Ақпараттың "ақ волгасы"
2016 ж. 28 маусым
3206
0
ЕРЕКШЕ ҚАУЫШҚАН ЕКЕУ
Сол күні кешке дейін мейрам болған, Кешкісін абыройым айран болған. Көлбеңдеп көз алдымда жүріп алған, Көрінбей қайда кеттің қайран «Волгам»? (Журналистік фольклордан)ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсетіндердің өзіндік ерекшелігі болады. Олар абитуриент кезінен бір-бірімен таныс-білістігін байқата бастайды. Өйткені, көпшілігі оқушы кезінен қолына қалам ұстаған өрендер. «Е, сен анау екенсің ғой, мақалаларыңды оқығам», – деп кәнігі қаламгерлер секілді өзара қауқылдасып жатады. Не жазып қарық қылғандарын кім білсін, бірақ бұл тұста осылардан артық «классик» табыла қоймайды. Соларды көріп, оқуға түскенше өзіңнің өндіріп жазбағаныңа қарадай қысыласың. Бар бітіргенің небәрі бес алты мақала. Яғни, «айдағаның бес ешкі», ал ысқырығың жер жармақ түгілі көмейіңнен шықпайды. Біз де оқуға өңкей бір жазғыштармен түсіппіз. Өздері біреу емес, бірнешеу. «Жалын» журналына 7-класта оқып жүргенде ертегі-әңгімесі жарияланған талдықорғандық Аймен Абдрасовадан кәдімгідей именеміз. Жүріс-тұрысынан бекзаттығы көрініп тұрады. Оның әңгімесін бәріміз де оқығанбыз. Тіпті, кейбір тұстарын Талғат Батырханов тақылдап тұрып жатқа айтады. Ол кезде жазуға құмартқан балалардың ішінде «Жалынға» көз салмайтыны жоқ еді. Тағы бір курстасымыз Мәди Өтеғалиевтің өңіріне тағып алған «СССР Журналистер одағының мүшесі» деген жазуы бар төсбелгісі мысымызды басады. Өзі бізден әлдеқайда ересек. Ана төсбелгі оны одан сайын есейтіңкіреп көрсетеді. Ал әрі әнші, әрі ақын, әрі сері Бауыржан Үсеновтің абырой-беделі бәрінен жоғары. Себебі, дайындық курсында оқып жүргенде-ақ өнерімен көзге түскен оны қалашықтың күллі тұрғыны түстеп таниды. Керісінше, бүгінгі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса талантты ақын Гүлнәр Салықбаева дәл сол тұста елеусіздеу ғана жүрді. Өлең жазатынын да ешкімге білдіре қоймады. Жұрттың алдына шығуға ұмтылмады. Көсіле шабатын кезі кейінірек... Менің осындай көпшілікке белгілі курстастарымның арасында екпінді екеудің даусы қаттырақ шығатын. Оның бірі – түн баласы ұйықтамай, қалғып-шұлғып отырса да, мақаласын бітіргенше дамылдамайтын Мұратбек Тоқтағазин, екіншісі – анау секілді бұрқыратып жазбаса да, ел ішінде едәуір мойындалып үлгерген Әнуарбек Әуелбеков. Бұл екеуінің арасында бұрыннан қалыптасқан шығармашылық байланыс бар. Себебі, ол да, бұл да қаршадайыңнан қаламыңды шыңдайтын «Қазақстан пионерінің» бала тілшісі болған. Оқуға түскен кезде бала тілші бала тілшіні алыстан таныды. Таныды да, бірін-бірі қапсыра құшақтады. Шымыр да ширақ әрі төртбақ Тоқтағазин арық-тұрық Әнуарбектің қабырғасын қаусата жаздады. Өзара «Өй, сен осындай екенсің ғой», – деп бір-біріне сүйсініп қарап алады да, қайта қауышады. Жатқан бір мелодрама... Тегін спектакльді тамашалап біз тұрмыз. Сөйтсек, олар үш-төрт жыл бойы Семей жері мен Сыр елінің арасын жалғап, хат жазысып тұрыпты. Бір-біріне Шоқан мен Достоевский сияқты ылғи бір сағынышты да сыршыл хаттар жолдаған. «Бұл тағдырдың сәйкестігіне қарасаңшы, – деп тебірене толғанады Тоқтағазин, – Менің алдымда екі ағам бар. Бір ғажабы, біреуінің аты – Әнуарбек, екіншісінің аты – Әуелбек». Біз болсақ, тірлігі мен тұрмысына дейін тамырласып жатқан көзі тірі «классиктерден» айбынып, алыстан ғана бақылап жүрміз. Тоқтағазиннің екі ағасының есімін еншілегенімен Әнуарбек оқу бітіргенше тынымсыз әріптесі секілді редакцияларды үздіксіз жағалаған жоқ. Тіпті редакция түгілі жатақханаға да жоламады. Дайындық курсында бірге оқыған досы Ескендір Ертаев екеуі пәтер жалдап тұрды. Екеуі де Жаңақорғанда туған. Екеуі де бірінен-бірі өткен сері. Домбыраны шебер тартады. Біреуі ән салса, екіншісі тамсанып отырады. Бүгінгі тілмен айтқанда, «екі жұлдыз». Өздері өлең-жырға жүйрік. Қысыр сөздің қалыптасқан хас маманы. Ескендірдің қалада тұратын Кала деген ағасы бар. Демалыс күндері сарылып соны күтіп отырса, Әнуарбек: «Қарайғанға қараймын Кала ма деп, Бес-алты сом Ескендір ала ма деп», – деп оны шымшылап тұрады. Сабаққа көңілдері қалаған кезде келеді. Жатақханаңа да, стипендияңа да қызықпайды. Қит етсе «жатақханадан шығарамыз, стипендиядан қағамыз» деп қорқытатын оқу орнының басшыларына тәуелді болғысы келмейді. Ал ешкім оларды жалдап тұрып жатқан пәтерінен шығарып жібере алмайды. Сабақтан соң вагоннан жүк түсіріп ақша табады. Сол Әнуарбек пәтерге тұрудың қай жағынан да тиімді екенін үнемі дәлелдеп бақты. Тамағың тоқ. Бір. Жүріс-тұрысың еркін. Екі. Армансыз жазу жазасың. Үш. Осындай мықты дәлелдерін алға тартқан соң соған еріп біз де желіктік. Бір күні Талғат Батырханов, Мұратбек Тоқтағазин үшеуміз жатақханадағы жылы орнымызды тастап, пәтерден бір-ақ шықтық. Бірақ жаны сірі ана екеуі секілді күн көру оңай емес екен. Ақыры қиындыққа шыдай алмай, екі-үш айдан соң ит құсап кеткен жерімізге қайтып оралдық. Студент кезімізде Әнуарбектің ел білетін екі лақап аты болды. Біріншісі «Капченый», екіншісі – «Қылқау». Өзі кептірілген балықтай қақпыш, ілмиген арық еді. Екі аты да әлі күнге дейін «актуальдылығын» жойған жоқ. Бүкіл денесі сүйегінің төрт-бес шегесіне ілініп тұр. Соған қарамастан сондай тарамыс. Кез келген жұмысты жапырып істейді. Бала кезінде оңбай құлап, сындырып алған ба, әлде біреу жұлып алмақ болып, жұлқып қалған ба, әйтеуір бір қолы қисық біткен. Жо-жоқ, енді есіме түсті, есекпен көкпар тартып жүргенде оңбай жығылған. Сунақатада жылқы жағы тапшы болған соң есекті ерттеп мінген ғой. Бірақ сол еменнің иір бұтағы секілді сол қолымен кетпен-күрек ұстағанда қолы түзу бізді жолда қалдырады. Қолы қисық болғанмен, жолы қисық болған жоқ. Қаламсабы да ешқашан жантайған емес. Қазақ журналистикасында өз үні бар алымды ақпаратшы ретінде қалыптасты. Қисық қолына қағазын, түзу қолына қаламын ұстап, ұлт қамын жоқтаған мақалаларды жиі жазып тұрды. ҰЖЫМДЫ ҰЙЫСТЫРҒАН «ҰТЫС»
Жүргенмін адамдай-ақ жұтып алған, Көлігім талайлардың құтын алған. Көшеге шыға қалсам, елестейді, Ақ «Волгам» спринттен ұтып алған. (Журналистік фольклордан) Бірде «Лениншіл жастағы» ағаларымыз Әнуарбекке мынадай тапсырма берді. Театрлардың бірінде роботтардың көрмесі өтетін болыпты. Кәдімгі адам кейпіндегі темір бұйымдар залдағы балалардың алдында өнер көрсететін көрінеді. Соның қалай өткені жөнінде репортаж жазуы керек. Біз оны сырттай келемеждеп күлеміз. Өмірінде робот көрмеген бейбақ не айтар екен?! Жоқ, тіпті де қиналған жоқ. Жеті атасынан бері құлтемірмен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан адам секілді, келді де мақаланы бұрқыратып жазып тастады. Бір айналып соқсақ, қолжазбасын оқыған басшылар оны әбден мақтап жатыр екен. Әнуарбек жұрттың қолпаштағанын елең қылмай, мойны қылқиып, өз орнында бұйығып отыр. Шынында да, ол репортажын өте қызықты етіп ұсыныпты. Шап-шағын ғана дүние. Бірақ бірден еліктіріп әкетеді. «Шымылдық сыртынан аяғын апыл-тапыл басқан «темір балалар» шыға келгенде нағыз балалар залды сахнаға айырбастап жібере жаздады» деп бастапты. Мақала осылай басынан аяғына дейін әдемі өріліп отырады. Баланың жанын бірден баурайды. Қайран, «Қазақстан пионерінің» мектебі... Қысқа-нұсқа, артық-ауыс сөз жоқ. Осы мақаладан соң біздің Қылқаудың редакциядағы беделі күрт өсті. Лездемеде ылғи жақсы жағынан аталады. Содан Қылқау летучкаға «летучая мышь» секілді қанатын қомданып баратын болды. Тағы бірде мынадай қызық оқиға болды. Әнуарбек қолына «Спринт» лотереясының билетін ұстап жүр екен. Таңертең жұмысқа келе жатып ала салған. Кәдімгі «Ұтыс жоқ» деп жазылған құнсыз қағаз. «Үнемі алам, үнемі осылай», – деп аздап қамығып тұр. «Қой, бұған қуаныш сыйламасақ болмас». Әлгі құнсыз қағазды «Лениншіл жастың» суретшісі Владимир Черданцев лезде бақытты билетке айналдырды. Ол лезде «Волга» машинасын ұтқан болып шыға келді. Ол кезде «Волга» – көлік атаулының төресі. «Қылқау, мә билетің. Енді тек құттықтауларды қабылдап отыра бер. Кешке дейін қайсарлықпен шыда», – деп, аяқ астынан табылған «несібесін» қолына ұстатып кеттік. Онымен де тынбадық. Газеттің бланкасын алып, «Лениншіл жастың» тілшісі «Волга» ұтты!» деген мақала дайындадық. Шекесіне тиісті мәліметтерін, техникалық өлшемдерін көрсетіп, секретариатқа әкеп шиырып тастадық. Секретариаттың сенбеске лажы жоқ. Төбесінде бас редактор Уәлихан Қалижанның қолы тұр. Маған Уәлихан ағамның қолын айнытпай қоюдан оңай нәрсе жоқ. Томпитып «У» әрпін бейнелейсің де, құйрығын оң жаққа қарай бір сүйкетіп жібересің. Болды. Газет баспаханадан шыққанша қай заман?! Сәлден соң барамыз да алып тастаймыз. Мұндай тапқырлыққа Уәкеңнің өзі де риза болмақ. Содан дүние гүл жайнап сала берді. Құттықтаушылар ағылып келіп жатыр. Жетінші қабатқа астыңғы алты қабаттың, үстіңгі екі қабаттың журналистері түгелге жуық кіріп-шықты. Бәрі де шын қуанып жүр. Өзі пәтерде тұратын, өзі көп балалы журналистің ойда-жоқта машина ұтып алуы деген... Әнуарбектің алдындағы шоқпардай көк телефон екі иінінен демалып тұр. Журналист олжаға кенелді деген хабар жерде жата ма, он тоғыз облыс түгел құлақтанды. Ағайын-туыс, құрбы-құрдас, дос-жаран... Осы күнгі талайды дүрліктіретін «Розыгрыш» бағдарламасы мұның қасында садаға кетсін! Бір кезде күллі Алматыны құшағына сыйғызып, фототілші Рахымбай Ханалиев келді жұмысқа. Оған жігіттер жалма-жан секретариатта жатқан материалды көрсетті. Оң жақ шекесіне «суретімен берілсін» деп белгі қойылыпты. Ақкөңіл Рахымбай ағамыз Әнуарбекті ертіп, дереу төменге қарай құлдилайды. Есік алдында керіліп тұрған ақ «Волганың» біреуінің қасына Әнуарбекті тұрғызып қойып, қайта-қайта суретке түсіреді. «Неге түсіріп жатырсың?», – деп сұрағандарға: «Інім ғой менің. «Волга» ұтты, почти туған інім», – деп марқаяды. Біреудің қуанышын өз қуанышындай көретін қайран ағамыз сөйтіп шалқып сала береді. Редакцияны күзететін милиционерлерге дейін айтып, сүйінші сұрайды. Суретті жедел шығарып, Әнуарбектің қолына ұстатады. Әбден есі шығып, ыржалақтап жүрген Әнуарбекті қайдам, осы жобаның «бас режиссері» болсам да, ақ «Волганы» ұтқанымызға өзім де сеніп қалыппын. Көптің ықыласы мұның ойын екенін ұмыттырып жіберді-ау деймін. Енді осынау көкке көтерілген көңілді пәсейту қиынның қиыны еді. Кеш батты. Жұмыстан қайтатын уақыт болды. Жұрт қайта-қайта құттықтап, жөніне кетті. Бөлмеде қиялдағы «Волгамызбен» бірге Әнуарбек екеуміз ғана қалдық. Сыртқа шығайық десек, күтіп тұрған көліктің жоқ екені есімізге түсіп, жүрегіміз сыздайды. Үйге «Волга» мініп келеді деп Әнешті күтіп отырған Жазираға не бетімізді айтамыз? Құрсын, енді бүйтіп ойнамаспыз... Алдымен облыстық газеттеріне «Журналист «Волга» ұтты» деп құттықтау береміз деп, шала бүлініп жатқан Талдықорғандағы Талғат пен Целиноградтағы Мұратбекке телефон шалдық. Сосын көліктің көңіліміздегі арманымыз екенін халыққа біртіндеп естірттік. Біреу күлді, біреу кейіді, біреу тілдеді... Бірақ бәрібір ішіміз әлем-жәлем. Содан Әнуарбектің көңілін аулағымыз келіп, досымыздың атынан «Ақ «Волга» деген әзіл өлең шығардық. Себебі, мерекелік көңіл-күйді одан әрі қарай жалғау керек болды. Бұл өлеңнің шумақтары осы мақаланың өн бойынан табылады. Ел ішінде кең таралған әндердің бірінің әуеніне салып, домбырамен айтқанда, жұртшылық қосыла шырқайтын. Біздің буын «Лениншіл жастан» кеткенше бұл әнді айтудан жалыққан жоқ-ты. Әсіресе, «Арманым асқақ еді, мұратым бай, Бұл бақыт мәңгі менде тұратындай. Қасымнан шырқ үйіріліп шықпай жүріп, Суретке түсірген-ді Рахымбай» деген жолдар сағынышқа айналған көп күндерімізді еске салады... Оның есесіне, Әнуарбек кейін көліктің талайын ерттеп мінді. Ал өзі ақпараттың ақ «Волгасы» секілді жүйрік журналиске айналды. Ақ «Волганың» заманында жағымды хабарлардың көбірек болғаны секілді біздің кейіпкеріміз де журналистиканың имандылық қағидаттарын берік ұстанады. Санаға сәуле түсіретін рухани нәрселерді ғана жазады. Қазіргідей атыс-шабысқа толы алқын-жұлқын ақпараттан алты қырды айналып қашады. «МЫЛҚАУ» БОЛҒАН ҚЫЛҚАУ Тәп-тәуір болмасам да шопыр әлі, Ақ «Волгам» алыс жолға шақырады. Құйғытып айдап келе жатқанымда, Қасымда Жазиражан отырады. (Журналистік фольклордан) Оның ақпарат кеңістігінде көрінуі «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетіне қызметке тұруынан басталды. Сол жылдарда осы газетте біздің курстың алты түлегі бірге жұмыс істедік. Нұржамал Байсақалова, Ғалымжан Мелдешов, Жақсылық Молдақұлов, Досымхан Қапасов, Әнуарбек Әуелбеков және мен. Осы аспандап ұшқан алты қаздың қай-қайсысы да кейін қонар жерін тапты. Солардың ішінде журналистикада табан аудармай келе жатқаны Әнуарбек пен Нұржамал. Бірақ сол билікке бейімдеу Нұржамалдың ілгеріде Жаркенттегі Пионерлер үйінде қызмет істеп, жеткіншектердің қамын, аудандық атқару комитетінде қызмет істеп, халықтың қамын ойлағаны бар. Ол барған мекемесі тарап кете берген соң, газетке қайтып оралған. Сонда баяғы алтаудың ішінен ақпараттың ауласынан ұзамаған Әнуарбек қана болып шығады. Сол алтаумыздың арасында көп үндемейтініміз Жақсылық еді. Ақыры ол өңшең үндемейтіндер жұмыс істейтін мекемеге ауысып кетті. Ал шындап үндемеу қажет болса, тастай қатып қалу жағынан Әнуарбекке ешқайсымыз жете алмайтынбыз. Баяғыда студент кезімізде Қостанайдың бір совхозында ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүргенімізде Әнуарбек екеуміз бәстестік. Бәске не тіккеніміз есімде жоқ. Бірақ оның шарты бойынша, ешкіммен тіл қатыспауымыз керек. Яғни, таза мылқау болу. Аңдаусызда сөйлеп қойған адам оңбай ұтылады. Сөйлегенің не, артық-ауыс дыбысқа елең еткен адам жеңіледі. Содан ол мелшиді де қалды. «Е, байғұс-ай, өзің Қылқау едің, енді тіпті мылқау болдың-ау», – деймін. Әрине, ішімнен. Мен болсам, әншейінде ішім толып жүретін адаммын, сөйлегім келіп шыдамай өліп барам. Қалың қарағайдың арасына барып, Талғат Батырхановты тауып алып, армансыз қауқылдасып келем. Бұл бір таза партизан. Менің бұлбұлдай сайрап кеткенімді жан баласына білдірмейді. Қайтып келсем, Қылқауымда әлі үн жоқ. Тіпті өмірі сөйлеп көрмеген адамдай тымсырайып жұмысын істеп жүр. Ту сыртынан келіп, бос шелекті қаңғыр еткіземіз. Елең етпейді. Даусы ащы қыздардың бірі байқамаған болып, баж ете қалады. Әнуарбектің шаруасы жоқ. Алыста тұрып картоп лақтырамыз. Басына тисе де былқ етпейді. Кәдімгі Ақан серінің мылқау баласы Ыбан сияқты орманға қарап ойға батып отыра береді. Осының өзі шынымен мылқау болып қалған жоқ па?! «Әй, Қылқау, қой, жаман ырым бастама, қайт райыңнан, сөйле, жырау!», – деп Талғат мәмілегерлікке бірнеше рет барып, тауы шағылып келді. Арандатушылық әрекетіміздің бәрі де сәтсіз аяқталды. Ақиқатын айтайық, бұл кезде Әнуарбектің осыдан бес-алты сағат бұрын кәдімгідей сөйлеп жүрген кезін сағына бастаған едік. Содан соң шыдамай қасына бардым да, құлағына: «Қазақ-совет мылқаулары жасасын!», – деп сыбыр еттім. Ол аңырып тұрып қалды да, бірден: «Сен жеңілдің!», – деп айқайлап жіберді. Құрысын, жеңілсем жеңілейін, әбден жалығып кеттім. Шынында да, ол көп үндемей, жұмысын істегенді ғана біледі. Көбіне елден оқшауланыңқырап жүреді. Сондықтан да «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Жанастан Кучукова ол туралы жазған мақаласында «Үндемей жүріп үлгеретін Әнекең» деген тіркесті қолданды. Оның үндемегенінен, дау-дамайға араласпағанынан ұлт журналистикасы тек қана ұтады. «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» деп жатады. Әзірге үйдей бәле түгілі титтей бәле де шығып көрген жоқ. Кейіпкеріміз қазақтың ең белді басылымдарының мектебінен өтті. Әсіресе жас күнінен қамау терін алған «Лениншіл жастың» жөні бөлек. Бұл газетке он алты жыл бас редактор болған Сейдахмет Бердіқұлов тәрбиесінің шет-жағасын көрді. Мәдениет бөлімі мен студент-жастар бөлімінің тілшісі ретінде жастар газетіне жаңа леп әкелді. Оқу орындары мен жатақханаларда талай қызықты пікірталастар өткізді. Оны қызыл тілдің майын тамызып жазып, оқырманға тартымды етіп ұсына білді. «Жас алаштан» соң «Қазақ әдебиетіне» ауысты. Кейінірек «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Дала мен қала», «Әдебиет айдыны» газеттерінде шеберлігін шыңдады. Тоқтаңыз, ол тек газетпен шектеліп қалған жоқ. Екі ғасырдың тоғысында екі-үш жыл бойы қолына микрофон ұстағаны бар. Бұған себеп болған өзін жас күнінен жақсы білетін Қайнар ағасы еді. Жалпы, Қайнар Олжай «Хабар-2» телеарнасына директор болған кезде орта буынның құдайы берді. Бұрын газеттің мектебінен өткен, қаламы жүйрік журналистер жаңа телеарнаға шақырылды. «Лениншіл жаста» бірге қызмет атқарған әріптес ағасы таңдаған жігіттердің ішінде Әнуарбек те бар-ды... Келе сала, «Кеше ғана орналастым «Хабарға», «Хабар» мендей корреспондент табар ма?!», – деп құлшынып іске кірісті. Жаңалықтар қызметіне бұрынғы газетшінің тигізер пайдасы көп екен. Құнарлы тілмен, жатық стильмен жазылған сюжеттер эфирден өте бастады. Әдетте жас журналистер мәтін дайындағанда бас әріп, тыныс белгі дегендеріңе пысқырып та қарамайды. Әйтеуір өздері түсінсе болды. Сол күйінде монтаж жасайтын бөлмеге барып, оқи салады. Әнуарбек сияқты сақа журналистер солардың бір қайнауы ішінде тұрған шикі дүниелерін ширатып береді. Қайнар Олжай телеарнаға жастарға қоса аға буын мен орта буынның өкілдерін тартты. Сөйтіп, үш буынның бір-бірімен сабақтастығын қалыптастырды. Алдыңғы екі буын кейінгі ұрпақтың тәлімгері болды да шықты. Сол тұста мәтінді өңдеуге ерекше үлес қосқандардың бірі осы Әнуарбек еді. Сәл кейінірек ол «Солай болған» деген хабарлар сериясын дайындады. Бір кезде елді елең еткізген тосын оқиғалардың астарына үңілді. Мәселен, оның «Академиктің ақырғы сапары» деген телематериалы ұшақ апатына ұшыраған әйгілі селекционер ғалым Кәрім Мыңбаевқа арналды. Жұмбақ апаттың жай-жапсарын анықтауға тырысты. Сөйтіп, үндемейтін Әнуарбек үнсіз жатқан бірқатар деректерге тіл бітірді. СЕКРЕТАРИАТҚА СҰРАНҒАН СЕРІ Жігіттер, өткен іске өкінбелік, Біз бекер тәуекелге бекінбедік. Алтын күн домалайды аспанымда, «Волгамның» дөңгелегі секілденіп. (Журналистік фольклордан) Әдетте, газеттегі жұмысын секретариаттан бастаған журналистер бөлімге ауысқанша асығады. Себебі, редакцияның жүрегі саналатын секретариаттың тіршілігі тынымсыз. Мұндағы күнделікті шаруаның қайнап жататыны өз алдына, кең бөлме келімді-кетімді адамнан босамайды. Жалпы, секретариат – газет-журналдың бүкіл материалы жинақталған ең құнды бөлмесі. Сондықтан оған қызметкерлерден басқа ешкім аяқ баспауға тиіс. Бірақ «Ит қорыған жерге өш» дегендей, ел-жұрттың жиналатын, тіпті кім көрінгеннің келетін жері осы. Солар жайғасып алып, мұрнына су жетпей жатқан макетшілерді қазақы кең қолтық әңгімеге тартады. Осыдан соң секретариатта кімнің жұмыс істегісі келеді дейсің. Жұрт өстіп секретариаттан қашып құтыла алмай жүрсе, Әнуарбек бастығына барып, секретариатқа қызметке ауысуға сұранған ғой. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, атақты жазушы Оралхан Бөкей оның техникалық жұмыстардың қыр-сырын меңгерсем деп ниет білдіргеніне қатты қуаныпты. «Мынауың қызық ой екен, өз басым жүз пайыз қолдаймын», – депті. Содан ол іске кіріседі. О бастан қағаз хаттауға өте ұқыпты еді. Алфавит бойынша конверттерді қатарластырып қойып, фотосуреттердің картотекасын жасайды. Бұрын шашылып жататын дүниелерді ретке келтіріп, жұмысты оңтайландырады. Орағаңның «Секретариат – біздің операциялық үстеліміз. Бұл жерде жұрт көп жиналып, жұмысқа кедергі келтірмеуі керек», – дегеніне қарамастан басылымның қонақжайлық дәстүрі ешқашан толастамайды. Әнуарбек сол у-шудың ішінде отырып, газеттің макетін сызады. Сызуға да қолы епті еді. Соған сай басылым беттері жұтынып шыға бастады. Секретариаттағы тәжірибесі бұдан кейін атқарған қызметтеріне септігін тигізді. Қанша жерден безендіру ісін меңгеріп алса да, оқырманға журналистігі арқылы көбірек танылғанын айтуға тиіспіз. Өзі қызмет істеген басылымдарда заманына сай өткір мәселелер көтеріп, әрқайсысында айрықша із қалдырды. «Жас алашта» жастар мен студенттердің мұң-мұқтажын жоқтады. «Қазақ әдебиетінде» «Сананы тұрмыс билей ме?», «Дін заманға бейімделе ме, әлде...», «Талай сырды ішке бүккен қара тас» сияқты мақалалар жазып, әлеуметтік проблемаларды қозғады. Тағдыры қызық тұлғалардың табиғатына терең бойлады. Әсіресе, әйгілі әртіс Қасым Жәкібаевтың ұлы Азаматтың басынан өткен ахуал жөніндегі мақаласы елді елең еткізді. «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеп жүргенде «Ел ерсіз, жер иесіз бе?», «Дәрігер неге дәрменсіз?» сынды өзекті мақалалар сериясын жариялады. Қалтай аға Мұхамеджанов басқарған «Түркістан» газетінің редакциясындағы жұмысы жемісті болды. «Таспа тазалықты тілейді», «Көпшілікке кім көмектеседі?», «Үш түйінді шешсек дейді...», «Бізді есейткен мультфильм», «Не қала емес, не дала емес...» атты мақалалары осы кезеңде жазылды. Бұл тұста білім мәселелерін көбірек көтерді. Ол осы саланың жай-күйін өте жақсы білетін. Себебі, отыздан енді ғана асқан шағында жеті баланың әкесі болып үлгерді. Сол балалары жыл құрғатпай бірінен соң бірі мектепке барып жатты. Өмірден ерте кеткен тұңғышы Динарасынан кейінгі перзенттері оған бүгінде немере сүйгізіп отыр. Сондықтан, мектеп пен балабақшаның жайын Әнеш білмегенде кім білмек?! «Әдебиет айдынына», Талаптан досының қасына келгенде қарымды қаламгерлерден сұхбат алып, олардың шығармашылық лабораториясына үңілуге тырысты. «Дала мен қалада» елдік мәселелерді жиі қозғады. «Алматы ақшамында» белгілі тұлғалардың белгісіз қырларын көрсетуге ұмтылды. «Империя қуғындаған Иманжүсіп», «Ғабеңнен басталған ғұмыр», «Алғашқы Ақбаян махаббат», «Ай, жолбарысым-ай», «Секеннің сегізінші нотасы немесе домбыра сыртындағы дастан» атты мақалалары сол басылымның қабырғасында жазылды. Секретариаттағы тәжірибесі де осы тұста жемісін берді. Ол Рысқали Дүйсенғалиев, Сайлау Пернебаев, Рахымбай Ханалиев, Нұрғожа Жұбанов, Нұрманбет Қизатов сынды қазақ фотожурналистикасы марғасқаларының шығармашылық портретін жасап, әріптестерінің ықыласына бөленді. Жазған мақалаларына оқырманның назарын аударарлықтай қызықты тақырып қоя біледі. Кейбір дүниелерінің атын әдейі екіұштылау етіп құрап, оқырманды түрлі ойға жетелеп әкетеді. Мысалы, «Сталинге арнап «құран оқыған» қазақтар», «Сіз неге үй ала алмай жүрсіз?», «Театр – имене басып кіретін төр», «Адамдар аштыққа төзуі мүмкін, ал әділетсіздікке төзе алмайды», «Әуе толқынындағы «жансыздар», «Осы жұрт неменеге тер төгіп жүр?», «Алдыңғы толқын әкімдер, кейінгі толқын әркімдер» деген тақырыптар кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ауыз екі сөзге өте ұтқыр. Студенттік кезімізде Әнуарбектің әр жерде айтқан сәтті тіркестерінің өзі жетіп артылады. Бірде басқа оқу орны жастарының басқосуына бардық. Біз көп ұзамай өзге бір жерге кетуіміз керек, ал мына кешті де қимай тұрмыз. Сонда Әнуарбек айтты: «Енді не болса да шыдайық. Артымызда арақ қалды деп алаңдамай кетейік». Мұндай тапқырлық оның журналистикасын да алға сүйреді. Қызықты деректерді табуына, оны ойнатып беруіне жол ашты. Кейіпкеріміз қазір «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет істейді. Жақсы аға, жаңашыл басшы Қали Сәрсенбайдың жанынан жайлы тұрақ тапты. Көңілі кең, пейілі зор Қалағаң талай басылымның дәмін татқан оны «Ақшамның» алтын қазығына байлады да тастады. Кейінгі жылдарда ол бұрқыратып өлең жазды. Бірнеше жыр жинақтарын шығарды. Оны айтасың, тіпті ән жазатын болды. Бірқатар әндерін есімі елге белгілі әншілер айтып жүр. Бірақ неге екенін білмеймін, өз басым ақын Әнуарбек пен композитор Әнуарбекке қарағанда журналист Әнуарбекті әлдеқайда артық көрем. Сірә, «Құдай-ай, қойған деканға тәуелді етіп, деп жылап жүр Әнуарбек Әуелбеков», – деп өлеңдетіп тұратын сонау студент кезден серік еткен негізгі кәсібін бағалағаным шығар... Ақпараттың ақ «Волгасы» оны әлі де біраз жерге жеткізетініне еш күмәнданбаймын.Бауыржан ОМАРҰЛЫ
qazaquni.kz