Досхан Жолжақсынов Таласбекті тасада қалдырмақ па?

Әлеуметтік желілердің бірінде жазушы Өміржан Әбдіхалықұлы «Құнанбай» фильмінің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқандығын, Таласбек Әсемқұловтың фильм авторларының бірі ретінде ұсынылуы қажеттігін айтып, мәселе көтерген еді, - деп жазады «Айқын» газеті.

image

Бұл ұсынысты көпшілік те қолдай жөнелді. Желі қолданушылары бұл мәселені талап ету керектігін, «талап етпесек, Таласбекті тағы да тасада қалдырады» деген ниетпен дабыл қаққан.

Өткен күндерді тағы бір еске алсақ, «Құнанбай» фильмі түсіріліп жатқан тұста марқұм Таласбек аға қоңырау шалды. Фильмнің түсірілімінің көбі кетіп, азы қалғанын айтып, репортаж жасайық деген өтінішін білдірген. Алайда, Досхан аға фильм аяқталмай жатып, жарнамалауға қарсы болды. Сол жолы Таласбек ағадан «Оқиғаның желісі қайдан алынғанын?» сұраған едік.  «Бала кезімнен ауылда естіп, қанығып өскен әңгімелерімнің негізінде жазылды. Көбі баяндау емес. Нақты оқиғаларға құрылған. Сценарийді көркемдік кеңес жылы қабылдап, бекітті. Сенесің бе, Құнанбай кеңес заманындағы ең үлкен идеологияның құрбаны болған адам. Нағыз Құнанбай туралы әңгімелер елдің аузында ғана айтылып жүр. Құнанбай – нағыз кемеңгер тұлға. Әділетті би болған. Мемлекетшіл. Ең алдымен оның қайраткерлігін көрсетуіміз керек фильм арқылы. Досханның да көрсеткісі келгені осы. Құнанбайды қаралаған тарихтан ақтап алуымыз керек. Нағыз Құнанбайды әлі ешкім білмейді» деген еді.

«Құнанбай» туралы Таласбек Әсемқұловқа дейін белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай мен жазушы Бейбіт Сапарәлі де зерттеген. Бұл туралы Таласбек ағаның: «Екеуінің де кітабымен таныспын. Өзім де Құнанбайдың тағдырын бір кісідей білетін адаммын. Кеңес заманында Алаш азаматтарының бәрін қырып салдық. Кеңес заманында өнер мен әдебиеттің бәрі идеологияға бағынды. Сол себепті де, тұлғаларымыздың нағыз бейнесін көрсете алған жоқпыз. Мәселен, Тәттімбетті алайық. Тәттімбет туралы осы уақытқа дейін ешқашан дұрыс айтылған жоқ. Көп деректер нақты емес. Дәулеткерейдің өзін әзер таныттық» дегені бар-ды.

Өкініштісі, Таласбек аға әңгімесін аяқтай алмады. Алматыға келгенінде асықпай, Құнанбай туралы естіген-білгенін айтпақ болған. Амал нешік, сұм ажал оған жеткізбеді.  Фильм жарыққа шыққаннан кейін де сан алуан пікірлер айтылды. Арасында жағымдысы да бар, жағымсызы да жетерлік. Бірі – мақтаса, екіншісі – даттайды. Фильм прокатқа да шықты. Әртүрлі дақпыртты әңгімелер көбейген соң, кинодраматургтың жары, белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваға қоңырау шалғанбыз. Зира апайдан  Таласбек ағаның фильм туралы көзқарасы қалай болғанын сұрағанымызда:

«21 қыркүйек күні таңертең Таласбекті Досхан аға оңаша апарып, әлі толық біте қоймаған фильмнің алғашқы нұсқасын көрсеткен екен. Монтажы да толық бітпеген фильмнің нұсқасы Таласбектің көңілінен шықса керек. Үйге келгенінде көзіне жас алып, риза болып айтқаны әлі есімізде. «Сондай жақсы фильм болыпты» деп баға беріп еді. Фильмнің таныстырылымы кезінде шақырды. Көрдім. Көңілімнен шықпаған эпизодтары да болды. Кейбір нәрселер артықтау болған секілді. Тіпті, «Әттеген-ай» дейтіндей бір-екі тұсы бар. Әр нәрсеге сыни көзқараспен қарайтын адамбыз ғой. Әлемдік деңгейдегі фильмдермен салыстырып қарайтынымыз тағы бар. Сондай салыстырып қарағанда, бірлі-жарым кемшіліктері байқалады, әрине. Кейбір сәттері бейнеклиптер секілді тез айналады. Жасы үлкен адамдарға мұны қабылдау қиын сияқты. Ал, жастарға бұл ұнайтыны белгілі. Бес жүз жылқы айдап кететін барымтасы бар еді. Ол эпизодтар фильмге енбей қалыпты. Әлі де фильмге бір-екі эпизод қосса деп ойлаймын. Оны Досхан аға өзі шешетін болар» деген-ді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Құнанбай туралы аз жазылған жоқ. «Абай жолында» айтылмаған ақиқатты іздегендер де жетерлік. Аға сұлтанның нағыз тұлғасына қатысты пікір қайшылықтары да көп еді. Таласбек Әсемқұлов осы олқылықтың орнын толтыру үшін барын салды. Сценарий жазарының алдында Құнанбай атамызға қатысты деректердің бәрін оқып, зерделеп шыққанын Зира апай айтқан болатын. Ол туып-өскен Шұбартау мен Абай – бір-біріне көрші жатқан аудандар. Демек, кинодраматург бала кезінен-ақ Абай мен Құнанбай туралы ауыл ақсақалдарынан көп естіген. Соның бәрін жадына түйіп өскен. Мұның бәрінің сценарийді жазуға септігі тиді. Кинодраматург үшін өз тақырыбын ашуда көп қиналмағандығы осыдан байқалса керек.

Жалпы, о бастағы әңгіме «Құнанбайдың» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуынан шыққан. Мемлекеттік сыйлыққа ұжымдық еңбекті ұсыну бұрыннан бар үрдіс. Бір кездері Мемлекеттік сыйлықты алған қадау-қадау спектакльдер болды. Жекелеген адамдарға емес, спектакльге берілетін жақсы дәстүр бар еді. Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Ана-Жер-ана» мен «Қан мен тердің» КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын алғандығына, Күләш Байсейітованың «Қыз Жібек» операсымен аты дүркіреп шыққанына тарих куә.  Бір білеріміз, Досхан Жолжақсыновтың жеке басында Мемлекеттік сыйлық бар. Сыйлық «Құнанбайға» берілетіні ақиқат. Тағы бір ақиқат, «Құнанбайда» Таласбек Әсемқұловтың да қолтаңбасының барлығы. Сценарий мықты болмаса, кинодраматург ынта-шынтасымен Құнанбайды зерттемесе, фильм көптің көңілінен шығар ма еді. Жоқ. Демек, «Құнанбай» фильмі Мемлекеттік сыйлыққа лайықты болса, Таласбек Әсемқұлов та сол сыйлыққа лайық деген сөз.

Мәдениеттану­шы Әсия Бағдәулетқызы бұл тұрғыда:

– Мұның бәрі біздің заң­дардың, ережелердің дұрыс жасалмайтынынан болып тұрған сияқты. О дүниелік адамның шығармасын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болмайды деген талап бар шығар, бірақ, оның ұжымдық жұмысы ұсынылса, есімін сызып тастаңдар дегенді оқыған жоқпын. Егер алда-жалда сондай талап тасқа басылған болса, оны бәріміз жабылып өзгертуіміз керек. Өйткені, бұл ақылға сыймайды. Тірі адамға қатысты әділетсіздік – әділетсіздік, өлген адамға қатысты әділетсіздік – құдайсыздық болады. Тірі адаммен айтысуға болады, алысып, жұлысуға болады. Басынуға да болатын шығар. Бірақ, өлген адамды басынғаның – өзіңнің арыңды басынғаның, ұятыңды тұншықтырғаның сияқты болып елестейді маған. Төбемізде Құдай бар емес пе? Мынау жыбырлаған жалған дүниеден жоғарғы әділет бар емес пе? Оны қалай ұмыттық? Егер шынында да, Т.Әсемқұловтың есімі «Құнанбай» авторларының бірі ретінде тізімге қосылмаса, бұл бәріміздің бетімізге салық болады. Өйткені, осы қоғамды құрап отырған біз, оның жазылмаған заңдылықтарының сақталуына, ал, жазылатындарының әділетпен жазылуына біз жауаптымыз. Осы әділетсіздікті көріп отырып үндемей қалу бәріміздің де сол қиянатты өз қолымызбен жасағанымызбен тең болып шығады. Таласбек Әсемқұлов пен Досхан Жолжақсыновтың тандемінсіз «Біржан сал» да, «Құнанбай» да болмайтын еді. Біз осы фильмдер үшін Досхан ағаға қалай алғыс айтсақ, Таласбек ағаға да солай қарыздармыз. Түсінеміз, кино – ұжымдық өнер. Бірақ, онда да әркімнің қосқан үлесі болады ғой. Ол бір түсірілім алаңында шай тасып жүрген көмекші, не үшінші оператор немесе эпизодтық рөлдегі актер емес. Ол – сценарий авторы. Актерлік тұрғыдан алғанда, шындап келгенде, Құнанбай – Досхан Жолжақсыновтан бөлек, Зере рөліндегі Нұрсифат Салықова мен Барақ рөліндегі Айдос Бектемірдің шеберлігіне тәнті болдық.

Бұл фильмде оператор мен композитордың жұмысын да атап өтуге болады. Рас. Бірақ, солардың бәрін қосып тұрып, бір Таласбекті сызып тастау қай әділетке жатады? Сценарийсіз фильм болатын ба еді? Рас, Таласбектің есімін қосса да, қоспаса да, бұл аламанда біз «Құнанбайға» іш тарта, іштей болысып қараймыз. Өйткені, мінсіз болмаса да, мақсаты анық, шын Құнанбайды тірілтуге талпыныс бұл. Идеялық тұрғыда биік шығарма. Бірақ, мәселе фильмнің сыйлықты алу, алмауында да емес. Мәселе, қарапайым ғана әділетте. Қалай бұра тартсаңыз да, Таласбек Әсемқұловтың Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер тізімінен алынып тасталуына ешқандай қисын жоқ.

Мұндай, мемлекет атынан, демек бәріміздің, бүкіл ұлтымыздың атынан берілетін сыйлықта ығай мен сығайлығың емес, талант, еңбек, шығарма бағалануы керек әсілінде. Таласбек марқұмның шенділердің тілін табуға икемі болмағаны рас. Басқа кінәраты жоқ еді. Сондықтан, осы қоғамның ары үшін, бұл олқылықты түзету керек деп санаймын» дейді.

Орынды сөз. Әңгіменің жөні осы. «Біржан сал» мен «Құнанбайдың» мықтылығы – Жолжақсыновта ғана тұрған жоқ. Оның түп негізі – сценарийдің шеберлігінде. Шебер кім? Әрине, Әсемқұлов. «Құнанбай» фильміндегі кесек-кесек сөз орамдары кімге тиесілі? Тағы да Әсемқұловқа. Ендеше, сыйлыққа үміткерлер тізімінен Әсемқұловты көре алмасақ, біздің абыройымызға сын!

Досхан мырза, бұған сіз не дейсіз?!