Арманда кеткен Ақын ( Мұса Жұманазарұлының аманаты)
2009 ж. 17 сәуір
4825
0
Мырзашөлдей өлкемізде өңірімізді өнерімен өрнектеп, халқына жыр дариясынан інжу-маржан шашқан Мұса деген ақынның болғанын естуші едік. Манат қызбен айтысатын Молда Мұса Байзақовты білген ел Мұса Жұманазарұлын білмейді. Енді өшкен жанды, өлген тірілді. Молда Мұса кітабын шығардық. Мырзашөл өлкесінде атақты Ұзын Ата кесенесінің шырақшысы болған ақын Мұса Жұманазарұлы туралы естіп жүргенбіз. Енді арманда кеткен тағы бір ақынын қазағым біле жүрсін деп Мұса Жұманазарұлының ата-тегін, өмірбаянын баяндайық. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап жүрген мұғалім Сержан Құлдырақұлы ауылдасы С. Жұманазаровтан қаракөсе руынан шыққан Мұса атты ақынның бір өлеңін жазып алады. Бізден екі ат жоғалды, Қойшылар қойға мінген ат. Мінгендіктен күйген ат. Жүргенін біреу көріпті, Кербұлақтың кенінен. Аспапты бірақ сұрадық, Қызылқұмның белінен, - деп ақын жырларын төкпелей жөнелген ауылдасы: - Есімде қалғаны осы, шырағым. Мұны Қызылқұм базарының қақпасына жазулы тұрған жерінен оқығанмын. Бұл ақынның аты жоғалған кісіге шығарып берген жоқтау өлеңі екен. Осы кезде жастықтан ба, әлде өлең тілінің шұрайлылығынан ба, санамда жатталып қалыпты, - деп өткен күннің өнегесіндей әңгімесін тамамдапты. Халықтың ақын кәусарынан сусындай алмай жүргенін, әрі ақын мұрасын санасында сақтап жүрген көне көз қариялардың жантайып қалуы ғажап еместігін ойлағанда қатты қиналатынбыз. Содан бастап ақын жырын іздестіре түстік. Кездескен қарттардың көбі: «Ол кісінің шығармаларын Қ. Айтпенов сақтап жүр», - дегенді айтты. Бір күні Мұса ақынның ағасының баласы Әди Ахметовке де жолықтық. Мұса Жұманазарұлының қолда бар азын-аулақ дүниелерін кітап етіп шығарғалы жатқанын, Қ. Айтпеновке ақын шығармаларын сұратып, кісі жібергенде одан «Мұса өлеңдері менде жоқ», - деген жауап алғанын да жасыра алмады. Әдекеңе Мұса ақынның бір өлеңі қолда барын айта келіп, жақын күндердің ішінде көкірегі хат қария Қ. Айтпеновке сәлем бере баратынымызды айттық. Ол кісі ақсақалдан Мұсаның өлең, термелерін тағы да бір сұрауды өтінген еді. Қ. Айтпеновке сәлемдесіп қайтудың сәті екі аптадан кейін түсті. Бір ойымыз сәлемдесіп, ақынның өсиетін тыңдау болса, екінші ойымыз Мұса ақынның мұрасын сұрау еді. Ол кісіге талантты сазгер Е. Арзықұлов, арқалы әнші Қ. Айтбаев үшеуіміз бардық. Ол кісі бізді өте қуанышты жағдайда қарсы алып, көзбен көрген өнегелік әңгімелерін ағытты. Әңгіме арасында Мұса ақынның жырларын сұрадық. Тұғырына қонып отырған ақсақалымыз қырандай сілкіне түсіп, Мұса жайлы ұзақ әңгімеге көшті. Артынша түйіншекке түйілген ақын мұрасын бізге көрсетті. - Ақын аманатын алуға Мұсаның жақын туыстарынан ешкім келмеген соң, жақында К. Сейдехановқа табыс етсем бе деп жүр едім, келгендерің қандай жақсы болды, - деп қомақты дүниені алдымызға көлденең тарта берді. Қолжазбаның көбісі Мұсаның өз қолымен жазған шығармасы болып шықты. Ескі араб графикасымен жазылғандықтан, оны оқуымыз қиынға түсті. Тек, біразы ғана Қайекеңнің Мұса ақынның аузынан жазып алғаны екен. Біз бұл аманатты алуға қатты қиналдық, өйткені аманатты мойынға алу қасіреті айтпаса да түсінікті. Осы кезде Қ. Айтпенов: - Өздерің оқи аласыңдар ма? – деп сұрады. - Жоқ. Шығарманы Ә. Ахметовтің қолына табыс етпекпіз. Ақын дүниелері жарыққа шыққалы жатқанда өте жақсы болды ғой, - деп, қуанышымызды жасыра алмадық. Осы мезетте: - Әдидің өзіне табыстасам болар еді, - деді көкірегі хат қариямыз. Бізге де керегі осы еді, сөзін қуаттай түстік. Ол кісі ақын мұрасын сұрата жіберген Әдидің адамына «Менде жоқ» деп жауап қайтарғанын да жасырмады. «Өйткені, көлденең көк аттыға ақын мұрасын қанжығасына өңгертіп берсек, ертең ұрпақ алдында ауыр қасіретке малшынатынымды ойлап бермей жіберген едім», - деді. Белгіленген күні Әдекең, Е. Арзықұлов, Әдекеңнің баласы - төртеуіміз аманатты алуға Қ. Айтпеновтің үйіне бардық. Бізді балалары, бәйбішесі қуанышты қарсы алып, қонақ бөлмесіне кіргізді. Осы мезгілде Қайекең демалып жатыр екен. Біз ол кісіні күтіп тұрдық. Екі көзіміз Әди ақсақалда. Екі қарт, бірі - Мұса ақынның мұрасын сақтаушы, екіншісі - Мұса ақынның немере інісі қалай кездеспек? Мұның өзі кішкене тарихи оқиға екені айтпаса да түсінікті. Төргі бөлмеден Қайекеңнің даусы шығып жатты. Біз ол кісіні асыға күтудеміз. Әдекең сабырлы қалпынан айнымай, төзімділігін танытуда. Бір мезгілде тоқсанды алқымдап, жүзге жол тартқан Қ. Айтпенов келгенде, бәріміз кезекпен сәлемдестік. Ол кісі Әдекеңді алғашында танымаса да, төрден орын алуын нұсқады. Ә. Ахметов төрден орын алардан бұрын: - Аға, мен Ахметтің баласы Әдимін, - деген кезде Қ. Айтпенов құшағын ашып, інісін құшақтап, төс қағысты. - «Сәлемнің бір сәті бар» демекші, көрмегелі көп болып кетіп еді, балалардан қуанышты жағдайды естіп кеп қалдым. Өзіңізге сәлем беру ойымда бар еді, - деп Әдекең бізді қолымен нұсқады да, әңгімесін қайта жалғастырды. - Үйіңізге келмегелі де аттай он жыл уақыт болыпты, дұға оқып жіберейін, - деп, Әди Қайекеңнің қайтыс болған баласына құран бағыштады. Құран оқылып біткен соң Әдекең ақын ағасына әкелген шапанын иығына жапты. Қайекең алғысын білдіріп, бізге батасын берді. Одан кейін әңгіме ақын Мұса жайлы өрбіді. - Мұса - төкпе ақын еді ғой, - деп бастады естелігін Қ. Айтпенов, - Ол қандай бір өлең жазса, маған әкеп: «Мына өлеңнің ішінен бір қылмыс шығып қала ма?» - деп, оқытып алатын. Қайда жүрсе де, НКВД-нің бақылауында болды. Екі баласы әскерден оралмады. Өмірінің соңы қатты қиын болды. Көп шығармаларын («Мекер әйел») өзім қолынан жазып алдым. Ал, «Мұңды -Сейіл» дастаны бір кісінің қолында жүрген жерінен алып қойдым. Шариғат жайлы «40 парыз» өлеңі мен бір топ өлең, термелерін Құтбай ақын алды да, әкелмей қойды. Артынша Құтбай қайтыс болды. Іздеттім, табылмады. Осы кезде ақсақал қолжазбаны әкелуге кетті де, артынша бір бума түйіншегімен оралды. Өлең, терме, дастандарды көз қарашығындай бүгінгі күнге дейін сақтап келгені - ұқыптылықпен хатталған папкасынан көрініп тұрды. Қайекең папканың орауын шешіп жатқанда Әдекең көзілдірігін киіп жатты. Қолжазбаны оқи алмаған соң Әдекеңе ұсынды. Ол кісі Мұсаның көзі болған дәптерді қолына алып сүйді де, парақтай бастады. Қ. Айтпенов дәптерді нұсқап: - Мынау «Мұңлы-Сейіл» ме? Жатқа айтқаны есімде. Өз қолыммен көшіріп алғанмын. - Мынау сол екен, - деп Ә. Ахметов келесі дәптерді қолына алып оқи бастады, - «Мұса ақынның өз қолымен жазылған термелері» 42 бет. - Бұл өз қолжазбасы болды ғой. Араб графикасымен жазылғасын тісіміз батпайды. Оқитынды табу керек. - Оны табамыз. - Мынаны оқышы, - деп Қ. Айтпенов Әдекеңе тағы бір қолжазбаны ұсынды. - «Әзірет Әлидің жылан сорған елге барып салған соғысы». - Мұса айтушы еді, - деп Қайекең қолжазбаға үңіле түсіп, ежелей оқи бастады да, кілт тоқтап қалды. - Оқу қиын екен. Бұл Мұсаның кең көлемді дастаны. - Біздің қолымызда бары «Әдіһам батыр» мен «Пайғамбардың дүниеден өтуі» атты дастандары еді. Оны Лашынның әкесі Шіркітбайдан көшіріп алдық. - Мынау не екен? - Қайекең Әдиге тағы бір қалың дәптерді ұсынды. - «Мұса ақынның ел аузындағы өлеңдерін Қ. Айтпеновтің жазып алғаны», көлемі 27 бет. - Мұны Майрық, Торпы және басқа кісілерден жазып алғанмын. Осы тұста Әдекең дәптерді парақтай бастап, бір өлеңге кеп тоқтады да: - Мынау ауырып жатқанда сіздің көңіл сұрай барған сапарыңызға арналған өлеңі екен, - деді. Қайыпназар ақсақал есінде бар сол өлеңді айта бастады. Үмітім ертелі кеш сіз боп жүрді, Бір сұрай көңілімді келер деген. Жігіт ең ел аузында ескерулі, Қолтықтан тарыққанда демер деген. Шырағым, жалғыз сенен үміткер ем, Хәлімді көрсе жәрдем берер деген... - Ал, Махамбетке жазғаны бар ма екен? Әдекең қымбат бір дүниеге кездесердей дәптерді асыға парақтай түседі. Қарияның өзіне қатты әсер еткен өлеңінің табылуын тағатсыздана күту үстінде. - Міне, шықты, - деп Ә. Ахметов өлеңді оқи бастады. Қария ақын да қосыла жөнелді: Сәлем де Махамбетке Төлешіңнен, Өлгенше шығармадым сені есімнен. Жолдасын жақсы жігіт ұмыта ма, Шыққанша шыбын жаны денесінен? - деп біраз жерін жатқа айтты да, өлеңнің шығу тарихын әңгімеледі. Махамбет пен Төлеш екеуі дос болған. Төлеш Шымкентте ауырып жатқанда Махамбет көңіл сұрап бармаған. Ол кісі солай қайтыс болып кетеді. Мұса осы жағдайды естіп, «Түсімде Төлеш өлеңді оқып берді» - деп, о дүниедегі Төлеш атынан өлең жазған еді. (Бәлкім, жұрт Қайекеңнің «Бөрібектің о дүниеден жолдаған хаты» өлеңі стильдік жағынан осы өлеңге келетіндіктен «Қайыпназар Мұса өлеңдерін менікі деп жүр» деуі сондықтан болар). Әди ақсақал дәптерді парақтап жатып Қ. Айтпеновтің күнделігіне кездесті. Онда былай деп жазылған еді: «Менде ақынның екі дастаны мен біраз өлең, термелері бар. Басқа дүниелерін Шардара мәдениет үйінде істейтін Камал Ендібаев білсе керек». Осы естелікті күнделік иесі естігенде: - Мен өліп кетсем, кейінгіге нұсқау болсын дегенім еді, - деп жазған себебін айтты. Ә. Ахметов қолжазбаны парақтай түсті. Ол қолына бір шығарманы алып, «Мекер әйел» дастаны екенін мәлімдеді. Қ. Айтпенов: - «Мекер әйел» - ең қызық шығармасы, «Дастандар» атты кітапқа осындай 12 ақын жырлаған дастанды басыпты. Одан Мұсаның жырлағаны әлдеқайда қызық, сюжеті де күлкілі боп шыққан, - деді. Қайекең есінде бар күлкілі оқиғасын әңгімелегенде, бәріміз қыран-топан күлкіге кенелдік. Нағыз шығарма осындай болса керекті... Қолжазба таусылып, Әдекең дәптерді жинап жатып, кезінде ақын ағасына өлеңдерін жазу үшін «Амбарная книга» әкеп бергенін, оның жартысынан асып қалғаны есінде екенін айта келіп, одан көз жазып қалғанын өкіне айтты. Оның «сол қолжазбаны сіз кездестірмедіңіз бе?» - деп айтпақ ойын түсінген Қ. Айтпенов: - Мендегі бар дүниелері осы. Өзіңнің қолыңа табыстап, үлкен аманатты орындағандай болдым ғой, - деп, көптеген жыл бойы арқалап келген ауыр жүктен арылып, тамаша күй кеше отырып, езуіне күлкі үйірді. - Рахмет, аға! - деп Ә. Ахметов те шексіз алғысын білдіріп жатты. Осыдан кейін қолжазбаны орап, мол дүниені қолына түсіргеніне сенбегендей қалып көрсетті. Иә, ол кезде Әдекең шексіз бақыт құшағына бөленген еді. Тек, көзбен көріп, іштей ұғыну ғана керек. Мың ақынның тілі ол кісінің көңіл күйін суреттеп бере алмаған болар еді. Сонымен, ақын дүниелері Қ. Айтпеновтің өз қолымен Әдекеңе табыс етілді. Бұл кездесуден шежіре қарттың Мұса шығармаларын егеленіп жүргенін емес, қайта оны көз қарашығындай сақтап келгенін аңғардыңыздар. Сондықтан Қайекеңнің атына айтылар қаңқу сөздер тоқталуға тиіс... Молда Мұса мен Қайыпназардың достығы Мұса Жұманазарұлы тәңір сыйлаған ақындық өнерінің арқасында көптеген қайраткерлермен істес, дәм-тұздас болған. Мақтаарал ауданының отызыншы жылдардағы бірінші хатшысы, жазықсыз жазаланған Беляковпен, оңтүстік өңіріне танымал тұлғалар У. Бейсенбаев және Ж. Қасымовпен арадағы сыйластық-достығы өз алдында бөлек әңгіме. Олар ақын өнерін жоғары бағалап, үлкен құрмет көрсеткен. 1960 жылдардың басында Мұса ақынға Шымкент облыстық партия комитетінде қызмет істеп жүрген Қ. Есімбеков пен ауданнан Ш. Ділдәбеков келіп, қартты қоярда қоймай, өздерімен бірге Қызылқұм, Шымқорған сапарына алып кеткен. Осы жолы олар тәжірибелі шопан, депутат Б. Дауылбаеваның шаңырағында және Өзбекстанның бір қатар шаруашылықтарында болып, іс-сапардың соңғы күнінде Сәрсенбай Есімовтың үйіне ат басын тіреген. Дәл осы кезекте ақынның көптеген өлең, термелері дүниеге келіп, халық көңілін күйге бөлеп қала берген. Сонымен қатар, С. Есімовтың отбасында алғаш рет ақын дауысы магнитофон таспасына жазылған болатын. Амал не? Осы құнды дүние іздестірсек те табылмай келеді. Мұса ақынның жоғарыда айтылған айтулы азаматтардан бөлек сыйлас, достық қарым-қатынаста болған кісісі - Қ. Әйтпенов болатын. Ол екеуінің достығы сонау 1930 жылдардың басынан басталды. Мұса ақын 1932-44 жылдары Мақтаарал ауданының «Қызыл таң» колхозында тұрған. Дәл осы тұста ол өнерімен жарқырап көрінсе, Қ. Әйтпенов аудандық милиция бастығы болып, дәуірлеп тұрған еді. Қайекең қайда жүрсе де, Мұса ақынның өнерін жоғары бағалап, шексіз сүйіспеншілігін аңғартқан. Ал, 1937 жылдың зобалаңында Мұса ақын қудалауға түсіп, үш жылдай Қырғызстанды паналауына тура келеді. Бірақ, осы қырғыннан жоғарыдағы жазылған ірі тұлғалардың шарапаты арқасында аман қалады. Ол 1944 жылы кіндік қаны тамған Шардара ауданына (бұрынғы Қызылқұм) көшіп келсе де, НКВД-нің бақылауынан құтылмаған. Бірнеше тексеріс, қайта өріс тапқан қырғыннан Қ. Әйтпеновтің тікелей септігі арқасында аман қалған. Сондықтан да, екеуінің арасындағы достық нығая түскен. Мұса қандай өлең, терме жазса да: - Қайыпназар, мына өлеңде ешқандай қылмыс жоқ па? - деп көрсететін. Бұл біріншіден, досына деген сенімі болса, екіншіден, заманнан сескенген кейпі болатын. Қайыпназар мен Мұса достығы содан кейін өрістеп, өле-өлгенше жұптары жазылмаған. Екі ұлы әскерден оралмай, артынша әйелі қаза болғанда да Қайекең достық қолын ұсынған. Сондықтан да 50 жылдардың соңында ауырып жатқанында көңіл сұрай барған Қайыпназарға: Жігіт ең ел аузында ескерулі, Қолтықтан тарыққанда демер деген. Шырағым, жалғыз сенен үміткер ем, Халімді көрсе жәрдем берер деген, - дейді. Мұсаның көңілін сұрап кеткеннен кейін Қайыпназар Сарыағаш курортына демалуға барады. Онда үй жайы жоқ, бір ғаріп әйелмен танысып, өзіне өкіл қарындас етеді. Бүйбіш есімді өкіл қарындасын Қайыпназар әйелі мен баласынан айырылған Мұса ақынға қосып, ақынның сөнген шамын қайта жаққандай болады. Онымен ақын үш жылдай отасып, өлеңін айтып, жақсы өмір сүреді. М. Жұманазарұлы қылтамақ кеселімен ауырып жатқанда Қ. Әйтпенов тағы да көңіл сұрай барады. Сонда ауыр хал үстінде жатқан ақын қолына домбырасын алып, өлеңді төкпелей жөнеледі. Жылаған көздің жасы қабыл болып, Ісімнің тағы құдай сәтін беріп. Әуелі құдай, Әйтпенов себеп болып, Қуантты құдай жақсы қатын беріп. Несібеме есі бар қатын екен, Көп сүйеу болды маған ақыл беріп, - деп Қайыпназардың жақсылық, шарапатын айтады. Онымен қоса Бүйбіштің көп сүйеу болғанын және бұл кеселден жазылмайтынын білдірген еді. Ақбибі орнымды жоғалтпас ең, Қалғанда қолыңда бір бала болып. Жүрерсің Қайыпназармен хабарласып, Тумаса да туғандай ағаң болып, - деп арманы ішінде кетіп бара жатқан ақын соңында тұяқ қалмағанына өкіне отырып, әйелі Бүйбішке ризашылығын білдіреді. Ал, Қайыпназарға қарата: Қайыпназар, жағдайымды біліп жүрдің, Жанашыр екеніңді біліндірдің. Қатардан әлдеқашан шыққан жан ем, Себеп боп қатарға әкеп іліндірдің. Ырза боп ертелі кеш жатсам, тұрсам, Алғыспен саған дұға қылып жүрдім, - немесе: Өзіңдей қадір білер ер болмаса, Шағынып жай айтпаймын көрінгенге, - дейді. Осылай Мұса ақын Қайыпназарға деген ризашылығын, адал достық көңілін білдіреді. 1962 жылы М. Жұманазарұлы қайтыс болғанда Қайекең адал достығын байқатып, оны өз қолымен арулап қойды. Ақынның өз қолымен жазылған азын-аулақ шығармаларын қолында сақтап, әрі ел аузындағы дүниелерін жинап, бүгінгі күнге жеткізді. Оның сол кездері жарыққа шығуына заман талабы сай келмеді. Ақынның сөнген үміті Көңілін мұңға бөлеп, өмірін өкінішке айналдырған бір арман қайбір тіршілік иесінде жоқ дейсіз. Адамда жоқ дейін десеңіз, тәтті арманмен басталған өмірі мұңлы арманмен аяқталып жатады. Алла-тағала пендесінің төрт құбыласын сай етіп жарата қоймаған. Біреуі - байлыққа қолы жетпей арманда болса, бірі - бір перзенттің жоғынан арманда. Мұндай арман көңілі биіктен тоят тапқан құстарда жоқ дейін десеңіз, кей жағдайда мұңлы әуенін төгілдіріп тұрып алады. Яғни, оның да орындалмаған арманы бар деген сөз. Бәлкім, арман дүниенің сырларын сезінбейтін қара таста жоқ шығар. Халқымыз қатал кісілерге «Тас жүрек екенсің» деп жатады емес пе? Өмірдің тәттілігін сезінбеген, қайғысын да сезінбеуге тиіс. Бірақ, тау етегіндегі жұмыр тастың өзі: «асқар таудың шыңында мүжілместен мәңгі қалмадым» деп арманда болса керек. Міне, қарап отырсаңыз, армансыз жан да, тіршілік иесі де жоқ. Арман - адам қанаты, биікке, болашаққа алып ұшады. Арманы биік адамның тартар қайғысы да шексіз. Аталған ұғымның бірі - болашаққа, келер күнге деген іңкәрлік мақсаты болса, екіншісі - орындалмаған арманның көңілде мұңға айналуы. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы - Мұса Жұманазарұлының арманы екіншісіне сайса керек. Ол ақынның жолын жалғастырар соңында тұяғының қалмауы. Оның осы арманы өмірінің соңғы жылдардағы асыл мұраларынан, творчествосынан орын алды және артында перзент қалмауы - қара қобыздай күңіренуіне әкелді. Сыр бойына төкпе ақындығымен кең танылған Мұса ақын бір өлеңінде: Құдайым берді өнер мен сананы да, Тоғыз перзент берсе де алла-тағалам, Есебін өзі тапты аларында, - деп күңіренеді. Демек, бұл жолдардан оның тоғыз перзенті болғанын аңғарамыз. Сондықтан бүгін сіздерді осы тоғыз перзенттің өмір жолы, тағдырымен таныстыруды жөн көрдік. Мұса Жұманазарұлының қыздай үйленген бәйбішесі Жүзім Көбек руынан екен. Ол ертерек қайтыс болғандықтан, артында ұрпақ қалмаған. Оның артынша ақынға ағасы Жақыптың әйелі Жадыраны әмеңгерлік салтымен қосады. Жақып - әкесі Жұманазардың ең кенже інісі. Ол кісіден бір ұл, бір қыз көреді. Қыз жас күнінде шетінеген. Ал, ұлы Рияз 1921 жылы туылып, соғыс жылдары әскерге аттанып, хабарсыз кеткен. Жұрттың айтуына қарағанда, бұл ұлы әкесінің жолын қуып, мәдениет бөлімінде біраз жыл қызмет істепті. Өзі асқан күйші, әрі ақын болыпты. Ақынның өлең, термелерін қағаз бетіне түсірген осы ұлы көрінеді. Сырнай, мандолин, домбыраның құлағында ойнағанда, жұрт тамсана таңдай қаққан екен. Амал не, әкесінің өзіндей өнер аспанында жұлдыздай жарық шашқалы тұрған дарынды Рияз өмірден ерте кетті. Тым болмаса ұрпағы да қалмады. Жиырмасыншы жылдары ақынға тағы да әмеңгерлік салтымен Исаның әйелі Ұғыл жеңгесін қосады. Иса - Жұманазардың ағасы, Жұматайдың баласы. Осы жұбайынан Гүлстан, Башарат, Фазилат есімді қыздары, Әбиболла, Халиолла, Иниятолла деген ұлдары болады. Оған қоса, яғни есеп бойынша бір перзент болуға тиіс. Ол - белгісіз. Енді осы алты баланың тағдырына көшелік. Отызыншы жылдары қазақ тарихында үлкен нәубет болды. Осы жағдай ақынға да зардабын тигізбей қоймады, қудалауға түсіп, атамекені Ұзын Ата маңынан көшіп, Славянка (қазіргі Мырзакент) түбіндегі ағайындарына барады. Сонда оның он бестей қойы, қарақасқа аты, жаңа киіз үйі және 3 ұлы, 3 қызы болатын. 1932 жылы көктемде Ұзын-Атаға қалжырап оралғанда баласынан Әбиболла, қызынан Гүлстан, Башарат қана аман қалыпты, басқалары сол жақта қаза болған. Алайда, оның тартар қиыншылықтары әлі алда екен. Туысқан ағасы Ахмет қамауға алынды, өзі қудалауға түсті. Осы себепті 1933-1944 жылдары Славянкадағы ағайындарын паналады. Енді ақынның жалғыз үміті - Әбиболла мен Рияз еді. Соларды аман сақтау үшін дәм-тұз тартқан жаққа бет түзеді. Әбиболла 1924 жылы туылған екен. Өзі асқан суретші болыпты. Оны дәлелдейтін дерек те бар. Ол орталау мектепте оқып жүргенде қағаз ақшаны қолдан жасап әкесіне көрсетіпті. Құдды ақшадан айнымайтын жасанды дүниені көрген әкесі шошып кетіп: - Енді мұндай іспен айналыспа, - деп тыйым салыпты. Баласы да: - Әке, тек сізге көрсетуге жасап едім, - деп, қолдан шыққан ақшаны жыртып тастапты. Оған қоса, бұл баласының басқа да өнер туындылары дүниеге келіпті. Бірақ, осындай мұралары және болғалы тұрған дарынды ұл болашаққа жетпеді. 1942 жылы он сегіз жасында Отан қорғауға аттанды да, 1944 жылы қаза тапқандығы жөнінде «қара хат» келеді. Сондықтан да Мұса ақын үміт күте жырлайды: Өлгенін көзіммен көрмеген соң, Үміткермін бір күн кеп қала ма деп. Өлгенше пенде күдер үзбейді екен, Жарығым өшкен қайта жана ма деп! Өкініш пе? Бұл кезде оның ең соңғы үміті де, екі көзінің жарығындай ұлы дүниеден өткен еді. Ал, үлкен қызы Гүлстан арапша сауаты бар, өте көркем жан екен. 1939 жылы Көбек руындағы Оңал деген жігітке тұрмысқа шығып, 1941жылы әкесінің қолында ауырып қазаланды. Башарат есімді қызы болса, Қауыншы руының Әбдіәшім деген жігітіне тұрмысқа шыққан, Ащыкөлде отырған. 1951 жылы жаздың аяғында ауырды да, артынша о дүниелік сапарға аттанды. Артынан әке-шешесі барып, артында қалған Қызболғанды алып қайтады. Оны бойжеткен соң әкесі Әбдіәшім алып кетеді. Кейін ерге бергенде немере де қазаланыпты. Мұса Жұманазарұлының ұл-қыздарының тағдыры осылай шолақ аяқталған соң, өмірі өкінішке, мұңлы арманға ұласты. Перзентсіз өмірдің мәні кеткендіктен: Құлайтын қу ағаштай болып тұрмын, Тамыры шіріп, бұтағы көгермеген, немесе: Қартайып жасым жетті жетпіс беске, Ержетіп, арман бар ма балаң өссе. Керуендей жүгін буған боп отырмын, Кетуге дайындалып ажал жетсе, - деп үміт үзе күңіренеді. 1950 жылдардың аяғында оның осындай халін көрген Қ. Әйтпенов оған Ақбибі (Бүйбіш) есімді әйелді қосады. Оныменен ең соңғы күніне дейін бірге тұрады. Одан ұрпақ болмаған. Ақын қайтыс болғанда Мұсаның көп мұра, дүниелері сонымен кеткен. Міне, ақынның жолын жалғастырар тұяқтары осылай өмірдегі көшін ерте доғарады. Ол өмірден ұрпақсыз өтіп бара жатқанына күңіренсе де, Алла-тағаланың өзіне салады. Аяғым сайға тимей бара жатыр, Білмеймін, құр алақан қаламын ба? «Күшті десең құдайға сыйын» деген, Бір Алланың өзіне саламын да, - дегенінен оның көңілін мұңға, өмірін өкінішке бастаған арманды байқау қиын емес. Елді өнерімен өзіне қаратқан Мұса секілді мықты ақынның артында ұрпақ қалмағаны неткен өкінішті. Әйтсе де, Құдайдан күшті еш нәрсенің жоқ екеніне мойынсынып, салғанына риза болмасқа лаж жоқ. Сержан ҚҰЛДЫРАҚҰЛЫ, Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. Сол суреттер: Әди, Қайыпназар МЕ.