БҰЛ КҮРЕСТІҢ РУХЫ ҒАСЫРЛАРҒА ЖАЛҒАСАТЫН БОЛАДЫ
2016 ж. 04 шілде
3826
0
Шілденің аяғы мен тамыздың басында патша өкіметі өте қатаң шаралар қолданып, күшпен бала алуға ұмтылды. Бірақ халықтың өкіметке қарсы қимылы барлық ауылдарда кеңінен өрістейді. Ал тамыз айының бас кезінде жаппай бас көтерген қозғалыс таулы өлкенің барлық түкпірінде үдей түсті. Сол тамыз айының алғашқы күндерінде өнеркәсіп иесі әрі саудагер Вербицкийдің қызы Софья Алексеевна Вербицкая көтерілісшілер жағына шықты. Ол әкесінің қарамағында жұмыс істеп жүрген жалшы қазақтарға қосылып, ата-анасынан аулаққа кетті. Бай казак-орыстардың, кулактардың оның ішінде Солдатенко мен Вербицкийдің көптеген жалшылары қожайындарынан қашып шығып, жасақ ұйымдастыруға белсене атсалысты. Албан елінің белді руы Қызылбөрік 1916-жылғы Қарқарадағы қарулы көтерілістің бастамасы болды. 3-тамыз күні алғашқы қарулы қарсылық Верный уезіне қарасты Қызылбөрік болысында, Асы жайлауындағы Жамбас деген жерде көрсетілді. Болыстықта сыйлы ақсақалдар мал санағын жүргізіп жатқан еді. Уез басшысының көмекшісі Хлыновский мырзаға солдаттарына ауыл қазақтары тік тұрып көтеріліп, шабуыл жасайды. Қақтығыста патша әкімшлігігі жағынан бір адам қаза тауып, үш адам жараланады. Асы жайлауына казак жүздігі жіберіліп, басқа болыстарда мұндай бас көтерулер қайталанбастай сабақ көрсету мақсатымен қызылбөрік көтерілісшілері қатаң жазаланды.
1916 жыл. Тамыз айы. Анастасия Ивановна Деева (қазақша есімі Әнеш) казачествоның атақты байы қара Иванның қызы. Ол Нарынқол учаскесі бойынша сол кезде бекеттік почтаны басқарады. Әнеш шұғыл шаруамен Сарықапталдағы Монайдың үйіне келеді. Шаруан Әнешті аттан көтеріп алып, қонақасы береді. Ас ішіп болған соң, Монай Әнештің келген бұйымтайын сұрайды. Әнеш Монайды оңаша алып шығып, Нарынқол атаманы Достаполов Степанның ақ патшаның 25-мауысымдағы жарлығын орындамағаны үшін Байынқол, Қақпақтағы қазақ ауылдарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын Монайға толық баяндайды. Әнештің жеткізген хабарына қарағанда атаман өзінің атты әскерімен қазақтарды үш күн ұдайы қырмақшы екен. Әнештің бұл хабарын Нарынқолда 1912 жылдан бастап тұратын тапал бойлы, шымыр денелі, божбан сары Егор Сергеевич Куров дұрыс деп мақұлдап, Монайды атаманның шабуыл жоспарымен жіті таныстырады. Атаманның елді қыруға шұғыл әрекеттеніп жатқанына Монайдың көзі анық жетеді. Ол Лабасыға, Шұбарталға, Көкбелге, Үш Қақпаққа шабарман жіберіп, қарулы жасақты Қаракөлден Қарағайлысайға әкелуге шұғыл кіріседі. Монай мен Мұқанның жауынгерлік сапары үстем болып, жеңіспен қайтуын тілеп, Әнеш көкжал арғымаққа қонады. Әнешті шығарып салуға Шаруан да атқа мінеді. Екі салт атты жай ғана аяңмен ауылдан шығып, Үкіршіні бетке алады. Әнеш Шаруан сөзіне көңілденіп, езу тартып күлімсірегенде бөктердегі қалың ши арасынан салт атты ши қалпақтылардың төбесі көрінеді. Әнеш Шаруанға бұрыла қарап:
– Мына келе жатқандар – әскери адамдар. Прапорщик пен солдат. Олар бастан аяқ қаруланған. Нарынқолға өте тығыз, құпия дерекпен бара жатқандар. Бұларды қайтсек те айламен қолға түсіру керек. Қашуға болмайды, атып тастайды. Ердің оң жағындағы артқы қапталына жапсырылған былғары қапшықта оқтаулы тапанша бар. Оны алуға оңайлап қойғанмын. Қалжыңдасқан болып, ең алдымен прапорщикті жайғастырамын. Сонан кейін кезек солдаттікі. Тапаншадан жылдам ату әдісін жақсы үйренгенмін. Олар бізде қару бар екенін білмейді. Бұлар мүттайым казачествоның әскери бөлімінен. Бізді зорлап, содан кейін өлтіріп кетуден тайынбайды. Сондықтан өзіміз оларды жақсы көріп тұрғандай кейіп танытайық. Сен де қапыда қалма. Қыл тұзақ шалма арқаныңды дайын ұста, – деп ескертіп қояды.
Әнеш пен Шаруан алдарынан шыққан прапорщик пен солдатқа жылы жүзбен сәлем беріп, олардың кездескенін жақсы көріп тұрғандай болып, күліп амандасады. Уылжыған екі сұлудың ықыластарына прапорщик әбден риза болып, көңілі толып, жайбарақат, жайдары қалыппен бесатарын жартасқа сүйеп, Әнешті көкжалдан көтеріп алмақшы болып ыңғайланғанда, Шаруан прапорщиктің мойнына қыл арқанды салып, салдыр-гүлдір еткізіп, атпен сүйреп ала жөнеледі. Асынған бесатарын қолға алмақ болған солдатты Әнеш көзді ашып жұмғанша атып тастайды. Үкіршінің шатқалынан шықпай-ақ тастан-тасқа соғылып, сүйретілген прапорщик сол жерде жан береді. Шаруан атының басын бұрып, қыл тұзақтан қылғынып, жан салған прапорщикті кері сүйретіп Әнештің жанына келеді. Олар прапорщик пен солдатты шатқалдың сол босағасындағы ескі қыстаудағы астық көміп сақтаған ашық ұраға тастап, қалақ тастармен бетін жабады. Өздері қараңғы түскенше шатқал іргесіндегі үйдей тастың тасасына жасырынып отырады.
Күн батып, қас қарайып, көз байланғанда жаудан түскен қару-жарақты, ер-тоқымды, аттарды және прапорщиктің қорабынан пакетті алып, жолсыз жермен абайлап жүріп, ел жатар мезгілде, Сарықапталдағы ауылға келеді. Әнеш пен Шаруанның ерлерге тән таңғаларлық жауынгерлік ісіне мұндағылар өте риза болады. Прапорщиктен алынған құнды пакетті Әнеш ашып, Монайдың көзінше оқиды. Приставтың атаман Достаполовқа жазған пакеттегі хатында: «Өте тығыз орындалатын бұйрықты прапорщик ауызша айтады» делінген.
Шабуыл алдында қолға түскен пакеттен төтенше бұйрықтың әскери маңыздылығы орасан зор екендігі айқындалды. Ауызба-ауыз мәлімдейтін хабаршылардың жол-жөнекей жойылуына байланысты атаманның шабуыл жоспары өзгермей сол қалпында, көрсетілген уақытында жүргізілетініне Монайдың көзі жетті. Өйткені, атаман ең соңғы әскери құпия бұйрықпен деректенбеді. Бұл жағынан пакеттің ерекше назар аударатын құндылығында күман жоқ. Ол қауіпті жаудың айла-әрекетін алдын-ала біліп, Қаракөлден қарулы жасақтарды әкелді. Күндіз ауыл маңында атты адам көрінбейді. Бірақ тоғай толы топтанған жауынгерлер. Түн ортасында, айнала тегіс қараңғылық жапқанда, қарулы жасақтар Байынқол өзенінің оңды-солды жағалауындағы тоғайлы жиектерін жағалай бойлап жылжиды. Олар Нарынқол тұсындағы қалың орманды қақ жарып, өткелге апаратын жолдың екі жағында, қолайлы орындарды иемденіп, жаудың келуін күтеді. Бер жақтағы жасақты Монай, ар жақтағы жасақты Мұқан басқарады.
Әнеш пен Шаруан Нарынқолға барып, Куровпен кездесіп, атаман жайында ең соңғы жаңалықтарды бастан-аяқ біліп қайтуға жіберіледі. Олар жаяулап жүріп, қыстаққа таяу тал түбіне тоқтап, жан-жақтарын жіті бақылап, баяулап басып, дыбыс шығармай шеттегі Куровтың ауласына кіреді. Одан атаман туралы толық мәлімет алады. Содан кері қайтып, жол торауылдаған жасақтарға қосылады. Ол кезде Нарынқол тұсындағы Байынқол орманы биік ағашты, ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты тоғай еді. 1916 жылы бұл тоғайды он алты болыс албан жұрты паналаған. «Атаман осы жолмен келіп, атты әскерін өзеннен екі бөліп өткізетін болыпты» деп Әнеш Монайға баяндайды. Монай жауынгерлердің аттарын өткелден қашығырақ жердегі тоғайға жинап, он адамды бақылауға қояды. Өткелдің бергі және арғы жағындағы жасақтардың әскери әзірлігін, ұрысқа ыңғайлап алған орындарын, әсіресе, әрбір онбасының ұрысқа дайындығын, оның бетпе-бет тақалған жауға кенеттен ұмтылып, шебер қимыл көрсететін жерін жете тексереді. Жолдың екі жағындағы жағалай тал мен қайың қалқасында тасаланып, атаманның қарулы жасағының келуін күткен сарбаздардың қолайлы ұрыс орындарын мақұлдап, шабуылға шығу белгісі менің «аттан» айқайым», – деп нұсқау береді.
Түн ортасы болған кезде бастан-аяқ қаруланған, таңдаулы аттар мініп, қос-қосымен қатарласқан саппен келген атаманның әскері өткелге келіп тоқтайды. Қою қараңғылық жамылып, жақын арадағы жасақтарды көрсетпейді. Атаман әскерін екіге бөліп, пулемет орнатқан арбамен келе жатқан тобын өзеннің арғы жағына шығарады. Атаманның екінші тобы өзеннен өтуге дайындалғанда Монайдың «аттан» деген айқайы айналаны жаңғыртып жібереді. Сол-ақ екен қоян-қолтық ұрыс басталады. Бірақ мұнда мылтық атылмайды. Әрбір казак-орысқа екі-үштен найза қадалады. Қазақ ауылындағы қарусыз, күнәсіз, бейқам жатқан бала-шағаларды, қатын-қалаштарды, еңкейген қарттарды қыруға аттанған қара көңіл қанқорлар осы жерде өздері қанға бөгеді.
Бүкіл ауыл-аймақ жауды жеңіп қайтқан жауынгерлердің алдынан алақайлап, шұбырап шығады.Тамыздың жетісінен сегізіне қараған түнде Монай мен Мұқанның басқаруымен көтерілісшілер атаманның қарулы күштерін талқандайды. Нарынқолда болған бұл шайқастың тарихи орны бөлек. Бұл шайқаста жеке сарбаз жасақтарының басшылары: Айдаралы Текебайұлы, Аққоян Сабаншыұлы, Байбосын Қозыұлы, Шағалақ Ембайұлы, Іргебай Дәлденбайұлылар айтарлықтай ерлік көрсетіп, бетпе-бет соғысты. Бұл соғысты Монай аса шеберлікпен өткізді. Оның осы ұрыста қолбасшылық қыры ашылып, көтерілісшілер арасында абыройы артты. Бұл жеңіс тез арада ауыл-ауылға тарап, көшпелі халық түгел құлақтанады.
Тамыздың онында Қайыпберді Сімтікұлы Монайға Текес елінің көтеріліс басшылары Диқанбай Жанпейісұлы, Тайлақ Бекбосынұлы, Қожеке Жарылқасынұлы, Біләл Дәркембайұлы, Қабылбек Сауранбайұлы, Жақыпберді Сұлтанбекұлы Қарқара жәрмеңкесіне, пристав әскеріне қарсы соғысқа дайындалып жатқанын хабарлайды. Олар Монайдан осы шайқасқа қатысуын талап еткен екен. Монай олардың бұл ұсынысын мақұлдап, қылыштың жүзінде, найзаның ұшында болатын бұл шайқасқа шын ынтасынмен қатысатынын хабарлап, атқа қонады.
Тамыздың 11 күні таң бозарып атып келе жатқанда, Диқанбай Жанпейісұлының басшылығымен Қарқара жәрмеңкесінің шығыс жағымен мыңға жақын көтерілісшілер жазалаушы отрядқа қарсы шабуылға шығады. Олардың алдыңғы тобы жәрмеңкеге таяп келгенде әскери бөлімдер пулеметтен оқ жаудырады. Көп адам құрулы тұрған пулеметке қарсы шауып, опат болады. Көтерілісшілер шегініп, тым-тырақай қаша жөнеледі. Қашқан сарбаздардың соңына түскен казак-орыстар оларды аяусыз қырады. Дәл осы кезде Монай-Мұқанның қарулы жасақтары көтерілісшілерді өкшелей қуып келе жатқан атты әскердің өкпе тұсынан қапталдаса ат қойып, алдыңғы топты найзалап, саптан шығарады. Қалған жау сау-тамтығы қалмай жәрмеңкедегі бекініске барып тығылады. Мұны көрген приставтың үрейі ұшады. Ол жаяу әскерін жинап, үш жерден пулемет, екі жерден зеңбірек орнатып, оқты үсті-үстіне жаудырып отырады. Жауды күйрете ысырып, төбе үстіне жалы бір құшақ жирен айғырмен шыға келген Монайдың жанына Диқанбай батыр келіп: «Шырағым, Монай, саған Досалы-Шоғанның атынан көп алғыс айтамын» – депті.
Қарқарадағы алғашқы шайқаста онбасылар: Айдаралы Текебайұлы, Қазанқап Ерубайұлы, Әмірбек Кәрібайұлы, Үлкенбай Тоқсанбайұлы, Іргебай Дәлденбайұлы, Жазылбек Серібайұлы ерекше көзге түсіп, жаудың екпінді сабына тосқауыл қояды. Көтерілісшілер енді үш топқа бөлінеді де қас қарайғанша әлденеше шабуылға шыққанмен нәтижесіз аяқталады. Жасақтар ымырт түсе, өлім мен өмір тартысы шегіне жеткенде соғысты ертеңгі таң азанға қалдырып, Желқарқараның тау сағасына түнеуге бет бұрады. Қас қарайып, көз байланғанда орыс қызы София екі жүз жігіттің ішінде Қарқарадағы көтерілісшілерге қосылады. Ол Монайға келіп сәлем беріп, тамыздың 7-күні жәрмеңкеде болғанын, ондағы әскери әзірліктің егжей-тегжейін тәптіштеп айтады. Пристав әскерінің орналасу жағдайы бойынша берген ақпар Куровтың мәліметімен бірдей болып шығады. Бұл деректерге қарағанда приставтың әскері үш топ болып жайғасқан. Атқыштардың алғашқы тобы бір пулемет, бір зеңбірекпен жәрмеңкенің оңтүстігінде, екінші тобы бір зеңбірек, екі пулеметпен шығысында, үшінші тобы екі пулеметпен солтүстігіне орналасқан.
Жәрмеңкенің Қарқара өзенінің тасты жиегіне тірелген батыс жағы қорғаусыз қалған. Өйткені, бұл арада өзен арнасы тасты жағалауға тіреліп, атпен жүру қолайсыздық тудыратынын білген пристав қорғаныс қоймаған. Шынында да бұл жерден атты әскер шауып өте алмайтын. Қолбасшылар жиналып ертеңгі соғыс тәртібін ақылдасады. Барлық жасақтарды ұйымшылдықпен соғысқа шығару Монайға тапсырылады. Диқанбай мен Тайлақтың басшылығындағы екі мың сарбазды қосалқы тың күш ретінде қалдырып, жәрмеңкенің оңтүстігінде он шақырымдай жерде ұстайды. Біләл мен Қожекенің қарауындағы мыңдық жәрмеңкенің шығысынан шабуылдауға қойылады. Монай Қабылбектің қарауындағы жасақты өз қарамағына қалдырады. Мұқан бастаған үш жүз найзалы сарбазды Қарқара өзенінің тасты кемерін жағалап барып, жаудың батыстағы бейқам жатқан шебінен кенеттен бас салатын қоян-қолтық ұрысқа әзірлейді. Жақыпберді бастаған бесатармен жабдықталған жүз мергенге үш жүз найзалы жасақтың арқасын қорғау тапсырылады. Бердеңке, қосауыз, шиті мылтықпен қаруланған алты жүз адамды Қайыпбердінің басшылығымен Жәрмеңкенің солтүстігінен соғыс ашуға жібереді. Ұрысты түн ортасы ауғанда қараңғыда жүргізетін болып келісіледі. Шабуылды үш жүз найзалы жауынгер жәрмеңке түбіндегі кемерден қолайлы ұрыс орындарына орналасқанда бастауға ұйғарады. Үш жүз сарбаз еңкейе жылжып, дыбыс шығармай, кемерге жетіп, шебін түзеп, жаудың арқасынан яғни батыс жағынан соғысқа шығуға дайын тұр деп Монайға хабарланады. Монай тездетіп шығыстағы және солтүстіктегі жасақтарды соғысқа шығарады. Жәрмеңкедегі әскери бастық бар назарын солтүстік пен шығысқа аударып, пулемет пен бесатардан жалынды от бұрқыратады. Гүрсілдетіп зеңбірек атады. Сол мезетте артқы жақтан жауды аңдыған үш жүз жауынгер пулеметтен, бесатардан, зеңбіректен атып тұрғандарды бас салады. Жәрмеңкеде атыс тоқтатылып, қоян-қолтық ұрыс басталады. Қыран топыр айғай шыққанда тұс-тұсынан ат қойып қалың қол да жетеді. Қарқарадағы приставтың таңдаулы әскері шарасыз қалады. Мұқан бастаған жасақтың жойқын соғысынан жау бір сәтке де саябыр таппайды. Бұл шайқаста Мұқан бастаған жауынгерлердің батырлығы, жұлдыздай жылдамдығы пулеметтен, зеңбіректен, бесатардан атып тұрған атқыштарды арқа жонынан оңды-солды түйреген ғаламат қайрат-жігер мен керемет ерлігі алапат ұрысқа кірген барлық жасақтарды ілгері демдеп, ерекше қуаттандырды. Ұрысты Монай асқан шеберлікпен басқарып, жеңіспен аяқтады. Приставтың түн жамылып құтылып кеткеніне көтерілісшілер қатты өкінді.
1916-жылы тамыздың 12-інде көтерілісшілер Қарқара өңірін Сантасқа дейін игеріп алады. 16-тамызда олар Қырғызсайды, 20-тамызда Сүмбе мен Қалжатты босатады. Өз халқына жаулық ойлаған приставтың итаршылары Дөненбай, Әділбек, Білдебай, Жантай, Жәкібайлар 1916-жылы, 10 қыркүйекте қазақтарды орыстармен жанжалдастыруға итермелеп арандатады. Монай екі елдің арасына іріткі салып, арандатқаны үшін Жантайды жұрт алдында атып тастайды. 1916-жылы, 15-қыркүйекте аспан таулы кең аймақ Нарынқол, Шарын тұтасымен көтерілісшілер қолында болды. Қарқарадағы оқиғалардың беталысынан шошынған әскери губернатор генерал Фольбаум шұғыл шаралар қолданады. Қарқара аймағына қосымша тың күштер жіберіледі. Монай келе жатқан Кравченко әскерлерімен табан тірескен соғыстар жүргізеді. Қызу күшейтілген ұрыс Сарыжаз бен Үлкен Қақпақта болады. Жазалаушы отрядтар мен көтерілісшілер арасындағы бетпе-бет қанды шайқас Үкіршіде, Байынқолда, Сарықапталда және Ноғай Толағайда жалғасты. Осы арада көтерілісшілер екіге бөлінеді. Олардың Монай бастаған көпшілігі шекарадан қалың көш аман-есен өтіп кеткенше Кравченко әскерлерін кері бөгеп, жан аямай соғысады. Ал Диқанбай бастаған қарулы жасақтар Алжан елінің басын қосып, Қытайға қашпай, Кетпен тауына бекініп, жеті ай бойы жауға алдырмай, қысты өткізіп, 1917-жылдың мамыр айында өрден қайтқан елге есен-сау қосылады. Дәркембайұлы Айтбайдың жетегімен Қожбанбет руының бірсыпырасы Қытай жеріне үрікпей, аспанмен бой таласқан таудың биік жартасына тығылып, көктемде қытайдан қалың ел қайтқанда Кетпен тауының етегіндегі Көміршіге қайтып оралады.
1916-жылы қазанның аяғында және қарашаның басында Монай басқарған Қарқара көтерілісі қатаң жаншылды. Қанға бөккен ел туған жерден көтеріле көшті. Үріккен елдің жұртында асулы қазан, тігулі үйлер, қоралы қой мен үйірлі жылқы, табын-табын сиыр иесіз қалды. Шекараға таяу өңірде зеңбірек оғынан күлпаршасы шыққан киіз үйлерден, бей-берекет шашылып жатқан жүктерден, қырылған мал мен адамдардан көз тұнады. Ақбұлақ пен Қайшыдан Қостөбеге дейін созылған шекара бойы қалың көш. Қытайдың шегінен өте алмай, ары-бері толқып, бір орынды шыр айналып иіріліп, бөгеліп тұрған керуен-көшке арт жағынан гүрсілдеп зеңбірек атылады. Ел дүр етіп үркіп, у-шу болып шекараға лап қояды. Алайда, қарсы алдында тұрған қытайдың шекаралық әскерлері (шеріктері) бастырмалата атқылап, қалың көшті кейін шегіндірді. Сүйтіп үріккен ел екі оттың арасында қалды. Осындай қатерлі сәтте Монай, Мұқан, Тайлақ, Қожеке, Жақыпберді, Қабылбек, Қайыпберді, Дәркембай, Іргебай, Айдаралы секілді сарбаздар бастаған қарулы жасақтар дүркін-дүркін шабуылдаған жазалаушыларды қылыш сілтем жерге жақындатпай, арқасымен үріккен елге қорған болып тұрды. Сол арада ымырт үйіріліп, екі жақтан да оқ толастайды. Сол сәтті пайдаланып, көшбасшылары қытай ұлықтарымен келіссөз жүргізді. Ақыры тоғыз жорға, тоғыз арғымақ, он мың сом ақша 12 жамбы төлеп, елді шекарадан өтуге ұлықтан ұлысқат алды. Бас ұлыққа құндыз жағалы бұлғын ішік сыйға тартылды. Сонымен үріккен елдің көші шекарадан өтіп, атшаптырым ұзап барып, тау қойнауындағы кең алқапқа қоныстанды. Елге қырғиша тиген жаудан қызғыштай қорғап, ел алдындағы қасиетті борыштарын жан аямай орындаған қарулы жасақ Қытай жеріне өткеннен кейін сондағы үкіметтің бұйрығы бойынша таратылды. Сөйтіп, қалың елдің көші қытай еліне жылжыды. Алайда қаралы көшті мұнда да қасірет қарсы алды. Қарсылық көрсетер қару-жарақтан айырылған ел жергілікті барымташылар мен бандылардың талауына түсті. Құныққан қарақшылар бірте-бірте мал-мүлікпен бірге адамдарға ауыз сала бастады. Көшті аралап жүріп, сұлу қыздар мен әдемі келіншектерді барымталай бастады. Үріккен елді азаматтары оларға қарсылық көрсетудің жолын іздестірді. Қалың көштің ішіндегі қайратты өжет қыз-келіншектерге самдағай аттар беріліп, оларға қапысыз қамшы сілтеуді үйретті. Мұндай үйрету жұмыстарымен Монай мен Мұқан секілді сайыпқыран жігіттер шұғылданды. Олар қыз-келіншектерді өрмесіне үш жерден қорғасын құйылған қысқа сапты қамшымен ат үстінде жауды ұрып түсіру тәсіліне жаттықтырды. Бұдан кейін де бір апта уақыт өтіп кеткен. Қыз-келіншектер қапысыз дайындалды-ау деген кезде көш тағы да алға қарай жылжыды. Енді көш алдында қыз-келіншектер өз алдына сап құрып, жеке кетіп барады. Көп ұзаған жоқ. Тау қапталындағы қалың ағаш ішінен қарақшылар шыға келіп, қыздар тобына тұтқиылдан тиісті. Олар қыз келіншектердің тізгін шылбырына жармасып, жетектей жөнелді. Қамшыгер әйелдер де қарап қалмады. Өздері жаттыққан тәсілмен қарсы алды. Бұлай боларын күтпеген қарақшыларды шүйдеден, тізеден, тобықтан соғып баудай түсірді. Осы шайқаста Әнеш, Шаруан және Жұлқия секілді өжет қыз-келіншектер баяғының қас батырларындай-ақ қайрат көрсетті. Олар сілтеген қорғасын өрмелі қамшыдан ондаған қарақшы жер құшты. Көпшілігінің қару қолдануға мұршасы келмей қалды. Міне, сөйтіп үріккен елдің қарусыз жасағы ақыл-айланың арқасында ерлерше ерлік көрсетті. Бұған қалың жұртшылық қатты сүйсінді. Сүйсінбеске бола ма, жаңа ғана жағасы жайлауына кетіп, ошарлы көшті олжа көрген қарақшылардың барлығы бірдей қарға көміліп, жер құшып жусап жатты. Дәл осы сәтте қытай шекарасының әскери бастығы да бір топ серіктерімен келе қалады. Олар тізелерін құшақтай өкіріп, домалап жатқан қарақшыларды және оларды тұтқындап, матастырып байлап жүрген қыз-келіншектерді көріп ішек-сілесі қата күлді. Қазақтың қыз-келіншектерінің ерлігіне таң қалысты.
Міне, осыдан кейін қарақшы зеңгілер бұрын алып қашып кеткен қыз-келіншектер де бостандық алды. Олжаға түскен қару-жарақ ат көлік қытайдың әскери бастығына табыс етілді. Ол көштің ендігі жерде талан-таражға түспейтіндігіне, зорлық-зомбылық көрмейтіндігіне кепілдік беріп, ары қарай жылжуға рұқсат етті.
Сөйтіп, үріккен ел сақырлаған қаңтарда Қытайдағы қазақтардың ежелге қонысы Қызай еліне де жетті-ау. Бұл жер Шолақтерек деп аталушы еді. Күн асқан сайын шоғыры молайып, көбейген ел шағын алқапқа сыймады. Сондықтан да үріккен жұрт жан-жаққа тарауға мәжбүр болды. Алды Үрімшіге, Қашқарға, Үштұрпаға, Жұлдызға жетіп, соңы Құлжада Шолақтеректе, Көктеректе, Көксуда, Іле ойысында, Аттауында қалды. Шет жерге, бөтен елге үркіп барған елдің басым көпшілігі байлардың күлін көсеп, отын-суын таситын малайына айналды. Күн көру үшін кәмелетке толмаған жас қыздарын қалыңмалға сатты. Бұл жөнінде мындай бір өлең жұрт аузында сақталған екен. Бір атқа бір қыз сатып алатын кездегі қырғыз Қыдырқұлдың қызы Күлшенің зары.
Көрмегенді көрдік-ай,
Қант шайды ұмытып,
Қара суға көндік-ай.
Баса көктеп басынып,
Арандары ашылып,
Жабағыға қыз алып,
Байлардың қылған қорлығы-ай.
Жығылғанға жұдырық дегендей сол жылы тұрмыстан қысылған елге сүзек деп аталатын алапат індет келді. Бұл да көп адамды жалмады. Осы жөнінде Бүр деген ақын кісі былай депті:
Аттауында үш балам мен әйелім
Сүзектен қалды қырылып,
Жүрек қабы жарылып.
Жамағаттан айырылып,
Барар жерім біткендей,
Басар жерім тарылып.
Осы індеттен өзінің жақын жолдастарымен бірге Вербицкая София да қаза болады.
Қытай мемлекетіне қарасты Іле ойысында уақытша орналасқан қазақтар мен қырғыздар қатаң қысты өте ауыр жағдайда өткізді. Шекарадағы әскер басшылары үлкен жұртты панасыз сазға қоныстандырды. Тоңып жатқан сазда іліп алар шөп болмады. Халық малын қырға шығара алмады. Соның салдарынан мал да қырылды. Нағыз ақсүйек жұт болды. Азық-түлік тауысылып, адамдар аштықтан өле бастады. Дәл осы кезеңде жергілікті байлардың жемқорлығы, зорлық-зомбылығы асқындай түсті. Ақша, жамбы, тайтұяқ секілді асыл заттар, жүйрік-жорға аттар барымтада кетті. Ел қасіреті атқа мінген азаматтарға қатты батты. Олар да өз әлдері келгенше әрекеттенді.
Монай, Жазылбек, Мұқан, Жақыпберді, Іргебай, Оразымбет, Қожеке, Қабылбек, Айдаралы, Тайлақтар Қызайдан азық-түлік жинап, оны алпыс көлікке арттырып, әлсіреген аш халыққа жеткізеді. Жергілікті Қытай өкіметі басшыларымен келісіп, жұт-жаңға ұшыраған елді шөбі шүйгін құйқалы өңірге шығарып қоныстандырады. Кедейлерге байлардан сауын алып беруді ұймдастырады. Тіпті азық-түлік артып келген өгіздерді де сойып таратады.
1917-жылдың көктемінде Қашқардан, Үштұрпаннан туған еліне қайтқан ел де ашаршылыққа ұшырады. Жоғарыдағы аталған ел азаматтары тағы да қасіретке батып, аш халыққа көмек көрсетумен шұғылданды. Іргесі бекіп, ырысы тасып отырған байлар тегін көмек көрсетуден бас тартпады. Аштықтан аман болып, жаны тірі қалғысы келгендер, малайлыққа келсін деп талап қойды. Соның бірі Құлжадағы ірі кәсіпкер Үсейінбай мырза еді. Алайда, көмек сұрап барған ел адамдары қамқорлықты Үсейінбайдың кәсіпорнында жұмыс істейтін жұмысшылардан тапты. Соларға барып сөйлескен соң көп мәселелер шешілді. Қарапайым еңбек адамдары қасірет шеккен халыққа қол ұшын берді. Шұғыл әркеттер ұйымдастырылып, азық-түлік жиналды. Аштарды күтіп-бағып, тамақтандыруға арнайы адамдар бөлінді.
1916-жылы қарашада қытай жеріне үркіп барған қазақтар мен қырғыздар ондағы жергілікті төрелер – ақалақшы мен зәңгілердің тепкісінде иленіп, зәбір шегіп, азып тозып, 1917-жылдың мамыр айында туып өскен атамекеніне біржолата қайтып келді. Жетісудағы қазақтар мен қырғыздар жер ауған кезде патша өкіметі олардың 2,5 миллион десятина шұрайлы жерін казак-орыстарға кесіп берген. Сондықтан өрден келген қазақтар өздерінің егістіктері мен шабындықтарына бара алмады.
Өйткені, бұл жерлерді - Байынқол мен Текес алқаптарын түгелдей Нарынқолдық казачество меншіктеніп алған еді. Ежелгі ата қонысына, Байынқол мен Текеске бара алмаған қазақтар Сарытауға, Шалкөдеге, Кетпентауға орналасты. Мұнда уақытша үкімет атынан әрекеттенген бай құлақтар елде жаппай тінту жүргізіп, бағалы заттарды тонап алды. Қазақ кедейлері Уақытша өкіметтің іс жүзінде патшалық Ресейді саясатын жалғастырушы екендігін таныды. Бұл өкімет казачествоның қазақ ауылдарына қайталап бастаған шабуылдарына тиым салмады.
1917-жылдың суық күзінде қазақтар тау саласындағы өздерінің суық қыстауларына келіп қонды. Мұнда олар аз ғана тыныштықтан кейін қилы-қилы өмір өткелдерінен өтті. 1918 жылы қыста зәрленген казак-орыс қарулы жасақтары Деев, Десятов, Солдатенко, Кандогин, Казанцев, Проков, Молдан, Фроловтар шабуыл жасап, малдарын айдап кетеді. Қарсылық жасағандарды табанда атып тастайды. Қысқы қонысына жапырыла келіп қонған үріккен ел биік таулардың саясында, құз қойнауларында тар шатқалдар мен қалың қарағайлы таудың жоғары жалды желкесін паналап, қанды қысты бастарынан өткізді. Осы кезде Мона мен Мұқан Ұзақбай балалары халықты қорғаушы жасақ ұйымдастырды. Биік таулар сілеміне, жонына, қия шатқалға, тау шыңына баратын жолдарға күні-түні күзетшілер тұрды.
1918 жылдың наурыз айында Нарынқолға Кеңес өкіметі келді. Қазақтар таулардан етекке түсе бастады. Осы жылдың күзінде Жетісудың солтүстік аудандарында Анненков билік құрып тұрған еді. Жыл аяғында ақ гвардияшыл полковник Сидоров бүлік жасап, Шырынды, Шонжы мен Қырғызсайды басып алды. Бұл өңірлердегі жаңа құрылған Кеңес үкіметі тарқады.
1919-жылдың басында Нарынқолға атаман Дутов келді. Дутовтың әскерлері жергілікті халықтан азық-түлік, қымбат бағалы заттар жинап, малдарын тартып алды. Кеңес үкіметін құлатты. Тағы да қан төгіс шайқас басталды. Ақтармен болған шайқастарда жасақ басшылары Ұзақбайұлы Монай, Ұзақбайұлы Мұқан, Бекбосынұлы Тайлақ, Жанпейісұлы Диқанбайлар қаза болды. Ал Сімтікұлы Қайпберді, Біләлұлы Дәркембай 1916-жылы оққа ұшқан болатын. Тау халқы тағы да күңірене бастады, тіршілік, өмір сүру қиындап кетті.
1920-жылы қазақтар мен орыстар ортақ жауға бірігіп, бас қосты. Жауғашұлы Құдайбергеннің, Куров Егор Сергеевичтің, Серібайұлы Жазылбектің, Дәлденбайұлы Іргебайдың, Текебайұлы Айдаралының, Назаренко Петр Алексеевичтің, Қазыбекұлы Оразымбеттің, Сұлтанбекұлы Жақыпбердінің, Бачков Дмитри Филимоновичтің басшылығымен қарулы жасақтар ұйымдастырылды. Жазылбек Серібайұлының үйі отрядтың штабына айналды. Сол үйде жасақтарды жете дайындау және соғыс жоспары жасалды. Осылайша, бірлескен қарулы жасақтар 1920-жылы жазды күні қазақ ауылдарын шабуға аттанған ақтардың 300 найзалы мылтықты батальонын, 100 атты эскадронын Талдысайды айнала қоршап алып, бас көтертпей талқандайды.
1920-жылы тамыз айының аяғында қызылдар Нарынқолда Кеңес үкіметін қайта орнатты. Революциялық төңкеріс Комитетінің тұңғыш төрағасы болып Жазылбек Серібайұлы сайланды. Комитеттің құрамына мүше болып Куров, Дәлденбаев, Текебаев, Сауранбаевтар енді. Ақ казачествоның қолшоқпары болып, қанды қылмыстар ұйымдастырған Меньшов, Афанасьев, Деев, Десятов және сатқын Арғыновтар ату жазасына бұйырылды.
***
Қарқара көтерілісі өзіне тән өзгешілігімен сипатталады. Жергілікті бұқараның жойқын тегеурініне тап болған патша үкімет майданға бала ала алмады. Бұл көтерілістің аяғы азамат соғысына ұласты. Нарынқол-Шарын бөлімшесінің тұрғылықты халқы қырғын-тонау, қысымшылықтан құтылмақ болып атамекенін тастап, босқыншылыққа ұшырады. Тек Байынқол болысында ғана жазалаушылар он мың қой, төрт мың жылқы, үш мың мүйізді ірі қара және сексен мың сомның мүлкін тартып алды. Басқа болыстарда да осындай ойран-топыр өктемдік, озбырлық орын алды. Он мыңдаған жергілікті жұрт отырғын мекендерінен көшіріліп, жайылымдық жерлерінен айырылды.
Мұхамеджан Тынышбайұлының 1917-жылғы желтоқсанның алтысында «Қазақ» газетінің 254-ші санында жарияланған мәліметтері бойынша албан тайпасында 70 мыңға жуық жан саны болса, соның 35 100-і қырылған. Бұл есепке қарағанда тау халқының тең жартысы осы көтеріліс құрбаны болды деген сөз.
Бұл қырғын ақпан революциясы келгенде аз уақыт тоқтап, азамат соғысы кезінде қайта жалғасты. Соғыс әрекеттерін жоспарлап басқарушы бірыңғай орталықтың болмағандығы, қару-жарақтың жеткіліксіздігі көтерілісті жеңіліске әкеп соқтырды. Көтерілісті тікелей басқарып ұйымдастырған, ел үшін өз өмірлерін өлімге қиған елдің игі жақсылары мен жасақ қолбасшыларының есімі халық жүрегінен мәңгілік орын алды.
Тұрлыбек ІЛИЯСОВ, Жұмаділ ҚАРАБАЙҰЛЫ
qazaquni.kz