ӘЙЕЛ ҚАУЫМЫНЫҢ ИСЛАМДАҒЫ ОРНЫ ЖӘНЕ ӘДЕБІ
2011 ж. 01 наурыз
4892
2
Ұлы Аллаһ Тағала әйел қауымының орны мен дәрежесі және әдебі жөнінде Құран-Каримде көптеген жерінде ашық баяндаған. Кешегі атеистік қоғамда ер мен әйелдің құқығы тең деп, әйелге еркек жұмысын істетіп езсе, бүгінгі таңдағы әйелдер еркектен неміз кем, дәрежеміз тең деп әйелге тән нәзіктіктен айырылып, оспадарлыққа ойысып барады. Әйел затының құндылығын оның еркектермен тең еместігімен өлшеуге болмайды. Керісінше, әйелдермен тең деп қарау-оларға жасалған қиянат. Жай ғана мысал келтірер болсақ, әйел затының еркекке нәсіп болмаған бала тууын, аналық қасиетіне көрсоқырлықпен қарау. Әйел затының орны мен дәрежесі жайында Ұлы Аллаһ-Тағала Құран-Каримде Ниса сүресінің 34-аятында былай дейді: «Біріңді-біріңнен күш-қуат, соғысқа қатысу жақта еркектерді әйелдерден артықша жаратқандықтан және ерлердің мал-мүлкін сарып қылғандығынан әйелдердің нәпақасы ерлерге жүктелгендіктен еркектер әйелдердің қорғаушысы болып қалды» деп белгілеген. Міне, осы аяттың мазмұнынан еркектердің әйелдерден артық жаратылғанын, алайда әйелдердің еркектер қамқорлығында екенін айқын көре аламыз. Санасын дінсіздік жайлаған жандар туған баланың қыз екендігіне қайғырса, тіпті кейбіреулері іштегі қыз баланы түсіріп тастайтындай зұлымдыққа барып жатады. Кіршіксіз исламда мұндай сорақылыққа әсте жол берілмейді. Бұған дәлел ретінде Құран-Каримде (Шура сүресі 49-50-аят) былай дейді: «Қалағанына қыз нәсіп етеді, қалағанына ұл нәсіп етеді. Немесе ұл мен қызды аралас береді. Қаласа тумайтын бедеу етіп те қояды» десе, сүйікті пайғамбарымыз: «Қызды ұрпағым демеген үмбетім емес»-деп одан әрі бекемдейді. Әйел қауымының құқығын қызғыштай қорғайды. Әйел затының жаратылысынан нәзік, сынақтарға шыдамсыздығына байланысты ерлі-зайыптылар арасындағы талақ құқығын еркектерге тән қылған ислам даналығы негізінде әйел құқығын қорлау дейтін ұшқары пікір иелеріне мынаны айтқымыз келеді: «Оларға ажырасып ғидат күткен әйелдерге шамаларың жетісінше өз үйлеріңнен орын беріңдер. Оларды зорлап, тарықтырмаңдар. Егер олар жүкті болса, босанғанға дейін тұрмысын қамдаңдар. Олар сендерге тәуелді. Баланы емізсе, сүт ақысын беріңдер. Егер де келісе алмасаңдар баланы басқа әйел емізсін» (Талақ сүресі 6-аят) деп некеден айырылысып кеткен әйелдігімен еркектерге қамқорлық құшағына бөлеуге бұйырады. Әйел заты өзінің исламдағы құндылығын толық түсінген болса, еркектермен дәреже таласқанды қойып, Жаратқанға сансыз шүкір айтар еді. Ал, әйел затының исламдағы әдебіне келер болсақ, ең әуелі, Құранға жүгінейік: «Жақсы әйелдер – бойұсынушылар, олар күйеуі жоқ кезде Алланың панасында жабық нәрселерін (арын) қорғаушылар болып саналады» (Ниса сүресі 34-аят). Бұл аятта жақсы әйел болудың алғы шарты имандылық, ашығырақ айтсақ бойұсынған күйеуі бар-жоқ кезде бірдей болып, өзінің ар-намысына ақау түсірмейтін адалдығы айтылса, қоғамдағы жүріс-тұрыс әрекеті, киінуі, ұятты жерлерін кімдерден сақтау керектігі жөнінде Нұр сүресінің 31-аятында былай егжей-тегжейлі баяндайды: «Мүмін әйелдерге де айт (бөгде еркектерге) қадалып қарамасын. Тәндерін жауып жүрсін. Сыртқы зейнеттерінен (бет, қол, аяқ, сияқты көріну мүшелерінен) басқа зейнеттерін (мүшелерін) көрсетпесін. Бүркеніштерімен омырауларын жапсын, (жабық зейнеттерін (мүшелерін) күйеулерінен, әкелерінен, қайын аталарынан, өз ұлдарынан немесе өгей ұлдарынан, өз аға-бауырларынан немесе аға-бауырларының ұлдарынан, әпке-сіңілілерінің ұлдарынан, мұсылман әйелдерден, қолдарындағы күңдерден, әйелге жуымас (қартайған, белсіз) қызметшілерден немесе әйелдердің ауратын ұқпайтын (балағатқа толмаған) балалардан басқа адамдарға көрсетпесін) Жабық зейнеттерін басқаларға көрсетпек үшін аяқтарымен жерді теппесін. Ей, мүміндер, тілекке жетеміз десеңдер, түгелдей Аллаға тәубе қылыңдар» деп қыз баланы аманат ретінде аялап, әйелге тән ұяңдыққа тәрбиелеп, қазіргідей есі кеткен «еркіндікке» шектеу қойған. Ұлтымыз әйелдерінің киімдері кең, етек-жеңі ұзын болып, кимешек, шылауыш жамылып, шаштың шашауын шығармай, ұятты жерлерін жабық ұстаған. «Есті қыз етегін жауып жүреді» деген тамаша тұжырымды сөз, міне, осының айғағы емес пе?!
Шәдетхан Боғдабайұлы