Айдың арғы бетіндегі алаң...

абййййййййййй Ертеректегі баспасөзде «Мәселенің мәнісі» немесе «Белгілі жәйттің белгісіз қырлары», «Ойлануға бір дерек» дегендей түрлі айдарлар болатын еді. Бұл көпшілік біршама құлағдар жәйттердің астарында бұғып жататын «ақтаңдақтарды» ашып көрсетуге негізделетін. Расында да, тарихтың кейбір түйткілдері ақпарат тасқыны астында елеусіз қалатыны жасырын емес. Белгілі журналист, ақын Әнуарбек Әуелбек анда-санда осындай жағдайларға үңіліп отырады. Бұл жолы қаламгердің сондай топтамаларының бір үзігі оқырман назарына ұсынылып отыр. Абылай ханның суреті қалай келді?

1963 жылдың күзiне қарай Қазақстанның астанасы Алматыда қазақ зиялыларын елең еткiзген ерекше оқиға болды. Белгiлi қазақ қаламгерi, классик-жазушы Ғабит Мүсiреповтiң алдына қырықтың қырқасынан ендi ғана асқан бiр жiгiт кiрiп келген. Ғабең ол кезде зиялы қауымның ұйытқысына айналып отырған үлкен орталықтың бiрi – Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Ол уақта үкiмет пен партияның беделiнен гөрi ақын-жазушылардың беделi анағұрлым жоғары. Қарапайым жұрт ресми органдарды көбiне қорыққаннан «сыйлайтын». Ал, ақын-жазушыларды елiнiң еркесi мен серкесi деп бiлдi. Бар құрметiн көрсетiп, қашанда солардың аузына қарап отырған. Тәжiрибе алмасып, бiлiмiн жетiлдiруге төрт айға Америка Құрама Штаттарына барып қайтқан Онкология және радиология институтының үлкен жауапты қызметкерi, дәрiгер-ғалым Сайын Балмұханұлының Ғабит Мүсiреповке баруы да осының айғағы едi. Елдегi бар билiктi өз қолында ұстаған Коммунистiк партияның кезiнде қарыс қадам қиғаш басуға болмайтын. Сәл қисық бастың екен, алды-артыңа аңдушы салып қояды. Үш адамның бiрiн «үш әрiптiң» адамы деуге болатын заман едi. Ал, өзге әлеммен ат құйрығын кесiскендей, шекарасын тарс жауып алған Кеңес өкiметi үшiн ол кезде Америка Құрама Штаты №1 жау-тын. Ғайыптан тайып мұхиттың арғы жағын­дағы елге барып қайтқан Сайын Балмұ­ханұлы сияқты жандармен сөйлесуден көп жұрт­тың қашқақтайтыны сондықтан едi. Оның үстiне, дәрiгер-ғалым жасырын түрде АҚШ-тан «халық жауларының» бейнелерiн әкелген. – Алдында, көрген-бiлгендерiмдi айтайын, әкелген қазынамды көрсетейiн деп, Орталық комитеттiң хатшысына кiргенмін. Ол кiсi менi тыңдағысы келмегендей сыңай танытқан соң, шығып кеттiм де, Жазушылар одағының төрағасына бардым. Ғабеңмен бiр-екi рет кездескем, танитын едi, сөзiмдi түгел тыңдады. Америкадан алып келген Мәжиттiң суретiн көрсеткенiмде, «Ойпыр-ай, бұл жiгiттi бiлушi едiм, жап-жас талантты жiгiт болатын» дедi. Ал, Сәкеннiң суретiн көрiп, қуанып «Мына жерде өзi тiптi сұлу ғой» деп, кейiн сол суреттi кiлемге салғызды, – дейдi «халық жауы» атанғандардың суретiн әкелген Сайын Балмұханұлы. Сайын Балмұханұлы Нью-Йорктағы Колумбия университетiнiң кiтапханасында Азамат Алтай деген қырғызбен кездесiп қалыпты. Оның шын аты Құдайберген едi. Құдай берсе бергендей екен. Алдында, Америкаға Әуезов келгенде, қасынан бiр елi қалмай, аудармашы болып жүрген қырғыз Ұлы Отан соғысы кезiнде қолға түсiп, АҚШ ауып кетiптi. Америкаға келген Әуезовтi әке деп санаған. Әуезовтiң шапағаты тиiп, тiптi жоғары қызметке де тағайындалады. Міне, Сайын Балмұханұлына Абылай ханның да суретiн берген осы адам көрінеді. Өмiр деген қызық. Қазақтың бiр ханын бiр қырғыз өлтiрсе, бiр ханын бiр қырғыз қайта «тiрiлткен». Қазақтың соңғы ханы Кенесары қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқаны мәлім... Көзi тiрi кезiнде-ақ классик-жазушы атанған суреткер Ғабит Мүсiрепов Абылай ханның суретiн әкелгенiн естiгенде, Сайын Балмұханұлына үйге барып әңгiмелесейiк депті. Телефон шалып, қабырғалы қаламгер­лердiң де бiразын үйiне шақырады. Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы, сыншы-ғалым Мұхамеджан Қаратаев ең соңынан келген. Дәрiгер-ғалым Сайын Балмұханұлы бiрiнен кейiн бiрi келiп жатқан ақын-жазушылардың әрбiрiне болған жайды қайта-қайта айтып берiп отырды. Сурет туралы екi болжам бар деген. – Бiр болжам – Құдайбергеннiң болжамы. Кезiнде қалмақтарға орыстар қару-жарақ берiп, бiздi қырып жiбергенi белгiлi ғой. Сол уақтарда қазақтар да құралақан жүрген жоқ, зеңбiректерiн тартып алып, бiр швед офицерiн қолға түсiрген. Ол Абылай ханның, тағы көп кiсiнiң портреттерiн жасайды. Сонымен бiрге, Ұлытауда зеңбiрек құюды үйреткен. Оған Абылай хан риза болып, оны Ташкент арқылы Тегеренға шығарып салуға қасына 25 кiсi ертiп жiбередi. Бұл болжам Швецияда да бар екен, – дейдi елiмiзге Абылай ханның суретiн алып келген Сайын Балмұханұлы. Абылай ханның суретiн әкелiптi деген әңгiме ауыздан-ауызға бiрден тарап кеткен. Қазақтың маңдайына бiткен талантты ұлдарының бiрi, белгiлi сәулетшi Шота Уәлихановты бұл жаңалық ерекше елең еткiзедi. Мүсiнге жан кiргiзiп, сәулетке сән берiп жүрген ол Абылай хан бабасын көруге Ғабеңе барады. Сайын Балмұханұлының АҚШ-тан әкелген кiтаптарының iшiнен Мәжит Айтбаевтың «Абылай» поэмасын көрiп, ондағы Абылайдың суретiне айрықша мән берген. Өткiр жанары мен ойлы жүзiнен ерекше ақыл-парасаттың лебi сезiлетiн қолдан салынған Абылай хан суретi бейнелеу өнерiнiң хас шеберi Шота Уәлихановқа бiрден ұнаған. Алайда, мұны мен қайдан көрiп ем деген ойдың құшағына берiледi. Бұрыннан таныстай болып көрiнген бейне көңiл төрiнде сақталып қалды. Оның сырын зерттей келе, өзi кейiнiрек бiледi. Бұл сурет қолда бар Шоқан Уәлихановтың бейнесiне қарап салынған деген болжам. Бұл Абылай ханның суретi туралы екiншi болжам едi. – Немiстердiң қолына тұтқынға түскенде Мәжит Айтбаевпен Хамза Абдуллин бiрге болған. Сол айтқан, кiтап шыққанда мен де бар едiм, бұл суреттi Мәжит салды дейдi. Бiрақ, мен оған дейiн Мәжит сурет салады дегендi естiген жоқ едiм. Суреттi зерттей отырып мен мынадай қорытындыға келдiм: бұл сурет, әрине, Абылай ханның суретi, қолдан жасалған дүние. Бұны жасағанда Шоқан негiзге алынған. Салыстыра отырып қарасаңыз, Шоқанның бет-әлпетi, мұрты дәл келедi. Оның кескініне даналық белгілерін үстеген, баскиім кигiзген. Жалпы, Мәжит Абылай бейнесіне Шоқанды негiз етiп алған сияқты, – дейдi Шота Уәлиханов. Ол заманда жазбақ тұрбақ, Абылай хан туралы шындықты айтудың өзi мүмкiн болмағаны түсінікті. Кезiнде патшалы Ресейдiң саясатына мойынсұнбай кеткен Абылай ханды тоталитарлық жүйе – Кеңес өкiметi де жоққа шығарып бақты. Алайда, қазақ зиялылары ұлтымыздың тарихындағы ақтаңдақтардың құпия сырларын ашуға жасырын түрде кiрiсiп жүрген. Әсiресе, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Абылай хан туралы деректер жинауға қатты ден қояды. – Әбдiлда Тәжiбаевтың естелiктерiнде бiр әңгiме бар, Шахмет Құсайынов екеуiн Мұхтар Әуезов шақырып алып, өзiнiң Абылай хан туралы кiтап жазуға кiрiсетiнiн айтқан. Арада күндер өтiп, жылдар артта қалғанда, роман жариялана бастаған. Бiрақ, ол Абылай туралы емес, Абай туралы едi. Сондағы ол кiсiнiң айтайын деп отырғаны – ол кезде Абылай туралы жазу мүмкiн емес едi, – дейдi Шота Уәлиханов. Жақсыға да, жаманға да әйтеуiр бiр нәрсе себеп болып жатады. Бiз айтып отырған әңгiменiң басы 1963 жылғы ақпандағы оқиғада жатыр. КСРО-дан АҚШ-қа барған төрт профессорды, ең алдымен, бiздiң сол елдегi елшiмiз қабылдайды. Сыртта жүрген елшiнiң оң көзқарасы Сайын Балмұханұлының қырғыз азаматымен кездесуiне себеп болған. – 1963 жылы КСРО-дан АҚШ-қа төрт профессор оқуға бардық. Онда бiздiң елшiмiз қабылдап, менiң қазақ екенiмдi бiлген соң, «Төлеген Тәжiбаевты бiлесiң бе?» деп сұрады. Мен оны жақсы бiлетiн едiм, елшi қуанып кеттi. Екеуi бұрын бiрге iстеген екен. Содан не керек, менiң соңыма қауiпсiздiк комитетiнiң аңдушыларын салмайтын болды. Баратын жағыңа еркiн барып жүре бер деп, рұхсат бердi, – дейдi Сайын Балмұханұлы. Өз елiмiздiң азаматтарын шетелде жүргенде өзге елдiң тыңшылары емес, өзiмiздiң адамдар аңдитын болған. Жоқ жерден жау тауып алатын заман солай едi. Екi елдiң шекарасын қиып өту тозақтың қыл көпiрiнен өткенмен бiрдей-тiн. Болашақ қамын ойлаған ержүрек ғалым Сайын Балмұханұлы тексеру кезiнде төрт кiсiнiң суретiнiң негативiн ұлтарағының астына салып тығып өткен. Мұхтар Әуезовті күйіндірген жәйт

Мухтар ауезз1956 жылы Қазақстанда ұлан-асыр той болды. Мейрам дүбірі бүкіл Кеңес Одағын шарпыды. 1954 жылы басталған Тың және тыңайған жерлердi игеру науқаны мәресіне жеткен едi. Бұл Ұлы соғыстан кейiнгi орасан Жеңiс деп бағаланды. Алайда, осынау қуанышты әркiм әрқалай қабылдаған. Баз бiреулер «нан болса, ән де болатынын» айтты. Өйтпей қайтсін, осы науқан арқасында кеуделерi орден-медальге толған еді. Ал, Никита Хрущев бастаған зымиян саясаткерлердiң қуанышы бәрінікінен өзгеше-тін. Бiр бармағын iшiне бүккен олар патшалық Ресейдiң 300 жыл бойы орындай алмаған отаршылдық iсiн жүзеге асырғанына шаттанған. Бұл оқиға, әлбетте, ұлтын сүйген ерлерді қатты күйзелтті.Жанын жеген ренішін байқатпай, іштей опынғандардың бiрi Мұхтар Әуезов едi. Қазақстанда дүркiн-дүркiн жүргiзiлген саяси қуғын-сүргiн зиялыларымызды абайлап сөйлеуге мәжбүр еттi. Ол кезде жеке басқа табынушылықтың шiдерi үзiлгенмен, коммунистiк идеологияның тоқпағы мықты болатын. Әуезовтiң басына да қайта-қайта қара бұлт үйiрiлiп жүрген. Партия қатарынан шығарылды. Абақтыға жабылды. Тiптi, өзi мақсат еткен ұлттық идеологиямыздан бас тартуға мәжбүр болған едi. Тың игеру бiткен соң, Қазақстан басшылығында ауыс-түйiс болған. Елiмiздi басқарып келген Леонид Брежнев Мәскеуге кеттi. Оның орнына бiрiншi хатшылыққа Иван Яковлев тағайындалады. Мамандығы мұғалiм едi. Түсi игi, жүзi жылы жан бiр күнi бiр топ қазақ қаламгерлерiн қабылдайды. – Ол кезде қабылдауында болатын кiсiлердiң тiзiмiн жасайды. Мұхтар Әуезовтi, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсiреповтi, Ғабиден Мұстафинды, сосын Орталық Комитетке барғыштап жүретiн кезiм едi, менi тiзiмге қосыпты, барлығы сегiз адамның тiзiмiн жасап, қабылдады. Қандай ойлары бар, не айтқысы келедi, соны бiлгiсi келген болар. Өзi, мына ұстаз болу, сабақ беру адамның мiнезiн соншама жiбектей жұмсартып жiбередi. Бiрiншi хатшы да бұрын мұғалiм болған екен ғой, қаламгерлердi өте жылы қабылдады, – дедi Әуезовтiң шәкiртi, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов. Бұл кезде Кеңес Одағы коммунизмнiң iргетасын қалап жатқан. Оның қарышты қадамы Қазақстанды да таптады. Әкелгенiнен әкеткенi көп. Тапқанынан батқаны мол. Екi ортада сорлаған қазақ халқы болды. Бұрын жерiмiзге қару асынып келгендер қолына гүл ұстап, күлiп келiп қоныстанып жатты. Шұрайлы жерден айырылған қазақ мал қамын ойлап, амалсыз, шөл аймақтарға ығысқан. Ол кезде халқымыздың үштен бiр бөлiгi шет елдерде тұратын. Негiзi, бiз айтқалы отырған оқиға былай басталған едi. Мұхтар Әуезовтiң шәкiртi Зейнолла Қабдолов ол уақытта «Жұлдыз» журналының Бас редакторы болатын. «Әдебиет және искусство» деген атын ендi алмастырып жүрген кез. Қызмет бабымен Орталық Комитетке жиi барып тұрған. Соның орайын пайдаланып қалғысы келген Қазақстан Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы Ғабит Мүсiрепов өзiне шақырып, өтiнiш айтады. «Анау, Яковлев деген жақсы кiсi көрiнедi, соған айт, бiздi қабылдасын. Бiз тiлегiмiздi айтайық, iште жүрген ойымызды айтайық» деген соң, Зейнолла аға Қабдолов Жандiлдин екеуi барып, өтiнiш жасаған. Яковлев сөзге келместен, белгiлi бiр уақытта қабылдайтын болады. Бiрiншi хатшының қабылдауында болу оңай нәрсе емес. Бұл жерде істiң көзiн бiлетiн жас Қабдоловтың септiгi тиген. Бiрiншi хатшыға қазақ қаламгерлерiнiң айтары көп едi. Уақыт ыңғайына қарай әрқайсысы өз көңi­лiндегiн айтқан. Бiрiншi хатшы әбден зәбiр-жапа шеккен, партия қата­рында жоқ Мұхтар Әуезовтiң сөзiн бар ықыласымен тыңдайды. Зиялы қауымның қайта-қайта қуғынға ұшырай беруi оны да қызықтырған болар. Ал, Әуезовтiң басынан талай зобалаң өткен едi. – Бiрде ашық, бiрде жасырын, құпия, әйтеуiр қуғын-сүргiн саясаты ХХ ғасырда ылғи да жүрiп отырды. Бұны ғылыми тiлмен айтсақ, қуғын-сүргiннiң пермагенттiк сипаты деп есептеймiз. Үзiлiссiз жүрiп отырған. Алғашқы қуғын-сүргiн 20-жылдары басталған. Алаш зиялыларын қуғындаудың соңы ату жазасына тiрелiп отырды. 1932 жылғы Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовтiң хаты осындайдан, амалсыз жазылған нәрсе едi. Олар Алаш идеологиясынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл зиялылар үшiн үлкен соққы едi. 40-50-жылдарға келсек, бұл кездегi қуғын-сүргiннiң де өз ерекшелiгi болды. Бұл кездегi саясат қазақ зиялыларын бiржолата тұқырту, рухани еркiндiгiнен айыру, езiп-жаншуды көздеген құйтырқы саясат болды, – дейдi тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев. Қанша соққы жесе де, ұлтын сүйген жан қарап жата алмады. Әуезовтiң қаламынан туған көркем дүниелерi мен ғылыми зерттеулерi өз алдына, жүрген жерiнде ел болашағын ойлап, келелi мәселелер көтерген. Дүние астаң-кестең болып жатқанда, Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы Яковлевке де ол осы мақсатта барды. – Мұхаң ойын керемет, шебер айтып жеткiзетiн. «Менiң бiр жаныма бататыны – тың көтеруге екi жылда келген 3 миллион келушi 70 пайыз қазақты 7 пайызға түсiрiп тастады. Бұл бiр жағынан жақсы, бiр жағынан халқымызға қиын болды ғой. Ал, бiздiң халқымыздың үштен бiр бөлiгi шетте жүр. Әр жылдары қуғын-сүргiн көрiп кеткен осы қазақты туған Отанына қайтару тек қана (әрине, көпшiк қойып айтып отыр) Хрущевтiң қолынан келедi. Сол қазақты туған Отанына қайтарып, бiздiң бiр елдiгiмiздi ойласа қайтедi» дедi ғой, шiркiн Мұхаң... Академик Зейнолла Қабдолов сол қабылдауда Мұхтар Әуезовтiң сөзiне ерекше риза болғанын зор мақтанышпен еске алды. Мұхтар Әуезов, сонымен бiрге, бiрiншi хатшыға таяуда Тәжiкстанға барғандығын айтқан. Бадахшанның басында тұрып жатқан қазақтардың хал-жайы мәз емес болатын. Балаларын мектепке бере алмай, мал соңында жүрген қандастарымыздың тұрмысы қатты күйзелтедi. Барлық ұлтқа теңдiк әперетiн Компартияның осыған көңiл бөлуiн жөн санаған. – Олардың туған Отаны, атамекенi осында, елiмiзге алып келiп, мәдениетiн көтеруге болады ғой. Анау Астраханьда, Сарытауда да бiздiң қазақ жүр, мал бағудан басқаны бiлмейдi. Оларда қайдағы еркiндiк, соларды әкелiп, үлкен адамдар қатарына қосуға болады. Ал, одан қала бердi, әрiге баруымыз керек, мына Қытайда 2 миллионға жақын қазақ тұрады, ана Монғолия мен Түркияда да солай. Солардың бәрiн елiмiзге әкелiп, басын қосу осы Хрущевтiң қолынан ғана келетiндiгiн қайта-қайта ескертiп, жоғары жаққа жеткiзе барсын деген ниетпен өз ойын айтып шықты, – дейдi академик-жазушы. Шынында, Компартияның мақсаты тың игеру ғана болса, оны шетте тұратын қазақтарды әкелiп те атқаруға болар едi. Мұхтар Әуезов бiрiншi хатшыға осыны ашық айтқан. Хрущевтi мақтай отырып, өзiнiң осы сәлемдемесiн жеткiзуiн сұраған. Басқалар үй-жай, көлiк, қаламақы сұрайтын кез едi, Мұхаң арадан суырылып шығып, қашанғыдай өзiнiң кемеңгерлігін көрсетедi. Жәнібековтің «жеке шаруалары» Озбекалии 1953 жыл Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар үшiн айрықша есте қалған жыл болды. Бұл жылы Үрiмшiнiң Ақтерек жайлауында қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгi мен өмiр салтын бейнелейтiн кино түсiрiлген. 1954 жылы түсiрiлiп бiткен көркем фильм Қытайдағы қандастарымыздың ғана емес, бүкiл қазақ халқының мәдениет пен өнерде қол жеткiзген үлкен табысының бiрi едi. Ол кез – жер-дүниеге коммунистiк қоғамның етек жайған кезi. Қытайда да жаңа қоғам жаңа қадамдарға аяқ баса бастаған. Қатар жатқан екi алып держава – Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасында коммунистер үстемдiк құрып отырған соң, екi арадағы байланыста бiршама табыстар да бар болатын. «Коммунистер аз ұлттар мен ұлыстарды жойып жiбередi» деген сөзден аяқ тартқан коммунистiк қоғам түрлi айла-шарғыларға барған. Сол үшiн де олар «түрi – ұлттық, мазмұны – социалистiк» дүниелер жасауға ерекше тырысып бақты. Әр нәрсенiң де астарын терең ұғына бiлген зиялы қауым өкiлдерi бұндай жылымық орнаған сәттi оңтайлы пайдаланды. Екi елдi де коммунистер билегендiктен, белгiлi бiр дәрежеде екi ел арасында түсiнiстiк бар едi. Қытайда түсiрiлген көркем фильмнiң аты «Хасен-Жәмила» болатын. Қазақ өмiрiн бейнелейтiн кино өте сәттi шықты. Коммунистер ұстанып отырған бағыт-бағдардың дұрыстығына айқын дәлел ретiнде әдейi түсiрiлген кино әлемнiң 28 елiнiң тiлiне аударылды. Қытайдағы қазақтардан шыққан белгiлi қоғам қайраткерi, сол жылдары Мәдениет министрi болған Бұқара Тышқанбаев берiлiп отырған мүмкiндiктi барынша тиiмдi пайдалана бiлген. – Мен «Хасен-Жәмила» фильмiнде бас кейiпкердiң бейнесiн сомдадым. Бұл өзi Қытай сыртқы iстер министрi Жуинляудың тiкелей басшылығымен түсiрiлген фильм. Алдында, барша әлемге коммунистер аз санды халықты жойып жiбередi екен деген әңгiме тараған болатын. Осыны жоққа шығару мақсатында Қытай үкiметi «Коммунист деген араб сөзi, адамшылық дегендi бiлдiредi. Бiз барлық ұлтты тең дәрежеде ұстаймыз» деп, «Хасен-Жәмиланы» түсiруге әдейi жақсы көңiл бөлдi. Ал, бұған басшылық жасаған – әрi ақын, әрi суретшi, әрi журналист Бұқара Тышқанбаев болатын, – деген еді бас кейiпкердi сомдаған Абылай Түгелтегi. Қазақ өнерiне өзiндiк үлес қосқан Абылай Жұмаханұлының есiмi Қытай қазақтарының арасында жақсы таныс. 1956 жылы кинодағы жетiстiктерi үшiн оған да, Жәмила бейнесiн сомдаған қазақстандық өнер майталманы Фарида Шәрiповаға да Қытай орденi берiлдi. Бұл үлкен табыспен өткен «Хасен-Жәмила» көркем фильмiнде бас кейiпкер Хасендi сомдаған әртiске ерекше ынта қойып, көңiл бөлгендер тек қазақтар ғана болмағандығының айқын дәлелi едi. Алайда, әп-сәтте кеңiнен танымал болған әртiстi оның iзiнен ерген тыңшылар көзден таса жiбермедi. Ақыры, 1957 жылы қамауға алынып, ол 2 жыл бойы Қытай түрмесiнiң дәмiн татты. Ендiгi жерде өзiне тыныштық жоғын бiлген Абылай Жұмаханұлы бұрыннан жүрген iштегi арманы – Атамекенге кетудiң орайлы сәтiн тосады. Қазақтың «соңғы көшiнде» қара нардай болып, 1962 жылы Қазақстанға аяғы тиген. Коммунистiк қоғамға қауiптi деп танылған Абылайдың бар айыбы – атақты Оспан батыр туралы әңгiме айтып, бiреулерге Шәкәрiмнiң жазғандары жайында сөз қозғаған. Ол Кеңес Одағының құрамына кiретiн Қазақстанға келгенде де Қытай коммунистерi артына тағып жiберген қоңыраудың үнi өшкен жоқ. Айтқан сөзi аңдулы, басқан қадамы санаулы болды. Оншақты тiлдi емiн-еркiн меңгерген өнерпаздың аясы тарыла берген. Кейiнiрек, 1982 жылы Алматыдағы халық саз аспаптары мұражайына жұмысқа тұрғаннан кейiн ғана жақсы жандардың шарапатын көре бастайды. – Ол кезде Қазақстандағы Мәдениет министрi Өзбекәлi Жәнiбеков болатын. Ол кiсi сөзден гөрi iс iстейтiн адамды жақсы көредi екен, әрi журналист, әрi халық саз аспаптарын жасайтын шебер Оразғазы Бейсенбаевтың осындай iскерлiк қабiлетiн тани бiлiп, оны мұражай директоры етiп тағайындапты. Ол да Қытайдан келген болатын, менiң ақын, сазгер, актер екендiгiмдi жақсы бiлетiн болғандықтан, осы жұмысқа алды. Бiрақ, менiң артымда «үндеместердiң» адамы тығылып, тың тыңдап жүргендiктен, оның да артында Қытайдан келдi деген қоңырау тұрды. Өзекең – Өзбекәлi Жәнiбеков сол кезде осы мұражайдың әрi жұмысшысы, әрi күзетшiсi сияқты болып жүрдi. Сөйтiп, күндiз-түнi ұйықтамай еңбек етiп жүргенiнде, үстiнен «Өзбекәлi Жәнiбеков ұлтшылдық жолына түсiп, ұлттық саз аспаптары мұражайын ашпақшы» деген арыз түсiптi. целинаа Өмірінің соңғы күндеріне дейін ұлттық саз аспаптары мұражайы мен Өзағаңа деген адалдығын әйгілеп өткен қарт актер Абылай Түгелтегiнің айтатын әңгімелері ұшан-теңіз еді. Кезiнде көп айтылмағанмен, сол кездерi Қазақстанның Мәдениет министрi болып жүрген Өзбекәлi Жәнiбековтiң ерен еңбегiн көпшiлiк жұрт жақсы бiлдi. Алайда, қазақ өнерi мен мәдениетiнiң түп-тарихына тереңдеп кеткендi ол кезде коммунистер құп көрмейтiн. Шындығын айтқанда, біздегі коммунистiк идеяның астарында ұлы шовинистiк саясат бұғып жатты. Ал оның мақсаты мүлдем басқа болатын. Өзiне қаншама кiнә тағылып жатса да, Өзбекәлi Жәнiбеков алған бағытынан жаңылған жоқ. Ұлттың ұлттығын сақтап қалу үшiн, алдымен, оның өнерi мен мәдениетiнiң тарихына көз салу керектiгiн дәлелдеп шықты. – Бұл мұражай үш түрлi жағдайды есепке алып ашылған болатын. Бiрiншiден, қазақтың аңыз-ертегiлерiнде айтылатын саз аспаптарын қайтадан дүниеге алып келу, екiншiден, қолда сақталып келген, коммунистер жойып жiбермес үшiн жасырын ұсталған аспаптарды қою, үшiншiден, Құрманғазы, Дина сияқты басқа да ұлы тұлғаларымыздың ұстаған саз аспаптарын көрнекi жерге сақтап қою мақсаттарында дүниеге келдi. Алға қойылған бұл мақсат-мiндеттердi адал атқарып шығуда Өзбекәлi Жәнiбековтiң еңбегi шексiз болды, – дедi сол уақытта әңгімеге араласқан осы мұражайдың ғылыми қызметкерi Балтабай Қалым. Шынында да, біз білетін Өзағаң ұлы мақсаттардың жолында өзiн құрбан етуге бар едi. Қытайдан келгендер жау сияқты көрiнiп, олармен жиi араласуға болмайтын заманда, өзi айқай-шумен ашылған мұражайға бiр емес, екi бiрдей Қытай қазағын қызметке алды. Олардың әрбiрiнiң артында аңдушы жүрген уақта ол оңай шаруа емес болатын. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрi мен тұрмысының әлi қаймағы бұзылмаған ортасының бiрi – Қытайдағы қазақтар екенiн жақсы түсiнген Өзбекәлі Жәнібеков оларды барынша қолдап өтті. – Ол кезде менiң соңыма «үш әрiптiң» адамдары түсiп жүргенiн Өзекең жақсы бiледi, менiмен жеке сөйлеспейтiн. Бiрақ, менi сырттай қолдап жүрген ол «Абылай Қытай мұрағаттарынан не көрдi екен, бiздiң Қазақстан туралы ол жақта мәлiметтер көп болар. Құнды нәрселердi бiлетiн болса, оған жағдай жасайық» деп бастығыма айтады екен. Ол кiсiнiң бiлгiсi келiп жүрген мәлiметтердiң бiразы, шынында да, менде бар едi, – деп, үлкен сағынышпен еске алған болатын Абылай Түгелтегi. Кезінде қарт актер Абылай Ү ғасырда бүкiл Орта Азияны аралаған У Ли Гау деген Қытайдың саяхатшы-этнографының Пекиндегi Гуду мұрағатында тұрған жазбаларын көшiрiп алған-ды. Онда «Балқаштың батысында 70 шақырым жерде 9 бөлiгi – тас, бiр бөлiгi – жер тау бар. Соның батысында ежелгi Қыпшақтардың тасқа салған таңба, суреттерi бар. Бұл – Қыпшақтар Азияның көне халқы екенiнiң дәлелi» деп жазылған едi. Абылай Түгелтегi өзiндегi осындай құнды мәлiметтердi Оразғазы бастығы арқылы Өзағаңа жеткiзедi. Содан Өзбекәлi Жәнiбеков оны бiраз кiсiлермен қосып Ұлытау төңiрегiне iссапарға аттандырады. Бұл сапарға жауапты – сол кездегi «Бiлiм және еңбек» журналының редакторы Ақселеу Сейдiмбеков едi. Бұл сапардың басты жетiстiгi – Ұлытауда тұрған үлкен түйетасты Алматыдағы осы мұражайға әкелiп қойды. Ұлытаудан әкелiнген түйетастың тарихы өз алдына бөлек әңгiме. Қажырлы қоғам және мемлекет қайраткерi, зерттеушi-ғалым Өзбекәлi Жәнiбековтiң табандылығы бұл жерде де ерекше анық байқалған еді. Мәдениет министрi бола тұра, бұл шаруаның басы-қасында өзi болып, iздеген тастардың мұражайға жеткiзiлуiн қадағалап отырған. Тарихы терең түйетас мұражайға жеткенше екi айдан астам уақыт кеткен болатын. Бір аяқ-бір қолын коммунизмге артып тұрған біздің елімізде ол кездері жай көзге ештеңе байқала қоймайтын. Дегенмен, бiр қазаққа екi тыңшыдан келіп тұрған заманда ұлт мүддесi үшiн жұмыс iстеу оңайға түскен жоқ еді. Өзiнiң үстiнен арыз-шағымдар қардай борап жатқанда, «үш әрiптiң» ортасында жүрiп, ағысқа қарсы жүзе бiлген Өзбекәлi Жәнiбековтiң еңбегiн көзсiз ерлiкке баулуға болады. Алматыдағы Халық саз аспаптары мұражайындағы жәдiгерлер соның бiр ғана дәлелi дерсiз. Алайда, оның өзi мұны ерлiк деп емес, ел алдындағы парызым деп бiлген. Жұрт көлеңкесiнен қорқып жүргенде, ол өзiнiң алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру жолында ештеңеден тайсалған емес. Мемлекеттік, қоғамдық істерге, әсіресе ұлттық мүддені көздейтін жұмыстарға өзінің жеке шаруасындай үлкен ықыласпен, ерекше ынтамен кірісті. Бір қызығы – шын мәніндегі жеке шаруалар Өзағаңды ешқашан толғандырып көрмепті. Мұның өзі талай-талай қызықтардан құралатын, жеке бір әңгімеге арқау болатын өз алдына бөлек тақырып. Ал әзірге «Мен істемегенде кім істейді?» деп, іштей бекем бел байлаған Өзағаңның «жеке шаруаларының» бірі – мұражай төңірегінде ғана айтып өтуді парыз санадық. Әнуарбек ӘУЕЛБЕК qazaquni.kz