Өз тілінен өзге тілді артық санайтындар жоғары қызметке алынбауы қажет
2016 ж. 28 шілде
3279
6
Соңғы уақытта жоғары лауазымды шенеуніктеріміз бен əкімдеріміз өз асылын құрметтегеннен гөрі, сырт елдің жасылына бүйректері бұрып тұратынын көріп жүрміз. Республикалық немесе облыстық деңгейдегі үлкен мерекелік шаралар мен елдік маңызы бар фильмдер мен сериалдарға түсуде қазақтың кино өнері жұлдыздарын қатыстырғаннан және ұлттық музыканы (өзіміздің бұлбұлын) тыңдағаннан гөрі, жаттың өнер адамдарын (Астана күніне, «Көшпенділер» фильміне т.т) шақыруға, даңғырлақ әнін (өзгенің қарғасын) тыңдауға аңсарлары ауып тұрады. Балаларын шетелде оқытып, өзге тілде тәрбилеуге құмар-ақ. Олар жат жұрттың мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын білгендерді ғана озыңқы, өркениетті санайтын секілді. Алаш ардақтылары мен асыл азаматтарды ұлықтайтын және ұлттық ерекшелігімізді насихаттайтын сериал, фильмдер мен театрланған көріністерді жоғары деңгейде шығаруға қазақтың кәсіби режиссерлары мен актерларының қарым-қабілеті, ой ұшқырлығы және біліктілігі толық жетеді. Тек оларға мемлекет тарапынан дұрыс қолдау жоқ және аяқтарына тұсау, сөздеріне шектеу бар екенін естен шығармайық. Оның да бір «гәпі» болатын. Ұлттық рухымызды оятар туындылар жиі берілсе, елдің ұлттық санасы мен намысы оянып кетеді деп сескенгендер, өнер мен мәдениет саласын бұғауда ұстап отырғаны шындық.
[caption id="" align="alignleft" width="357"] Көрнекі сурет: egemen.kz[/caption]Осылай жалғаса беретін болса, жаһандану дәуірінде қазағым барынан айырылып саяси құрылымы мен экономикасы өте мықты көрші елдің (Ресей мен Қытайдың) өңешінде жұтылып, "Мəңгі Ел" емес, «енді тірілмес, мәңгі өлімге» кететінін ұмытпауымыз тиіс.
Мұның алдын алу үшін, біріншіден, ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ұзақ мерзімге жасақталған мемлекеттік ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ауадай қажет.
Екіншіден, ұлттық жоғары басқару иституттары құрылып, мемлекеттік қызметке осы мектептен өткен ұлтжанды азаматтар бару керек.
Үшіншіден, өзге тілде тәлім-тәрбие алып, жат жұрттың мәдениетін, салт-дәстүрін өз ұлтының салтынан, ана тілінен артық санайтындарды мүлдем жоғары эшелондағы басшылық орындарға жіберуге болмайды. Өйткені, ондай адамдар қиын-қыстау түскен уақытта қолындағы лауазымын пайдаланып, кез-келген уақытта ОТАНЫН сатып, қоғамға зор қиянат әкелуі мүмкін. Оған, ел тұтқасын ұстағандардың әбден байып, кейін туған еліне түкіріп қашып кеткендері және тарихта болған оқиғалар дәлел болады. Мысалы: «Клеопатра патша жеңіл жүріске салынамын деп елін құлдыққа салып жіберсе, Шағатай ханға Отырар қаласының қақпасын ашып берген Қарахан хан қытайша тәрбиленген екен».
Қазақ хандығы құрылғаннан бері жаугершілік заманда да, тар жол тайғақ кешуде де ата-бабамыз қанша тауқымет көрседе, ел мүддесін жоғары қоя отырып, кең-байтақ жерді бізге қалдырып, (Сібір халқы секілді ешкімге сіңіспеді) ана тіліміз бен ұлттық рухани құндылықтарымызды жеткізе білді емес пе?! Оның үстіне біз батырлар жырын тыңдап, оқып және ерлік пен патриоттықты дәріптейтін туындылар көріп өскен қазақ емес пе едік! Ендеше рухымызды түсірмей, өткінші әлем дағдарысы қанша қылтамақтан алса да «нарық заңы мен демократия осы екен» деп шетелдің жасыл, арзан дүниелерін насихаттауға жол бермеуіміз керек. Материалдық дүниенің соңынан қуа бермей, бір мезгіл келешек ұрпағымыздың жайын болжап, ақыл таразысына сала отырып, ойланатын уақыт жетті ағайындар!..
Қатауов Талғат,
qazaquni.kz
Материалды көшіріп басу үшін qazaquni.kz порталына гиперсілтеме беруіңіз қажет.