Ресми-іскери аударма және қазіргі қазақ тілі
2016 ж. 28 маусым
6429
2
Еліміздің Конституциясы бойынша қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, ал орыс тілі ресми түрде онымен бірдей қолданылатын тіл болып белгіленген Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік органдар мен мекемелерде ісқағаздары екі тілде жүргізілетін елге айналдық. Соған сәйкес тіліміздегі аударма мәтіндердің көлемі еселеп көбейді. Аударма құжаттар барынша артып, бұған дейін болып көрмеген деңгейге жетті. Мемлекеттік органдар мен мекемелерде ресми құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне аудару қалыпты құбылыс, күнделікті жұмыстың бір бөлігі болып саналатын болды.
Бүгінде жоғарғы, орталық, жергілікті мемлекеттік органдардан бастап кез келген мемлекеттік мекеме мен бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда заң шығармашылығы, нормативтік құқықтық құжаттар дайындау, ісқағаздарын жүргізу орыс-қазақ қостілділігіне негізделген. Орыс-қазақ деп отырғанымыз күнделікті хат-хабардың бір бөлігін айтпағанда, ол құжаттардың, Заңдардың, Жарлықтар мен қаулы, қарарлардың тоқсан тоғыз пайызы алдымен орыс тілінде дайындалып, одан кейін мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне аударылады. Аудармасыз аттап баспайтын болдық. Үкіметте, Парламентте, Сот, Прокуратура, министрліктер мен агенттіктерде, әкімдіктерде, ұлттық компаниялар мен банктерде аударма басқармалары, бөлімдері мен секторлары немесе жекелеген аудармашылар жұмыс істейді. Олар негізінен орыс тілінде дайындалған заңдар мен қаулыларды, жарлықтар мен өкімдерді, шарттар мен келісімшарттарды, бұйрықтар мен шешімдерді, ережелер мен нұсқаулықтарды, стандарттар мен хаттамаларды және басқа да сан түрлі үлкенді-кішілі кіріс-шығыс құжаттарын толассыз аударумен айналысып келеді. Керісінше, ілеспе хаттар мен қызметтік жазба сияқты ішкі құжаттарды, ұсақ-түйек хаттар мен шағын хабарламаларға дейін орысшаға аударып беруді талап ететін де басшылар бар. Бұл олардың осы жылдар ішінде қазақ тілінің қажеттілігін еш сезінбегендігінің, әлі де қазақша жазылған құжаттарды қарап, оған бас қатырып, уақыт жоғалтуды қажет деп санамайтындығының көрінісі. Мұндай типтегі басшылар екі тілде келген құжаттың қазақшасын ысырып қойып, тек орысшасын ғана оқиды. Мемлекеттік тілдегі нұсқасы олар үшін ілеспелі «қосымша» ғана. Егер мемлекеттік тілдегі құжат айналымның үлесі құзыретті органдар тарапынан тексерілмейтін болса, қазақ тіліне қағаз шығындауды мүлде керек етпеген де болар еді. Әлі күнге дейін бір-бірімен «здравствуйте», «привет» деп амандасатын, екі сөздің басын қосып сөйлеп, бір бет қағазды қазақша оқи алмайтын қазақтың ұл-қыздарын ел алдына шығарып, үлкен ұжымдарды басқартып жүрміз. Міне, осындай басшылар қазақ тілінің ел басқару тілі, заң әзірлеу, ісқағаз жүргізу тілі ретінде мәртебесіне сай қызмет етуіне мүдделілік танытып отырған жоқ. Оларға қазақ тілі екінші дәрежелі тіл ретінде қала бергені тиімді. Осы уақытқа дейін өзі қажетсінбеген мемлекеттік тілді білуді жұмысқа жаңа қызметкерлер қабылдау кезінде өзгелерден де талап етпейді. Басқаратын мекемесіндегі қызметкерлердің мемлекеттік тілді оқып меңгеруіне жағдай жасап, олардың біртіндеп ісқағаздарын мелекеттік тілде жүргізуге көшуін қадағаламайды. Қазақ тілін оқыту көптеген мекемелерде формалды түрде, есеп үшін ғана жүргізіледі. Заң жүзінде мәртебесі болғанмен іс жүзінде қазақ тілінің аударма тіл болып қалып отыруына сондай басшылардың да «қосқан үлесі» өлшеусіз.
Осындай жағдайдың белең алуы ресми аударма көлемінің артуымен тікелей байланысты. Түптеп келгенде бұл тек аударманың ғана емес, қазіргі қазақ тілінің үлкен мәселесіне айналып отыр. Өйткені бүгінгі таңда аударма мәтіндер көлемінің артқаны сондай, аударманың тілі бүтіндей қазақ әдеби тілінің, бүгінгі жазба тілдің сапасына да тікелей ықпал етіп отырғандығы айдан анық. Бұл құбылыс әсіресе сөйлем құрылысы мен сөзжасам, терминжасам үдерісінен анық байқалады. Онымен де қоймай аударма сөйлеу тілімізге де кері ықпал етіп, тілдік нормалардың бұзылуының себепшісі болып отыр. Жазба тілді, құжаттарды былай қойып, бүгінгі жас буын журналистер, дикторлар, тележүргізушілер, әртістер мен әншілер ауызша сөйлеу кезінде де қазақ тілінде орысшадан аударып тұрғандай сөйлейтін болып барады. Етек алып бара жатқан бұл дерттің диагнозын қойып, себептерін анықтау да қазіргі тіл қолданысының өзекті мәселесі. Әр нәрсенің шегі бар. Заңдар мен ісқағаздарын 25 жыл бойы қазақшаға аудара-аудара ол көлемі жағынан да, уақыты жағынан да шектен асып кетуінің салдарынан қазақ тілі аударма тілге айналып барады. Қала көшелеріндегі, телеарналардағы жарымжан жарнамалар да, тілі ауыр оқулықтар да, сірескен заңдар мен қаулылар да осы аударманың нәтижесі.
«Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі деректерге сүйенсек, Тәуелсіздік жылдарында 2544 заң қабылданған екен. Солардың ішінде «Көші-қон туралы» және «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» екі-ақ заң жобасы депутаттардың бастамашылығымен мемлекеттік тілде әзірленген. Осыдан кейін мемлекеттік тілдегі заң шығармашылығы туралы сөз қозғаудың өзі ұят.
Қандай мемлекеттік органда, ұлттық компанияларда, мемлекеттік мекемелерде, банктерде олардың басшылары аударма бөлімдерін ашып, орысшадан қазақшаға аударатын аудармашыларды неғұрлым көп ұстап отырса, онда сол мемкемелерде қазақ тілінде құжат дайындап, ісқағаз жүргізе алатын мамандар жетіспейді деген сөз. Сол мекемелер мен ұйымдардың басшылары да ең алдымен өзінің, содан соң қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруге, кәсіби қызметінде қолдануға мүдделі емес, құлқы жоқ деп, сенімді түрде қорытынды жасауға болады. Себебі, еліміздің Ата заңында, Тіл туралы заңында мемлекеттік мәртебесі тайға таңба басқандай айқын жазылған тілді ел Тәуелсіздігінің ширек ғасыр мерзімінде меңгеруге олардың қабілеттері мен уақыттары жетпей қалыпты деудің ешқандай негізі жоқ. Болуы да мүмкін емес. Керісінше, олар ресми аударманы Ата заң мен Тіл туралы заңды айналып өтудің тиімді тәсілі ретінде пайдаланып, мемлекеттік тілдегі құжат айналымын аудармашылардың есебінен ұлғайтып көрсетіп отыр деген қорытындыға келуден өзге амалың қалмайды. Көптеген мекемелерде орысша дайындалған құжаттарын «жылдам аударып беріңдер» деп бұйыратын басшылар мен қатардағы қызметкерлер сол аудармашыларды «қазақтар» деп атайды. Көбінесе «шұғыл!» деген бұрыштамамен аудармашыларға жолданатын орысша дайындалған жүздеген, мыңдаған заң, қаулы, шарт, бұйрық, нұсқаулық, ереже, қағида, хаттамаларды аударуды жүктемесі басынан асатын аудармашылар сәл кешіктіріп жатса, «қазақтар кешіктіріп жатыр» дейді. Егер қандай да бір ресми мекемелерде «сіздің құжатыңыз «қазақтарда» десе, онда оны аударма бөліміндегі аудармашылар қазақшалап жатыр деп түсіне беріңіз. Тек орысша сөйлеп, орысша жазатын әріптестеріне «Сендер де қазақ емессіңдер ме» деп жатқан аудармашыларды да көрдік. Осы мысалдар басқа отандастарымызды айтпағанда «орыстілді» және «қазақтілді» деп жіктеліп алған қазақ ұлтының өз арасындағы тіл жігінің әлі толық жойылмай тұрғанын көрсетеді. Біз қазақ пен қазақтың түсінісуі үшін аудармашы ұстап отырған жұртпыз. Бұл бөгеттің бүгін, ертең жойылатын түрі де көрінбейді. Себебі қазақтардың елеулі бөлігі бүгін де балаларын қазақша тәрбиелеп, оқытып жатқан жоқ. Осылайша олар қазақ ұлтының шешілмеген тіл мәселесін келер ұрпақтың мойнына артып кетпек. Отарлау саясаты ұлтымыздың елеулі бөлігін тілінен ажыратып, арамызға тілдік жік салып кетті. Еркіндігін алғанына ширек ғасыр өткен қазақ тіл тұтастығына әлі қол жеткізе алмай келеді. Біз, әр қазақ, әрбір ата-ана, балабақша, мектеп, тұтас ел болып алдымен ұл-қызымыздың ана тілінде тілін шығарып, қазақтілді қазақтың негізін қалап алғаннан кейін ғана ағылшын, неміс, қытай, жапон, орыс тілдері сияқты түрлі шет тілдерін қоса меңгерген білікті мамандар даярлайтын білім беру жүйесін қалыптастырғанда ғана күшті де біртұтас қазақ ұлты бола аламыз. Біз осы жолды ғана таңдауымыз керек. Бұл біздің шет тілдерін жетік меңгеруімізге еш кедергі болмайды. «Орыстілді қазақ», «ағылшынтілді қазақ», «қытайтілді қазақ» деген қазақ болмауы керек, қазақтың барлығы қазақтілді болуға тиіс. Сонда ғана біз дүниетанымы ортақ, рухы мен ішкі бірлігі күшті, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналамыз. Ал әрқайсымыз әр мәдениеттің, әр тілдің жетегінде кетсек, ұлттың тұтастығы әлсіреп, бөлшек-бөлшегіміз шығады. Тіл бірілігі, дін бірлігі, дәстүр бірлігі болмаған жерде діл бірлігі болуы да мүмкін емес.
Қазіргі ресми аударма мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуын шектеп, оның қағазда бар да қолданыста жоқ екінші тіл ретінде қала беруін қамтамасыз етіп отыр. Аударма мүлде болмасын демейміз. Қажетіне қарай болсын. Алайда заң шығармашылығы мен құжат айналымды дәл қазіргідей жаппай аудармаға негіздеп жүргізуден арылып, мемлекеттің өзі мәртебесін заңмен белгілеп берген тілінде жүргізетін елге айналуға қарай бағыт ұстанатын уақытымыз әбден жетті. Осылай бет бұрсақ қана қазақ тілінің төл табиғаты сақталып, беделі артады, оған шынайы қажеттілік туындайды.
Біздің мемлекеттік тіл қолданысын кеңейтудегі үлкен қателігіміз – заңдардан бастап, бүкіл ресми құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне аудару дәстүріне байланып отырғанымыз. Егер осы дәстүрді дәл осылай жалғастыра беретін болсақ, онда қазақ тілі жақын арада мемлекеттік тіл ретінде Конституцияда белгіленген құқығына сәйкес осы елдегі бірінші тіл ретінде қолданылу мүмкіндігіне ие бола алмайды. Орыс тілінде жасалған заң мен құжатқа, оның ар жағында тұрған орыстілді маманға басымдық беріледі де отырады. Ал қазақ тілі іс жүзінде екінші тіл, ал қазақтілді маман аудармашы дәрежесінде қала береді. Өйткені ол тұпнұсқа құжатты дайындаушы емес, дайын құжатты аударушы, мықтағанда редакциялаушы ғана. Заңдар мен қаулылар, басқа да маңызды құжаттардың басым бөлігі алдымен орысша дайындалып, содан кейін ғана аудармашыларға, «қазақтарға» жолданатындықтын, заң шығармашылығында, құжат дайындауда қазақ тілі қосалқы тіл, ал сол тілге аударатын аудармашылар да қосалқы мамандар, құжат дайындайтын мамандардың көмекшісі деңгейінде қалып отыр. Бұл бүгінгі өміріміздің шындығы. Мемлекеттік тілді меңгермеген, ол тілде сөйлемейтін, жазбайтын көптеген меморгандар мен мекемелердің басшылары мен мамандардың көбі мұны көріп-біліп отырса да өзгертуге құлықсыз, ал құлқы барлардың қауһары жетпейді. Шындығына келгенде көптеген орыстілді лауазымды мемлекеттік қызметшілер, түрлі мекемелердің басшылары мен қызметкерлері елдегі тілдік ахуалдың осы қалпында қала бергенін қалайды. Қазақ тілін меңгермей-ақ табысты қызмет етіп, жетістіктерге жетіп жүргендіктен, оны үйренуге бас қатырғысы келмейді.
Ал сонда құжаттардың қазақша аудармасы не үшін жасалады дейсіз бе? Рейтинг үшін. Ісқағаздары мемлекеттік тілде жүргізіледі деп, құжат айналымының үлесін іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ұлғайтып көрсету үшін. Құзыретті мемлекеттік органдарға бізде ісқағаздары 70, 80, 90, 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі деп есеп беру үшін. Ал шындықтың бетіне тура қарайтын болсақ, бұл көрсеткіштің басым бөлігі ертеден қара кешке дейін сол мекемедегі орысша жазылған құжаттарды аударып отырған аудармашылардың жұмысы. Лауазымды басшылар мен мекеме, ұйымдар басшыларының көпшілігі «екі тілде дайындалған», шындықтың бетін бүркемелемей ашығын айтсақ, бір-ақ тілде жазылып, екінші тілге [қазақшаға] шұғыл аударыла салынған сол құжаттардың қазақшасын оқымайды. Жүздеген мекемелерде қыруар қаржы бөліп аудармашылар ұстап отырғанымыздың не үшін, кім үшін қажет болып отырғанын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. Басшылар мен қызметкерлер құжаттарды мемлекеттік тілде өздері дайындай алатын болса, аудармашы ұстаудың қандай қажеттілігі бар? Оған бөлінген қаржыны қызметкерлердің қазақ тілін оқуға не білімдерін жетілдіруге жұмсаған тиімді еді ғой.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтілді маман жетіспеді, қазақ тіліндегі ісқағаздар үлгілері де жасалмаған еді. Іс жүргізу мен көпшілік жиі қолданатын көптеген терминдердің, қоғамдық-саяси лексиканың да қазақшасы болмады. Осындай себептер аудармаға жүгінуге мәжбүр етті. Осы кезеңде филологтар мен журналистердің бір бөлігі ресми аудармаға машықтанды, маманданды. Аудармашының жұмысы ешқашан жеңіл болған жоқ. Қанша жерден аударма тілі десек те, бүгінгі заң тілінің, ресми тілдің, ресми-іскери тілдің қалыптасуына олардың қосқан үлесі де аз емес. Білікті аудармашылардың қолымен көптеген сәтті терминдер мен сөз тіркестері, ұтымды оралымдар жасалды. Оны да атап айтқан жөн. Алайда келе-келе біз аударманың шырмауынан шыға алмай қалдық. Заңдар мен құжаттарды алдымен орысша дайындап, содан кейін ғана оны қазақшаға аудару дәстүрін қалыптастырдық. Соның салдарынан қазақ тілі заң шығармашылығында, ісқағаздарын жүргізуде аударманың тасасында қалып, қосалқы тілге айнала бастады. Сондықтан аудармашылардың біразы ендігі жерде сол тәжірибелерін қазақ тілінде құжат дайындайтын, редакциялайтын маман мәртебесіне өте отырып пайдаланса немесе жылдар бойы тек бір үлгідегі нормативтік құжаттар мен ісқағаздарын аударумен шектелмей, қазақ қоғамына одан да қажетті әдеби, ғылыми, танымдық дүниелерді де аударуға атсалысса өздері де өсіп, қазақ тілінің өркендеуіне бұрынғыдан да артық үлес қосар еді деп ойлаймыз.
Бізде қазақ тілінде құжат дайындайтын мамандар мен оларды оқып, қол қоятын басшылар үлесі әлі төмен. Орысша оқығанымен қазақ тілін мақсатты түрде меңгеріп, оны кәсіби қызметінде пайдаланып жүрген ұяты, намысы бар азаматтар да ішінара кездеседі. Өкінішке қарай, ондайлар өте аз. Қазақ тілі курстарын бітіріп, тілді тәп-тәуір меңгергендердің мемлекеттік тілде құжат дайындайтындар қатарына қосу, жылдан-жылға олардың қатарын көбейту тетігі жасалмаған. Қаншалықты жиі айтылса да, қазақ тіліне келгенде қасарысып туындамай келе жатқан «қажеттілік» деген бір ұғым бар. Бұл жерде де сол қажеттілікті өзіміз туғызбай отырмыз. Сондықтан тілді оқыған мамандардың көбі білгенін қайта ұмытып қалып жатыр.
Біз қазір негізінен заң, жарлық, қаулы, үкімдер мен түрлі ісқағаздарын орысшадан қазақшаға аудартын аудармашыларды ұстап отырмыз. Неге? Себебі осы құжаттарды дайындайтын қызметкерлер мен оларды оқып, қол қоятын, бұрыштама жазып, тапсырма беретін басшылардың көбі қазақша білмейді. Тұтас бір мемлекеттің тілі ол тілде сөйлеп, жазғысы келмейтіндер үшін аударма тіл дәрежесіне түсіп, екінші қатарға ығыстырылып отыр дегенге сенгіңіз-ақ келмейді. Бірақ шындық осы.
Бізге болашақта қандай аудармашылар керек? Бізге ең кең тараған шет тілдерінен жазбаша да, ауызша да өз тілімізге төте аудара алатын білікті аудармашыларды көптеп даярлау қажет.
Орысшадан қазақшаға немесе қазақшадан орысшаға аударатын кейбір мамандар өзге шет тілдерінен төте аударатындардың аударма алаңына шыққанын онша қаламайтыны аңғарылады. «Олар әзірге біздің деңгейімізге жете алмайды» деген сыңайда пікір айтып жүргендер кездеседі. Бұл дұрыс емес. Қазір шет тілін білетіндер саны жыл санап артып келеді. Олар көбейген сайын арасынан ағылшын, қытай, неміс, жапон, араб және басқа да тілдерден орыс тілінен аударатындардан кем түспейтін аудармашылардың шығатынына еш күмән жоқ. «Түйенің танығаны – жапырақ» деп, білетін бір тілімізге жармасып отыруға болмайды. Өзге шет тілдерінен қазақшаға төте аударатын мамандарға кең жол ашу керек.
Бізге әлем әдебиетінің жауһарлары мен ең таңдамалы шығармаларын, ғылым мен білім, мәдениет пен өнер, экономика мен саясат, инженерия салаларындағы ең озық әдебиеттерді ағылшын, қытай, неміс, испан, француз, араб және өзге де әлем тілдерінен тікелей қазақшаға және өзіміздің үздік шығармаларымызды басқа тілдерге қазақшадан төте аударатын екі тілге жетік жазбаша, синхронды түрде сапалы аударатын тәржімашылар керек. Әзірге бізде негізінен орыс тілінен қазақшаға аударатын аудармашы мамандар қауымы қалыптасқан. Орысшаға сауатты аударатын аудармашыларымыз да бар. Бірақ олар алдыңғылармен салыстырғанда көп емес.
Тұпнұсқа тілге байлаулылықпен қатар тіліміздің аударма тілге айналуының тағы бір себебі – аудармашылардың сөз қорының жұтаңдығы. Бұл жөнінде кезінде ұлы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, ол нағыз қазақша болып шықпайды» деген еді. Бүгін ноғай тілінің жүйесіне жүгінбейміз. Ал орыс тілінің жүйесіне өрмекшінің торына түскен шыбындай шырмалдық та қалдық. Оны дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтінге дейінгі барлық деңгейден көруге болады. Бұл жеке сөз болатын мәселе.
«Фаусты» неміс тілінен қазақшаға төте аударған аудармашы, әдебиеттанушы Медеубай Құрмановтың «Аудармашы тұпнұсқаны оқығанда ана тілін, аударғанда түпнұсқа тілін ұмытып отыруы керек» деген еді. Аударма мәтіндерді оқысаңыз, бізде аударғанда да түпнұсқа тілді ұмыта алмайтындардың тым көбейіп кеткеніне еш қиындықсыз көз жеткізесіз. Р.Хайруллиннің «Сөзбе-сөз аударудың қырсығынан құтқаратын дұрыс жолдың бірі – аудармашының тіл байлығы, сөз қоры» деген пікірі де біз айтып отырған мәселеге қатысты айтылған.
Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Темірғали Есембеков аударма жөнінде «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында журналистің «Қазақ тілі аударма тілге айналып бара жатыр дегенге қалай қарайсыз?» деген сұрағына: «Ол, рас. Себебі, аудармашылардың көбі өздеріндегі сөздік қордан гөрі сөздіктегі дайын тұрған сөзді пайдалана салады. Содан барып, стандартты аудару пайда болады. Айталық, Алматыдағы хабарлама-жарнамалардың қазақша-орысшасын көріп, қынжылып қаласыз. Заң жүзінен қарағанда аудармашы сөздіктегі бар нәрсені аударып берді. Бірақ ол қазақша емес. Негізі, мәтінді түсініп алып, қазақшаға аудару қажет. Ол үшін сөздік қорды, актив сөздерді көбейту керек. Жапондардың зерттеуінше, айтылған кез келген мәтіннің 93 пайызын түсіну үшін 6000 сөз, 96 пайызын түсіну үшін 10 000 сөз білу қажет екен. Ал, біздегі қазақша білетін адамдардың сөздік қоры 500-600 сөзден аспайды» – деп жауап беріпті.
Түрлі мәдениеттер мен жүздеген тілдер арасындағы алтын көпір болып келе жатқан аударманың адамзат қоғамындағы атқаратын рөлі зор. Оған ешкімнің дауы жоқ. Аударматану да жеке сала ретінде ғасырлар бойы дамып, сан түрлі халықтар өкілдері тарапынан зерттеліп келеді. Аударманың маңыздылығы мен аудармашы еңбегінің жеңіл емес екенін аудармадан аздаған хабары бар жандар жақсы түсінеді. Біз де аударматанушы әріптес ғалымдар мен практик аудармашылардың еңбегіне құрметпен қараймыз. Аударма институтын ашу, қауқарлы аудармашылар қауымдастығын құру мәселесін көтеріп жүрген мамандар пікірін де қолдаймыз. Аударманы кәсіп деп танысақ та, өнер деп білсек те оның өркендеуі мен дамуына білікті мамандардың қызмет етуіне жағдай жасалуы керек. Аударматану мен аударма үдерісін биік деңгейге көтеру үшін осы салада еңбек етіп жүрген теоретик ғалымдар мен практик мамандар тәжірибе алмасып отыруы үшін олардың арасында кәсіби байланыс, қарым-қатынастың болуы өте маңызды. Мұның бәрі орынды-ақ. Алайда қазақ тілінің мемлекет ішіндегі қолданыс аясын кеңейту тұрғысынан қарағанда ресми аударманың тежеуші факторға айналып отырғанына да көз жұмып қарауға болмайды.
Аударма мен аудармашы бізге халқымыздың басты құндылығы тілімізді екінші қатарға ығыстыру үшін емес, өз жетістігімізді өзгелерге таныстырып, өзгелердің озық ойы мен ғылым-білімінің жетістігін, жаңа технологияларын қазаққа ана тілінде жеткізу үшін қажет. Аударма үдерісі осы бағытта жүріп жатса, қазақ та, қазақ тілі де ұтары сөзсіз.
Аударманың жанрлық-стильдік түрлері тұрғысынан қарағанда бізге көркем аударма мен ғылыми аудармаға басымдық беру қажет деп ойлаймыз. Себебі қоғамды алға жетелейтін ғылым мен білім. Әлемдік ғылымның жетістіктерін қазақ баласы өз тілінде оқып-білсін десек, түрлі ғылым салаларындағы ең үздік ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеттерді ағылшын, неміс, жапон, қытай, испан және басқа да тілдерден қазақ тіліне аударғанымыз жөн. Бұл ұлттың ғылыми санасының өсуіне, қазақ тілінің ғылым тілі, ғылыми ақпараттар алуға болатын тіл ретінде өркендеуіне жол ашады. Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттер мен ғылыми ақпараттың тапшылығынан қазіргідей жоғары оқу орындарының қазақ бөлімінде оқитын бакалаврлар курс, диплом жұмыстарын, ал магистранттар, докторанттар мен ғылыми қызметкерлер ғылыми еңбектерін, диссертацияларын жазғанда аудармашылықпен де айналысуға мәжбүр. Әсіресе, техникалық, нақты ғылымдар мен жаратылыстану ғылымдары саласындағы оқулық, ғылыми әдебиет тапшылығы мәселесін шешу де ғылыми аударманың сапасы мен көлемін ұлғайтуға тікелей тәуелді. Сондай-ақ осы салалар бойынша жазылатын ғылыми диссертациялар мен монография, ғылыми мақалалар, оқулықтардың қазақ тілінде жазылуын жоспарлы, мақсатты түрде қолға алу арқылы да мәселенің шешілуіне үлес қосуға болады. Тек ғалымдар ғана емес, түрлі сала мамандары мен жалпы көпшіліктің де өзіне керекті ғылыми ақпаратты қазақ тілінде алуына мүмкіндігі болуға тиіс. Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттер мен ғылыми ақпараттар қорын қалыптастыру үшін мемлекеттің білім саясатының, отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселесі болуы қажет. Бұл – еліміздің Білім және ғылым министрлігі бас болып, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары, жалпы ғылыми қауым бірлесе отырып, жүйелі жұмыс, кешенді бағдарламалар арқылы шешуге тиіс аса маңызды мәселе. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қолданысын қамтамасыз ету – бүкіл ғылыми қауымның төл міндеті. Кеңестік кезеңмен салыстырғанда ілгерілеушілік болғанымен, жалпы алғанда біз бұл салада өте сылбыр қимылдап, кеш қалып келеміз. Өсек-аяңды теруден аса алмайтын электронды БАҚ-ты көбейтпей физика, математика, химия, филология, тарих, музыканың түрлі салалары мен спорттың әр түрі бойынша қалаған ақпаратыңды таба алатын қазақша сайттар ашсақ, әзілкештер мен ортанқол әншілер жаулап алған телеарналар ғылымның әр саласы бойынша ғылыми-танымдық бағдарламаларды көбейтсе, қазақ тілі бәсекеге қабілетті тіл, қазақтың зиятты ұлт ретінде дамуына әлдеқайда көбірек үлес қосқан болар едік.
Сондай-ақ көркем аудармаға да көп көңіл бөлінуі керек. Көркем әдебиет оқитындар азайған заманда мұның қажеті қанша деп қарауға болмайды. Көркем аударма көлемі мен деңгейінің өсуі ұлттық әдебиетіміз бен халқымыздың көркемдік танымын көтеруге қызмет етеді. Ғылыми, ресми аудармаға қарағанда көркем аударма бізде едәуір жақсы дамыған деуге болады. Бұған кешегі кеңестік кезеңде де, одан кейін де қазақ қаламгерлері мен көркем аудармамен кәсіби түрде айналысқан мамандарымыздың қосқан үлесі елеулі. Дәстүр де, тәжірибе де, аударма әдебиет қоры да бар. У.Шекспир, Э.Хемингуэй, А.Камю, Р.Тагор, Дж.Лондон, М.Твен, Л.Толстой, И.Тургенев, А.Чехов сияқты көптеген әлемдік классиктер еңбектерінің қазақ тіліне аударылуы соның дәлелі. Тек бұл іске сабақтастық, жалғастық керек. Сонымен қатар ендігі жерде біз әлем әдебиетін орыс тілі арқылы емес, қазақ тілімен бірге сол елдің мәдениеті мен тілін де жетік білетін мамандар дайындау арқылы төте аударуға көшуіміз керек. Қазіргі заманда бұған мүмкіндік көп. Тек ниет пен бұл істің ілгері басуына шын мүдделі мамандардың ұйымдасып жұмыс жүргізіп, табандылық танытуы қажет деп ойлаймыз.
Бір мекемеде жұмыс істейтін екі қызметкердің бірінің орысша дайындаған құжатын екіншісі қазақшаға аударып отыру біздің көсегемізді көгертпейді. Мазмұны бірдей бір ойды жеткізу үшін екі тілде хат дайындаймыз. Артық уақыт жұмсаймыз, артық қағаз шығындаймыз. Осы құжаттардың екі тілдегі нұсқасын салыстырып оқып, қатесін, стилін, термин қолданысын түзетіп отыратындар да негізінен сол аудармашылардың өздері. Жергілікті органдардың жазғанын орталық органдарда, олардікін одан жоғары тұрған органдарда қызмет істейтін аударма және редакциялау бөлімдерінің мамандары оқиды. Айналып келгенде аздаған филологтар мен журналистер бір-біріміздің жазғанымызды қырнап, жөндеумен келеміз. Бұл бір тұйықталған шеңбер сынды. Ал жүздеген басшылар мен мыңдаған қызметкерлер солардың бір ғана нұсқасын оқиды. Анда-санда қазақша білетін депутат немесе жоғары тұрған меморганның басшылары заңнан, қазақша құжаттан дәл қолданылмаған термин, стильдік қате, түпнұсқа тілге сәйкес аударылмаған бір-екі сөйлем тауып алса, қазақ тілінің бағын байлап отырған тағы да сол аудармашылар болып шығады. Ең таңқаларлығы«Неге бәріміз қазақша сауатты жазбаймыз?» деген мәселе көтерілмейді. Неге аударма сапасыз, неге біздің аудармашылар дұрыс аудармаған деген мәселе қойылады? Сонда қазақ тілінің, қазақ тіліндегі құжаттың аудармашыға ғана керек болғаны ма?
Заң жүзінде қазақ тілі мемлекеттік мәртебесі бар еліміздің басты, бірінші тілі. Ал іс жүзінде заң шығармашылығы мен ісқағаз жүргізуде ол қазақ тіліндегі аударма құжаттарымыз секілді екінші тіл. Тәуелсіздік арқасында қол жеткізген мәртебесіне сай қазақ тілін аударма емес ТҮПНҰСҚА, қосалқы емес БІРІНШІ тіл дәрежесіне қашан көтереміз?
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі
qazaquni.kz