Бүгін әлемнің барша мұсылмандары Ораза айт мерекесін атап өтуде. Қасиетті Рамазан айының аяқталуын білдіретін Ораза айт мерекесімен Қазақстан халқын бас мүфти Ержан қажы Маямеров құттықтады.
ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЯМЕРОВ. ФОТО: ҚМДБ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Бас мүфти Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар айтып, мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтады.
«Айт мүбәрак болсын, ағайын! Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады», – дейді өз құттықтауында ҚМДБ төрағасы.
Бас мүфти еліміздің мұсылман қауымы қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысып, мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық шаралары өткенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді.
«Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру – игі амал. Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де – сауапты іс», – дейді Ержан қажы.
Айт қабыл болсын, ағайын! Бұл күн Астананың туған күнімен тұспа тұс келуі де бір мереке ғой! Еліміз тыныш жұртымыз аман болсын!