Айнұр Әбдірәсілқызы: ТЕРІС АҒЫМҒА АРБАЛҒАНӘЙЕЛДЕРДІҢ КӨБЕЮІ АЛАҢДАТАДЫ...
2016 ж. 17 қараша
4452
0
− Айнұр Әбдірәсілқызы, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаевтың таяуда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде министрлік қызметінің басты бағыттарына кеңінен талдау жасалды. Осы орайда сіздің пікіріңізше, дін саласы, азаматтық қоғам және жастар саясаты бағытындағы жұмыстар қалай үйлесім таппақ?
− Ең алдымен дін саласының өзі қоғам өмірінің барлық қырымен ұштасатын көп қырлы сала екенін орынды пайымдауымыз қажет. Дін саясаты мемлекеттік-конфессиялық қатынастар мен қоғам өміріндегі діни қатынастарды реттейтіні белгілі. Ал діни қатынас субъектілері қашанда азаматтық қоғам өкілдері болып келеді. Діни қатынастар саласын реттейтін заңнаманың қоғамның әрбір өкілінің өміріне белгілі бір дәрежеде қатысы бар. Ол діни сенімді ұстану немесе ұстанбау еріктілігінен бастап, діни ақпараттарды пайдалануға дейінгі алуан түрлі қарым-қатынасты заңдастырудан танылады.
− Дін саласының бүгінгі өзекті оқиғасы деуге тұрарлық Ақтөбе өңіріндегі кешенді шаралар хроникасы қазір БАҚ беттерінен түспей келеді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бұл жобада көтерер жүгі қандай?
− «Ақтөбе облысындағы экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл» жобасы аясында мүдделі мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлерінен құралған үлкен ұжым Ақтөбе өңірінде тиісті жұмыстарды атқаруға қыркүйек айының соңынан кіріскені белгілі. Атап айтуымыз қажет, бұл жоба осы салада бұған дейін де атқарылған қыруар жұмыстың заңды жалғасы болып табылады. Жобаның ерекшелігі – мүдделі мемлекеттік мекемелердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде қысқа мерзімде нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігінде.
Жоба аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бірнеше маңызды жұмыс бағыттарына басшылық етіп отыр. Оның біріншісі – ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары. Бұл орайда бес жұмыс тобы құрылған.
Бірінші топ Ақтөбе облысындағы тұрғын халықты кең көлемде қамтитын жалпы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Екінші топ әйелдер аудиториясымен экстремистік идеологияның алдын алу және радикалды идеология ықпалынан арашалау бағытында жұмыс істеуде. Үшінші топ өкілдері дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылармен жұмыс жүргізсе, төртінші топқа Қылмыстық-атқару мекемелерінде жазасын өтеушілермен жұмыс істеу жүктелген. Бесінші топ облыс мешіттеріндегі жалпы жамағатпен түсіндіру жұмыстарын атқаруда.
− Әйелдер аудиториясымен жұмыс жүргізетін топтың басшылығын өзіңіз атқарудасыз. Бағыт қалай өрбуде?
− Әрбір жұмысты атқармас бұрын оның әдістемесі жасақталатыны белгілі. Біз Ақтөбе іссапарына дайындық барысында бірнеше басылымды әзірлеп шығардық. Соның бірі «Әйелдер аудиториясының әртүрлі санаттарымен радикалды идеологияның алдын алу және дерадикализациялау бағытында жұмыс жүргізу жөніндегі әдістемелік құрал» болатын. Қазіргі шаралар осы әдістеме негізінде ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар «Әйелдер аудиториясымен жұмыс жүргізу мәселелеріне арналған материалдар жинағы» да әзірленген. Іс-шаралардың мазмұндық қырлары осы материалдағы тезистерге негізделеді.
Жалпы, жұмыс үш түрлі аудиторияға бағдарланған. Біріншісі – мемлекеттік мекемелердегі әйелдер аудиториясы. Бұл санатқа оқушылар, студенттер, оқытушы-ұстаздар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кіреді. Олармен жүргізілетін жұмыстар негізінен экстремистік идеологияның алдын алуға бағытталған. Екінші мақсатты топ – мешіт жамағаты және тұрғын халық. Мешіттегі әйелдер жамағатының басым бөлігін діни сауат ашу курсында оқитын қыздар мен әйелдер құрайды. Бұл олармен ұйымдасқан негізде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Аталған аудиторияның сенімдік бағдары дұрыс, дәстүрлі дін негіздерінен хабардар. Үшінші мақсатты топ – дәстүрлі емес діни ағымдар ықпалына түскен әйелдер тобы. Бұл топ өкілдерімен әдетте жеке кездесулер жүргізіледі. Жеке әңгімелесу барысында олардың сенімдік бағдары нақтыланып, психологиялық және теологиялық портреттері жасалады. Әлеуметтік мәселелері есепке алынып, қолдау шаралары қарастырылады. Сонымен бір мезгілде сұхбат жүргізілген тұлғаға қажетті діни-құқықтық мағлұматтар мен кеңестер беріледі.
− Жоғары біліктілікті талап ететін мұндай күрделі жұмысты кімдер атқаруда?
− Жұмыс тобы құрамына біз еліміздің түкпір-түкпірінен осы салада тәжірибесі бар ең үздік мамандарды жинақтадық. Олардың қатарынан Шығыс Қазақстан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Индира Беркімбаева Павлодар облысы Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықованы ерекше атар едім. Бұл мамандар өз өңірлерінде әйелдер аудиториясымен жұмыс жүргізуде елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Жұмыс тобының үлкен жүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрамындағы әйел теологтар көтеріп отыр. Діни басқарманың Әйелдер-қыздар секторының меңгерушісі, Астана қаласындағы «Хазірет Сұлтан» мешітінің сауат ашу курсының ұстазы Тілегенова Ақбөпе Қанатқызы, Өскемен қаласы Халифа Алтай мешітінің сауат ашу курсының ұстазы Қожахметова Талшын Зарқұмқызы, Павлодар қаласы Мәшһүр Жүсіп мешітінің сауат ашу курсының ұстазы Талқанбаева Қарлығаш Қажымәлікқызы, Тараз қаласындағы Хибатулла Тарази мешітінің сауат ашу курсының ұстазы Үсенова Зейнеп Жәдігерқызы осы жұмыстың басы-қасында болып, өлшеусіз үлес қосуда.
Топтың үйлестіру жұмыстарын Ақтөбе облысы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының Ақпараттық-түсіндіру және оңалту бөлімінің басшысы Құдайберген Мақсат Мұратұлы атқарып отыр. Есеп-құжаттама жұмыстарын біздің Орталық мамандары жүргізуде.
Жұмыс кестесі тұрақсыз, кейде түнгі мезгілде де адрестік жұмыстарды ұйымдастыруға тура келеді. Жұмыс тобы мүшелеріне артылған міндет ауыр.
Сандарды сөйлетсек, бүгінге дейін Әйелдер аудиториясымен жұмыс жүргізу тобы жалпы саны 43 іс-шара өткізіп, 1156 адамды қамтыды. 202 адаммен жеке жұмыстар жүргізілді.
− Иә, қысқа мерзім ішінде қол жеткізілген нәтиже аз еместігі аңғарылады. Ерен жүк еншілеткен сапардан түйген түйіндер де аз болмаса керек. Не байқадыңыздар, қандай өзгеріс көзге түсті?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ақтөбе – біздің бұрын да ат басын бұрған жеріміз. Дегенмен, «сырт көз – сыншыл» болған соң, кей ерекшеліктерді көзіміз шалмай қалған жоқ.
Әйелдермен қоян-қолтық жұмыс жүргізу барысында аңғарғанымыз, Қазақстанның өзге де өңірлеріндегі секілді бұл аймақта да өздігінен радикалдану фактілері арта түскен. Дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар санатына жатқызылып жүрген бірқатар қыз балалар ханафи мазхабының Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатынын біледі, мойындайды және өздерін ханафи бағытын ұстанып жүрміз деп есептейді. Бірақ өздерінің діни тәжірибесі мен көзқарас-ұстанымдары дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиясының негізінде қалыптасып үлгергенін сезінбейді. Бұл әдетте соңында ешбір жамағат жоқ, діни мәліметтерді өз бетінше ізденіп оқып жүрген, әсіресе ғаламтордағы уағыздарды көбірек тыңдайтын қыз балаларға тән жағдай, олардың көпшілігі – студент жастар.
Бұл жағдай біздің ақпарат кеңістігінде дәстүрлі емес діни ағым идеологиясының басымдық алып отырғанын және бірінші кезектегі қолжетімділікке ие екенін көрсетеді. Демек, экстремизмнің алдын алу шараларының ең пәрменді бөлігі осы ақпараттық кеңістікке бағытталуы қажеттігі тағы да айқындалып отыр. Бір жұбанарлығы – мұндай тұлғалар түсіндіру жұмыстары тұрақты әрі пәрменді түрде жүргізілген жағдайда райынан қайту мүмкіндігі жоғары топқа жатады.
Екінші бір алаңдатарлық мәселе жаһандық діни ахуал аясында өрістеп отырған экстремизмнің феминизациялану құбылысының елімізде де тереңдей бастағаны болып отыр.
Қазақ елі жағдайында экстремизмнің феминизациялану құбылысы қалыптасып қана қоймай, өзіндік ерекшеліктерге ие бола бастағанын Ақтөбедегі талдауларымыз кезекті рет дәлелдеді. Елімізде жергілікті менталитет пен нақты өмір жағдайларына сәйкес дәстүрлі емес діни көзқарастағы әйел жамағаттары мүшелері бірінші кезекте отбасында басым әрекет етуде. Бұл орайда біз осы құбылыстың бірнеше рет көрініс табу сипатын атап көрсетуді жөн санаймыз.
Біріншіден, дәстүрлі емес ағым идеологиясына арбалған әйелдер ерінің нұсқауларына бағына отырып, балаларын дәстүрлі емес көзқараста тәрбиелеуші ретінде балалардың құқықтары мен бостандықтарына белгілі бір дәрежеде шектеу қоятын әрекеттерді жүзеге асыруға қатысуда. Мектеп жасындағы қыз балаларға хиджаб кигізу, балаларын «Өзін-өзі тану», «Биология» («Анатомия және физиология»), «Бейнелеу», «Дене шынықтыру» секілді пәндерге қатыстырмау немесе үй тапсырмаларын орындатпау, дене тәрбиесіне, би өнеріне қатысты үйірмелерге қатыстырмау, зайырлы білім жүйесіне қарсы сыни көзқарас қалыптастыру, екпеге қарсылық білдіру секілділер осындай қауіпті әрекеттерге ұласып отыр.
Екіншіден, дәстүрлі емес көзқарастағы ағым өкілдерінің отбасындағы әйелдер өздерінің оқшауланған жамағаты арасында дәстүрлі емес ағым мүшелерінің шетін көзқарастарға негізделген өмір салтын идеалдай отырып, оның антиподы ретінде зайырлы өмір салты мен зайырлы негіздегі тәрбиені мансұқтау, радикалды негіздегі көзқарастарды өзара насихаттау, өз көзқарастарымен үйлеспейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымдарын терістеу, шариғат заңымен басқарылмайтын зайырлы мемлекетке қарсы көзқарастар қалыптастыру бағытында әрекет етуде.
Үшіншіден, экстремизм бабы бойынша сотталғандардың әйелдері (қыздары, аналары) жоғарыда аталғандарға қосымша дәстүрлі емес көзқарастағы жамағат өкілдерінен тұрақты түрде көмек алып тұратындықтан түрмедегі ерінің жамағатпен байланысын үзбеуге, бекіте түсуге негіз болатын әрі мәжбүр ететін фактор болып қалып отыр. Сонымен қатар өздерін және отбасын зайырлы мемлекет заңнамасынан зардап шегуші деп есептей отырып, зайырлы жүйені әділетсіз жүйе ретінде танытушы және оған қарсы көзқарастарды тұрақты түрде насихаттаушы ретінде әрекет етуде.
Төртіншіден, соғыс аймақтарына (Сирияға) кеткендердің отбасындағы әйелдер жоғарыда санамаланған жаһандық экстремизмнің феминизациялануы негізінде көрініс тапқан іс-әрекеттердің елеулі бөлігіне қатысуда.
Дәстүрлі емес идеологияға арбалу салдарынан әйелдер діншілдігінің шетін көзқарастар мен іс-әрекеттерге ұласу мүмкіндігі ерлерге қарағанда қашанда басымырақ. Осы ерекшелікті радикалды идеялардың таралуына мүдделі күштер өз мақсаттарына пайдалана отырып, экстремизмнің феминизациялануын күшейте түсуде.
Сондықтан, діни сенімнің дәстүрлі арнадан ауытқуы негізінде туындайтын қатерлердің алдын алу шаралары әйелдер аудиториясында белсенді түрде жалғастырылуы қажеттігі айқын. Тағы бір ескереріміз, бұл орайда әлі радикалды идеология арбауына түспеген, бейнелі түрде айтқанда «аман қалған» аудитория да назардан тыс қалмауға тиіс.
Сөз соңын нақты тәжірибеге сүйенген өміршең ойлармен түйіндер болсақ, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің Ақтөбе өңірінде тізе қосып, мақсатты және жүйелі түрде атқарып отырған ауқымды шаралары экстремизмнің феминизациялануын еңсеруге септеседі деуге негіз бар.
− Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz