Жақында мешiттерде ресми уағыздан кейiн қосымша оның орыс тiлiндегi түсiнiктемесiн беру ұсынылған болатын. Бұл мәселе төңiрегiнде қазiр қоғамда қызу пiкiрталас жүрiп жатыр. Бiреулер бұл дұрыс бастама десе, ендi бiреулер мұның қазақ тiлiне кесiрi тиедi деп алаңдайды. Бiз осы мәселеге орай депутаттардың пiкiрiн сұрап бiлдiк, - деп жазды baq.kz.
Депутаттар «Мешiтте орысша уағыз керек пе?» деген сұраққа жауап берді
2016 ж. 05 қазан
4076
2
Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан мәселенiң екi жағы бар екенiн айтады. Сондықтан жай-жапсарды жан-жақты зерделеген жөн.
«Бұл ендi келген жамағатқа байланысты. Мысалы, Солтүстiк Қазақстанда жамағат жаппай орыс тiлдi болып, құтпа қазақша оқылып, оны ел түсiнбесе, қалай болады деген ой бар. Екiншiден, қазақтың ұғымында дiни-жоралғылардың барлығы тек қана ұлтымызға ғана қатысты сияқты. Жеке өзiме оның орысша айтылуы құлаққа түрпiдей тиедi. Мұны да түсiнуге болады. Ендi ақиқат шамамен екеуiнiң арасында деп ойлаймын», - дейдi депутат.
Нұртай Сабильяновтың сөзiнше, мешiтке баратын жамағаттың баршасы дерлiк қазақ тiлiндегi уағызды түсiнедi. «Ал түсiнбейтiн азшылықтың тiлдi үйренгенi жөн болар» деген пiкiрде депутат.
«Бiреу түсiнбейдi екен» деп жатса, онда келетiн адамдар қазақша үйрену керек деп есептеймiн. Мешiттерге өзiмiздiң қазақ азаматтары барады. Мешiтке барып жүрген азаматтардың 98 пайызы қазақ тiлiнде жақсы түсiнiп, жақсы қабылдайды. Мүмкiн кей жерлерде қазақ тiлiндегi уағызды түсiнбейтiндей жағдай бар шығар. Оны қоғам өзi реттеуi керек. Ең бастысы, дұрыс уағыз айтып, соны жеткiзу. Әйтпесе, қоғамымызда әр түрлi уағыз айтатын адамдар бар. Маңыздысы, қай тiлде айтқанда емес, халыққа жақын жеткiзе бiлуде болып отыр. Жақсы уағыз айтатын азамат болса, адамдар оны қай тiлде болса да тыңдайды, түсiнедi», - дейдi Н.Сабильянов.
Мәжiлiс депутаты Ахмет Мұрадов қажеттiлiк болған жағдайда, уағызды орысша да айтуға болады деп есептейдi.
«Әрине, көп жамағат болған жерде, уағыз қазақша оқылуы керек. Бiрақ түрлi ұлт өкiлдерi келетiн мешiттер бар. Олар уағыз тыңдап, түсiнгiсi келедi. Осы адамдарға уағызды орысша түсiндiрiп кеткенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мәселен, Алматыда «Вайнах» мешiтi бар, онда уағыз қазақша, орысша және шешен тiлiнде оқылады. Әркiмге Жаратқанның сөзiн жеткiзуге тырысады», - деген пiкiрiн бiлдiрдi ол.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Сенаттың бұрынғы депутаты Нұрлан Оразалиннiң пайымдауынша, мешiтте қазақша уағыз оқылған соң, қосымша оның орыс тiлiнде түсiнiктемесiн берудiң еш әбестiгi жоқ.
«Орысша сөйлейтiн мұсылмандар бар ғой. Оның зияны жоқ деп ойлаймын. Дiнде тiл емес, дiнде ұғым, сенiм, наным деген болу керек. Орысша насихаттау тиiмдi болса, оның ешқандай зияны жоқ. Тек дiнге, қоғамға қарсы болмау керек, ондай жағдайда тоқтату қажет. Қазақ елiнiң тұтастығына қарсы болмауы тиiс», - дейдi сенатор.
Айта кетсек, имамдардың уағызын толық түсінбейтін дiндарлар бар болғандықтан, көпұлтты елдi мекендердегi жекелеген мешiттерде қосымша орыс тілінде түсiнiктеме беру ұсынылып отыр. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінiң уәжi бойынша қазақша уағызды түсiнбеген азаматтар ислам туралы ақпаратты ресми емес дереккөздерден, оның ішінде теріс діни ағым ұстанушыларынан алуға мәжбүр. Ендi Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағаттың пікірiн ескере отырып, осы мәселе бойынша шешiм қабылдайтын болады.