ҒЫЛЫМНЫҢ АРҚАЛАҒАН АУЫР ЖҮГІН ...

профессор Дандай Ысқақұлы 70 жаста

дандай

Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ филологиясы мен түркітанудың ортақ мәселелері» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік симпозиум өттті. Қытай, Түркия, Ресей, Босния, Түрікменстан, Қырғызстан елінің белгілі түркітанушы ғалымдары қатысқан халықаралық симпозиумның биылғы жұмысы филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы, профессор, Дандай Ысқақұлының 70 жылдық мерейтойына арналды.

Түркі руханияты, түркі өркениетінің құнды дүниелері – адамзаттың асыл қазынасы. Түркілік құндылықтар негізінде барлық түркі тілдес елдердің әлеуметтік, рухани бірлігін сақтау күн тәртібінен түскен емес. Симпозиум осы ретте түркі халықтарының арасындағы рухани туыстық бағытындағы қарым-қатынастарды дамытуды мақсат тұтты. «Тіл білімінің өзекті мәселе­лері», «Әдебиеттану ғылымының ортақ мәселелері», «Қорқыт ата мұрасы және түркі әлемі», «Қоғам­дық ғылымдардың түркітанымдық негізі» сынды өзекті мәселелер жиынның арқауына айналды. Дандай Ысқақұлы өзінің ғылыми еңбектерінде қазақ әдебиетінің сынына айрықша тоқталатыны белгілі. Сондай-ақ, сынның әдеби көркемдік процестегі орны мен қызметі, қағидаттары мен түрлері ғалым­ның басты назарында болады. Әдебиеттану ғылымында ғалымның ұшқыр қаламы тимеген мәселе кемде-кем деуге болады. Әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы, абайтану, әуезовтану, алаш әдебиеті, түркі халықтарының әдебиеті, әлем әдебиеті мен аударма мәселелерін қамтыған іргелі зерттеу еңбектері арқылы ғалым бүгінде ұлттық әдебиеттану ғылымын әлемге танытып келеді. Ғалымның осынау еңбегі мерейлі күні ел алдында еленді де. Яғни, С. Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және оқу әдебиеттерін жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А. Байтұрсынов атындағы алтын медалімен және түркі әлемін зерттеуге сіңірген еңбегі үшін ТҮРКСОЙ-дың халықаралық Мақтымқұлы медалімен марапатталды. Сүлеймен Демирел атындағы университеттен бастау алған симпозиум Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлкеттік универси­тетінде «Түркі өркениеті және Қорқыт ата мұралары» атты секция жұмысымен жалғасты. Көшпелді симпозиумның үшінші секциясы «Отырар – Түркі өркениетінің алтын діңгегі» деген атпен ғалымның туған топырағы Отырар ауданында өтті. Ғалымды құшақ жая қарсы алған жерлестері тұлпар мінгізіп, иығына шапан жауып зор құрметтерін көрсетіп жатты. Бірнеше күнге созылған осынау шараға алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар мен Дандай Ысқақұлының әріптестері, шәкірттері, ақындар мен жазушылар қатысты. Сонымен қатар, симпозиум қонақтары мен қатысушылары Сыр бойындағы сәулет өнері ескерткіштерінің бірегейі әрі киелі орындардың бірі - Қорқыт ата мемориалдық кешенін, Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер саналатын Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін, Есімі Отырар, Сайрам, Ясы өңіріндегі сопылардың рухани ұстазы ретінде кеңінен танымал Арыстанбаб бабаның кесенесі мен киелі Отырар төбені аралап, түркі өркениетінің тереңде жатқан тарихи мұраларына қанығып қайтты.

Ғазиза ОТАРБАЕВА