Қаллеки театрының қилы тарихы
2016 ж. 14 қараша
3958
0

(Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрына 25 жыл толуына орай)
Алдан Смайыл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы 1990 жылдың 10-мамырында Целиноград қаласында «Тіл және мәдениет» атты облыстық қазақ қоғамы құрылды да мен соның төрағасы болып сайландым. Қоғамның құрылуына ұйытқы болған азаматтармен, атап айтқанда, облыстық партия комитеті мен ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты қызметкерлері Жеңіс Кәрібаев, Қанат Қалиевпен кеңесіп, негізгі міндет-мақсатымызды айқындадық. Қала мен облыстың тарихи атауын қайтару, қазақ мектептері мен балабақшаларын көбейту, ұлттық драма театрын ашу секілді бірнеше ірі шаралар белгіленді.

Обкомның бірінші хатшысы нақты тапсырма бермегені осыдан белгілі болды. Не істейміз, оған тағы да сұранамыз ба деп жүргенде Қайсар Омаров шақырды. Әлгі әңгімені Андрей Георгиевич естігенін, ойлана келе Қайриден Кәрібаевқа қазақ қоғамының ұсынысын қолдайтынын айтқанын жеткізді.
– Театрдың ендігі тағдыры соның қолында, – деді.
Осы тұста облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Қайриден Кәрібаев Ақмола өңірінің азаматы еді. Бұған дейін Атбасар, Теңіз секілді ірі аудандарды басқарған қазақнамайы адам. Дұрыс шешім қабылдар және көпке созбас дедік. Анығында солай болды да. 1990 жылғы 28-шілдеде облыстық атқару комитетінің облыстық қазақ музыкалы-драма театрын құру туралы шешімі шықты.
Сол шақта облыстық атқару комитетінде кадрлық ауыс-түйіс те болды. Раушан Қанапиянова Мәскеуге оқуға кетіп, орнына Сайлау Байболов келді. Бұл азаматты біраздан білетінмін. Ұланғайыр қазақ даласының шежірелі өңірлерінің бірі Ерейментауда туып өскен. Аймақтың тарихынан мол хабары бар, басшылық қызметте ысылған ұлтжанды адам. Ол қажет кезімізде шақырып жүріп, театрдың барлық шаруасын ың-шыңсыз тындырып жатты. Ал жұмыс көп еді. Өнер шаңырағына үй керек, құрал-жабдық керек, басшы керек…
Сол күндері Сайлауға Жамбылбек есімді театр маманы шығып, өзін бас режиссерлікке ұсыныпты. Ұмытпасам қостанайлық-ау деймін. Мен бұл орынға Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының бас режиссері Жақып Омаров лайық дедім. Ол ойлана келе келісті.
Бұл таңдаудың өзіндік себебі бар еді. Қарағанды мен Ақмоланың арасы жақын. Жақып актерлерін ертіп жыл сайын келетін. Театры жоқ қала қазағы үшін олардың әр сапары мереке. Қойылымдарына халық аткөпір жиналады. Бірде Ақан сері мен Ақтоқтының, бірде Шоқанның, енді бірде Зәурештің тағдырына күйіп-жанады.
Міне, осылай көрші шаһар театрына бауыр басқан едік. Рамазан, Сердеш, Қайрат, Шәміл, Кеңес секілді актерлердің тума талант екені көрініп тұратын. Алдыңғы үшеуі әнге де жүйрік. Шындығын айтқанда Жақыпқа солар үшін де тоқтағам.
Сайлаудың келісімін алған соң Қарағандыға хабарластым. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театры бас режиссерінің қабылдау бөлмесіне қоңырау шалғам.
– Жақаң бүгінде бізде жұмыс істемейді, – деді телефон тұтқасын көтерген әйел.
– Қызметін ауыстырған ба?
– Иә.
– Қазір қайда?
– Алматыдағы Әуезов атындағы театрда.
Ол жақ Шымкентке сілтеді.
Шымкенттің театрындағылар оның жұмыста ұдайы отыра бермейтінін, репетициясы болса ғана келетінін айтты. Телефонын сұрап едім, жеке кабинеті жоқ деді. Содан өзімнің мекен-жайымды айтып, сәлемімді жеткізуді өтіндім.
Жақып ертеңіне хабарласты. Ақмолада театр ашылғанын естігенде:
– Мен тез жетейін, – деді.
– Келесіз, егер біздің бір шартымызды орындасаңыз, – дедім.
– Қандай?
– Қарағанды театрының маңдайалды актерлерін алып келесіз.
– Ол жақтан кетіп едім… Сөйлесейін.
Арада үш күн өткенде тағы да қоңыраулатты.
– Мен Целиноградтың теміржол вокзалында тұрмын. Жұмыс орының қай жерде? – деді.
– Таба алмассыз, өзім барайын, – дедім таң қалып. Ол дәл осылай ескертусіз жетіп келеді деп ойлаған жоқ едім.
Сол күні үйде кең отырып сөйлестік. Қарағандыдан неге кеткенін сұраған жоқпын, өзі айтпады. Әңгіменің ұзына бойында осы сапарында Ақмолаға орнығатындығына сеніп келгенін аңғартумен болды. Облыс пен қала басшыларына жолықтыруымды өтінді. Мен әлгі шартты тағы да есіне салдым.
– Қарағандыға барыңыз, Рамазандармен сөйлесіңіз, бізге келуге көндіріңіз, – дедім.
Ертеңіне сол жаққа жүріп кетті де, арада екі күн салып оралды.
– Шартың орындалады, айтқан актерлерің түгел келеді, – деді сеніммен.
Уәде – құдай сөзі, айтқанымызда тұрдық, театрдың бас режиссері болып тағайындалды. Іске қызу кірісті. Сайлау Байболов арқылы шаруасын сәтті тындырып жатты. Қаланың орта тұсындағы ертеректе салынған екі ғимараттың бірі жатақхана, екіншісі шеберхана түрінде берілді. Осыдан кейін Қарағандыдағы актерлер де келе бастады. Оларға уақыт өте келе 15 пәтер берілді. Жақып төрт бөлмелі үйге кірді.
Көңілі осылай жайланған Жақып Мәдениет министрлігі Целиноград облыстық атқару комитетінің оны бас режиссер етіп тағайындау жөніндегі шешімін бекітуі керек болып, Алматыға кеткен-ді.
Үйге келіп кешкі тамақ ішіп отырғанда телефон шырылдады. Қоңыраулатып тұрған сол екен.
– Алдан, – деді абыржып. – Министрліктің коллегиясынан өте алмадым. Қолдау сұрап барған адамдарымнан қайран болмады. Не істейміз?
Мен не істей алушы едім, министрлікте тамыр-танысым жоқ. Оны басқарып отырған Қанат Саудабаев өмірімде көрмеген адамым. Орынбасарларының кім екенін де білмеймін.
Жақыпқа соны айтып едім, шарылдап қоя берді.
– Қайткен күнде де бір амалын табуымыз керек. Браунға айтқызсаң, министрлік илігер еді, – деп қолайсыз қолқа салды. Обкомның бірінші хатшысына мұндай өтініш айту әбестік.
– Оған бара алмаймын, – дедім.
– Сонда менің далада қалғаным ба? – деп күйінді Жақып.
– Алматыдағы бірге оқыған жігіттермен сөйлесейін, соңыра хабарласыңыз, – деп зорға тоқтаттым.
Біраздан соң ақын Нұрлан Оразалинге телефон соқтым. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бірге бітіргенбіз. Бес жыл жұбымыз жазылған жоқ. Сағат Әшімбаев, Әшірбек Көпішев, Сайлау Жұмабеков, Әділбек Тауасаров бәріміз тонның ішкі бауындай біте қайнасып кетіп едік.
Нұрлан үйінде екен.
– Жайшылық па, – деді, – түн ішінде қоңыраулатып жатсың ғой.
Жақыптың хабарласқанын, Мәдениет министрлігінің коллегиясынан өтпей қалғанын айттым.
– Сен былай істе, – деді Нұрлан. – Жақып Алматыда аялдай тұрсын. Мен мән-жайды білейін. Ақ тер, көк тер болып театр ашып жатырсыңдар ғой, қолымнан келгенін жасаймын. Тек оған менімен сөйлескеніңді, болған әңгімені айтпа. Хабарын өзім беремін.
Арада үш күндей уақыт өтті. Жақып жиі қоңыраулатады. «Тоса тұрыңыз» – деймін. Сөйтіп жүргенде Нұрлан да хабарласты-ау.
– Мәселесін шештім. Коллегия мүшелерінің бетін бері қараттым, – деді.
Бұдан өзге сөз қозғаған жоқ. Министрлік неге қырын қарағанын айтпады. «Оңайға түспеді» – деді де қойды.
– Рахмет! – дедім. – Талай табалдырықты тоздырған шығарсың. Алла разы болсын!
* * *
Жақып қалаға келген соң хабарласқан жоқ, өзім іздедім.
– Театрға Октябрь кинотеатрын алыңдар деп жатыр. Бірге барып көрейік, – дедім.
Сол жерде кездестік. Алматы сапары жайлы ләм-мим демеді. Облыстық, қалалық атқару комитеттерінің өкілдері, «Тіл және мәдениет» қоғамының басқарма мүшелері Қанат Қалиев пен Жеңіс Кәрібаевтарды тостық та, олар келген соң ішке кірдік.
Салынғанына отыз-қырық жылдан асқан ғимарат тозыпты. Көрермендер залының едені сықыр-сықыр етеді. Орындықтар да ескірген. Сахнаның жағдайы да осындай. Қызмет бөлмелері қараңғы әрі салқын.
Жақып ұзақ аралап: – Күрделі жөндеуден өткізсе, жарап қалар, – деді.
– Мұны бастан-аяқ жөндеуге қаржы табылғанша, құрылыс жұмыстары біткенше қай заман?! – деді Жеңіс. – Басқа не бар, жоғарғы жақпен әлі де ақылдасайық.
Бәріміз осыған тоқтап Сайлау Байболовқа келдік.
– Орталықтағы театрға лайық үй осы ғана, – деді ол. – Ыңғайы келетін тағы бір ғимарат бар, «Шолпан» кинотеатры, ол шет жақта.
– Теміржолшылар сарайы ше? – деді Қанат.
– Ол да тозған, әрі орталықтан алыс, – деп Жеңіс қарсы болды.
Облыстық атқару комитетінің қазақ театрын ашу жөніндегі шешімі шыққаннан кейін қоғам басқармасының осы жеңісімізге арналған отырысында оған қай үй қолайлы деген сөз қозғалып, көкейге бір ой ұялап еді: Әлі күнге ішімде жүрген. Естіген ол: «Мынаның дені дұрыс па?!» – дей ме деп тартына бергем! Соны осы жерде айтуға бекіндім. Қолында билігі де, ықпалы да бар комитет төрағасының орынбасары не дейді екен, көрейін.
– «Октябрь», «Шолпан», Теміржолшылар сарайы деп басты қатырмайық. Театрға қаланың қақ ортасындағы қалалық партия комитетінің үйін алып берейік.
Бәрі жалт қарады.
– Ал керек болса, – деді Сайлау.
– Жығылсаң нардан жығыл. Дұрыс, – деді Қанат.
– Осы ой көкейге қонғаннан кейін сонда барып арнайы қарадым. Екі жүзден астам адамдық акт залы, оның ортан қол сахнасы бар, қызмет кабинеттері жеткілікті. Ең бастысы жаңа, сыңғырлап тұр, – дедім.
– Оны мен де білемін, – деді Сайлау. – Қалалық партия комитетін орнынан қалай қозғайсыздар?
– Бұл ғимарат әуелде қалалық халықтың бақылау комитетіне арналып салынған. Партия комитеті соны көшіріп, жіберіп кірген болатын. Оған дейін қазіргі ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратында отырды. Сонда қайта барсын, – дедім.
Осы күндерге бүгінгі шау тартқан кездің көзімен қарасам, жалындап жанып жүріппіз ғой. Болмасты болдырыппыз, тынбасты тындырыппыз. Ақыры біздің талабымыз қанағаттандырылды. Бірақ оңайға соққан жоқ. Қалалық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Осипенко: – Целиноградта он жеті мың коммунист бар. Соларды ереуілге шығарсам да кеңсені босатпаймын! – деп тіресіп бақты. Оған қазаққа жүрегі жібімейтін, әуелден қаны қас әсіре коммунистер жұлқына қосылды. Горький атындағы орыс драма театрына кіріптар етпек болды. «Сонда барсын. Анда-санда бір спектакль қойса жетіп жатыр» – деп шулады. Бірақ ояна бастаған елдің алдында ақыры тізе бүкті. Сол шақта хан сарайындай көрінетін, шаһардың кіндік тұсындағы жаңа ғимаратқа қазақ театры салтанатпен кірді.
* * *
Орындалған ұлттық мұраттың қуанышы шексіз ғой, шалқып жүрдік. Театр ұжымы да іске айрықша құлшыныспен кірісті. Аттай қалап алған актерлеріміз Рамазан, Сердеш, Қайрат, Шәміл және басқалары Жастар ауданы жақтан жайлы пәтер алып, құстай ұшып жүрді. Ел алғашқы спектакльге асықты. Аяңдап ол күн де жетті. 1991 жылғы 15-қарашада театр шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен ашты.
Бұл күндері «Тіл және мәдениет» қоғамы тағы бір аса маңызды шарамен қызу айналысып жатқан. Ақмола қаласы мен облыстың тарихи атын қайтару үшін халықтан қол жинап, көбіне аудандарда жүрдік. Бір жағы Павлодармен шектесетін Сілеті, Ереймен, екінші қиыры Қостанаймен қапталдас Атбасар, солтүстігі Көкшемен қоныстас Бұланды, аралап шығу оңай емес.
Осылай ат үстінде жүргенде арада бақандай екі жылдың өтіп кеткенін аңғармаппыз. Қала мен өңірдің байырғы атауы қайтқан 1993 жылы Алматыдан Мәдениет министрлігінің орынбасары Әшірбек Сығай келді. «Театрда отыр, елді жинап жатыр. Сізді де шақырды» деген соң бардық. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағанбетова да сонда екен. Қаладағы зиялы қауым өкілдері де жүр.
Шақырылғандардың бас-аяғы жиналған соң көрермендер залына барып жайғастық. Әшірбек қызметін, Ақмолаға қандай өтініш-тапсырмамен келгенін айтты. Театрға Қалибек Қуанышбаевтың атын беруді ұсынды. Біз Ілияс Есенберлинге тоқтап жүргенімізді айттық.
Министрліктің рухтарды осылай текетірестіріп қойғанына ренжідік. Исі қазақ қадірлейтін Қалекеңді қалай кеудеден итересің?! Барша халық құрметтейтін Ілекеңді қалай шеттетесің?!
Алайда, айттым бітті дегізетін билік жоқ. Театрға Қалыбек Қуанышбаевтың есімі берілетін болды, бірақ бір шартпен. Көрнекті актердің 100 жылдығы құрметіне Жақып және белді актерлер марапатталуы керек. Әшірбек солай болатындығына сендірді. Солай болды да.
Бүгінде осындай қилы тарихы бар театрға 25 жыл толып отыр. Заман да, ел де өзгерді. Ақмола астанаға, театр елордалық сахна ошағына айналды. Оның ендігі баянын кейінгі толқын жазып жатыр.
egemen.kz