Қайрат Нұртас: Нағыз рухани демалыс – Меккеде
2016 ж. 22 қыркүйек
4384
0
Қазақтың қайратты ұлының қажылық сапарға барып келгені жайлы біраз сайттар жазды, өзіндік болжам да жасады, өзара пікір алмасты. Тіпті, әлеуметтік желілерге әншінің қажылықта жүріп жариялаған видеосы қызу талқыланды. Бірі мұсылман бауыры үшін шынайы қуанып жатса, енді бірі бұл ісін рия, құр мақтаныш үшін деп қабылдады. Шын мәнінде Қайрат Нұртастың қасиетті Қағбадан алған әсері қандай еді? Әнші «Асыл арна»телеарнасына берген сұхбатында өз ойымен бөлісті.
«Тіл ұшында тұрған үшінші дұғамды айта алмадым…»
– Ассалаумағалейкум, Қайрат! Жақында сіздің кіші қажылық сапарына барып келгеніңізді әлеуметтік желілер арқылы естіп, білдік. Алған әсеріңізді өз аузыңыздан естісек…
– Уағалейкумассалам! Иә, Алланың қалауымен умра қажылығына аман-есен барып келдім. Көптен бері ойымда жүрген армандарымның бірі еді. Ол әсерді көрмей, білмей ешкім шынайы сезе алмайды екен. Жолы түсіп, барып, құлшылығын өтеп келген кез-келген мұсылман барғанына разы шығар. Маған да осындай сауапты сапарды нәсіп еткені үшін шүкіршілік айтамын. Қажылыққа барған алғашқы күндері ішімнен тынып, әсерімді сыртқа шығара алмай, біраз булығып жүрдім. Қағбадағы қара тасты сүйсем деп ниет етіп, ғұсыл құйынып, Қағбаға бет алдым. Алла ниетімді қабыл алып, қара тасқа жеттім, сүйдім – сол сәтім ешқашан есімнен кетпейтін шығар. «Алла, отбасымыз бен барлығымыздың жүрегімізге иман бере көр, еліміздің тыныштығын тұрақты ет» деп екі тілегімді айтып үлгердім. Тілімнің ұшында тұрған үшінші дұғамды айтып үлгермедім. Халықтың нөпірі толқындай күшті болғандықтан, сол заматта-ақ шетке ысырып жіберді. Еріксіз көзіме жас келді… Өте ерекше әсер. Қайталанбайтын сезім. Шынымды айтсам, осы кезге дейін менің өмірімде мұндай жеңіс болған емес. Айналамда қаншама мұсылман үмітпен қара тасқа қарай қолын созып жатты. Олардың әрқайсысының жүрегінде ең аяулы, ең қымбат тілектің бар екендігін, сол армандарын айтуға оқталып тұрғанын көздеріндегі қуаныштың ұшқыны айтып тұрғандай. Мен сол сәтте әлемнің әр қиырынан жол азабын шегіп Меккеге жеткен барлық мұсылманның ең ізгі тілектері қабыл болса екен деп тіледім…
Осы сапарда нені ойға алдым, іштей нені қаладым, бәрі орындалып жатты, Аллаға шүкір. Кейін қасиетті Мәдина қаласына бардық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мешітіне барып, намаз оқыдық. Тілі, түсі, ұлты, мемлекеті әртүрлі болғанмен, діні, жүрегі бір күллі мұсылман баласының басын бір жерде қосқан Алла неткен мейірімді еді! Осындай кереметті көріп тұрып, тағы да армандадым. Ол арманым – үлкен қажылыққа бару. Қағбаны көрген адам екінші рет тағы да барғысы келіп тұратындай, ерекше сезіммен оралады екен. Меніңше, нағыз рухани демалыс – Меккеде. Бір жағынан парызыңды өтейсің, екінші жағынан адам тәубеге келіп қалады екен…
– Бұл сапарыңыздың сіз үшін маңызы қандай? Сізді содан кейін сынап жазғандар да болды ғой…
– Мекке мен Мәдинаға сапарым – мен үшін тәрбие мектебі. Ойым тұрақталғандай, иманым күшейгендей. Иә, мені сынға алған сайттар, посттар болды. Бірақ ол жазбаларды мән беріп, ден қойып, зер салып оқыған жоқпын. Айналамдағы жанашыр жандардан ғана шет жағасын естідім.
Біріншіден, елге ерсі ешнәрсе көрсеткенім жоқ. Болмаса, түнгі клубтарға шақырып, түтін түтеткенді жарнамалап жатқаным жоқ. Екіншіден, ниетім – жастарға үлгі болатын нәрсе көрсеткім келді. Әйтпесе, әлемнің ең ірі деген шаһарларында, қымбат ресторандары мен демалыс айлақтарында болып жүрміз ғой. Ішкен-жегенің мен қыдырып-тыныстағаныңмен мақтанатын жастан баяғыда өтіп кеткенмін. «Қасиетті жерге Қайрат ағамыз барған екен» деп қаншама жас өрен ниет етеді, Пайғамбар (с.ғ.с) сүннет тарқатып, Құран түскен қасиетті қос шаһарға, сауабы жүз мың еселенетін әл-Харам мешітіне бармаққа ынталанады. Сол мақсатпен ғана түсірген видеомды шығардым. Әйтпесе, ешқандай да мақтаныш, рия үшін емес. Соның өзінде ұяла, қысыла отырып жарияладым. Сол жақта түскен кейбір суреттерімді кешегі Құрбан айт мерекесінде жариялағым келді. Бірақ әлеуметтік желідегі оқырмандарым қате түсініп қалар деп тартыншақтадым…
«Сын сөзді естияр кісілердің айтқаны жақсы»
– Сын пікірлерге қалай қарайсыз? Дұрыс жағын мақұлдайтын, пікірмен келісетін тұстарыңыз бола ма?
– Әлбетте, кейбір сын пікірлермен келісемін. Мысалы, менің ең үлкен, ең бірінші сыншым – әкем. Ол кісінің кейде қабағымен жасқап, кейде оңаша шақырып алып артық-ауыс кетіп жатқан мінезіміздегі кейбір кедір-бұдырымды тезге салып түзеп тұратын кездері бар. Жөн сөзге ессіз ғана тоқтамайтын болар. Сондықтан, орнықты ой болса, ықыласпен құлақ асамыз ғой.
Бірақ сын айту мәдениеті деген бар. Мінін айтып отырған кісіңізді ренжітіп алмайтындай, көңіліне тимейтіндей етіп, дүйім елдің көзінше былш еткізбей, әбден жеті рет өлшеп барып жұмсақтап айтқан жөн болар. Өйткені, адамның көңілінен аяулы не бар? Біліп-білмей істеп жүрген кейбір кемшілігін тарс еткізіп айта салғанннан ол адам түзеліп кете сала ма? Егер ниетіміз жанашарлық болса, сынап отырған адамыңызды ренжітіп алмау жағын да қоса есептеген дұрыс-ау. Мен туралы айтылатын сөздерге ренжулімін дегенім емес, айтайын дегенім, сын сөзді естияр кісілердің айтқаны жақсы.
– Сізді жасырын жақсылықты көп жасайды деп естиміз. Қаншалықты рас? Және сіз үшін ең жақсы қайырымдылық қайсы?
– Адам баласы жалғыздықта өмір сүре алмайды ғой. Әрдайым арқа сүйейтін адамға мұқтаж болады. Біз бір ел боп, қазақы қауым боп өмір сүріп жатқан соң, елдің азаматы боп азды-көпті атымыз шыққандықтан, қолымыздан кеп жатса, айналамыздағы кісілердің титтей де болса көмегіне жарап, қиюы келмей тұрған кейбір ісіне септесе жүргеннің сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. «Инстаграм» парақшама жазылған болсаңыз, өзіңіз де көрген боларсыз. Жұмадан қалмауға тырысамыз. Мешіттегі имам ағаларымыздың көп айтатыны да сол – мүмкіндігің боп жатса, адамдарға жақсылық жасап, қайырымдылық қыл, мақсатың – Алла разылығы болсын дейді. Маған да көп көмектескен, әлі де көмектесетін жанашыр ағаларым, елдің азаматтары бар. Яғни, бәріміз қатар өмір сүріп жатқандықтан, қанаттаса қимылдап, бір-бірімізге қарайласа жүргеніміздің айыбы жоқ.
– Өнер адамының, әріптестеріңіздің алдымен талантын бағалайсыз ба, әлде әншілік қабілетінен гөрі адамдық қасиеттерін биік қоясыз ба?
Қайрат Нұртас: Мен барлық өнер адамын сыйлаймын, құрметтеймін. Адам баласы қашан да өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Әкемнің үнемі маған айтатын сөзі бар. «Балам, ұлық бол, одан тек жақсылық қана аласың. Дәл солай кішік бола біл, одан төмендемейсің» деген. Ешкімді жамандамаймын, ешкімді қараламаймын. Және ешкімге мін тағып, кемшілік іздегім келмейді. Және оған менде уақыт та жоқ. Атқаруым керек шаруа шаш-етектен. Біреуден мін іздеп түртінектегенше, өз бойымдағы кемшіліктерді тыйып алайын.
«Алладан сол дұғамның қабыл болғанын сұраймын…»
– Ислам діні ата-анаға лайықты құрмет көрсетуге бұйырады. Көбіне сапарда жүресіз ғой. Әке-шешеңізбен жиі жолыға алмайтын шығарсыз…
– Әлпештеп, аялап, түн баласында талай оянып өсірген анамыздың алдындағы қарызымызды қайтсек өтей аламыз? Қанаттыға қақтырмай өсірген, мұқтаждық көрмей, азамат боп қалыптасуымыз үшін арқа еті арша боп еңбек қылған әкемізді қайтсек қуантамыз? Ата-анаңа қанша сыйлық әперсең де, қанша жақсылық жасасаң да аз сияқты көрінеді де тұрады, маған. Рас, әр күні әр қалада жүретін кезіміз көп. Бірақ реті келе сала, үйге қарай тартып отырамын. Енді менде жүрегімнің бір қалтарыс-түкпірінде жүрген арман бар – бес парыздың бірін орындатып, әке-шешемді қажылыққа жібергім келеді.
– Өз-өзіңе іштей қанағаттанбау шығармашылық тұрғыда жақсы қасиет деп айтып жүрміз. Осы орайда, сіз қаншалықты қанағатшылсыз?
– Осы өмірде мен түсінген бір нәрсе, жігіт адамның барға – тасымағаны, жоққа – жасымағаны жақсы. Қымбат бренд киімді де кидік, соңғы үлгідегі көлікті де міндік – бірақ өзімнің сонау бір жылдардағы қиындықтарымды – қақаған аязда барахолкада ручка сатқан қиын күндерімді, автобусқа ақша таппайтын ашқұрсақ студент кезімді, күңгірт, көңілсіз кафелерде өлең айтып бастаған жылдарды ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан, қанша атақты әнші болсақ та, кісі көзінше шалқып отыруды жаным сүймейді. Өйткені, кеше кім болғанымды, қазір кім екенімді және қайда беттеп бара жатқанымды жақсы ұғынамын.
Ал шығармашылық тұрғыдағы қанағат ұғымына келер болсақ, сахнаға алғаш шығып жүрген кезімде-ақ өзіме көңілім толмайтын. Әлі солай. Мұны қанағатсыздық емес, ізденіс деп айту керек шығар.
– Қайрат Нұртастың ендігі асқақ арманы қандай?
– «Арман, адастырмай мені қоя тұр» деп алғаш сахнаға шығып едім. Аллаға шүкір, арманым мені адастырмай келеді. Асылында, адам баласында арман, мақсат, мұрат таусылған ба?! Қажылықта жүргенімде, Алладан елге оралған соң мешіт салып, халықтың игіліне жарайтын Алланың үйінің қабырғасын көтеруді нәсіп етуін сұрап, дұға етіп едім. Алла дұғамды қабыл алса, алдағы жылы үлкен мешіттің құрылысын бастаймын деген ниетім бар. Және сол мешіттің болашақта білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін тәрбие ордасына айналғанын қалаймын. Бұл жоспарымды тағы да оқырмандарым мен тындармандарым рия жасап, мақтанышпен айтып отыр деп қабылдамаса екен…
Асыл арна: Біз де дұғаларыңыз қабыл болсын дейміз. Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет! Алла абыройыңызды арттыра берсін!
Сұхбаттасқан Салтанат ҚОЖА