Үмітхан Мұналбаева: Кітапханашы кәсібінің оң имиджін орнықтыруымыз қажет
2016 ж. 10 қыркүйек
8671
12
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы
Ү.Д. Мұналбаевамен
сұхбат
[caption id="attachment_57578" align="aligncenter" width="469"] ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ү.Д. Мұналбаева[/caption]Үмітхан Дәуренбекқызы Мұналбаева
Негізгі мамандығы оқу-ағарту және заң саласына қатысты болса да Үмітхан Дәуренбекқызының бүкіл ғұмыры мәдениет саласымен байланысып жатыр екен.
Мектеп директорының орынбасарлығынан басталған еңбек жолы Алматы облыстық әкімшілігінде Тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары ретінде, сондай-ақ «Алматы облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясы хатшылығында» жалғасын тапты. 1998-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде қызмет атқарды.
Көп ұзамай, Үмітхан Дәуренбекқызының тағдырын Астана басқа арнаға бұрады. Жаңа ғасыр босағасында елордамызға қоныс аударғандар қатарында – оның отбасы да болды. «Ару Астананың тұрғыны ретінде өткен шағыма қарасам, алдымен, көз алдыма «Атамекен» Қазақстан картасы» келеді», – деп еске алады. Еске салсақ, 2001 жылғы 8-ші қыркүйекте, яғни осыдан 15 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені ашылды. Міне, сол сәттен бастап «Атамекенді» басқару міндеті Үмітхан Дәуренбекқызына тапсырылды.
Аты аңызға айналған «Атамекеннің» қалыптасу тарихында Үмітхан Дәуренбекқызының қаншама қолтаңбасы жатыр, ол басқарған ұжымның еселі еңбегі жатыр.
2014 жылы білікті басшыға Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананы басқару тізгіні бұйырыпты. Сол сәттерден бастап бас кітапханың рухани келбеті өзгеріп, аянбай атқарылып жатқан игі істерге оқырман қауым куәгер болып келеді.
«Қазақ үні»: Құрметті Үмітхан Дәуренбекқызы! Сұхбат беруге келісім бергеніңізге алғыс айтамыз. Әңгімені өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының жұмысынан бастасақ. Өз басым Ұлттық академиялық кітапхана туралы жағымды пікірлерді өте көп естідім. Әсіресе, кітапхананың заманауи талаптарға сай жұмысы елдің көңілінен шығып жатыр. Кітапхана жұмысы, алдағы жоспарлар мен тың жобалар бар ма, сол туралы айтсаңыз?..
Үмітхан Мұналбаева: Рақмет! Иә, бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – бұл заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және
мәдениет алаңы. Кітапхана қоры әлемнің 52 тіліндегі сан алуан сала бойынша 1,5 миллиондай баспа және электронды нұсқадағы басылымдардан тұрады. Бұл қатарға кітап, мерзімді басылымдар, ноталар, CD дискілер тәрізді баспа өнімдерін қоса аламыз. Кітапханамызда 21 оқу залы оқырмандарға қызмет көрсетуде. Кітап музейі, «Шаңырақ» балалар шығармашылығы орталығы, «Абай» академиялық залы, Қазақстан халқы Ассамблеясы залы тәрізді жаңа залдарымыз да – оқырман игілігінде. Сонымен қатар, электронды каталогқа ену, барлық білім саласы бойынша толық мәтінді мәліметтер базасына қолжеткізу, виртуальді анықтама қызметі, құжаттарды электронды жеткізу, Ресей Мемлекеттік кітапханасының Электронды диссертациялар кітапханасына қолжеткізу секілді электронды қызмет түрлері ұсынылады. Оқырмандар Интернетті ақысыз пайдаланады және кітапхана залдары WI-FI желісімен қамтылған.
Кітапхана базасында Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана құрылды, оған www.kazneb.kz мекен-жайы арқылы қолжеткізуге болады. Мұнда 28 мыңнан аса электронды-цифрлы контент сақтаулы. ҚазҰЭК порталының қажеттілігі туралы цифрларды сөйлетсек: жыл сайын порталды АҚШ, Аргентина, Қытай, Ресей, Франция, Түркия, Чили секілді әлемнің 115 елінен 120 мыңнан аса азамат пайдалануға мүдделілік танытып келеді.
Бүгінде құнды жазбаларды бір орталыққа жинақтау мақсатында кітапханамызда сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құрудамыз. Бұдан бөлек, «Кітапханалық туризм» жобасы да жемісті жүргізілуде.
«Қазақ Үні»: Бәрекелді. Өзіңіз басқарып отырған бас қаладағы бірегей кітапханада бүгінде бірқатар белгілі жазушылардың жеке кітапханасымен танысудың мүмкіндігі туып отыр екен?
Үмітхан Мұналбаева: Кеше ғана кітапханамызда қазақтың көрнекті ғалымы, академик Тұрсынбек Кәкішевке арналған «Ғалым» залы ашылды. Залдың ашылуы аясында «Мағжан-Сәкен» кітабының тұсауы кесілді. Марқұм ғалымның жеке кітапханасында гуманитарлық ғылымдар бойынша бес мыңға жуық кітап, сондай-ақ белгілі ақын-жазушылар Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардың өмірі мен қызметіне қатысты құнды мұрағаттық құжаттар бар екен. Ғалымның қолжазбалары, мұрағаттық құжаттары мен басқа да материалдарынан құралған 83 папка құжат кітапханаға сыйға берілді. Бұл өте үлкен жұмыс және еліміздің болашағы мен тарихы үшін маңызы зор деп есептеймін. Бізге осындай сый жасаған Тұрсынбек Кәкішевтің жұбайы, профессор Күләш Садыққызына алғысым шексіз.
[caption id="" align="aligncenter" width="535"] Тұрсынбек Кәкішевке арналған «Ғалым» залының ашылуында[/caption]Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасының табысталуы – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолданыстағы дәстүрінің жалғасы, кітапхана қорын байыта түсудегі маңызды қадам. Осы тұста ескеретін жайт, өткен жылы кітапханамызда «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалды кітап
топтамасы» залы ашылған болатын, аталған залда академик М. Жолдасбековтың жеке кітапханасы орналасқан. 2016 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әкім Тарази кітап топтамаларын кітапханаға сыйға берген-ді, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі жазушы Дүкенбай Досжанның кітап топтамаларын кітапханаға жазушының жұбайы Сәуле Досжанова тарту еткен еді.
Бұлардың бәрі – қажырлы еңбектің нәтижесі. Бұл осы кітапханада жұмыс істеп жүрген мамандардың, білікті кітапханашылардың мардымды еңбегі деп білемін. Мұндай жобалар өскелең ұрпақтың бойында ұлттық мүддені қорғауға деген игі сезімді оятады.
Атқарылған істер аз емес, атқарылар міндеттер де көп. Менің айтпағым, бұл – ең алдымен, Елбасымыз Н. Назарбаевтың орасан зор еңбегінің арқасы. Себебі, сәулеті келіскен Астананы салдырып, оның нақ ортасынан әлемдік деңгейдегі үлкен кітапхана орнатқаны Президентіміздің көрегендігі деп білемін.
«Қазақ үні»: Әрине. Сіз жоғарыда «Кітапханалық туризм» туралы айтып өттіңіз. Сірә, бұрын-соңды естіп көрмеген сөз тіркестері екен. Соған тоқтала кетсеңіз?..
Үмітхан Мұналбаева: Жуықта ғана «Кітапханалық туризм» жобасы аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының 30 адамнан құралған делегациясы Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапарымен барып келді. Сапар аясында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында екі кітапхананың мамандары өзара тәжірибе алмасты.
Талдықорған қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда «ХХІ ғасыр кітапханасы: Жастар стратегияы» тақырыбымен Республикалық жас кітапханашылар форумы өтті. Үлкен форум болды. ҚР Мәденит және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен өткізілді. Форумға еліміздегі жас кітапханашылар – болашағы бар, ынталы жас мамандар қатысты.
Форум жұмысына академик Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтұлы секілді аты алты Алашқа мәшһүр тұлғалар атсалысты.
Кітапханашыларымыз С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасына, Облыстық көркемөнер галереясына, М. Тынышбаев атындағы Алматы облыстық Тарихи-өлкетану музейіне, Оқушылар сарайына және Жастар сарайына саяхат жасады. Кербұлақ ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінде, Ұйғыр аудандық кітапханасында, Еңбекшіқазақ аудандық кітапханасында «Кітапхана қызметіндегі инновациялық жобалар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Мұның бәрі не үшін керек? Мұның барлығы қазақстандық жас кітапханашылардың айқын көзқарасын қалыптастыру, кітапханашы кәсібінің оң имиджін орнықтыру үшін керек. Бұл жұмыс аудан және ауылдық деңгейлердегі кітапханаларды дамытуға маңызды импульс берері хақ.
«Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін!», – деген еді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Анығында да, жастар – еліміздің болашағы, сондықтан «Қазақ Елінің» аты үшінші мың жылдық шежіресінің беттерінде қалдырылып, ғылым мен мәдениеттегі ұлы жол жалғастырылуы тиіс. Солай болады деп сенемін.
Негізінде, «Кітапханалық туризм» жобасы – бұл 2014 жылдан ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қызметінде жүзеге асырылып келе жатқан жаңа бағыт. Жоба кітапханашылардың қоғамдық және кәсіби өмірінің түрлі жақтарын қамтиды. Еліміздің аймақтарына және ТМД елдеріне іссапар барысында кітапхана мамандары мәдени іс-шаралар өткізіп, әріптестерімен тәжірибе алмасады, Қазақстанның әр алуан аймақтарының тарихымен, сәулет өнерімен және көрікті жерлерімен жете танысып, олардың тәжірибесінен үлгі алады.
Кітапханашылардың пікірінше: «Біз өзіміздің мәдени деңгейімізді көтереміз, әлбетте, өмірімізді барынша жарқын әрі қызықты ететіндей жаңа сезім, жаңа әсер аламыз. Бұл секілді сапарлардың ұжымды бірлестіре түсетіні де сөзсіз».
2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мамандары оңтүстік көршіміз Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара тәрізді қалаларына, сондай-ақ еліміздің Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына және Тараз қаласына сапарлатты.
[caption id="attachment_57575" align="aligncenter" width="532"] Ү.Д. Мұналбаева мен ақын Олжас Сүлейменов[/caption]"Қазақ Үні": Сіз ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы болып тағайындалғаннан кейін түрлі қауесеттер естіле бастады. Турасын айтайын, мысалы қол астыңыздағы қызметкерлердің үстіңізден арыз жазғандары да бар екен. Әңгіменің түбін қозғамай-ақ қояйын, осы туралы айта аласыз ба?
Үмітхан Мұңалбаева: Әрине, айта аламын. Мен ешқашан ештеңе жасырған емеспін. Иә, алғаш осы мекемеге басшы болып келгенде мұндағы ұжым мені айтарлықтай дұрыс қабылдамады. Бірақ мен оларға өкпелемеймін. Барлығын түсінем, қаншама уақыт бойы бір режимге үйреніп қалған шығар. Үстімнен арыз жазғандар да болды. Иә, менің қызметіме көңілі толмағасын маған жала жапқандар көп болды. Ол арыздың бәрін құзырлы органдар тексерді. Ешкім ештеңе дәлелдей алмады. Себебі, дәлелдейтін ештеңе де болған жоқ. Сосын арызқойлар, қауесет таратушылар өз еріктерімен қызметтен кетті. Мен оларға ренжідім деп те айта алмаймын. Әркім өзінің деңгейінде ойлауға бейім ғой. Жаңа форматқа ауысамыз дегенде, көбі түсінбеді мені. Бірақ қазір кезкелген кітапхана маманы менің жұмысыма риза. Мақтанғаным емес. Мен де олардың қазіргі жұмыстарына, еңбексүйгіштіктеріне тәнтімін. Кітапхананың әрбір қызметкеріне алғысым шексіз!
[caption id="attachment_57576" align="aligncenter" width="556"] Ү.Д. Мұналбаева және ҚР Конституциялық кеңестің төрағасы И. Рогов[/caption]«Қазақ үні»: Ұлттық академиялық кітапхана қорында өте ескі қолжазбалар, тарихи құндылығы мол көне кітаптар бар ма?
Үмітхан Мұналбаева: Өзінің он екі жылдық тарихында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына VI-ХХ ғасырлар аралығында жарық көрген 20 000 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар жинақталды. Бұл басылымдар сан алуан дереккөздер негізінде топтастырылды: академиялық институттардағы сирек кітаптар қоры, сондай-ақ жеке тұлғалардан тарту ретінде келіп түссе, тағы да бірқатар басылымдар сатып алынды.
«Кітап – тарих, кітап – қазына» тақырыбындағы кітап көрмесінде Құран топтамалары, араб, латын, шағатай, түрік таңбаларымен, кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі кітаптар мен қолжазбалар, Ахмет Байтұрсыновтың сонау 1909 жылы жарық көрген «40 мысал» кітабы мен 1926 жылғы суретті «Әліпбиі», ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы бар, 1942 және 1945 жылдары жарық көрген романда автордың қолтаңбасы қойылғанын айта кетейін.
Айрықша құнды кітаптар мен қолжазбалар қатарында Құран Кәрімді атауға болады. Қолжазба 799 жылы қағазға түсіріле бастаған, 7 ұрпаққа дейін жүргізілген (ред: көшірме). Сондай-ақ бамбук тақтайшаға жазылған ежелгі қытай қолжазбасы. Бұл кітапты белгілі фламанд суретші Сэр Энтони ванн Дейк безендірген. Бұл дүниежүзіндегі жалғыз кітап, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек және қолжазбалар қорында кіршіксіз қалпында сақтаулы тұр. Жібек қолжазбадағы «Конфуций афоризмдері» де бар. Қазақ диаспорасының белді өкілі Хасен Оралтайдың 6441 құжаттан тұратын мұрағаты қорымыздан орын алды. Академик Зәки Ахметовтың 876 құжаттан тұратын мұрағаты да сақтаулы. Айта берсек, құнды жәдігерлерге кенде емеспіз.
«Қазақ үні»: Кітапхана қоры шынымен бай екен. Жақында сіздер Халықаралық кітапханашылар конгресін өткізбекші екенсіздер. Осы бір елеулі шара туралы айта кетсеңіз?..
Үмітхан Мұналбаева: 15-16 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Әлем. XXI ғасыр. Оқу арқылы рухани үндестік пен мәдениетке» тақырыбында Халықаралық Кітапханашылар конгресін өткізбекпіз.
Ауқымды шараға Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен өзіміздің кітапханамыз ұйытқы болып отыр.
Конгресс жұмысына Ресей, Молдова, Беларусия, Грузия, Әзірбайжан, Иран Ислам Республикасы Ұлттық кітапханаларының өкілдері, Еуразия Кітапханалары Ассамблеясының бас директоры Г. А. Райкова (ред: БАЕ), саясат және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, меценаттар, мәдениеттанушылар, баспагерлер, мәдениет, білім және ғылым саласындағы мемлекеттік мекемелердің жетекшілері мен жауапты қызметкерлері және кітапханашылар қатысады деп жоспарлануда.
Ширек ғасырлық Тәуелсіздігімізде еліміз экономика, саясат және әлеуметтік салада да толайым табыстарға қолжеткізіп, бүкіләлемдік қауымдастыққа да кең танылды. Еліміздің индустриалды-инновациялық дамуындағы белсенді серіктесі саналатын кітапханалар мемлекет жүйесіндегі әлеуметтік маңызды нысандарға айналады әрі мемлекеттік барлық салаларға белсенді қатысып, ақпараттандырылған азаматтық қоғам құруға септеседі.
Конгресстің мақсаты мен міндеті – қоғам назарын кітапханаларды дамыту мәселелеріне, мәдениеттің маңызды элементі ретіндегі кітап оқуға аудару, электронды ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу және оны ақпараттық-кітапханалық мекемелерде пайдалану.
Конгресс жұмысы аясында зағип және нашар көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапханашылар үшін шеберлік сағаттары өткізіледі. «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Хакім Абай даналығы» тақырыптары бойынша дәрістер оқылады.
Халықаралық Кітапханашылар конгресінің өткізілуі кітапханалар арасындағы мәдени, ғылыми және білімдік байланыстарды нығайту жолында ерекше маңызға ие болады, сондай-ақ кәсіби өсудегі айтулы кезеңге айналады деп сенемін.
«Қазақ үні»: Рақмет сұхбатыңызға. Кітапхана оқырмандары көбейе берсін. Әрдайым осындай жаңа жобалармен ел мүддесі үшін қызмет ете беріңіздер. Сіздерге тек табыс тілеймін.
Үмітхан Мұналбаева: Рақмет. Сізге де шығармашылық шабыт тілеймін, қаламыңыз мұқалмасын.
Сұхбаттасқан:
«Қазақ Үні» республикалық саяси-қоғамдық газетінің тілшісі
Алтай Сағидолдин
qazaquni.kz