Жиһангерлік журналистиканың жүйрігі
2016 ж. 14 қыркүйек
2986
2
Қазақ журналистикасындағы қалам ұстағандар арасында «Шерағаңның шекпенінен шыққандар», «Бердіқұловтың белді шәкірттері», кейінгі ұстаздарға қатысты «Қалидың қайрағынан шыңдалған», «Қайнардың қазанында қайнағандар» деген сияқты бейресми анықтауыш-атаулар қалыптасқан. Бұл шәкірттің қабілет-қарымының барометрі ғана емес, ұстаздың да, шәкірттің де осал еместігін аңғартатын мәртебе де. Ең қызығы, бәрінің илегені бір терінің пұшпағы болса да, бұл мәртебе екінің біріне үлестіріле бермейді. Біз журналистикаға араласа бастаған 1990-жылдары «Лениншіл жас» – «Жас Алашта» жұмыс істейтіндердің дерлігі сайыпқыран спорт журналисі һәм белгілі қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірттері еді. Мұны және бәрі де мақтанып айтатын. Үлкен ұстаздың ұлы жүрегінің қызуын айтып, тауыса алмайтын. Сирек таланттың жақсы қасиетін бойына сүттей сіңіргендердің осалын табу да оңай емес еді ол жылдары. Қай-қайсысын жекелеп алсаңыз да, шоқтығы биік шәкірт ретінде дараланып тұратындардың ішінде талантты журналист Сапарбай Парманқұл жан-жақты кәсіби қырымен айырықша көңіл аударады. Сырт көзге тұйық, тұнжырақ адам болып көрінгенімен мінезінің бар байлығын ішіне жинаған, тереңге сақтаған жан екенін жанында жүрген жақындары жақсы біледі. Бойын буған байсалдылық ол кісіні орынсыз елпілдетіп, желпілдете бермейді. Бірақ өзі сенген, көңілі ауған адамдардың алдында Сапекеңнен өткен ғажап сыршыл, әңгімешіл, әзілкеш адамды таппайсыз.
Журналистикаға араласқан соң тек өзіне тән қолтаңба қалыптастырып, өз тақырыбын табу – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Жанына қандай тақырып жақын екенін журналистің өзі ғана біледі. Сол «жақынын» таныса, тапса, жұлдызының жанғаны. Қаламының желі бар Сапекеңнің журналистік өмірі табиғатпен тығыз байланысты өріліп, аспан асты кеңістікпен астасып кеткені қашан. Сапарбай ағамызды сыртынан «Қазақтың Песковы» атандырып жібергендердер қаламындағы сол қасиетті алабөтен бағалағанынан болар. Сапарбай Парманқұлдың ұзақ жылдардан бері үзбей жазып келе жатқан осы тақырыбының өз оқырмандары бар. Әлі есімізде, «Арыстанды Қарабас желі» туралы сериялы жазбалар жариялана бастағанда, бір әріптесінің «апыр-ай, бұл желдің арты дауылға айналғалы тұр ғой» деп әзілдегені бар. Құдай аузына бекерге салмаған болар, шынымен де, табиғаттағы тосын құбылыстар мен жұмбаққа толы мінезін үлкен суреткерлікпен ширатып, оқығанда сан түрлі бояуға малынған қаламының қарымы еріксіз сүйсінтетін. Табаны тиген жердің топырағы туралы толғаған қызықты мақалалардың стилі де, формасы да дағдыдан тыс, дәстүрлі жазбаларға ұқсамайтын. Қалай десек, те Сапарбай ағалардың журналистігі де, ол кезеңнің журналистикасы да бөлек қой. Бүгінгі кейбір жас журналистер сияқты арзан абырой мен сынаптай сусып тұрған рейтинг, шыжғырылған ыстығы беттің бір қабат терісін өртеп жіберетін арзан сенсацияның құлы болмай, ар-ұят пен обал-сауапты бәрінен биік қоя отырып, тазалық пен шынайы кәсібилікті, білім мен ізденгіштікті ту ете отырып жазды. Сондықтан болар, бұл кезеңдегі қалам ұстағандардың сынық сүйем сөйлемінен мін табу да қиын.
Сапарбай Парманқұл «Жас Алаш» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары болды. Бір көргенде, көп сөзі жоқ, түрі сұсты кісі. Біздің, заң және құқық бөлімінің материалдарын бас редактордың тағы бір орынбасары Қасым Әзімханов оқитын. Алда-жалда Қасым ағамыз жұмыста болмаған кезде жазғанымыз Сапарбай ағаға жолданатын. Материал Сапарбай ағаға кетті дегенше, сарыуайым иектеді дей бер. Қатал көрінетін орынбасар қара қанжарымен аяусыз турап тастайтындай немесе шақырып алып, кемшілігін шұқып көрсететіндей, зәре-құтымыз қалмай, дегбіріміз қашатын еді. Алайда ертеңінде газет бетінде жарық көргенде, мұндай көңіл күйдің ізі де қалмайтын. «Аямайтын» мінездің иесі өзінен кішілерге қамқор болып, аялай қарайтынын да кейін аңғардық. Қалың қабақтың астында талай қалам иесінің жазғаны қамырдай иленіп, жұмыр дүниеге айналып, жұртқа жол тартып жатты.
Негізі, Сапарбай Парманқұлдың «сары тісі» секретариаттың ісімен мүжілген. Газет бетін безендіретін «секретариат», «макет» деген атаулар бүгінде дизайнерлік деген дүрдей атаумен алмастырылды. Бүкіләлемдік мәні бар математикалық модульды есепке басы қатып отырған адамдай қара қарындашты тістеп алып, жағын жымырып терең ойда отыратын кейпі де көз алдымызда. Ең алғаш «сапог боп қалды», «чердакқа ұзынынан тастай салайық», «подвалды немен жабамыз» деген сияқты газеттің жасалу процесінен хабары жоқ адамның көзін жыпылықтатып жіберетін түсініксіз «терминдерді» Сапарбай ағалардан естіп, таң қалғанымыз бар. Газетті жұтындырып шығару үшін редакция мен баспахана ортасында ертелі-кеш сабылып жүретін «күн жүріп, түн қатқан» еңбектің нәтижесі болар, сіресіп қалған социалистік жылдардағы «Лениншіл жастың» өзі жастардың мінезі секілді еркіндігімен, ойнақылығымен, жігерлілігімен көз тартатын.
Сапағаңның редакторлығы өз алдына бөлек әңгіме. Газетті шығару бар да, газетті жасау бар. Ал қолға алған басылымын гүл жайнатып шығарған бас редакторлар қазақ журналистикасында саусақпен санарлық қана. Сапарбай Парманқұл газет жасайтын редакторлардың қатарында. Бір редактордың қолынан екінші редакторға өтіп, партияның газеті болғаннан басқаға пәрмені жетпей, бабы келіспей, күйі кетіп жүрген «Дала мен қаланы» қолға алған күннен бастап, төңірегіне талантты журналистерді жинап, қазақ баспасөзінде орны бар, оқылымды газет жасаған Сапағаңның шеберлігі болатын. Таптаурын сораптан бөлек кетті. Ақпараттың бүлкілін тамыршыдай басып тани алатын ол басқарған «Дала мен қаладан» жаңашылдықтың, заманауи ілгерілеудің жұпары аңқып тұратын. Шетелдік басылымдарға ұқсас тұрқы мен тұрпаты басқа газеттің тақырыптарында да тосындық бар еді. Әр оқырман өзіне керегін қиналмай тауып, тұтынушы ретінде қанағаттанатынын бірден сезер едің. Апталық газеттің мәліметтері молынан, ақпараты көп, танымдық дүниесі жетерлік, руханияты сабақтас, тарихы қабаттас келетін материалдары салмақтылығымен, сауаттылығымен тұщынтушы еді. Бір қызығы, редактордың нені қажетсінетінін, өздерінен не талап ететінін жақсы білетіндіктен болар, бұл газетте жұмыс істеген тілшілер де «сен тұр, мен атайын» сұрмергендер секілді шетінен ширақ, дода бұзатын дара болып келеді. Қалмахамбет Мұқаметқали, Ақеділ Тойшан, Тоқтарәлі Таңжарық, Асқар Беков, Назерке Жұмабай сынды қағілез мінезді қарымды журналистер өзіне де, өзгеге де кірпияз қарайтын бас редактордың көңілінен шыға білді.
Бүгінде көп журналистің ішінде жұтылып, жоқ болып кету де оңай, жұлдыз ауруы алып жығып, жер жастанып, жар астында қалуың да қиын емес. Бірақ қаламы құрыштан құйылып, тас болып бекіген Сапарбай Парманқұл секілді жел мен дауылға төтеп беретін табиғаттың өзіндей журналистика көнтерісін терістеу әсте мүмкін емес. Мен Сапағаңды сырттай « жиһангер журналист» деймін. Аспан асты, жер үстіндегі табиғат қазынасын қоймай аралап, құпиясын ерінбей жинап, жүрегінен өткізіп жазған адамды басқаша атай алмайсың да. Асылы, «Ат – адамның жолын ашады» деген рас сөз. «Қалайша тауып қойылған» деп таңырқайсың. «Сапарбай» деген есімді иелену сырының өзі табиғатқа барып тірелетін сияқты. Жиһанкез болып жаралғандай дархан даланы дамылсыз аралады. Тақырыбын табиғаттан тапты. Тақырыбын табу арқылы адам ретінде жаратылған өз міндетін қалтқысыз атқарды. Он сегіз мың ғаламның сыры ашылған сайын тәнті етті. Осы бір тылсым саладан тырнақтай болса да сыр ұқсам, шындық тапсам деген талабы далада қалмады. Бұл қадамы жерде қалмай, қазақ журналистикасында жаңалық болып қабылданды. Ұзақ сапарларының жемісі сәтті болып, «Қаратаудан ұзатылған қызғалдақ», «Жыландар көші» сынды кітаптарының дүниеге келуіне себепкер болды. Таланттың түбін қаузай берсең, түгесілмейді. Шыққан биігінен аласармай, алпыс жасына жігерлі болып жеткен Сапарбай ағамызға өмір сапарында қанатыңыз талмай, самғай беріңіз деп тілек қосамыз!
Айгүл Аханбайқызы
qazaquni.kz