Сәкен Сейфуллинді танимыз ба?
2016 ж. 26 қазан
6641
0
Дандай Ысқақұлы, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор
Сәкен Сейфуллиннің қайшылықты тұлға екені рас. Мәселен, оның «Тар жол, тайғақ кешу» романы Алашорда қайраткерлерінің жазалануына себепші болды» деген пікір бар. Сол секілді Сәкенді большевиктердің сойылын соғушы деп кінәлайтындар да жоқ емес. Ол Совнарком төрағасы ретінде халыққа қандай қызмет атқарды? Сәкеннің ақын, жазушы ретіндегі басты артықшылығы немесе кемшілігі неде? Қай шығармасы ерекше оқылады?
Міне, автор осы төңіректе сыр толғайды.
1. Мемлекет, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин – жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жарымындағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі. Жан-жақты дарын иесі сөз өнерінің барлық саласында дерлік қалам тербеп, қазақ әдебиетінің жан-жақты дамуына барынша ат салысты. Сәкеннің көркем шығармаларының ішінде әсіресе «Көкшетау» поэмасы ерекше тұр.
«Арқаның кербез сұлу
Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған
жауын» –
деген сияқты жолдарда Көкше өңірінің кербез көркі бар тарихымен сурет болып, көз алдыңызға сол күйінде тұра қалғандай болады.
Сәкеннің шығармашылығы, негізінен, социалистік реализм аясында көрінді. Қазір осы әдіс туралы түрліше пікір айтып жатқанымызбен де жоғарыдан ұсынылып, қатаң талап етілудің барысында бүкіл кеңестік дәуірдің әдебиетінің негізгі даму жолына айналды. Ол кезде басқаша жазу мүмкін болмады; бірлі-жарымды бұған көнбегендер қуғынға ұшырады. Міне, осындай жағдайда қазақтың басқа да жазушыларымен бірге Сәкен де осы бағытпен жүруге мәжбүр болды; өйткені, басқа жол жоқ. Бұл үшін оларды айыптау артықтау болар еді.
Оның үстіне бүкіл социализм дәуіріндегі әдебиетті, оның Сәкен сияқты ірі өкілдерін тарихтан сызып тастау әділеттілікке жатпаған болар еді. Қалай десек те, мейлі, жақсы болсын, мейлі жаман болсын, бұлар – біздің тарихымыз, өткеніміз. Ал тарихтың, өмірдің өзі ылғи да не жақсыдан, не жаманнан тұрмасы тағы да бар. Сондықтан да тұтас бір социализм дәуірінің шындығы көрініс тапқан бұл дәуірдің әдебиеті, оның ішінде Сәкен де бар, бізге жүріп өткен жолдарымызды білу үшін, тарихтан тағлым алу үшін де қажет.
Шығармашылығы өлең жазудан басталған С.Сейфуллин әдебиет майданында белсенді еңбек етіп, Қазақстандағы кеңес әдебиеті ұйымын құрып, оның ту ұстаушыларының бірі болды. Көркем әдебиетпен бірге оның сынына да араласты. Жоғары оқу орындарында дәріс оқи жүріп, Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеді. Сәкеннің «Әдебиет һәм оның бағыттары», «Әдебиетті бағалау және құлық-сананы тексеру», «Әдебиет майданы», «Көшпелі дәуірдегі қазақ әдебиетінің күйлерінен» т.б. мақалаларында, түрлі әдеби жиындарда сөйлеген сөздерінде сол кездегі әдеби өмірдің өткір мәселелеріне батыл барып, пікір білдірушілік бар.
1932-жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» қазақ ауыз әдебиетін тұтас күйінде зерделеген алғашқы еңбектердің қатарында. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде жазылған кітаптың ғылыми сипаты айқын. Еңбектің басында ауыз әдебиеті үлгілері тууының тарихи негізін, себептерін аша түсу мақсатымен қазақ халқының өткені туралы қысқаша тарихи очерк берілген. Сәкен төңкеріске дейінгі қазақ әдебиетін үлкен екі дәуірге: «билер дәуірі», «орыс патшасына бағынған дәуірге» жатқызған. «Билер дәуірінің әдебиеті» деген қосымша атпен шыққан «Қазақ әдебиеті» іштей екі бөлімге бөлінген. Алғашқысында ауыз әдебиетінің шағын түрлері, келесісінде эпостық жырлар қарастырылады. Қазақ ауыз әдебиетінің ұсақ түрлері төмендегіше жанрларға жүйеленген: 1.Ертектер, 2. Салт өлең-жырлары, 3.Дін салтынан туған өлең, тақпақ, жырлар. 4. Мал туралы және «қадірлі жануарлар туралы» әңгіме, өлең-жырлар.5.Жастық ойын-күлкі өлең тақпақтары. 6.Билер сөздері. Ал қазақ эпосы «батырлар әңгімесі және «ертедегі жырлы әңгімелер» (лиро-эпос, Д. Ы.) болып, бөлінген.
С.Сейфуллин «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қамбар батыр», «Алпамыс», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Желкілдек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларын талдайды. Әсіресе «Қобыландыға» тоқталыңқыраған. Сонымен, «Қазақ әдебиеті» қазақ фольклористика ғылымының алғашқы қалыптасу, даму кезеңінде әрі оқулық, әрі хрестоматия, әрі зерттеу ретінде үлкен үлес болып қосылған, өзінің мәні мен құнын күні бүгінге дейін жоя қоймаған елеулі еңбектің бірі болып қала береді.
Оның құрастыруымен шыққан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларына» (1931) Бұхар, Балқы Базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Серәлі, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл, Майкөт секілді ақындардың өлең, айтыстары кірген.
С.Сейфуллиннің артына қалдырған әдеби мұрасы бірнеше рет коптомдық болып шықты. Соңғы рет 2004-2012 жылдары 11 томдығы басылып, халқының рухани қазынасынан берік орын алды. Осы сияқты қыруар еңбектеріне сүйене отырып, оны жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жарымындағы қазақ әдебиетінің, оның сыны мен ғылымының қалыптасуына тарихи еңбек сіңірген, ауыз әдебиеті, әдеби мұра үлгілерін жинап, халықтың рухани игілігіне айналдырған аса ірі қайраткер деп білеміз.
2. С.Сейфуллин – аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Сәкен қазақ тарихының қиын-қыстау бір кезеңінде халықтың сенімінен шығып, сөзін сөйлеген ту ұстаушылардың бірі еді. Ол Ақмола Совдепінің төралқа мүшесі, Халық ағарту комиссары (27.Х11.1917), Атқару комитеті председателінің орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі (1920) болады. 1920-жылы 4-қазанда Орынбор қаласында Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған кеңестердің 1-ші құрылтайына қатысып, Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады. Осында Жер-су комиссиясының және баспасөз жұмыстарына басшылық жасайды. «Еңбекші қазақ» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы, оқу комиссарының орынбасары, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (1922), Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1922-1925), ҚАССР Оқу комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы (1925), Қазақстан пролетариат жазушылары ассоциациасының (ҚазАПП) басшысы (1925), Қызылордадағы халық ағарту (1925), Тәшкендегі және Алматыдағы қазақ педагогикалық (1927-1929) институттарында директор, «Әдебиет майданы» журналының редакторы (1932), т.б. қызметтерін атқарды. Осы қызметтері арқылы С.Сейфуллин қазақ халқының рухани жағынан дами түсуіне тарихи еңбек сіңірді.
С.Сейфуллин «Бүгінге шейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ ол «киргиз» деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді» (Сәкен Сейфуллин. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы, 2005, 150-бет) деп, қазақ халқының өзінің тарихи атауын қайта алу мәселесін алғаш көтерушілердің бірі болды.
Сәкеннің халқына сіңірген еңбектерінің барлығын тізбелеп жатпай-ақ, оның бір ғана қазақ тілінің дамуына, оның мемлекеттік тіл мәртебесін алуға жасаған шараларына тоқтала кетсек те жеткілікті болар. Ол Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1922-1925) болып тұрған жылдарда қазақ тілінің мемлекттік тіл болуының басы-қасында болды. Осы мәселеге арнап, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзейік», «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Не қылдыңдар?», «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу», «Ашық хат» сияқты мақалалар жазды; үкімет басшысы ретінде қазақ тілін кеңселерде іс жүргізу барысында қолдануды қатаң қадағалап отырды. Сәкеннің тікелей басшылығымен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы заң қабылданды.
Үкімет басшысы ретінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуын талап етіп отырған С.Сейфуллин бұл шараларды жүзеге асыруға кедергі болып отырған мәселелерді де батыл көтере білген:
«...Қазақстанның кеңселерінде қазақ тілін жүргізу ретінде үлкен бір бөгет мынау: біздің болыстық мекемелерімізде қызмет қылып жүрген қазақтардың, сол мекемелердің басында жүрген қазақтардың бірсыпырасы қазақша жазғаннан, қазақша оқығаннан, қазақша сөйлегеннен, орысшаны жақсы көреді, орысшаны оңай көреді. Кейбіреулері тіпті қазақша жазу әм оқуды білмейді. Ал кейбір аз білгендері қазақша жазбай жүріп аз білгенінен айрылып қалады. Мұндай хал әсіресе бұрынғы заманда патшаның ұлықтарынан өте қаймығып, сол ұлықтарға өте қатты жағынып қалған жерлерде көбірек сезіледі. Міне, осындай қулық ескі әдеттен біздің қазіргі Кеңес үкіметінде жүрген адамдарымыздың кейбіреулері әлі қайтқан жоқ. Бұлардың ойынша, орысша сөйлесең, «білгіш» көрінесің, қазақша сөйлеп, қазақша жазсаң, «білмейтін» болып көрінесің» (сонда, 166-167 беттер) деген жолдар осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жарық көрсе де тура бүгінгі күні жазылғандай, мәнін жоғалта қоймағандығы көрініп тұр.
3. Жалпы,Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы шыққан кезден сынға ұшырап келе жатқан шығарма. Романға алғаш пікір білдірген Нәзір Төреқұлов романда кейбір қазақ қайраткерлеріне берілген бағамен келіспейтіндігін, шығармада Сәкеннің «далада қонғаны, тоңғаны, не жылынғаны», домбыра шерткені, «кәрлен кесемен қымыз ішкені, қызбен қыдырғаны» суреттелгендігін, яғни марапаттауға құрылғанын, сөйтіп, жанр талаптарына жауап бере бермейтіндігін айтып айтып, қатты сынапты («Темірқазық», 1923, №3). Осы сияқты романның көркемдік, жанрлық жақтары жайлы айтылған сыни пікірлер күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Тіпті Алашорда қайраткерлерінің жазалануына себепші болыпты деген қауесет те бар.
Шындығында, романның асығыс «ат үстінде» жүріп жазылуына, тәжірибенің жоқтығына байланысты көркемдік жақтары жайлы сыни пікірлер айтуға болар, десек те, түгелдей жоққа шығарудың қажеті жоқ шығар. Біздіңше, бұл шығарма көркемдік жағынан емес, жиырмасыншы ғасырдың басындағы, оның ішінде аласапыран оқиғаларға толы 1916-1917 жылдардағы қазақ даласында жүріп өткен саяси оқиғаларды суреттеуімен, яғни тарихи деректілігімен бағалы. Бұл кітаптан төңкерістер дәуіріндегі қазақ даласының шындығын, күні кешеге дейін «ұлтшылдар», «пантүркішілдер» аталып, халық жауы саналып келген алашшыл қайраткерлерді танып білуге көмектесетін деректерді молынан табуға болады.
Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан кейін өткенімізге сын көзімен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, бағалаушылық жүріп жатыр. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында «қызыл комиссар» С.Сейфуллинді де тарихтың тастандысына лақтыру керек деген сияқты ұшқары пікірлер айтылды. Осы пікір айтылғаннан бері ширек ғасырдай уақыт өткеніне қарамастан, күні бүгінге дейін Сәкен өз халқымен бірге жасасып келеді.
Жалпы, С.Сейфуллинді дұрыс түсіну үшін мынадай жағдайларды ескеру керек. Біріншіден, бұл жерде мәселеге тарихшылдық тұрғыдан келу көмектеседі. Сол кездегі кеңестік заманның шындығында Сәкенді «кеңестік Қазақстан үкіметін басқардың», «шығармаларыңды социалистік реализм әдісімен жаздың» деп, кінәлау, сол үшін халық жауы санау әділетсіздік болар еді. Егер де Сәкеннің орнында кез-келген басқа адам да, осылай істер еді.
Ешкім де заманынан тысқары өмір сүре алмайды. Заманның заңымен жүрмесең, саған орын жоқ. Дұрыс өмір сүріп, өзіңнің сыбағаңды аламын десең, заманыңа бейімделіп, үйлесе біл. Олай істей алмасаң, бүкіл өмірің заманның астында тапталып, үстіңнен өте шығады. Сәкен де советтік қоғамның мүшесі болды; сондықтан да сол дәуірдің заңымен өмір сүруге, жолымен жүруге мәжбүр. Оған одан басқа жол жоқ. Ол да осы жолмен жүріп, өзіне жүктелген тарихи міндеттерді атқарды; атқарғанда да халқына қарсы ештеңе жасаған жоқ, керісінше, қолындағы мүмкіндігінше, шамасының келгенінше халқына қызмет етті. Сол дәуірдің шындығында кез-келген адам бұдан артық ештеңе жасай алмаған болар еді.
Екіншіден, С.Сейфуллинді ұлт-азаттық бағыттағы алашордашылармен салыстырып, оларға қарсы қою да шындыққа жанаса бермейді. Өйткені, Сәкен 1923-жылға дейін алашшылдармен бірге болғанын біреу біліп, біреу біле бермейді. А.Байтұрсынов елуге толғанда, оның мүшел тойын билік басындағылар Қазақстанда өткізуге рұқсат бермей, Орынборда өтеді. Осы қаладағы ең үлкен зал – Свердлов атындағы клубта мыңнан аса адам қатысқан салтанатты жиынды С.Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеп, ашып, жүргізіп отырады; С.Сәдуақасов «Ахаңның алдында» деген тақырыпта баяндама жасайды. Сәкен осы жиында сөйлеген сөзінің негізінде «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақала жазып, «Еңбекші қазақ» (02.02.1923) газетінде жариялайды. Онда мынадай жолдар бар:
«Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арамқұлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі... Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірге жыртты, арын бірге жоқтады. ... Өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен... Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйген ұлтшыл. ...бірақ байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл» (Бес арыс. Алматы, 1992, 180-182 беттер).
Белгілі революционер Ә.Әйтиев сол кездегі өлкелік партия комитетінің органы «Степная правда» газетінің бетінде Сәкеннің осы пікірлерін ұлтшылдықпен айыптап, «Фактические поправки» деген сын мақала жазды. Сәкен «Тағы да Ахмет туралы» (Әйтиевке жауап) қарсы мақала жазып, өзінің А.Байтұрсынов туралы айтқан бұрынғы пікірлерінен қайтпай, керісінше нығырлай түсті. Ол Әйтиевтің бір де бір пікірімен келіспей, керісінше оның өзінің қазақ тілін білмейтіндігін үлкен айып ретінде шыжғырып, бетіне басқан.
С.Сейфуллиннің өмірінен оның ұлтжандылығын дәлелдей түсетін осы сияқты мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Осы сияқты ұлтшылдық пікірлері, ұлтқа жасаған адал қызметі үшін де Сәкен 1937 жылы ұлтшылдықпен айыпталып, халық жауы ретінде атылды.
Бұл айтқандарымыздан С.Сейфуллин бастан-аяқ ұлтшыл болды, кеңес өкіметіне қарсы күресті деген ұғым шықпасқа керек. Оның коммунистердің «барлық халықтарды әлеуметтік теңдікке, бақытты өмірге – коммунизмге жеткіземіз» деген ұранына иланып, кеңес өкіметінің жағына шыққаны да рас. Коммунизм елестеріне жалғыз Сейфуллин ғана емес, жалпы саны 250 милиондай Кеңестер Одағында тұратын 200-ден астам ұлт, одан қалды күні кешегі 1991 жылға дейін әлем халқының үштен біріндейі де сеніп келді. Сәкен де қазақтың бір ұлы ретінде заманының не бір «тар жол, тайғақ кешулерін» туған халқымен бірге жүріп өтті. Ол да – періште емес, пенде. Оның да үлкен лауазым иесі ретінде пендешілікпен кемшіліктер жібермеуі мүмкін емес.
Бір ғана Мағжанға қатысы хақында қаншама әңгіме бар; Сәкеннің ұлтшыл ақынды сынап, «Бір ақынға» деген өлең жазғаны да, кейін ақын түрмеден босанып елге келгенде, күн көрмешілігі тым қиындап кеткен кездерде оған қол ұшын созғаны да рас. Осы сияқты мысалдардың қаншасын іздесең, соншасын табуың мүмкін. Сондықтан да, тарихи тұлғаларға баға бергенде, оны не бірыңғай ақ, не бірыңғай қара тұрғыдан бағалаудан бас тартып, оны бар боуымен, болмысымен тануға ұмтылған абзал. Бар мәселе таразының қай жағы басым жатқандығына байланысты болса керек. Біздіңше, С.Сейфуллиннің пендешіліктерінен гөрі халқына жасаған қызметі, оның ішінде көркем әдебиетінің, сынының, ғылымының, мәдениетінің дамуына сіңірген еңбегі басым жатыр...
qazaquni.kz