жатқан һәм өздері ғылым-білімге
көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ
жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге
аяқ басар, өздерінің сүйектеріне
берген ақылы-санасы болған соң…»
Әлихан Бөкейхан
Өткен ғасырдың басында Ұлы Мағжанның айтқаны бар: «…Айбынды ту құлады… қазақ тілін екі албасты екі жақтан келіп басты!..» деген. Содан бері құламай, қанша құртам десе де құрымай, жаңарып, жанданып, бірақ, әйтеуір, әупірімдеп, тарих тереңінен нәр алып келе жатқан, Ана Тіліміз – қазіргі Тәуелсіздіктің ширек ғасыр қарсаңында құруға айналғаны ма? Ғасыр өткен соң да, тәуелсіз елімізде тағы да «қай албасты басты» деп, үнемі, күңіреніп, күрсінуіміз керек пе?
Осы, көзді ашып қарасақ, ылғи, Ана Тілі, Білім туралы мәселеде таң қалатындай оқиғалар орын алады! Неге, біз өз елімізде, өз жерімізде тұрып, тілімізді дамытуға ақша бөлінуі керек? Неге, тіл құрып барады, от-басы, ошақ-қасы тілге айналды деп зарлауымыз керек? Неге, Республикада тұратындардың басын қосатын күш – Қазақ Тілі болмауы керек? Неге, білім саласы, яғни, болашағымыздың нағыз іргетасы – «псевдореформаларға» ұшырайды? Неге, білім саласы бизнес көзіне айналдырылады? Яғни, жылда неше түрлі оқулықтар басылып, кей мектептерде ана оқулықты ғана аласың делінеді? Неге, келе қалған министр өздерін жаңартушы санай қалады? Қазіргі келген министрдің «реформасы» неге қоғамда, білімді, тілді түбегейлі жоюға бағытталған деген нақты, үрейлі көзқарас туындады? Біз кімге еліктейміз? Кімге қарап бой түзеуге мәжбүрміз? Кім осы, т.б. сұрақтардың жауабын береді?
Қазір «үштілділік» деген пәле орын алды! Жетістіктерге жетудің бірден-бір жолы, барлық мәселенің шешілуі (панацеясы), айтуларынша, сол екен! Осыны айтып отырғандар жынды ма, әлде, ондайдың болмайтынын, сәби табиғатына жат екенін айтып отырғандар жынды ма? Сонда әлі қазақша үйренбеген, білмейтін алты жасар бүлдіршінге қалайша үш тілді бірақ үйретпекші? Алты жарым жасар бала (мектепке баратын) менен: – Аға, шетел, үнемдеу деген не?- деп сұрады! Сонда оған қалайша ағылшынша үйрету керек? Оның кінәсі не?
Осы «реформаторлар» ел президентіне, оның айтқанына әдейі, қастық қылып отырғандай ойда қаламын! Иә, ол кісі «үш тіл білу керек, ғылым-білімді игеріп артта қалмауымыз керек» деген стратегиялық ойды «образды» түрде айтқан болар! Ал, мына министрлеріміз ше, нағыз «шаш ал десе бас алатын» дүбаралардың нағыз өзі! Өздерін президенттен асқан «стратег» санайтындар! Айналайындар-ау, сендер, ол кісінің айтқанын іске асыратын «тактиксіздер»! Міне, соны ұғына білулеріңіз керек (әй, осы әскерде де болмағансыңдар-ау, өздерің…)! Қалай дейсіздер ғой! Әлі қазақ тілін білмейтін балаға орысша, ағылшынша үйретіп, миын ашыту арқылы емес, әр нәрсені ретімен қарау, сараптау, ойлану арқылы! Әлде Сіздер, сәби кездерінде қазақша оқып, кейін ғана орысша, т.б. тілдерше оқыған Ш. Уәлихановтан, А. Байтұрсыновтан, Ә. Бөкейхановтан т.б. өздеріңді ақылды санайсыңдар ма? Арыстарымыздың барлығы да алғашқы білімді ана тілінен нәр алу арқылы бойларына сіңірген! Содан кейін ғана олардың бойында білімге құштарлық, өз еліне, өз жеріне деген ыстық шексіз махаббат орнаған, білсеңдер!
Мүмкін, айтатын шығарсыздар, «қазір заман басқа, өмір динамикасы басқа т.с.с.» сылтауларды! Жақсы, олай болса қазіргі өмірден мысалдар келтірелік.
Тәуелсіздіктерін біздерден ондаған жылдар бұрын алған (бұрынғы отарлар) біраз елдерде мемелекеттік тіл – ағылшын тілі, яғни өз тілдері өлді деген сөз! Мысалы: Африкада – Гамбия, Гана, Замбия, Зимбабве, Либерия, Малави, Нигерия, Сьерра-Леоне, Уганда, Лесото, Свазиленд т.б.; Америкада – Антигуа и Барбуда, Багама, Барбадос, Белиз, Гайана, Монтсеррат, Невис, Сент Люсия т.б.; Океанияда – Вануату, Кирибати, Микронезия, Токелау т.б. сияқты елдер. Дәп осылардың кейбірінің дамымақ түгіл, атын да естіген жоқ боларсыздар! Ағылшын тілі оларды неге алға шарықтатып жібрмеген?! Қайта оларға қарағанда, біздер, дамыған 50 ел қатарында емеспіз бе?
Ал енді экономика, мәдениет, ғылым, басқа да өмір саласында әлдеқайда озық тұрған Жапон мемлекетін алайық! Білесіздер ме.., сол елде алғашқы кездерде жас балаларға басқа тілді мүлде жолатпайтынын! Ал Францияның өз тілдерін ағылшын тілі «экспансиясынан» қорғап, түрлі шаралар қолданып жатқанын ше? Олай болса бізге не жорық!
…Ғалымдардың зерттеуінше тілдің өлуі – өте ұзақ «процесс», бірталай уақыттан және негізгі бес сатыдантұрады. Ал, былайша айтқанда, тілдің өлуі үшін төрт ұрпақ ауысса жеткілікті. Қазіргі жахандану заманында ондай процесстердің жедел қарқынмен жүретіні де, айтпаса да, түсінікті!
Тіл өлуі үшін әсер ететін факторларды жеке қарап, өзімізге келе ме келмей ме (жақын көршілеріміз мысалында), сәл көз жүгіртелік:
1) Бұндай ғылымдық тұжырымдар көбіне әлдебір «федарация, одақ, бірлестік т.с.с.» секілді отарлауды «заңдастырған» мемлекеттерге қатысты жасалынған – /Біз бұндай жағдайдан ресми түрде құтылдық/. Яғни, бізге келмеуі керек;
2) Кішкене ұлттардың тілін, өзін құрту туралы мемлекеттік жоспар – /Бұл өткенде, қазір, Ресей империясында, қазіргі күнде Қытайда қарқынды түрде орын алған жағдайлар/. Яғни, бізге жатпауға тиіс.
3) Өз жазуы болмауы, өз әдебиеті жоқтығы – /Құдайға шүкір, Совет Өкіметі қасақана құртқанмен, әдейілеп ауыстырғанмен (арабшадан-латынша-кириллицаға) жазуымыз бар, бай мұра, әдебиет-тарихымыз бар – /. Олай болса, бұл да бізге қауіп төндірмеуге тиіс.
4) Белгілі бір тілде сөйлейтіндердің әлеуметтік-саяси, экономикалық жағынан қалыңқы жерлерде тұрып, ондағы елдердің қалаларға жаппай көшуі – /Бұл жағдай қазіргі уақытта Қытай елінде анық көрініп отыр. Ал, бізде унитарлық мемлекетте ондай жағдай орын алуы мүмкін емес. Экономикалық қателіктерден өз халқымыздың себепті-себепсіз «урбанизацияға» ұшырап отырғаны рас/. Дегенмен, бізге жатпауға тиіс.
5) Белгілі бір тілде сөйлеушілердің өздерін кем санауы және тілге, ұлтқа деген мақтаныштың жоқтығы – /Бұл жағдайды Ресейдегі аз ұлттардан (әсіресе, Сібір халықтарынан) нақты байқап отырмыз. Міне, өкінішке орай, осы пункттің біздің қазаққа да дәл келіп отырғанын мойындауымыз керек/. Тәуелсіз елімізде тұрып, біздің қазақ сондай жағдайға қалай ұшырағаны, баршамызды қатты ойландыруы керек! Бұл жерде, бауырлас, көрші өзбекті үлгі ретінде алуымызға болады. Сонда, біздің өз ұлтымызға деген мақтаныштың жоқ болғаны ма?!
…Тілдің өлуіне тікелей қатысты ұрпақ ауысу мәселесіне де, қысқаша тоқтала кетелік (жоғарыдағы мысал-тәртіппен):
1) Бірінші ұрпаққа басқа бір тілдің күнделікті қажеттілік ретінде тықпалануы – /Өткендегі Совет және қазіргі Қытай системасы. Бұл ұрпақ өкілдері, яғни, үлкен, орта буын өкілдері, ондайды басымыздан кешірдік. Ал, қазіргі ұрпаққа, былай ойласаң, мүлде, қатысы жоқ болуға тиісті.
2) Екінші ұрпақ көбіне қос тілді болып келеді. Үйде, ана тілінде сөйлеп, сыртта тек қана жеңімпаздар тілінде сөйлеуге мәжбүрлер – /Өткендегі және қазіргі Ресей, Қытай мысалдары/. Былай қарасаңыз, бұндай ұрпақтық қалдан, тура қазіргі уақытта құтылуға тиістіміз. Өкінішке орай, құтылудың орнына өршітіп алып отырмыз.
3) Үшінші ұрпақ өкілдері қос тілде сөйлегенмен, көбіне басқа, ұлтын жеңген ел тілінде сөйлейді. Қысқаша айтсақ, ана тілі – ата-апалардың, от-басы ошақ-қасы тіліне айналып, бұл ұрпақ ана тілін ата-анасынан үйренбейді де, өйткені ондай ата-аналар өз тілін үйретуге аса құлықты емес – /Міне, осы ұрпақ келгені, тілдің өле бастағанының нақты белгісі (terminal speakers)/. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қалай осы жағдайға тап болдық, соны мүлде түсінбейміз, тек қана шарасыздықтан қол жаямыз. Қараңызшы, қаракөз балаларымыз бір-бірімен қай тілде сөйлеседі? Қай тілде «ватсапта» жазысады? Неге, кейбіреулер, қазақ тілін біле тұрып, сөйлегісі келмейді? Міне, біздің «қызыл» дабыл көтеретін тұсымыз осы!
4) Төртінші ұрпақ дегеніміз, өз ана тілін мүлде ұмытқандар немесе, кейбір сөздерді ғана білетіндер. Ондайлардың көбі жаңа өмірге бейімделіп, өз істерін жүргізе де білетіндер (Еліміздегі Алматы, Астана сияқты қалалықтардың көбі). Ондайларға тіл, ұлт дегенің тіптен бір көне ұғым тәрізді. Өзінің шыққан тегі туралы ойланғысы да келмейтіндер.
Сонымен, тілдің қалай өлетінін жалпы түрде талдап шықтық.
Ал енді, ғалымдардың тағы бір «қызықты», орын алатын жағдайды айта кетелік. Тіл қанша өлгенімен де, сол ұлттың (ұлыстың) кейбір өкілдері оны жандандыруға тырсады екен (біршама уақыт өткен соң)! Ол неге, неліктен солай… оны енді ғылым нақты айта алмайды!
Ол дегенің меніңше, былай: Мысалы, біздің қазақ баласы, қанша орыс болдым дегенмен, оның түрі басқа, ділі басқа (мүмкін туған дінін де ұмытпаған болар), өмірге деген көзқарасы басқа екенін түйсігімен сезінгендіктен дер едім! Біздің қазақтың «Айналайын, садағаң болайын, қарғам…» деген сияқты сөз тіркестерін басқа ел түсіне алады ма? Міне, мәселе қайда дер едім! Оның үстіне түркілердің ішіндегі орысқа ең «жақыны» біздің қазақ, қанша «орысқа айналдым деп, тыраштансада» да, орыс ішінде «Ей, чернож…й, чурка, бұрындар калбит…» т.б. кемсітулерді естіп, ішкі түршігетіндіктерінен болар…
Қосымша тағы былай да ойланам: мыңдаған ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа үзбей берілген генетикалық мұрагерлік ішкі түйсікте (адам саналы түрде сезінбесе де, ол туралы ойламаса да, оның ақыл-ойының бір түкпірінде жатқан) әлдебір, өз ұлтыңа деген махаббат сезімі білінбей, ұйықтап жататын сияқты! Ал, ол түйсік, көкте қыран қалықтап өткенде, даладан мұрынды жарған жусан иісі келгенде, дүбірлетіп жылқы шауып өткенде, көшпенділер туралы фильм көргенде, қасқыр-бөрінің қайтпайтын қайсарлығына сүйсінгенде т.с.с. өз-өзінен дір ете қалар мүмкін (тіптен өмірінде даланы көрмеген қала баласының да кеудесінде)! Соны сезіне білер! Содан оянар…
…Сол алдында айтқан, орыстың (активті өкілдері) кеше ғана тек француз тілінде сөйлегенін, ал қара халықтың (пассивті өкілдері) «чернь, быдла» тілінде сөйлеп, іштей ана мырзаларға өшпенділікпен қарағанын да ұмытпайық. Императордың Кавказ «наместнигінің» үйін көрген жазушының жазбасын оқығаным бар: – Аспаз көмекшілері, аула тазалаушылар «татарша» (ол кезде орыстар барлық түркі тілді татарша деген), бағбандар – «ағылшынша», гүл өсірушілер – «голланд, немісше», үй ішіндегілер – «французша» сөйлессе, отын жарушы, басқа қара жұмыстағылар ғана – «орысша» сөйлейді, – делінген. Оның үстіне орыс халқы біздің қазақ сияқты азат ел болып көрмеген, кешегі «құл-крепостниктердің» тұқымы емес пе. Міне, соның өзінде, өз тілдерін ұмытпады. Ал, алдыңғы қатарлы, шын ұлтжанды, Пушкин, Тургенев, Толстойлар… т.б. сол өле бастаған тілді қайта алып шықты!
Бұл мысалдан көретіндігіміздей, күндердің күнінде, көптеген (тіпті қазақша сөйлей алмаса да) өз еліміздің шын патриоттары шығуы мүмкін. Бірақ, ол кез «жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» дегендей болады! Өйткені, шала жансарды (өлген, өлуге жақындаған) тірілту, жан беру – қиынның қиыны! Сондықтан қазақ баласының басына ондай күнді (күн емес түн!) тудырмас үшін, дәл қазір шешім қабылдауымыз керек! Әйтпесе, бәрі де кеш.
Мәдениетті, Жапон мемлекеті сияқты іргелі елді мысалға ала отырып, өзіміздің ұлт ерекшелігімізді басшылыққа ала отырып, былай ұсынар едім:
– Бала бақшаларды тек қана қазақшаға айналдыру. Бұл жерде сөз жоқ, біздегі елдің белсенді (активті) бөлігі орыс тілділердің (оның ішінде, көптеген қазақтар) пәрменді қарсылығына ұшырарымыз сөзсіз, алайда оларға «бала қазақ тілін үйренсе, әлемдегі 150 млн-нан астам түркі елдерінің де тілін үйренетінін» алдыға тартып, түсіндіру жүргізу; Бала 5-6 жасқа келгенше сол балабақшада санауға, әріптерге үйретіп, жұмбақтар шешкізіп, ойлау қабілетін дамыту;
– Оқу жүйесін, бірінші сыныпқа бала 7 (жеті) жастан барып (қазіргі 5,5-6 жасар баланы мектепке кім апаратыны да ата-анаға үлкен қиыншылық), 10 жылдыққа көшіру, яғни орта білім. Оның оқыту тәртібі былай болуы керек:
1-7 сыныптар тек қана қазақ тілінде, жалпы мектептерде;
8-сынып аралас орыс тілінде, яғни баланы қабілетіне қарай, мұғалімдер іріктей отырып, белгілі бір болашақ мамандық беретіндей жағдайда, арнайы сыныптар түзулері қажет (бір сыныптар оқуға ынталы, ал басқа сыныптар ынтасыз балалардан жасақталуы тиіс);
9-10 сыныптар екі түрде жасақталынуы керек. Нақты айтқанда, бұл жерде елімізге ең қажет жұмысшы мамандары мен болашақ ғалым, ИТР өкілдері іріктелініп шығуы керек. Бұл айтқаныма, кейбіреу туламай-ақ қойсын. Бірінщі айтқан топқа (жалпы мектеп базасында) ғылымға құштарлығы жоқтау балаларды топтастырып, неге оларға болашақ тігінші, шеберлер, құрылыс мамандары, «фермерлер», жүргізушілер т.б. елге ең қажет… жерімізді игеруші, ел мақтанышы – еңбек адамдары екендігін түсіндірмеске?! Солай бағыт беріп, тәрбиелемеске! Және бұл жерлерге ағылшын тілінің түкке де қажеті жоқ (малды ағылшынша қайырмаса да болар)! Оның орнына бір мамандық иесі атандырған, сол мамандықты толықтай жасөспірімнің меңгеруіне ықпал еткен, бағыт берген дұрыс болады. Бұл жерде қосымша, баса айта кететін мәселе, бұндай типтегі мектеп сыныптарынан қабілетіне қарай, ауысуға мүлде кедергі болмауы шарт! Өйткені, кей баланың қабілеті жүре ашылуы, немесе, әлдебір топтарға ілесіп, өз мүмкіндіктерін көрсетпей жүріп, кейіннен ойланып, қайтадан тура жолға түсуі әбден кездесіп қалатын жағдай екенін ешқашан да естен шығармаған абзал.
Ал енді осы айтқанымыздың 2-ші жағына (интеллект жағынан жоғары топ балаларына) келейік. Бұндай арнайы мектептерді (шет тілдерді тереңірек оқытатын) қалалық жерде жасақтау қиындық келтіре қоймас, ал енді ауылдық жердің де балаларын (көбіне нағыз дарындар шығатын) оқыту үшін үкімет біраз шығындарға барса да болады. Бірнеше ауылдар арасында, немесе аудан орталықтарында сондай мектептер (лицей тәріздес), балаларға жататын жері, ішер тамағы дайын (пансионат, интернат) мектептер түзілуі тиісті. Болашағымыз үшін, жалаң ұраншылдыққа қарағанда, нақты шығатын шығынның осылай белгілі, нақты анықталған тақырыпқа жұмсалғаны оңды дер едік (үңіле қарасаңыз, қазіргі жұмсалғаннан артық шығын шыға да қоймас).
– Балаларды барынша жұмысқа тартуды (ауыл шаруашылық, басқа салалар), мектеп жанында қосалқы шаруашылықтардың болуын қамтамасыз еткен жөн. Жастайынан еңбекке баулыған бала, дүниенің, табиғаттың, қоршаған ортаның, жалпы ата-ананың т.б. қадірін жақсы түсінеді. Ал қазір ше, сенбілікке шыққан мұғалімдерге анандай жерде шырт түкіріп, алысып жүрген балаларды көріп таңқалғаным бар,… сөйтсек, балаларға жұмыс істеуге прокуратура рұқсат бермейтін көрінеді! Ал, не дерсің?!
– Бөлек колледждер қажет емес, оларды ЖОО базасына берген дұрыс шығар. Яғни, үш жылдан соң, ары оқуға жағдайы, қабілеті т.б. жоқтар, арнайы мамандық алып шықса (техник, шебер, программист т.б.) жеткілікті.
– ЖОО түсуді дарынды, білімді балаларды іздеуге, табуға оқу орындарының, өздері мүдделі ететіндей жағдайға келтірсе. «Тестирование» дегенді тоқтату керек! Мүлде жойып қажеті жоқ, ЖОО балаларды таңдағанда «тест» жүргізсін, ал, нақты оқуға түсушілер ашық (ата-аналардың қатысуымен) емтихандар тапсырғаны дұрыс. Сосын барлық оқу орындарын қорытынды нәтижеге байланыстыру керек. Мысалы: Оқу орны шығарған маманның сапасына сол оқу орны кем дегенде 2 (екі) жылға кепілдік берсін! Оқытып шыққан жүргізушіге де автомектеп солай кепілдік жасап, ары қарай да қамқорлығына алсын.
– Елімізде не көп қаптаған «ғалымдар» көп! Әкімдердің, байлардың «ғылыми атақтарынан» көз сүрінеді. Ұят! Олай болса, ғылыми жаңалық ашқан адам, әлдебір өткен-кеткенді көшіре салып емес, нақты өмірде қолданылатын жаңалық ашсын. Атақ сосын ғана берілсін.
– Білім саласындағы барлық оқулықтар терең зерттелген, талданылған, қателіксіз бірыңғай болып, бірнеше жылға өзгерістер кірмегені дұрыс. Бұл, білім саласындағы «сыбайлас жемқорлықты» жойып, қаржыны үнемдеуге көмектеседі, яғни, бір оқулықты келесі балалар бірнеше жыл пайдалана береді.
…Сонымен, осылайша, қазіргі өмірден көріп, түйгендерімізді қарай отырып, көпшіліктің талдауына ұсынып отырмыз. Мүмкін, әлдебір пайдасы тиіп те қалар. Қоғамға, жоғарғы билік өкілдеріне ой туғызар.
Дана халқымыз: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қағиданы бекер айтпаған болар. Ел болайық! Қазақ тіліміз өлмесін. Еліміздің болашағы күңгірт болмасын.
Азкен Алтай, Талдықорған
Abai.kz