Ғалымжан ЖОЛДАСБАЙ, әнші: КӨНЕРГЕН ӘНДЕРДІ КӨПКЕ ЖЕТКІЗСЕМ ДЕП ЖҮРМІН...
2016 ж. 14 маусым
7575
15
Ғалымжан Жолдасбай – дәстүрлі ән мен эстрада жанрын бір арнаға тоғыстырып, өзіне ғана тән әдемі қоңыр үнімен қалың көптің көңілінен шығып жүрген жас таланттарымыздың бірі.
Алматыға іс-сапармен келген әнші "Қазақ үні" газетінің редакциясына арнайы келіп, сұхбат берді. Сырласа отырып Ғалымжанның бойынан көп әншілерге ұқсай бермейтін қасиеттерді де байқадық. Шынында да ол өнерді жан жүрегімен қалап келген жан. Содан болса керек-ті, базбір әншілер секілді ең бірінші елге танылуды да көздемейді. «Ең бастысы – өнерге деген көзқарас таза болуға тиісті» дейді ол.
Сондай-ақ, өнер жолында жүрген кейбір әнші жігіттер секілді өзінің жары бар екенін жұрттан жасырып та әлек болмайды. Кез-келген сауалға шынайы жауап қатқан оның өміріне де өнеріне де адалдық танытып келе жатқанын айқын аңғаруға болады.
Қайда жүрсе де, домбырасын қолынан тастамайтын өнер иесі қонақкәде ретінде әуелете ән де шырқап, көңілімізді бір серпілтіп тастады. Ендеше, Ғалымжан Жолдасбай ақтарған сырды оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
Өнерлі отбасында өмірге келдім...
– Мен өзім өнерлі отбасынан шыққанмын. Әкем – Жолдасбаев Жауынбек Қаниұлы Батыс өңіріне белгілі, әрі тәжірибелі музыка маманы. Кезінде Түркіменстан Республикасының Халық әртісі атағын алған кісі. Яғни, бойымдағы өнерді әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған деп айтуға толық негіз бар. Маңғыстау өнер колледжінің мұғалімі, өзімнің үлкен әпкем – Гүлнәр Жолдасбай қолыма домбыра ұстатып, өнердің жолына өзі баулыды. Әрі "Сенің болмыс-бітімің өнер адамына сай келеді" деп бала күнімнен-ақ құлағыма құйып отырды. Оның үстіне "Әке көрген оқ жанар" демекші, әкеден алған тәліміміз тағы бар.
Мамандық таңдауға келгенде көп ойлана қойған жоқпын. 9-шы сыныпты бітірісімен, Маңғыстау өнер колледжіне оқуға түстім. Онда Аманжол Самықов атты ұстазымнан күй мектебін бітірдім.
Дәстүрлі әнді дәріптеу – міндетіміз...
– Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында білімімді одан әрі шыңдай түстім. Қазақ өнерінің қара шаңырағында Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосынов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері, елге белгілі әншілер – Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Ардақ Исатаева сынды ұлағатты ұстаздардан дәріс алдым. Университет қабырғасында жүріп, дәстүрлі ән өнерін Батыс мектебі бойынша бітірдім. Анығырақ айтқанда, Батыс Қазақстан облысының тумасы халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының әндерін айту. Мұхит бабамыздың әндерін орындаушылық дәстүрін ілгері дамытып, халық арасына кеңірек насихаттаған Ғарифолла Құрманғалиев болатын. Осынау өнер иелерінің шығармаларын және кезінде «Адайдың жеті қайқысы» атанған дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдерінің әндерін дәріптеу негізгі кәсібіміз. Қандай ортада жүрсем де, той мейлі түрлі концерттер болсын, дәстүрлі әндерді шырқау – негізгі міндетім деп санаймын.
Менің өнердегі «төлқұжатым» – «Ақ тілек»
– Кез-келген әншіні елге танытатын бір әні болатыны белгілі ғой. Ал, менің өнердегі «төлқұжатым» – «Ақ тілек» термесі. Әннің сөзін Мұса Жанәділов жазса, мақамы – Наурызбек жыраудыкі. «Ақ тілек» термесі 1982 жылы «Беташар» атты кітапта жарық көрген екен. Мұндағы менің жаңалығым – әннің әуені мен мәтінін екі жақтан алып, екеуін ұштастыра отырып, заман талабына сай орындап шыққандығым. Басында аталмыш ән аймақ көлемінде ғана терме ретінде орындалып жүрді. Кейіннен эстрадаға салып шырқағанда, халық жақсы қабылдап, республика көлемінде кең таралып кетті.
Тіпті бұл ән әлемді шарлады десек артық айтқандық емес. Түркия Ресубликасының «Мехепе» және «Ақ» партияларының гимні болды. Мұның өзі әннің шетелдіктердің де көңілінен шыққандығын көрсетсе керек-ті.
Бір кездері жұрт әнімді білгенімен, өзімді мүлдем білмейтін...
– Осы «Ақ тілек» термесін алғаш орындап жүрген кезім тұғын. Бір жолы достарым Алматы қаласында өтіп жатқан бір тойға шақырды. Той басталысымен-ақ, «Ақ тілек» термесін қойып жіберді. Содан барып: «Мен осы әнді айтуға келіп тұрмын ғой» дедім. Сөйтсем, «Сен кімсің?» дегені. «Мен осы әннің орындаушысы Ғалымжан Жолдасбаймын» деп өз-өзімді таныстыруға тура келді. Осылайша бір кездері жұрт, әнімді білгенімен, өзімді мүлде білмейтін.
Бұл әннің көптің көңілінен шыққаны соншалықты, орындаушылары да күрт көбейіп кетті. Сондықтан, «Ақ тілектің» авторлық құқығын қорғап, арнайы бейнебаян түсірдім. Одан кейін барып, ел-жұрт бұл әнді менің орындайтындығымды білді.
«Нағыз қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ – домбыра!»
– Менің жан серігім – домбыра. Шындығын айтқанда мен ән айтпай, күй тартпай бір күн де тұра алмаймын. Бүгінде менің көңіл-күйімнің қандай екенін жарым домбыраны қалай шерткенімнен-ақ аңғара береді. Кейде бір көңіл құлазыған сәтте мұңлы күй тартсам, «Саған не болды? Бәрі дұрыс па?» деп сұрап жататыны бар. Қуансам да, мұңайсам да домбырам жанымнан табылатын айнымас досым. Домбыраның қоңыр үні жаныма қуат беретіндей көрінеді. Қазақтың осы бір ұлттық аспабын еліміздің қайсібір өңіріне барсам да, қасымнан бір елі тастамай алып жүру дағдыма айналған. Қадыр Мырза Әли ағамыз: «Нағыз қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ – домбыра!» деген сөзді текке айтпағанына көз жеткізгендеймін.
Патриоттық әндерді көбейтуді көздеп жүрмін...
– Қазіргі таңда репертуарымдағы әндердің ұзын-ырғасы елуден асып жығылады. Шыны керек мен әндердің саны үшін емес, сапасы үшін жұмыс істеймін. Менің өнердегі негізгі мақсатым – қазақтың көнерген, яғни ел ішінде ұмыт болып бара жатқан әндерді бүгінгі заман талабына сай жаңғыртып, халыққа жеткізу. Яғни қазақтың ұлттық ән өнерінің дамуына өзімнің щамамның келгенінше үлес қосу. Бүгінгі күні ән қоржынымды түрлі тақырыптағы әндер қамтиды. Десе де патриоттық тұрғыдағы әндерді көбейте түсуді көздеп жүрмін. Туған жер, Отан тақырыбындағы әндерді шырқау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге тамшыдай болсын үлес қоса алсақ, мұның өзі зор жетістік дер едім.
Ұлттық салт-дәстүріміз – баға жетпес байлығымыз...
– «Той – халықтың қазынасы» дейді ғой дана халқымыз. Той басқаратын да өнерім бар екенін білетіндер бар шығар. Бірақ асабалықты тек ғана табыс табу үшін атқармаймын. Меніңше қазақтың әрбір тойы халқымыздың мәдениетін көрсететін шара. Оның үстіне ұлттық салт-дәстүріміз – баға жетпес байлығымыз емес пе?! Осынау ұлттық құндылықтарымызды өзім басқарған тойларда сақтауға тырысамын. Яғни, мен той иелерінің айтқандарына бас шұлғи беретін асабалардың қатарынан емеспін. Қазақтың әдет-ғұрпына жат дүниелерді жасатпауға күш саламын. Сондай-ақ, тойды барынша салтанатты әрі мәдениетті етіп өткізгеніміз жөн деп есептеймін. Өйткені жиылған жамағат аз да болса, тойдан тағылым алуы тиіс. Сондықтан өзім бейәдеп әзілдерді айтып, арзан күлкімен халықтың көңілін аулағым келмейді. Әдептен аспай, әдемі әзілмен көңілді кеш сыйлап жүрген жайым бар. «Бір тойды қаншаға басқарасың?» деген сауал асабаларға қойылатын негізгі сауалдың бірі ғой. Бірақ менде қатып қалған баға жоқ. Әр кезде әрқалай болып жатады. Өзімнің қоятын белгілі бір бағам да бар, әрине. Бірақ көбіне халықтың жағдайымен санасуға тура келеді. Өнерімді құрметтеп шақырып жатса, кез-келген тойдан бас тартпаймын.
Апталап үйде болмайтын кездерім де бар...
– Ер азамат өмірде мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек деп жатады ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, Аллаға шүкір жолы болған жігіттердің бірімін деп айта аламын. Жан жарымның есімі – Жұмагүл. Бүгінгі таңда екеуміз екі ұлдың ата-анасымыз. Өмірлік серігім болғандықтан менің өнеріме қашан да қолдау көрсетіп келеді. Шыны керек, кейде іс сапармен дүріп, апталап үйде болмайтын кездерім де бар. Осының бәріне түсіністік танытып жатады. Әрі менің ойымды айтқызбай ұғып қоятыны тағы бар. Бойынан қазақтың келініне тән қасиеттің барлығы табылады деуге болады.
Әрине, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырлайтын да кездер болады. Десе де, бәрін ақылмен шешуге тырысамыз. Бақыттың кілті – ынтымақ пен бірлікте екенін екеуміз де түйсінеміз.
Гүл өсіруді жаным қалайды...
– Шындығын айтқанда, менде бос уақыт табыла бермейді. Не істерімді білмей қол қусырып отыратын кез жоқтың қасы. Әйткенмен, гүл өсіру ісі – бүгінде менің хоббиіме айналған. Гүлдерге қарасам жаным жадырай түсетін секілді. Сондықтан болса керек, гүлдерді өсіріп, баптауға бір мезет уақыт бөліп қоямын. Жайқалып тұрған гүл кім-кімге болса да көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деген ойдамын.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.qz