Ұлы даланың асқақ үні
2016 ж. 17 қараша
2649
0
Мәдениет пен өнер ордасы ару Алматының қоңыр күзінде аспаннан күй жауған ерекше кешке куә болдық. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен қазақтың қасиетті күй өнерінің қарашаңырағы сахнасында Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқауларда Алаштың атын аспандатып жүрген күйші Назымбек Молдахметовтың «Алтын дән даласының асқақ үні» атты есептік концерті жиналған көрермендерінің көңілін шалқытты.
Тобыл мен Торғай жері талантқа кенде болған емес. Соның бірі, аталмыш кештің бас кейіпкері – Назымбек Молдахметовпен жақынырақ таныстыра кетейік. Арқалық музыка учелищесінде оқып, күйші Тұрсынбек Әлмағамбетовтің домбыра класында тәлім алған. Өнер жолын өмір жолы еткен дарынды жігіт 1985 жылы Құрманғазы атындағы конверваторияға қабылданады. Қасиетті өнер ордасында таланты жасқа дәулескер домбырашы, профессор, өнер зерттеушісі Тмат Мерғалиевтің шәкірті, оқи жүріп Құрманғазы оркестрінде ойнау бақыты бұйырды. Қаршыға Ахмедяров, Айтқали Жайым, Орынбай Дүйсен сияқты домбыра дүлділдерінің алдын көріп, шеберлігін шыңдады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары дарынды домбырашы, қазақ өнері кенжелеп қалған Қостанайға аттанып, ұлт өнерінің жандануына үлкен үлес қосты. Көптеген музыкалық шығармаларды өзі жетекшілік ететін қазақ ұлт-аспаптары оркестріне лайықтап, шебер орындата білді.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесіне арналған бұл кеште Назымбек Молдахметов өз өнерін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрімен бірге көрсетті. Кеш шымылдығы күй атасы Құрманғазының атақты «Серперімен» ашылды. Сахнадан төгілген «Серпер» күйі көрермен көңілін ә дегеннен серпілтіп, осы екпін кеш соңына дейін бір бәсеңсімеді.
Күй – қазаққа ғана тән, қазақтың қанымен де, жанымен де бірге жаралған қасиетті өнер. Қазақтың қуанышын да, күйінішін де домбыраның қос шегімен жеткізіп, үні ғасырлардан ғасырларға жетіп отырған жасампаз өнер. Қазақтың тарихын да, тағдырын да осы күйден естіп, атадан балаға мұра боп қала берген, әлі де жалғасып жете береді. Өйткені қасиетті күй ғұмыры – мына Ұлы Даламыз сияқты мәңгілік.
Ұлы Дала ұрпақтарының басынан не өтпеді, ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай – мың өліп, мың тірілді. Тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш арыстарының алыстағы рухына арналған Қайыржан Мақановтың «Сағыныш» күйіне Құрманғазының «Серперінен» кейін кезек берген Назымбек Молдахметовке деген көпшіліктің ризашылығы да шексіз болды. Оның үстіне күй авторы Қайыржан Мақанов Назымбектің өнердегі ұстазы. Ұстазына құрмет көрсету – шәкірттің даналығы, ұстазын ұмыту – шәкірттің балалығы емес, шалалығы.
Өнер кешінде Назымбек Молдахметовтың жетекшілігімен оркестр Ахмет Жұбановтың «Көктем», Ермұрат Үсеновтың «Шақ-шақ Жәнібек» секілді көпшілікке жақсы танымал бірқатар күйлерді орындады. Күй күмбірлеген кеште ән де асқақтады. Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Жанатбек Қадыров, Италия, Австрияда өткен халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлмира Үмбетова, бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Еңкебаева қазақ және өзге де ұлттар әндерін орындап көрермендеріне қайта-қайта қол соқтырды. Әрине, алдымен Назымбек алыстан ат арылтып келіп отырған астықты аймақ Қостанай мен Торғай өңірі туралы әндерге ерік берілді. Қазақтың екі ардақты ұлдары Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың Торғай топырағында туған «Арқалықтың ақ таңы» әні көш бастады. Әбілахат Еспаевтың «Қыз қуу», Ермұрат Үсеновтың «Арақарағай – Арман-ай» және де басқа әндер кешті қыздыра түсті. Назымбектің концертіне Қостанайдан арнайы келген Сұлтанбек Молдахметов Шал ақынның философиялық, жоғары адами құндылықтарға толы термелерін нақышына келтіре орындап көрермендерді терең ойға батырды.
Шебердің қолы мен өнердің тілі ортақ дегендей, Назымбек Молдахметовтың өзі осы концертке арнап Римский Корсоковтың «Пляска Скоморохов» атты шығармасын оркестрге бейімдеп, көрермендеріне тұңғыш рет ұсынды. Өзге ұлттың рухани байлығы болып есептелетін бұл классикалық туынды қазақ сахнасында туғандай болып шыға келді. Кеш барысында белгілі музыка мамандары бұған жоғары баға берді.
Жалпы Назымбектің музыкалық біліктілігі, жоғары орындаушылық және дирижерлік шеберлігінде шек жоқ екенін байқадық. Еліміз ғана емес, әлемнің барлық жеріне жуығын аралап, өрелі өнер көрсетіп келе жатқан бүкіл қазақтың мақтанышы – атақты Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің тізгінін ұстау бақытына ие болған жандар өте сирек. Көптеген музыкалық аспаптардан құралған үлкен ұжымның үнін үйлестіру оңай шаруа емес. Біздіңше Назымбек Молдахметов бұл міндетін тамаша атқарды. Өнерді түсіне бермейтін адам дирижерді қолын сермеуші ғана деп білуі мүмкін. Жоқ, Назымбектің әр саусағынын саз себелеп тұрғандай сезіндік. Қолының бір қимылы күйді әуелетіп көкке көтерсе, енді бірде өзі жағасында өскен, кейде буырқанып барып сабасына түсетін Тобыл өзеніндей баяу толқытты. Енді бірде мынау қоңырқай күздегі сағынышқа толы сары даламызды көз алдымызға алып келді. Көзді ашып-жұмғандай өте шыққан кештің соңғы сөзі тағы да күй атасы Құрманғазыға беріліп, екпіні желдей ескен тұлпардай «Сарыарқа» күйі сахнадан шауып өтіп, ұшы-қиыры жоқ Ұлы Даланы дүбірге бөлеп бара жатқандай еді...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz