БІР ТАМШЫ ҚАН
2016 ж. 19 қазан
6237
2
Сейіт Кенжеахметұлы дейтін ғұлама осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті. Жарықтық жан дүниесі отарланбай аман қалған жалғыз қазақ еді. Осы кісі мына бір әңгімені көп айтатын...
Торғай өңірінде Кәтен дейтін молда өткен екен. Бұхарда оқыған, қажыға барған, 1917 жылы Алашорда құрылғанда сүйінші ретінде ер-тұрманымен жүз ат берген... Кеңес үкіметі 1928 жылы молданы байталауға (кәмпескІ) салған. Қызылдар молданың мүлкін талап, тауысып, тәңертең оянса Кәтен жоқ. Сол кеткеннен мол кетеді. Артында қалған екі ұлын 31-дің аштығы жалмайды. Содан бертінде, немісті жеңіп тастап, жапа-тармағай тыңды игеріп жатқан тұста кенет Кәтен молда пайда болады. Ауылда молданың көзін көрген қариялар, яғни, шәкірттері бар кез. Бәрі «ой, бауырымдап» қарсы алады. Елдің жай-күйіне қаныққан соң Кәтен молда шәкірті Таласбайды оңаша шақырып алып, екі ұлының жай-жапсарын сұрайды. Таласбай молда көзіне жас алып, екі ұлының алапат аштықта өліп қалғанын жеткізеді. Катен олардың қайда жерленгенін сұрайды. Сәтін салғанда олардың қайда жерленгенін Таласбай біледі екен. Тіпті жерлеуіне қатысқан. Содан Таласбай ұстазын ертіп, бір дөңнің басына келіп тоқтайды. Таласбай айтады:
- Егер мен қателеспесем ұлдарыңыздың екеуі де дәл осы жерге жерленген. Ол кезде аштан өлгендерді топтап әкеліп көметін едік. Оншақты адамды қатар жерлегеміз. Сіздің ұлдарыңызды тап басып, мынау деп айта алмаймын, - дейді.
Кәтен молда үнсіз қолына күрек алып ескі моланы қазбақшы болады. Бірге келген жігіттер жалма-жан шым топырақты жарты сағатта қопарып, сарғайып кеткен сүйектерді сыртқа шығарады. Кәтен молда үнсіз күбірлеп дұға оқып отыр... Бетін сипап орнынан тұрады. Оншақты қаңқа басты топырақтың үстіне тіздіреді. Жағалай бір рет көріп шығып, қалтасынан ағаш қынды, мүйіз сапты шағын пышағын шығарады. Оның жүзін бармағынан бір сипап көріп, сұқ саусағын тіліп қан ағызады. Шет жақта тұрған қаңқаның маңдай сүйегіне бір тамшы қан тамызады. Қан сырғып ағып кетіпті. Екінші қанқаға тамызады, ол да ағып кетеді. Үшінші қаңқаға тамызған қан құмға сіңген судай сүйекке сіңіп жоқ болады. Сол кезде Кәтен молда, «ой, құлыным-ай» деп, қаңқа басты құшақтап жылапты. Осы әдіспен екінші ұлында тауып алып, екі қаңқаны құшақтаған күйі өзі де, сол жерде үзілген екен...
Бұл Сейіт ағамның айтқаны. Қазақта, «қаны бір» немесе «бір қаннан жаралған», «қанына тартып тұр», «қаны бірдің – жаны бір» дейтін тіркестер болушы еді. Расында Кәтен молданың ісі адам таңданарлық жағдай.
Бекен Қайратұлы,
Фейсбук парақшасы