Шаңырақтың шайқалуына не себеп?
2011 ж. 01 наурыз
2159
1
Ақ көйлек киіп, армандап, «бізді тек өлім ғана ажыратады» деп, некелерін қиғызған отбасылардың арасында ажырасу жиілеп барады. Қазақ халқы үшін кезінде сүйекке таңба саналатын осы келеңсіздік қазіргі таңда үйреншікті жағдайға айналып кетті. Ата-бабаларымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаса керек. Отбасын құру алаулаған сезімге бой алдыру емес, ол үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Бүгінде үйленіп, артынан ажырасып жатса, оған ешкім мән бермейді. Себебі етіміз үйреніп, қанымызға сіңіп те үлгерді.
Ертеде ата-бабаларымыз екі жас бас қосқанда ақылдарын айтып, баталарын берген. Ал ажырасу деген мүлде болмаған десек те болады. Үйге қайтып келген қызды ағайын-туыстары, тіпті ру, ел болып ортаға салып, пәтуаға келтіріп отырған. Алайда, бүгінде бірінің ісіне бірі араласпайды. Егер араласа қалса шаруаларың болмасын, өзіміз білеміз деп сөйлей жөнеледі. Көптеген ата-аналарға таң қаласың. Қыздары тұрмыс құрып, балалы-шағалы болып жатса да сәл нәрсеге ренжісіп қалса болғаны, үйлеріне қарай шаба жөнеледі. Осындай жағдайда ата-анасы ақылдарын айтудың орнына, үйге кел, кімнің қызы қайтып келмей жатыр, саған басқа күйеу табылады деп, кеңес беріп жатады. Шаңырақ көтермес бұрын, екі жас бір-бірін әбден танып, қыр-сырын біліп, ертеңгі күні жақсы отбасы бола аламыз-ау деген жағдайда ғана бас қосу керек. Алла тағала еркек пен әйелді мүлде екі бөлек етіп жаратқан. Еркектер қауымы мақтанқұмар, атаққұмар болып келеді де, көп жағдайда мырзашылық танытады. Осындай тұста әйел адамы оған күш беріп, қолдап отыруы керек. Ал, әйелдер сұлулыққа құмарлығы, нәзіктігі, әдемілігі өзіне үнемі назар аудару керектігін қажет етеді, бұл Алладан дарыған қасиет. Осындай тұста ер адамдарымыз әйелдерді де бағалап отырса дұрыс болады. Бірақ, мұндай жағдайлар керісінше болып жатады, бір-бірін түсінгісі келмей, өзімшілдікті жоғары қойып, тырнақ астынан кір іздейді. Атақты жазушы, психолог Достаевский өзінің қанатты сөздерінде үйленетін адамдар бір-біріне бейімделіп, оларға шаңырақ құру үшін үлкен төзімділік, сабырлылық керек екенін айтып кеткен. Шын мәнінде, бір-бірінің кемшілігін беттеріне айтып, салғыласып жататын отбасылардың түтіннің түзу шықпасы анық. Сондай-ақ, бұрынғы кезде отбасында басшылық рөлді еркек адам атқарған, ер адам үнемі түзде болып, әйел адам сол үйдің түтінін түтетіп отырған. Ал қазіргі таңда әйелдеріміз көп жағдайда қоғамда болсын, үйде болсын басшылықты қолға алып жүргені белгілі. Бұл да ажырасудың бір себебі. Әйел заты басшылықты қолына алып, үстемдік жасап отырғанда ер адам абдырап, іштей қорлана бастайды. Бұл оның табиғатына қайшы. Статистикалық мәліметтер бойынша, жылдың басында он отбасы отау тіксе, соның жетеуі ажырасып үлгереді екен. Бұған бей-жай қарауға болмайды, бір шаралар қолдану керек. Мысалы, жоғалып бара жатқан үнді тайпаларында үйленіміз деген екі жасты қолдарына азық-түлік, киім-кешек бермей, жыртқыш аңдар мекендейтін ну орманға жібереді екен. Сол жерден барлық қиындықтардан аман-шыққан жағдайда ғана үлкендер келісімдерін беріп, шаңырақ көтереді. Біздің ата-бабаларымыз да ұл-қыздарына өте жақсы тәбие бере білген. Ұлына болашақ әке ретінде, қызына болашақ ана ретінде қарап, үлкен өмірге бейімдеген. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласына дұрыс қарап, болашағын бесіктен бастап тәрбиелеген жөн. Әйел таңдау кез-келген ер азаматтың басына түсетін іс. «Жақсы әйел алғанның үйінен ырысы кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрысы кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаса керек. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда өзіңмен бірге болып, тұрмыс кешетін, ұрпағыңды өсіретін от анасы және отбасының тірегі бола білетін отағасын таңдау оңайға түспейді. Сондықтан да ертеңгі күні өкініп қалмас үшін, жеті рет өлшеп бір рет кесетін жастарымыз көбейіп жатса, еліміздің ертеңі еңселі болатыны сөзсіз.
Әсел РЗАЕВА