МӨҢКЕ БИ: АЛАШҰБАР ТІЛІҢ БОЛАДЫ, ДҮДӘМАЛДАУ ДІНІҢ БОЛАДЫ

3
18188

Картинки по запросу мөңке би

Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:

Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады…

Жас баладан биің болар,
Жас балшықтан үйің болар,
Ат жақсысы арбада болар,
Жігіт жақсысы саудада болар.

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсер інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір — жерге теңеледі,
Әйел — ерге теңеледі,
Көл — теңізге теңеледі.
Сиыр — өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы —
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны — ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
«Алһам» білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады…

Ақыр заман халқының
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашан да олардың
Көңілінің хошы жоқ.
Бар шаруасы түп-түгел
Енді мұның несі жоқ…

Заман ақыр боларда —
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе, «мә» дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар.

qazaquni.kz

3 ПІКІРЛЕР

  1. кандай корипкелдик биз казир сол Монке бабамыз айткан заманда омир сурип жатырмыз енди осымен кететин болармыз тузелуимиз кыйын болар

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз