Қазақ операсын әлемге танытқан Назарбаевтар әулетінің құда баласы кім?
2016 ж. 14 қараша
5953
0
Ол қазақ операсын дамытуға, оны әлемге танытуға бірден бір үлес қосып жүрген тұлға. Оның зор даусы тек қазақ елінде ғана емес, әлем елдерінде де сұранысқа ие болып жүр. Ол - опера өнерінің жұлдызы - Сүндет Байғожин.
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сүндет Байғожин NUR.KZ порталына арнайы сұхбат беріп, өзінің өмірі, өнері жайлы айтып берді.
- «Большая опера» – биік өнерді, операны қалың көпшілікке кеңінен насихаттайтын тұңғыш тележоба. Басқа бағдарламалардан ерекшелігі – бұл шоу емес, мұнда бүкіл əлемге əйгілі күрделі опералық шығармалар ешқандай өзгеріс енгізусіз, жазылған қалпында жанды дауыста орындалады. Қазылар алқасының берген даусы бойынша іріктелетін байқау. Түсірілім бір дубльмен өтеді. Студия сахнасындағы кеңістік камераларға кедергі келтірмейтіндей шақталып жасалған. Сол себептен, актерлік шеберлігімізді театр сахнасындағыдай дене қимылымен толық көрсетуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан, орындайтын шығармамыздың болмысын дауыспен және мимикамен ашуға тырысамыз.
Бұл жобаға маған бірнеше рет шақыру келген еді. Театрдағы жұмыстың (жаңа қойылымдарға, камералық концерттерге дайындық жұмыстары) қарқыны қызу болғандықтан, бірден келісім бермеген болатынмын. Содан біраз ойланып, театр басшылығының қолдауымен жобаға қатысуға бел будым. Бұл шешіміме Ресей арнасы арқылы бүкіл ТМД елдеріне Абай ариясын естіртсем, қазақ операсын танытсам, Ермек ағамыздың есімін тағы бір мәрте еске салсам деген ой түрткі болды.
Халықаралық мәдени қарым-қатынас тіліне айналған опера өнері арқылы жалпы Қазақ өнерінің шарықтауына өз үлесімді қосып, ел намысын қорғауға әрқашан дайынмын. Өзімді мәдениет саласындағы елші ретінде сезінемін. Опера театрлары әлемнің санаулы қалаларында бар. Сондықтан, экран арқылы ауыл-аймақтарға да операны дәріптейтін тың жобаның болғаны біз үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін.
- Өнер жолыңызды қалай бастадыңыз? Жалпы, опера әншісі кішкентай кезінде қандай болады? Әншілік қабілетіңіздің зор екені неше жасыңыздан бастап біліне бастады?
– Бала кезімнен әнге әуес болдым. Мектеп қабырғасында біраз концерттерге атсалысып, байқауларға қатысып тұратынмын. Бала өскен сайын оның барлық дене бітімімен қоса, дауысы да өзгеріп отырады. Әсіресе, қыз балаларға қарағанда, ұл балаларда бұл кезең күрделі өтеді. Сондықтан, осы мутациядан өткен соң ғана, баланың дауысын операға бағыттауға болады. Өсе келе, кәсіби операға қызығып, жоғары білім алдым. Содан бері, осы салада қызмет етіп келемін. Өнер – тоқтаусыз жүретін үдеріс. Бір күні сәтті болса, келесі күні сәтсіз шығуы мүмкін. Сондықтан, дайындықты арттырып, үнемі ізденісте жүруді талап етеді.
– Бізді дүниеге әкеліп, үлкен азамат болып қалыптасуымызға, өсіп-өнуімізге бар жанын салған әкеміз бен анамызға алғысым шексіз! Ол кісілердің орны қашанда бөлек. Жанұямызда өнер жолын таңдаған тек мен екенмін. Әкем – техник-механик, анам аспазшы болған. Екі ағам исламтану ғылымы бойынша діни білім алған араб тілінің мамандары. Осы кісілердің арқасында жасымнан жақсы мен жаманды, халал мен харамды айыра білдім.
- Жақында әлеуметтік желідегі парақшаңыздан сүйіктіңізбен түскен суретіңізді көрдік...
– Сүйіктім бар. Қазір шынайы махаббатқа бөленіп жүрген жайым бар. Алдағы уақытта үйлену тойымызды жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, барша адамзатқа сүйе білу және сүйікті болу бақытын тілеймін!
- Сіздің Назарбаевтар әулетіне құда бала екеніңіз белгілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтан сіздің қарындасыңыз Әлима Боранбаеваға үйленген. Еліміздің басты әулетімен құда болған қандай екен?
– Иә, екеуі отау құрып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Жақында сәбилі болды. Ағаның қарындасына деген ықыласы, сезімі ерекше. Сондықтан, оларға тек бақыт, шаттық, мәңгілік махаббат тілеймін!
- Сізді кем дегенде 4 тіл біледі дейді. Тілді меңгеруге қанша уақыт бөлесіз? Қандай әдіспен үйренесіз?
– Опера әншісі болғандықтан, шетелдік мамандармен жиі жұмыс жасаймын. Сондықтан, олармен еркін тілдесу үшін, шет тілдерін меңгеру өте маңызды. Шет тілін жетік білу үшін сол елге барып, тұру керек деп ойлаймын. Ал оған дейін жарты жылдай уақыт күнделікті арнайы сабақ алып, үйрену керек. Шетелдік әндерді тыңдап, сөздерін аудару арқылы да тез меңгеруге болады. Жалпы, санаға тез сіңетін музыка арқылы ары қарай сол елдің тарихын, салт-дәстүрін білуге қызығушылық арта түседі. Бұл да тіл меңгерудегі бірден-бір тиімді әдіс.
- Шетелмен жұмыс жасауға ұсыныстар көп түсе ме? Жалпы, болашақта мәнсап жолында шетелде тұру ойыңызда бар ма?
– Өзіміздің өнердегі ұстанымымыз бен ынтамыздың арқасында көптеген ұсыныстар келіп тұрады. Жақында әйгілі ресейлік дирижер В.Т. Спиваков мырза келесі жылдың мамыр айында өтетін "Дягилевский фестиваль" шарасына шақырды. Оған операның әлемдік деңгейдегі шетелдік жас жұлдыздары қатысады екен. Мәскеуде болғанымда, маэстроның шақыруымен «Россия-Культура» арнасынан көрсетілетін жаңа жылдық «В компании маэстро Спивакова» бағдарламасының түсірілімінде Анна Нетребко, Гоша Куценко, Сергей Безруков сынды өнер жұлдыздарымен бірге өнер көрсеттім. Бұл да бір үлкен мәртебе. «Большая опера» тележобасының алғашқы шығарылымынан кейін, әлем бойынша ең бірінші болып саналатын «Метрополитен Опера» театрынан да ұсыныс келді. Бұйырса, екі жылға тәжірибе алуға баруыма байланысты келіссөздер жүргізілуде.
Шетелде «Guest contract» («Қонақ келісімшарты») деген ыңғайлы уақытша тұрақтау түрі бар. 3 айға келіп, қойылымдарға қатысып, мерзімі біткен соң, елге оралуды жөн көремін. Себебі, туған жерге деген сағынышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, түбегейлі көшу ойымда жоқ. Жас кезімізде күш-жігеріміз барда, өз еліміздің мәдениетінің өркендеуіне барымызды салғанымыз дұрыс деп есептеймін.
- «Әнші болмасам, "парикмахер" болар едім» деп қалдыңыз бір сөзіңізде. Неге "парикмахер"? Шаштараздыққа қабілетіңіз бар ма?
– Бұл сөзім қалжың еді. Егер әнші болмасам, бәлкім спортшы болар ма едім. Өйткені, əкем де, ағам да еркін күрестен спорт шеберіне кандидат. Дегенмен, бала күнімде ауылдың тең жартысы маған шаш қиғызуға қаз-қатар тізіліп, кезекке тұратын. Қызметімнің бағасы 50 теңге еді. Ең алғашқы табысымды осылай тапқан болатынмын. Бұл кәсіпте бәрінің көңілінен шығуға тырысып, алғыстарын алатынмын.
Италияда «Севиль шаштаразы» операсын қойған кезімізде, Фигаро партиясын орындау барысында, образын шынайы аштым деуге болады. Себебі, ариясын айтып қана қоймай, сонымен бірге, шаш қиюға икемімді байқатуға тырысқан болатынмын. Жалпы, бойымызға дарыған барлық өнерді ортаға саламыз.
- Тағы бір сөзіңізде жылқы өсірумен айналысамын деп едіңіз. Қанша жылқыңыз бар? Оларға кім қарайды?
– Қазақ болған соң, ата-бабаларымыздан мұра боп қалған асыл қазына, қасиетті жануар жылқыны өте жақсы көремін. Мектепке жылқымен шауып барып келетін едік. Астанада ағам екеуіміз бірігіп, атқора ашқанбыз. Сол шаруашылықты да бірге алып жүрміз. Жылқылардың жайын бақылауға інілеріміз көмектеседі.
- Мұндай игі істерге міндетті түрде атсалысып отыруымыз қажет. Себебі, ертең не боларын, алдағы күннің қандай боларын ешкім болжап біле алмайды. Бір адамның əлденеге қиналып, мұқтаж екенін көрсек, оған қол ұшын созу сауапты іс. Жалпы адамгершілік тұрғысынан алғанда, адамдар бірін-бірі демеп, үнемі қолдап, қорғап жүргені абзал.
- Шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Қазақстандағы операның қазіргі деңгейі мен болашағы жайында ойыңызды айтсаңыз.
– «Астана Опера» театрының іргетасы қаланғаннан бері, осында қызмет етіп келемін. Қазақ опера өнерінің бір кірпішін қаласам, мен үшін сол жеткілікті. Менің қоржыным театрдың репертуарымен бірге толықтырылады. Жаңа қойылымдарда даусыма сәйкес келетін партияларды орындаймын. Жалпы, театр әртістері үшін барлық жағдай жасалған. Техникалық құрамнан бастап, әкімшілік бөлімге дейін, барлығымыз жұдырықтай жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесі әрқашан жоғары деңгейде көрініп тұрады. Себебі, театрдың жетістігі тек бір адамға байланысты емес. Сондықтан, әрқайсысының орны маңызды.
«Астана Опера» театрының терезесі шетелдік театрлармен тең түсуде десек болады. Қазіргі таңда шетелдік опера әншілерінің ішінде осында келіп, өнерін көрсетуді армандап жүргендері де баршылық. Бұл жетістік театрымыздың бүкіл әлемдік аренада орны бар екендігін білдіреді.
- Рахмет. Шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!