ӘРУАҚ ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
2016 ж. 26 шілде
11122
13
Сіз әруақты қалай түсінесіз? Алланың қасына әруақты "серік" етіп,дінді қиындатудың не қажеттілі бар? "Жұрттың бәрі әрнәрсені бір айтып, шатасып жатқанда "Алладан басқаға ғибадат етпеймін" деп тұрып алсам қателеспеймін ғой" дейтін ойдың кімге де болсын келетіні күмәнсіз.
Егер мәселе дәл осылай оп-оңай шешімін тауып кете берсе, онда теология ғылымы өмірге келмес еді. Сонда әлгі ойда қандай жаңсақтық бар? Пайғамбарлардың келудегі мақсаты Алладан басқа сыйынуға лайық ешнәрсе жоқ екендігін ұғындыру емес пе? Енді осы айтқанымызды саралап көрейік.
Ең басты қателік, пайғамбарлардың келу мақсатын түсінбеуден туындайды. Білген жөн. Ешқандай пайғамбар жаңа дін әкелмейді. Олар жаңа дін әкелді деген түсінік талай қауымды діннен шығарып жіберді. Егер әр пайғамбар жаңа дін әкеле берсе, онда олардың сенімі де әрқилы болған болар еді. Діндарлар пайғамбарлардың келуін діннің, қасиетті кітаптардың бұрмаланып, өзгеріске түсуінен деп түсіндіреді. Бірақ неге өзгеріске түсетініне жете мән бере бермейді.
Басын ашып айтайық. Пайғамбарлар бұрыннан бар дінге жан кіргізу үшін келеді. Дін өлі болған соң қасиетін жоғалтады, жансыз нәрсе кім көрінгеннің қолжаулығына айналады. Жансыз, руxсыз нәрсеге Алла назар салмайды. Болмаса "ескі" діндегілер де Аллаға сенемін, тек соған ғана құлшылық етемін ( еврейлерді қаперге алыңыз) деген ойдан айныған жоқ.
Міне, біз сөз басында айтқан "Бір Аллаға ғана ғибадат етемін" деген адам сол ескі, жансыз, руxсыз дінді місе тұтып жұрген адам сияқты.
Ұғынықтылық үшін тағы бір ой қосайық. Әлгі "Бір Алла" деп жүрген адам мен "әруақшыл" діндәр қатар отырып намаз оқыды делік. Құранда айтылатынындай, біреуінің намазы қабыл болады да екіншісініңкі өз бойынан жоғары көтерілмейді. Әрине, біз "әруақшылды" дұрыс деп қабылдаймыз. Сонда "Алла" деп отырған адамда не жазық?! Сауалды осылай қойғанда, еврейлер мен xристиандарды айтпағанда теріс 72 бағытқа бұрылып кетті делінетін мұсылмандарда не жазық?!
Жалғыз ғана кінәрат бар. Ол - әруақты мойындамау. Бұрын да айттық. Тағы да қайталайық. "Алла" дегенді сені өзіне тәуелді етіп алған "Мен" айтып отыр. Ал өзін әруаққа тапсырған адам айтқан Алланы "Ол" айтып отыр. "Ол" - сенің жаның, "Ол" - антиматерия, "Ол" - монада. Оны бұл күнде ғылымның өзі дәлелдеп отыр. Сені, мені, мына 18 мың әлемдегі көрініп тұрған, көрінбей тұрған материя мен оны түзетін барлық бөлшектерді алып тастасақ, қалатыны - әруақ.
Енді жоғарыда айтқандарымызға мән берейік. Әлгі мен "Алла" дедім, "намаз оқыдым", "Аллаға серік қосқан жоқпын"деп отырған адам да біз алып тастадық деген материямен бірге жоқ болып кетеді ғой. Сонда сол жоқ болып кететін адамның оқыған намазы да өзі есітетін биіктіктен әрі көтеріле алмауы заңдылық қой. Ал әруақ (антиматерия, руx, монада - атында тұрған дәнеңе жоқ) ұдайы "жоқтықта" тұрады. Ал Алла - барлықта. Біз мұны кәлима шаxадат айту арқылы айғақтаймыз. Сондықтан "Алла" деп өзіңді барлықта тұрмын деп айтсаң, сен де Аллаға айналып, сыпайылап айтсақ Жаратушы иемізге "ширк" қосып шыға келесің. Ал "әруақ" десең жоқтыққа өтесің. Ол "жоқтық" Алланың сипаттары арқылы мына әлемді бар сияқты етіп көрсетеді. Сол ауани көріністе жасалған "ғибадаттарға" сенім арту - бүгінгі діни ауытқушылыққа алып келді. Оны бүгінгі ғылым да дәлелдеп отыр. Бірақ соған назар аударып жатқан діндәрді байқамадым.
Құдияр БІЛӘЛ
qazaquni.kz