Ләйлә НҰРҒАЛИҚЫЗЫ: ӘРБІР БҰЙЫМДЫ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУ – МІНДЕТІМІЗ
2016 ж. 14 маусым
2446
0
Ләйлә НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, Әуезов театрының "Нақты бұйымдар" цехының меңгерушісі:
ӘРБІР БҰЙЫМДЫ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУ – МІНДЕТІМІЗ
Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрдың қазақ өнерінің дамуына қосып келе жатқан үлесі ұшан теңіз екені баршамызға белгілі. Әдетте, көрермендердің де БАҚ өкілдерінің де назары үнемі сол бір киелі сахнада өнер көрсететін актерлар мен актрисаларда болатыны сөзсіз. Ал, бұл жолы біз қашан көрсең, сахна сыртында арпалысып жүретін, театрға өмірін арнаған көпшілікке белгісіз жандардың еңбегін тілге тиек етсек дейміз. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері "Нақты бұйымдар" цехының меңгерушісі Ләйлә Нұрғалиқызы. Білікті маманның білгенімен бөліскенді жөн санадық. – Ләйлә Нұрғалиқызы, сіздің осы театрда ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқаныңызды білеміз. Киелі өнер ордасындағы ең алғашқы еңбек жолыңыз кассада билет сатудан басталғанымен де хабардармыз. Айтыңызшы, «Нақты бұйымдар» цехының тізгінін қашан қолға алдыңыз? – Менің театрда қызмет еткеніме міне, он бес жылдай уақыт болды. Алғашқы еңбек жолым қабылдау бөлмесінен басталған-ды. Кейіннен Есімхан Обаевтың ұсынынысымен кассада он жылдай қызмет істедім. Содан соң, бугалтер қызметін атқарған кездерім де болды. Осындай қызметтік сатылардан өту арқылы «Нақты бұйымдар» цехының меңгерушілігін қолға алған жайым бар. – «Нақты бұйымдар» цехына басшылықтан қойылатын негізгі талап қандай? – Меңгеруші ретінде цехтағы барлық затқа жауаптымын. Әр спектакльдің өзінің қолданатын заттары бар. Бізге қойылатын талап, солардың бәрін тазалап, қадағалап сақтау. Спектакльдерге керекті бұйымдармен қамтамасыз ету, керек десеңіз қару-жарақты актердің қолына ұстатып жіберу. – Бұл бөлімде қанша қызметкер жұмыс істейді? – Төрт қызметкеріміз бар. Бұйымдардың тазалығына біз жауап береміз. Бәріне үлгереміз. Осында ұзақ жылдар қызмет еткен ағаларымыз бар. Мұнда сахна мен қойылымның да қыр - сырын жетік білетін мамандар еңбек етеді. – Жаңа қойылымның пермьерасына керекті заттарды сіздерге айтып, үлгісін көрсетіп отыратын кімдер? – Спектакль қойылғанда оны режиссері, режиссердің көмекшілері, суретшілер қандай бұйымның қажеттігін жеткізеді. Жоқтары сатып алынады. Барлары өзімізде қайта өңделіп шығарылады. – Сахна ішіне керекті құрал-жабдықтардың ширек ғасырға жуық тарихы бар екендігі белгілі. Олардың ішінде қамшы, сауыт, әшекейлер де бар деседі. Сол тарихи заттарды қазіргі күнде актерлер қолдана ма? – Қазіргі қолданыстағы бұйымдардың көбісі жаңа. Ескі заттарды музейге өткіземіз. Серке Қожанқұловтың ұстаған қамшысы музейге тапсырдық. Бикен Римова сынды үлкен апаларымыз ұстаған қалқан бар. Оны жаңартып, «Алмас қылыш» қойлымына актерлер қолданып жүр. – Қойылым барысында жарықты өшіріп, ауыс-түйіс те орын алады. Аз уақыттың ішінде сахнадағы қажетті заттарды қалай ауыстырып үлгересіздер? – Әрине үлгереміз. Үйреніп те, жаттығып та қалғанбыз. Қойлым арасында да, қойылымға дейін де дайындап қоямыз. Қараңғыда жұмыс істеуге де дағдыланып алдық. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан: Мархаббат ІЛИЯС, Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Журналистика факультетінің студенті