Кейкі батырдың бет-бейнесін қалпына келтіру жұмыстары басталды (ФОТО)

13 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы (ОММ) Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің қолғабысымен Будапешт қаласына Кейкі батырдың бас сүйегі жеткізілді. Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайында ОММ-ның директоры Нұрсан Әлімбай Кейкі батырдың ДНҚ анализін жасау және оның бет бейнесін қалпына келтіру үшін Бас директор Золтан Коршошқа бас сүйекті табыс етті.

Реконструкциялық жұмыстармен мұражайдың антропологиялық бөлімінің басқарушысы Агнеш Куштар айналысады, деп хабарлайды Baq.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Кездесу шеңберінде Н. Әлімбай 1916 жылғы ұлт-азаттық қоғалысының көтерілістік әскерінің қолбасшысы Кейкі батырдың бас сүйегі 93 жылдан кейін туған еліне қайтарылып, оның бет бейнесін қалпына келтіруі барша Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиға болып саналатындығын атап өтті.

З. Коршош көрсетілген құрмет үшін қазақ тарапына алғысын білдіріп, мажар мамандары заманауи технологияларды пайдалана отырып, сапалы жұмысты орындайтындығына сендірді.

Биыл Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайы 214-жылдығын тойлайды. Оның ішінде 10 млн. астам экспонат сақталуда. Сонымен бірге, мұражайдың антропологиялық бөлімі 70-ке жуық бет бейнені қалпына келтіру жұмыс өткізді, оның ішінде Әбілқайыр ханның бет бейнесі де бар.

Мажар антропологтар Кейкі батырдың бет бейнесін қалпына келтіру жұмыстарды 2016 жылғы желтоқсанына дейін бітіріп тастауды жоспарлауда.