Ұлықбек Есдәулет: Рүстемнің соңғы спектаклі қойылмай қалды

2
4116

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулетпен інісі, өмірден ерте озған дарынды театр режиссері, ақын, «Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулет шығармашылығы жөнінде сұхбат.

Өскеменде ертеңнен бастап үш күн бойы (23-25 қыркүйекте) Рүстем Есдәулетов атындағы I Республикалық жастар және студенттер театры фестивалі өтейін деп жатыр. Соған орай оның ағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет Caravan.kz тілшісіне туған бауыры жайлы әдемі естелік айтып берді.

– Рүстем көз алдыңызда өскен шығар? Бала кезінде бір ерекшелігі, таланты байқалатын ба еді?

– Рүстем шал-кемпірдің кенжесі, ауылда өсті. Мектепте жүргенде мектепаралық айтыстарға қатысып жүргенін естідім. Өлеңді суырып салып шығаратын өнерін де байқадым. Бала кезінде оған әзілдеп, бір шумақ өлең шығарып едім, жауабын ұйқаспен төгіп-төгіп жіберген. Әрі риза болып, әрі қайран қалып едім. Не туралы екенін ұмытып қалыппын. Зайсанда музыка мектебінде оқыған, пианино да тартатын. Жабайы қоян мен сирек құстар өсіретін. Шабандоздығы да бар, жүйрік ат, құмай тазы ұстайтын.

Ақындығы сізге тартқан ба? Әлде бұл әулеттеріңізде бұрыннан бар қасиет пе?

– Ақындық біздің қанымызда бар. Әкеміз де, шешеміз де қаражаяу емес болатын. Әсіресе, нағашылар жағында билерше толғап сөйлеп, толғау айтып, тіпті батаның өзін суырып салушылар аз болмаған. Шешемнің туған сіңлісі Гүлнәр Салықбаеваның ақындығын айтсам да жетер.

Өлең жазғанда, сізге көрсетіп алушы ма еді? Бағыт-бағдар берген шығарсыз?

– Ешқашан өлеңін көрсеткен емес. Ер жеткенше өлең жазатынын білгенім жоқ. Мектеп бітіргенде Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры, досым Талғат Теменовке өзім жетелеп апарып, «еті сенікі, сүйегі менікі» деп тапсырғанмын. Сонда режиссерлік факультетте оқып жүргенінде драма саласынан У.Шекспир, М. Әуезов, т.б. классиктердің кітаптарын тауып бергенім, «режиссер болу үшін білімге қоса білік те, мінез де керек» деп ақыл-кеңес айтқаным есімде. Кейінірек Алматыда өткен жыр мүшайраларына қатысып, жүлдегер атанып жүргенін ести бастадым. Мен ол кезде Астанада едім. Сол тұста ғана оның «Бөрінама» атты тұңғыш кітабын қолжазбасынан оқып, талантты ақын екеніне көзім жеткен болатын. Кейін Фариза апайдың дәуірінде «Шабыт» фестивалінің Гран-При жүлдесін де жеңіп алды.

Бойында сан алуан таланты бар ерекше азамат еді. Режиссер, театр және кино актері, ақын, прозашы, драматург болды. Сондай адамға бұл жалғаннан 31 жас қана бұйырыпты. Қайтыс болған кезінде дәрігерлер неден екенін журналистерге ашып айтпады. Біреулер өкпесі қабыныпты деді. Солай ма?

– Қос өкпесі қабынғаны рас. Суық оңбай тиіп, уақытында емделмей, асқындырып алған. Рүстем өзін еш аямай, шын беріліп жұмыс істейтіндердің санатынан еді. Жарғақ құлағы жастыққа тимейтін еңбекқор дарын. Театрда директорлығына қоса көркемдік жетекші ретінде көптеген спектакльдер қоюмен қатар сценарийлер мен пьесалар, өлеңдер жазып, «Обратная сторона», «Лавэ» фильмдеріне түсті, өзі де режиссерлық жасап, «Бес тиын», «Уылдырық» (аяқталмай қалған) фильмдерін түсірді. Облыстағы барлық мәдени шаралар мен күллі кештердің бәріне қоюшы-режиссерлік жасап жүрді. Әрі театрды күрделі жөндеуден өткізумен айналысты. Сол тұста «Туған елге тағзым» деген атпен барлық аудандар әрбір апта сайын кезегімен облыс орталығында өнер көрсетіп, концерттер қойып, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырды. Ешкімге «жоқ» деп айтуды білмейтін ақкөңіл Рүстем қоюшы-режиссер ретінде соқыр тиын сұрамай-ақ сол мәдени шаралардың күллісінің басы-қасында жүрді. Оның бұл қойылымдары бір біріне ұқсамай, бірінен бірі асып түсіп жататын еді деседі. Шындығында бұл – оның туған елге өз тағзымы еді. Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын маған телефон соқты. Дауысы жарқын-жарқын шығып:

«Ұлықбек, бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, біздің театрдың күрделі жөндеуін көріп, қатты риза болды. Сахнаның экспериментальдық драмалар қоюға арналған жабдықтары мен тетіктерін көріп, шынымен қуанды. Біздің сахнада енді жаңбыр да жауады, күн де жарқылдайды, теңіз де толқиды, боран да соғады, күн де шығады, қысқасы, бәрін орнаттым. Әттең, театрымыз тарлық қылып тұр. Бөлінген ақшаны әйтеуір жеткіздім. Содан әкім менің жасатқан жобам бойынша жаңа театр салып беремін деп уәде берді. Қатты қуанып тұрмын! Күні-түні жұмыс істедік қой. Бірақ, осы күйімде дене қызуым 40 градус болып, ауырып тұрмын»,- деді.

«Күрделі жөндеуің де, әкіміңнің арқаңнан қаққаны да дұрыс шығар. Бірақ, өз денсаулығыңды ойламайсың ба? «Жұмыс, жұмыс» деп жүріп өлемісің? Сөзді қой да, дәрігерге қарал!» деп ұрысқан болдым. «Өзім де енді бүгін ауруханаға жатайын деп тұрмын. Бала-шағаға менің тұмауым жұға ма деп, бәрін Риза апай үйіне алып кетті» деп жауап берді Рүстем. Бірақ ол ауруханада байыздап жатпапты. Қысқасы жатқызбапты. Ертеңіне сөзін жықпайтын, өзі сыйласып жүрген бір аға әріптесінің қолқасын қимай, рұқсат етпеген дәрігерлерге қолхат жазып беріп, ауруханадан шығып, Өскеменге тосыннан келген бір халық артисінің концертін жедел ұйымдастырыпты. Концерт тамаша өткен көрінеді. Ол басына күлапарасын бүркеніп, өңі қарауытып, соңына дейін жүріпті. Сөйтіп, ертеңіне ауруханаға қайта барғанында сол екі күн ішінде ауру әбден асқынып кеткен екен. Қызуын түсіргенімен ешбір дәрі-дәрмек әсер ете алмапты… Осылайша, өз отына өзі өртеніп кетті.

2009 жылдың қарашасында қайтыс болды ғой. Ғаламторды ақтарып отырсам, соның алдында ғана орыс жазушысы Антон Чеховтың «Шағала» атты пьесасын Рүстемнің қазақша қойғаны туралы хабарлар жүр. Демек, ол шығармашылық шабыты шарықтап, толысып тұрған кезінде кетіпті ғой…

-Оны Алматыда «Хабар» арнасының қазақ тілін үйрететін «Құрметті редакция» деп аталатын телехабарының 40 сериясына түсіп, әрі «Қазақстан» арнасында хабар жүргізіп жүрген кезінде Шығыс Қазақстан облыстық театрының жаңа ашылған қазақ труппасы бір-екі спектакль қоюға шақырды. Оның қойған спектакльдеріне аншлаг болып, риза болған облыс басшылары бас режиссерлік қызметке шақырып, пәтер беруге уәде етті. Ол содан Өскеменге отбасымен көшіп барды. Қара шаңырақтың иесі болғандықтан шешеміз оның қолында болатын. Келініміз Маржан өзімен қатар оқыған, қуыршақ театрының артисі. Рүстем содан 7-8 жыл ішінде 25 спектакль қойып, алыс-жақын фестивальдардың нешеуінен жүлде алып, Өскемен театрының атын шығарып, шетелдерге дейін танытты. Сол фестивальдарға труппасын апаруға қаржыны жүгіріп жүріп өзі табатын. Сөйтіп аз жылда Өскемен тұрғындарын театрсүйер қауымға айналдырды. Ол қабілетті артистерді өзі таңдап тауып алып, арнайы білімі жоқтарды оқытып алатын. Өнер академиясында өзін оқытқан ұстаздарын шақыртып, шеберлік сыныбын өткізіп жататын.

Өз спектакльдерінде батыл эксперименттерге баратын еді. Мысалы, Аймауытовтың «Ақбілек» драмасында ол ақтың офицерлерінің ролінде орыс театрының актерлерін ойнатты. (Бұл спектаклді түгелімен киногер Халила Омаров таспаға түсіріп алған). Талаптан Ахметжановтың пьесасын қойғанда да пәтер иелерінің ролін орыс артистері ойнады.Чеховтың «Шағаласы» оның шығармашылығының бір елеулі белесі болды. Дулат Исабековтың «Актриса» қойылымында сахнада жаңбыр жауғызған. Ал оның Уфада бас жүлде алған, Түркияда және Қарағандыда жүлдегер атанған «Атымды адам қойған соң» атты спектаклі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің, түрік тілдес елдер театртанушыларының ыстық ықыласына бөленген қойылым. Бұл пьесада күнаһар адамдар кәдімгі сары балшыққа аунап жататын. Рүстемнің театрының актерлері өз рольдерін Қырғыз сахнасында қырғыз тілінде, Түрік елінде түрік тілінде ойнай беретін еді. Оның соңғы жұмысы – түрік драматургінің «Көшкін» драмасы Жамбыл атындағы орыс театрында қойылуы керек еді. Жарнамада көрсетілген тұсаукесері күні Рүстем Есдәулеттің жерлеуі болды… Спектакль сол күйі қойылмай қалды.

Жас та болса бас болып, Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры қызметін атқарды. Сол театрды басқарған 7-8 жылында, өзіңіз айтқандай, 25 қойылым жасапты, бірнеше фестивальге қатысыпты. Бір нәрсеге асыққандай ма, қалай?

– Ол сол кезде Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Санкт-Петербургтегі атақты режиссер Додиннің экспериментальдық театр-студиясында төрт жыл оқыды. Абай атамыздың өлеңдері желісімен қойған «Атымды адам қойған соң» атты драмасы оның дипломдық жұмысы болатын. Ол сол кезде: «Жақында Шенген визасын алып, бүкіл Европа театрларын аралаймыз, содан кейін әрқайсымыз өзіміздің дипломдық спектаклімізді сол Батыс елдерінің бірінде қоятын болдық» деп қуанып жүрген. Ол шындығында да әлденеге, әлдеқайда асығып жүретін. Өскеменнен келе салып, шайға, тамаққа да қарамастан: «Асанәлі ағаға жолығатын шұғыл шаруам бар», немесе, «Маман Байсеркенов ағаға баруым керек» деп, алқын-жұлқын шыға жөнелетін. Кейін қайтыс болғаннан соң естуімше, оған студент кезінде бір көріпкел әйел: «Отыз жасың аса қауіпті, одан аман өтсең – ұзақ жасайсың» деген көрінеді-мыс. Ол отызға толғанын атап өткеннен кейін де біраз уақыт көңілі күпті болып жүрген сияқты. Себебі, бір күні түнде ұйқысынан оянып: «Я – непобедим!» деп айқайлап, кеудесін тоқпақтапты. Қауіпті өткелден аман өттім деп қуанған болуы керек. Бірақ…

Марқұм ініңіздің артында қалған төрт баласы мен келініңізді көріп тұратын шығарсыз? Қазір олардың жағдайы қалай? Әкесінің жолын қуғысы келетіндері бар ма?

-Олар қазір Алматыда әке-шешемізден қалған шағын үйде тұрады. Үнемі хабарласып отырамыз. Үлкені Олжас 16 жасқа толды. Ботагөз, Ханзада, Нұрзада деген қыздары бар. Кейінгі екі қызының атын Рүстемнің ұстазы Асанәлі Әшімов қойған. Бәрі де Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте оқиды, кішісі 1-сыныпқа жақында барды. Келініміз Маржан өзі бітірген Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаз болып істейді. Магистратураны аяқтағанда Рүстем Есдәулеттің шығармашылығынан диссертация қорғады. Біздің шешеміз дүние салғаннан кейін, балаларды қарасуға Астанадан өз анасы – құдағиымыз келген. Негізі театралдар отбасында туғаннан ба, балаларының бәрінде өнерге бейімділік байқалады. Қай-қайсысы да қазірдің өзінде-ақ кино мен сахнаға сұранып тұрғандай. Әсіресе, Ханзада жұлқынып тұр.

Рүстем бір өлеңінде:

«Бар жүрекке жылу шашып өлеңім,

Өскеменнен театр ашсам деп едім.

Қаламыздың қақ төрінде қазақтың

Сахнасын түсімде де көремін.

Иә, түсімде сұлу, әсем ғимарат,

Сарайында қаракөздер жиналад.

Фойесінде Оралханның мүсіні

Спектакль көретіндей тұр қарап»

депті. Өкінішке қарай, ол арманына жете алмай кетті. Есесіне ертеңнен бастап үш күн қатарынан тұңғыш рет Рүстем Есдәулетов атындағы Республикалық жастар және студенттер театры фестивалі өзі армандаған Өскемен төріндегі жаңа ғимаратта өтпек. Осы шара жөнінде айта кетсеңіз…

-Бұл шараның ұйымдастырылуы біз үшін үлкен қуаныш. Рүстемнің өзі сызған жобамен салынған жаңа театрға кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Рүстем Есдәулеттің есімі беріледі деп, ел алдында айтып,сұхбат беріп жүріп еді. Бірақ театр салынып бітпестен, ауысып кетті де, есімі берілмей қалды. Қазір жаңа театрдың заты бар, аты жоқ. Фойесінде Рүстемнің өзінің мүсіні тұр. Өзі айтқан Оралхан ағасындай, спектакль көретіндей қарап тұр. Жақында мәдениет пен өнер жанашыры, әлеуметтік саланың жетік білгірі Иманғали Тасмағамбетов Премьер-Министрдің орынбасары болып келгеннен бері, бұл мәселенің сеңі орнынан қозғалатын шығар деген үміт пайда болды. Өйткені ол Рүстемнің өнеріне көңілі толып, өзі әкім болып тұрғандда Астана театрына басшылыққа шақырған болатын. Бірақ, Рүстем Өскеменнен жеті жыл күткен пәтерінің кілті қолына әне-міне тиер-тимес болып тұрған кезде қызмет ауыстыра алмап еді. Артынша дүниеден өтіп кетті.

Ал бұл фестивалді ұйымдастырушы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар менімен әңгімелескенде бұл шараны дәстүрлі түрде өткізер болса, жастар театрын дамытуға серпін беретін қозғаушы күшке айналатынына сенім білдірді. Лайым, солай болсын деп тілейік.

 

2 ПІКІРЛЕР

  1. Жер-Ананың ыстық құшағынан жалындап шығып, өнер көгіне самғап, қысқа ғұмырында ел-жұртының көз қуанышы, көңіл сүйініші, үкілі үміті болған қайран қарағым Рүстем-ай!.. Сені бір-ақ рет көрдім. «Жақсы атағыңа қанықпын, қуанып жүрмін. Бақытты бол, жүз жаса!» деп бетіңнен сүйіп едім… Е, дүние, дүние… тілектеріміз түгел қабыл бола берген бе… сол тілегімді «Рүстем-жан, сен – өзі ағып түссе де, ізі өшпес Жұлдызға айналдың» деген сеніміме жалғағанмын. Ол – жап-жас Рүстем Есдәулетовтің талантын тани білген, жарқын істеріне куә болған миллиондардың сенімі, дей аламын!.. Шапағат-ұлағатың ұрпағыңның шаңырағын биіктеткей! :oilanu:

  2. Ұлықбек Есдәулет: Рүстемнің соңғы спектаклі қойылмай қалды
    Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулетпен інісі, өмірден ерте озған дарынды театр режиссері, ақын, «Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулет шығармашылығы жөнінде сұхбат.
    http://www.qazaquni.kz/2016/09/24/58405.html

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз