Оразада рызығымыз ортаймасын!
2016 ж. 08 маусым
2905
1
Аса Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтаулар Аллаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына сансыз салауаттар болсын!
Айлардың ұлығы, айлардың сұлтаны, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазанның берекесі баршамызға жұғысты болғай!
Қадірменді халайық, құрметті бауырлар!
Әне сондай, мейірімді Алла өзінің шексіз мейірімімен шынайы құлшылық қылған құлдарының күнәларын кешіріп, Өзінің Рахман сипатына сыйғызады. Алла тағала мейіріміне бөленген құлдарының күнәсін кешіріп, өзі уәде еткен Жәннаттың төріне жайғастырады.Бұған шүбәңіз болмасын. Бұл Алланың уәдесі. Демек, мәселе өзімізде.
Олай болса ағайын, осы оразаның отыз күнінде ауыз бекітіп, бойымызды мейірімділікке үйретіп, күнәдан арылып, тозақ отынан құтылуға қам жасап, Алланың Жәннатына кіруге күшімізді салғанымыз лазым. Жаратқан жаппар Иеміздің біз үшін айқара ашылған есігінен ену бақытын жіберіп алсақ, онан асқан өкініш болмас.
Бұл ай біз үшін үлкен қуанышқа толы. Алланың елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауыз ашарда, екіншісі – ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда» дейді.
Әбу Һурайрадан (р.а) имам Бұхари және имам Мүслим риуаят еткен тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлар кешіріледі» дейді.
Демек, Рамазанда ораза ұстап, шариғат шеңберінде игі істерімізді көбейтсек, Құдайға құлшылығымызды шынайы жасасақ күнәларымыз кешіріледі екен.Міне, бұл ақиқатты Алланың ардақты елшісі жеткізіп тұрған жоқпа?!
Рамазан айында ұстайтын оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Тақуа дегеніміз – сақтану, қорқу, сыйыну, Ұлы Жаратушының қорғанына кіру дегенді білдіреді. Тақуалық дегеніміз – Алла тағалаға бойұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйған тыйымдарына итағат етіп, иманды, көркем мінезді, шынайы мұсылман болып, Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану болып табылады.
Біздің бойымызды осы тақуалыққа жетуден тосатын нәрсе – өз нәпсіміз.
Нәпсі – адам бойындағы құмарлық сезімі. Жұмыр басты пенденің шынайы мүминдіктің шыңына шығып, көркем мінездің иегері болуына бөгет нәрсе адамның осындай озбырлана ойын бөлетін нәпсісінің болуында. Осындай озбыр нәпсінің бойымызды билеп кетуін тыятын тізгінді қолға алудың аса ұтымды амалы, аштық пен шөлге шыдап, ораза ұстау. Бұл жерде аса маңызды бір нәрсе, тұтқан оразамыз бен жасаған жақсы амалдарымыз – Алланың разылығы үшін болуы. Егер, тұтқан оразамыз Алланың разылығынан тыс қалса, яғни, шынайы ғибадат үстіне құрылмаса, онда одан еш пайда жоқ.
Алла тағала қасиетті Құрани кәримде былай деп бұйырған.
«Ей, иман еткендер! Күналардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». («Бақара» сүресі, 185-аят)
Міне, осы аятта айтылғандай, Алла тағала пенделерін тақуалыққа жеткізу үшін, Рамазан айында отыз күн ораза ұстауды дені сау, ақыл-есі дұрыс, жасы кәмелетке толған, бас бостандығы бар, мұсылман баласына парыз етіп қойды. Мақсат, тағы да сол пенделерге деген Ұлы мейірім Иесінің мейірімінен туған кеңшілік, берілген мүмкіндік. Рамазан айы Алла тағаланың өз құлдарының тәубеге келіп, ақыретте азапқа ұшырамауы үшін асқан жомарттықпен жасап отырған сыйы.
Ендеше, сыйдан қағылып, қап деп қалмауымыз қажет.
Осы қасиетті айдағы ораза жайлы айтылған Алла Елшісінің (с.ғ.с) хадистеріне назар салып көріңізші!
Имам Бұхари және имам Мүслім риуаят еткен бір хадисте, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Жәннатта Раян деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкім кірмейді. Қиямет күні: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады. Ораза ұстағандар тұрып, сол қақпадан кіреді. Олар кіріп болған соң, қақпа жабылып, онан басқа ешкім кірмейді» – деген.
Имам Бұхари мен имам Мүслім жеткізген тағы бір тамаша хадисте: «Қайсыбір пенде Алла тағала жолында бір күн ораза ұстаса, Алла тағала сол күні үшін оның жүзін(бетін) тозақ отынан жетпіс жылға ұзақ етеді» – десе, Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари мен имам Мүслім риуаят еткен және бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рамазан келгенде Жәннаттың есігі ашылып, тозақ есігі жабылады, шайтандар кісенделеді», – дейді.Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Нәсәи риуаят еткен мына бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадір түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі», – дейді.
Әбу Һурайрадан (р.а) имам Бұхари мен имам Мүслім жеткізген және бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сіздерден біріңіз ораза ұстаса, жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балағаттаса немесе дауласса, ол: «Мен оразамын», – деп айтсын», – дейді.
Имам Нәсәи риуаят еткен тағы бір хадисте Әбу Умама (р.а.): «Мен Расулуллаға (с.ғ.с.) барып: «Маған бір амал бұйырыңыз. Мен сол амалды орындайын», – деп айтқанымда, ол кісі (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Себебі, онымен тең келетін амал жоқ», – деп жауап берді», – деп, оразаның орасан зор құлшылық амалы екенін ескертіп, үмметіне үлгі болар сәлихалы сөз саптайды.
Әбу Һурайрадан (р.а) имам Бұхари риуаят еткен тағы бір хадисте
Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«Кім жалған айтудан және жалғандыққа барудан тыйылмаса, Алла тағала оның ішпей-жемей жүргенін қажет етпейді», – деп ораза ұстаушы пенденің пейілі пейішті аңсап, Аллаға деген адал махаббаттан туындап, жалғандықтан жаны жырақтауы керектігі жайлы келелі кеңес береді.
Әнас ибн Мәліктен (р.а.) имам Бұхари және имам Мүслім риуаят еткен мына хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Сәресін ішіңіздер, өйткені сәресінде береке бар» – деп, сәресін ішудің ораза тұтушы үшін береке екенін айтса, Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Тирмизи риуаят еткен мына бір хұдси хадисте ауыз ашудың артықшылығын айтып: «Алла тағала: «Құлдарымның ішінде Мен үшін ең сүйіктілері – ауыз ашуға асығатындары», – деп айтты», – дейді.
Ал, ораза ұстаған адамға ауыз аштырудың сауабы жайлы Зайд ибн Хәлид Әл-Жуһаниден (р.а.) имам Тирмизи жеткізген бір хадисте: «Ораза ұстағанды тамақтандырған, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, әрі ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді», – деп ауыз аштырған адамның да оразадан алар сүбелі үлесін сөз етеді.
Рамазан айында әрбір мұсылман адам жан садақасы саналатын – пітір садақасын беруі міндет. Пітір сөзі (араб тілінде) – «жаратылыс» деген мағына береді. Кейбір ғұламалар пітірге «дененің зекеті» деген тіркесті қосып айтуды қош көреді.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айында ораза ұстаған адамдарды пітір садақа беруге бұйырды.
Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) ораза ұстаған пендені тазалау үшін пітір садақаны парыз етті. Бұл міндет ораза ұстаушыны бос сөздерінің кірінен, әдепсіз айтқан сөзінінің күнәсінен пәктейді және кембағалдар үшін азық. Кімде-кім оны (айт) намаздан алдын берсе, ол қабыл болған зекеттен саналады. Кімде-кім намаздан кейін берсе, ол тек жай садақа»,-деген. (Әбу Дәуіт, ибн Мәжаһ риуаят)
Иә, қадірменді халайық, жоғарыда айтылған мүбәрак хадистерден оқып отырғанымыздай, оразаның қадір-қасиеті мен, артықшылығын қанша айтсақ та тауыса алмаспыз. Мойын бұрған мұсылман үшін мол мүмкіндікті арқалаған Рамазан айы кіргенде, кежегеміз кері кетуінен сақтанып, қасиетті айдың қадірін біліп, сауап жинауға сақадай сай болайық бауырлар!
Ақыретке азық жинаудан асар рызық жоқ. Ораза — Алланың бізге берген рызығы. Олай болса ардақты ағайын, оразада рызығымыз ортаймасын! Алла тағала басымызға амандық, денімізге саулық сыйлап, қасиетті Рамазан айындағы сауапты мейлінше жинауды баршамызға нәсіп еткей! Әмин!
Нұржан қажы Таласұлы, Алматы қаласы, «Таугүл-3» мешітінің бас имамы.
qazaquni.kz