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің де белсенді атсалысуы керек. Сондай-ақ, «Ұлттар достығы!» деп ұрандатқан Семейдегі Қазақстан Халқы кіші Ассемблеясы қамқорлық танытса жарасып тұрмай ма?
Әлихан Бөкейханға көше атын беру санаулы ғана азаматқа қажет пе?
Бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Елбасы мораторий жариялаған» дегенді алға тартумен келеді. Мораторий көше аттарының жоғарыда аты аталған прокурор, зоотехник, партократтарға оңды-солды үлестірілгеніндей, белгісіз есімдерге беріліп кетпеуі үшін жарияланғанын неге естен шығарамыз? Олар кім, Әлихан кім? Осының бәрінің түп төркіні өзіміздің қаперсіздігімізде жатыр. Мұның алдын алу үшін жоғарыдағы жер, су, аудан атауларын ұлттық патриотизмге бағыттау керек.
Өскемен автовокзалынан Қатонқарағайға бет алған кез-келген жолаушыдан: «Қай жаққа барасыз?» деп сұраңызшы, олар: «Қатынға барамыз» дейді. Тосыннан не деріңді білмей қалады екенсің. Өсер елдің баласы бір-бірін «батыр» демеуші ме еді? Ал, олар үшін «Қатон» сөзі ауыз екі тілде осылай диалектіге айналып кеткен. Сол «Қатынды» қалың қазақтың Қаратайдай батырының атымен атаса, қандай жарасымды болар еді. Мысалы Бородулиха ауданын «Мәдениет Ешекеев» ауданы деп атасақ. «Қайдан келдің?» дегенде: «Мәдениеттен» келдім деп тұрса, жарасымды емес пе? Елім деп өткен ерлеріміз аз ба, хандарымыз кемшін бе? Арғы бергі тарихтағы ұлтымыздың ардақты ұлдарын мәңгілік есте қалдыру үшін Үржарды – «Отыншы Әлжанов», Аякөзді – «Ақтайлақ би», Жарманы – «Ер Жәнібек», Көкпектіні-«Танамырза»,Тарбағатайды – «Би Боранбай», Зайсанды – «Қабанбай», Күршімді – «Дәулетбай батыр», Ұланды – «Қасым Қайсенов», Зырянды – «Бөгенбай батыр», Глубокоены – «Төлегетай», Шемонайханы-«Шәкәрім», Риддерді «Дінмұхамед»(Қонаев), Курчатовты – «Әлихан» – деп өзгертсек біздің қолымызды кім қақпақ?! Біз бұл атауларға өзгерту енгіземіз дегенше, жаңа ұрпақпен бірге 2030 жылдың да табалдырығын аттауымыз мүмкін.
Біз жасқанған осы істі сол болашақ ұрпақ міндетті түрде орындайтынына бек сенімдімін. Тау халқында: «Сен тарихқа тас лақтырсаң, келешек сені зеңбірекпен атады» деген тамаша сөз бар екен. Бұл сөзді халық меншіктенгенмен, дағыстандық Расул Ғамзатовтың айтқанын олар жақсы біледі және мәңгі ұмытпайды. Келешек ұрпақ тек қана жоғарыдағы аталған бабаларымызға ғана емес, бүгінгі игілікті істің жанашырлары, қазіргі күні қасымызда жүрген азаматтарға да көше атын беріп, ескерткіш қойып жатса оған таң қалмаңыздар. «Мен жастарға сенемін!». Бірақ, оны көруді бір Аллам, кімдердің маңдайына жазарын өзі ғана біледі.
ҚАПЕРСІЗДІК ФОРМУЛАСЫ
«Қаперсіздік формуласы» – деген не?
Сыяр ма екен осы бір сөз өлеңге,
Он бір әріп, он бір қауіп тәрізді,
Тығылады тығын болып көмейге.
Біріншісі – қазағымның қадірі,
Қадір деген қара жердің тамыры.
Жерің кетсе, намысты ізде аспаннан,
Еркіндіктің кетер көшіп ауылы.
Екіншісі – ана тілім ардақтым,
Осы тілмен танығанмын жан-жақты.
Шала тілде шүлдірлесе ұрпағым,
Баба тілім бола алмайды салмақты.
Үшіншісі – пенделердің қылығы,
Толып жатыр былығы мен шылығы.
Ұлт намысын ұлықтауға құлық жоқ,
Тектілердің тексіз болды ұрығы.
Төртіншісі – қиналмаймыз ел үшін,
Қандастарға соза алмаймыз қол ұшын.
Өзге ұлтқа «қамқор» болып жүрсек те,
Қайтарымын көре алмадық сол үшін.
Айналмаған ұлты үшін жасынға.
Бесіншісі – бастық боп жүр қасыңда,
Біз соларға қоғам нанын тапсырып,
Төрді бердік жемқор менен масылға.
Алтыншысы – санамызға оқ аттық,
Ар ұжданы инабатты жоғалттық.
Әке тұрып, ұл сөйлесе ұялмай,
Тәрбиені өзге жұртқа тонаттық.
Жетіншісі – іштен шіріп жатырмыз,
Үш жүз болған «жеке-жеке батырмыз».
Бір ұлт болып бірігуді ойламай,
Жамыламыз тайпалардың атын біз.
Сегізіншісі – залымдарды жақтадық,
Адамдықтың шын бейнесін таппадық.
Әділдікті көре тұра үндемей,
Адалдықтың ала жібін аттадық.
Тоғызыншысы – дін мен ділді ұмыттық,
Пара беріп, пара алуға құнықтық.
Өтірік пен көкірекке нұр құйып,
Намыстыны үлгі етуге қорықтық.
Оныншысы-ізгілікті іздеген,
Ел адасты жүріп бұраң ізбенен.
Сол бұраңды түзетуге қаперсіз,
Мол мұрамнан миға ештеңе кірмеген.
Он бірінші – басқа тиер қос таяқ,
Сол таяқтан басты жүрміз босқа аяп.
Оятатын сондай таяқ болмаса,
Қаперсіздік қасіреті тұр таяп!
М.КІНДІКТІ-БАБА
qazaquni.kz
- Глубокоены – «Төлегетай»
- Шемонайханы-«Шәкәрім»
- Үржарды – «Отыншы Әлжанов»
- Риддерді «Дінмұхамед»(Қонаев)
- Аякөзді – «Ақтайлақ би»
- Курчатовты – «Әлихан
- Жарманы – «Ер Жәнібек»
- Семей қаласы
- Көкпектіні-«Танамырза»
- Тарбағатайды – «Би Боранбай»
- көше атаулары
- Зайсанды – «Қабанбай»
- Күршімді – «Дәулетбай батыр»
- Ұланды – «Қасым Қайсенов»
- Зырянды – «Бөгенбай батыр»