Астанада ақын Серік Тұрғынбекұлының мерейтойлық шығармашылық кеші өтті

Картинки по запросу серік тұрғынбекұлы

Астана қаласында белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлының 70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы qazaquni.kz порталының тілшісі хабарлайды. 

Кеш барысында Қ. Қуанышбаев атындағы театр әртістері ақынның жалынды жырларын оқып, Серік Тұрғынбекұлының "Мұқағали", "Шәмші" секілді пьесаларынан қойылымдар көрсетті.

Алаштың айтулы ақынына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің аттарынан құттықтау хаттар келіп түсті. Сонымен қатар, ақынды 70 жылдық тойымен өзінің жерлестері, Торғай өңірінің белді азаматтары да құттықтап, ақынға "Жангелдин ауданының құрметті азаматы" атағын табыстады.

Сондай-ақ, мерейтой иесін қазақтың белгілі ақыны Қазыбек Иса жыр-шашуымен құттықтап, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат  Перуашевтің атынан құттықтау хатты тапсырып, ақынға ат мінгізді. Ал, ақын Несіпбек Айт ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің атынан құттықтау хатты табыстап, жылы лебізін білдірді.

Кеш барысында Тұрғынбекұлының сөзіне жазылған әсем әндерді Марат Омаров, Тамара Асар секілді елге танымал әншілер орындады.

Қазақтың қабырғалы қаламгерін мерейтойымен құттықтаған барша ағайынның тілегіне қосыла отырып, "Қазақ Үні" ұлттық порталының ұжымы да ақынға өз тілектестігін білдіреді.

Жазарыңыз таусылмасын, ғұмырыңыз ұзақ болсын!

qazaquni.kz