Сүйегі 17 жыл жертөледегі жәшікте жатқан Махамбет батыр
2016 ж. 07 қараша
8452
2
Бассыз қалған Махамбеттің денесі ғана жерленген
Махамбеттің өмірі қандай трагедияға толы болса, өлімі де сондай қайғы-мұңға толы. Жан жолдасы Исатайдан айырылып, өзін бассыз қалған денедей сезінген ақын бірде:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос, - десе, келесі бір өлеңінде:
Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар? – дейді. Соған қарамастан, ақын халықты қанаушы топпен күресін жалғастыра берді. Нәтижесінде Махамбеттің соңына шам алып түскен Баймағамбет Айшуақов арнайы жасақ құрып, батырды тірідей ұстап әкелген адамға 1000 сом, басын әкелгенге 500 сом сыйақы тағайындайды. Ақынның қалай өлтірілгені туралы Баймағамбет сұлтан 1846 жылы 5 қарашада Орынбор шекаралық комиссиясына жазған хатында: “Мен шекаралық комиссияның талабына байланысты Махамбетті тұтқынға алу мақсатында 15 адамнан жасақ құрдым. Ол жасақта Ықылас Төлеев, Жүсіп Өтеулин, Жаңаберген Боздақов, Төрежан Тұрымов және Махамбеттің ағайыны, жайық беріш Мұса Нұралиндер болды. Жасақ Махамбет ауылына жарты шақырымдай қалғанда киіз үйден Махамбеттің інісі Хасен және бес қазаққа қосылып Махамбет те шықты. Олар қашу мақсатында үй сыртынан қашықтау жерде байлаулы тұрған аттарына қарай беттеген мезгілде Төрежан Тұрымов атымен шауып барып, Махамбеттің байлауда тұрған атын босатып жібереді. Махамбет жасақшыларға қарсыласып, қолындағы қанжармен ұмтылғанда Жүсіп Өтеулиннің қанжарды қағып қалу мақсатында жазатайым тиген бір ғана шоқпар соққысынан қаза тапты”, - деп жазған.
Арысының өліміне зар жылаған Махамбеттің туыстары Орынбор шекара комиссиясына Баймағамбеттің үстінен арыз түсіреді. Қылмыстық іске тергеу жүргізген Редькиннің Махамбеттің екі әйелінен алған жауабы сақталған. Сонда әйелдерінің бірі 1846 жылдың 31 қазанында берген жауабында былай баяндайды: “Осыдан 12 күн бұрын тама руының старшинасы Ы.Төлеев, беріштің Есенғұл бөлімінің азаматы Ж.Өтеулин және өз ағайынымыз М.Нұралиндер және тағы 12 адам жайық беріш М.Өтемісовтың үйіне келіп, адай руының биі Мауыттың төрт жылқысын немесе олардың құнын қайтаруын талап етті. Махамбет бұл талапты орындай алмайтындығын білдірді. Осы жөнінде әуелі дау туды. Келген адамдар Махамбеттің Б.Айшуақов алдында жауап беру үшін олармен бірге жүруін талап етті, бірақ Махамбет одан бас тартты. Киіз үй ішінде әуелі керіс, одан кейін опыр-топыр алыс-жұлыс басталды. Жанжалдасумен барлығы ұмар-жұмар алысып, сыртқа шықты. Осы кезде М.Нұралин Махамбеттің қолын қапсыра ұстады да, Ж.Өтеулин оның басын қылышпен төбе тұсынан қатты ұрды. Махамбет мерт болды. Жасақшылар оның басын қылышпен шауып алды. Анадайда ат қазықтың түбінде Махамбеттің денесі қалды. Оның үстіндегі киімі дал-дұл жыртық, басы жоқ. Қоңыр топыраққа қызыл қаны тамған жылы денені құшақтап, жылап-еңіреп, бала-шаға болып біз қала бердік те, келген қанішерлер сандықтағы ақшамыз бен заттарымызды, сегіз жылқы, төрт түйеге қоса, Махамбеттің басын алып, Хасен мен Бітімбайды тұтқындап, Елек өзенінің бойындағы Баймағамбет Айшуақовтың ставкасына кетті”, - деген. Байқағанымыздай, Махамбетті Баймағамбет адамдары әдейілеп өлтірген. Тек Орынбор шекара комиссиясы Айшуақовтың жазған хатына сүйеніп, Махамбет қорғаныс ретінде жұмсалған шоқпар соққысынан қаза тапты деген шешім шығарады да, өлтірушілер жазадан құтылып кетеді. Махамбеттің туыстары ақынның қанша сұрап барса да, Баймағамбет оны бермей қояды. Тіпті Исатай мен Махамбет көтерілісін басып-жаншып, көтеріліс басшыларының бірі Махамбеттің көзін жойғаны үшін патша үкіметінің шақыртуымен Петербургке барып, “Қасиетті Анна” орденін алып қайтады. Іштеріне кек қатқан ақынның туыстары, патшадан қайыр жоқ екенін түсініп, сұлтаннан кекті өздері алмақ болады. Махамбеттің бажасы Асаубай Құдайкеұлы Петербургтен қайтып келе жатқан Баймағамбетті 1847 жылдың 30 наурызында Елек өзенінен пароммен өтіп келе жатқан жерінен күтіп алып, паромның арқанын қиып жібереді. Суға құлаған бес адамның біреуі ғана тірі қалып, етжеңді Баймағамбет суға бірден батып кетіпті. Және батырдың түбіне жеткен жауыздың сүйегі қанша іздесе де табылмапты деседі. Ал Махамбеттің басын туыстары Баймағамбет сұлтанның жылқышысынан сұрап жүріп, қайда көмілгенін тауып, денесінің жанына жерлейді.
17 жыл қорапта жатқан сүйек
Патшалық Ресейге түгелдей отарланған, кейін Кеңес үкіметінің құрамына кірген Қазақстанның Батыс өңірінде уақыт өте келе Махамбеттің жерленген жері ұмытылады. Тек 1958 жылы Орал облысына шығармашылық іссапармен барған Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиев “Орал өңірі” газеті арқылы “Махамбеттің қабірін білетін жан бар ма?” деп ел ішіне сұрау салдырады. Сонда қабірді білетін Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов деген азамат шығады. Оның үшінші атасы Бектұрған Исатай мен Махамбеттің қарулы көтерілісіне қатысқан достары екен. Ол баласы Тәшенге, Тәшен өз ұлы Дінмұхамедке Махамбеттің бейітін көрсетіп кетіпті. Ал Дінмұхамед ақсақал баласы Құраққа: “Махамбеттей адамдар еш уақытта ұмытылмайды, ұмытылуға тиісті де емес. Күндердің күні оның жерленген жерін іздейтін адамдар табылар. Сондықтан балам, мен Махамбеттің басына тобылғы тігіп кеткелі тұрмын”, - деп, Дінмұхамед ақсақал өз қолындағы және Құрақтың қолындағы қамшылардың сабын қайысынан ажыратып, тобылғысын Махамбет зияратының бас жағы мен аяқ жағына көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескертеді. Осыны Қ.Жұмалиев пен Т.Жароковқа әңгімелеп берген Құрал ақсақал Қаройдағы ескі қабірлер арасынан Махамбеттің бейітін тауып, басындағы 1951 жылы көмілген қамшының тобылғы саптарын тауып көрсетеді. Солай Махамбеттің қабірі 1958 жылы ғана табылады.
Ең сорақысы, 1966 жылы Ноэль Шаяхметов атты антрополог бет-бейнесін жасау мақсатымен Махамбеттің бет-бейнесін жасаймын деп, қабірін қазуға барады. Бұл туралы жанында бірге болған дәрігер Қабижан Әбисатов “Аңыз адам” журналына берген сұхбатында былай әңгімелейді: “1966 жылы 9 шілдеде Махамбет бейітінің басына келдік. Ноэль Шаяхметовтің басшылығымен қазу жұмыстары басталып кетті. 20-30 см тереңдегенде лақаттың орта шенінде күрек бір қатты нәрсеге тиді. Ноэль қолындағы құралымен күрек тиген нәрсені топырақтан босата бастады, ол адамның бассүйегі болып шықты. Қарақұс сүйегінің үстінде бір мойын омыртқа мен екінші мойын омыртқаның жартысы жатты. Бассүйектен төрт терең жарақат көрдік. Ноэльдің қатыңқы қабағы ашыла бастады: “Денеден бөлек жатқан бассүйектегі жарақаттарға және тістерінің санына қарағанда бұл, біріншіден, айуандықпен мерт болған адамның басы, екіншіден бұл бас денесінен шабылып алып. Кейін жерленген, үшіншіден, жасы шамамен 40 пен 50 арасындағы адамның басы. Осыған қарап бұл Махамбеттің бассүйегі деп айтуымызға болады”, - деді. Тағы да екі күрек биіктігіндей топырақ алғаннан кейін киіз үй сықырлауығының жарықшақтарына тап болдық. Сықырлауық астындағы лақаттың орта шенінен адамның қол сүйектерін, сәл төменірек жамбас, ұршық, бел омыртқаларын таптық”. Сонымен не керек, Ноэль Шаяхметов Махамбет сүйегін Алматыға алып кетіп, 1967 жылы оның скульптуралық мүсінін жасайды. Ал ғалым Мәскеуге көшерінде Махамбеттің сүйегі салынған қорапты Алматыда тұратын апасының үйінің жертөлесінде қалдырып кетіпті. Сұрауы болмай, сүйек 17 жыл бойы қағаз жәшікте, жертөледе жатқан. Тек 1983 жылы ғана Атырау жұртшылығы Махамбеттің сүйегін алдырып, бұрынғы орнына қайта жерлейді.
Ел үшін жанын қиған асыл азамат тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де тыныштық көрмеді. Басынан бір айырылған дене, жамбасы тиген қара топырақтан екі айырылып айдаладағы жертөледе қорапта жатты. Қандай өкінішті...
Марфуға Шапиян,
islam.kz