Ер Зуқа, есіл Зуқа енді өлмейді...
2016 ж. 06 маусым
2690
0
(Зуқа батырдың 150 жылдық ас-тойындағы мүшәйраға арналады)
Ағындап кіл қылқұйрық тесік өкпе,
Ақырып кірген қолдай ірі шепке.
Сөз емес ол жайлы сөз – қылыш, найза,
Малынған бірі кекке, бірі сертке!
Сөйлесем олар жайын, күңіренерсің,
Ұмыт қап өз қайғыңның мыңы шетте.
Ышқынар қобыз кеудең ыңыранар,
Кетсе егер қолың тиіп қыл ішекке.
Өр Алтай!..
Аз қазақпен қақтығысып,
Қанша жау сай-салаңды жатты құшып.
Екі алып империя – Орыс, Қытай,
Маңғол мен дүңген қоса шаптығысып.
Күркіреп ту шатқалдан аю – шалдар,
Ақырса айбатынан қашты ығысып.
Жұрынды тері шалбар, шошақ тымақ,
Доғал бас саптама етік, қасқыр ішік...
Шалдарым!..
Шейіт кетті заңғар, алып,
Серт ұстап семсерлерін қанға малып.
Құдайдан өзге ешкімге құл болмайтын,
Ер жолын өтті есілдер таңдап алып.
Соғыстың сондайы да болады-ау деп,
Таңғалсаң, әлем, соған таңғал анық.
Құлатқан самолетті бесатармен,
Түтігін суытып ап қарға қарып...
Келсе де жапырылып қанша әскермен,
Қырылып бітетін жау таң, сәскеңнен.
Ел үшін еңіреген қайран ерлер,
Шашырап нарт қызыл қан наркескеннен.
Айбатың, ызбарлы ізің сол деп білем,
Қып-қызыл қына болып әр тасқа өнген.
Жолақ жон жолбарыстың құйрығындай,
Қамшысын сүйреп кірсе хан сескенген.
Қамшысын талдап өрген тобылғылы,
Ер Зуқа, Зуқа батыр соның бірі.
Әлсізге қормал Зуқа, қажы Зуқа,
Әкесі Сәбит молда тегі үлгілі.
Ай, шіркін, асау дала арыстаны-ай,
Өлшеусіз ел деп өткен өмір құны.
Аңырап Сұлтаншәріп, елі қалған,
Құшақтап тер шіріткен тебінгіні.
Қорегін жаудан тартып тояттаған,
Қыран ер қия құзда қонақтаған.
Салықсыз халық етіп айналасын,
Қараны зорекерге тонатпаған.
Арланның апаны еді, Алтай, Сауыр
таулары жонын мұзбен жолақтаған.
Ақ орыс армиясын тас-талқан қып,
Маңына маңғол, қытай жолатпаған.
Ер Зуқа!
Туылар ма енді қайтып!?
Туылса жинастырар елді қайтып?
Ер өліп, елі тозып, жосып кеткен,
Тарихын батырының шер ғып айтып.
Түркия, Еуропа, Қытай, Моңғол,
Шүкірлік, еңіресіп көрді қайтып.
Өткеннің зарын айтар ертелі-кеш,
Жетім қыр Белқұдықты жел мұңайтып.
Ол-дағы тағдыр кешті Ер Кенедей,
Кесіліп бассыз қалды ел денедей.
Шақты ғой бауырына кірген жылан –
Жақия жақыным деп сенген егей.
Ілінген Сарсүмбеге басты ойласам,
Келеді жылы қанға шөлдеген ой...
Шөгермін мен де дөңге шудам төсеп,
Кеткенше суға батып шер кемедей.
Лықсытып көкірегін не бір арман,
Жігіттер қапы қалды-ау не бір арлан.
Кәрім мен Шәми, Насыр, Төлегетай,
Сатқынды құрықтады торып алдан.
Ағашқа Жақияның басын іліп,
Терісін Мажымныңның сөгіп алған.
Жауыздың төбесінің түп құйқасын,
Бурадай шайнап тұрып кегін алған.
Жай таппай айтса әннен, тартса күйден,
Жайым бар жан ауырып босқа күйген.
Жүзіндей кейуананың жүрегім бар,
Көзінен аққан ыстық жасқа күйген...
Өткен күн өзегіңді сыздатады-ау,
Келгенмен өмір кешкің басқа күймен.
Жер тарпып жеті түнде оятады,
Кісінеп Зуқа мінген қасқа жирен!
Сусылдап сүмбіл жалы жануар-ай,
Шаппақсың шаң боратып тағы қалай?
Бері кел,
Белқұдықтың маңындағы ел,
Қайтейін, танып тұрып танымауы-ай!..
Бері кел!
Кекіл сипап жұбанайын,
Түсінер екеумізді бұл ағайын.
Айналып қазығыңды таптың-ау деп,
Бір уақ енді мен де қуанайын.
Аунатып Кендірліктің топырағына,
Ертіске, Есілге де суарайын.
Қайнасып бітісеміз қалың елмен,
Қағылған олқы тұсқа сынадайын.
Осылай тыншымаса көңіл біздің,
Осылай жай таппаса өмір біздің,
Ұзақ жол бір күрсініс қойды үзілмей,
Қоп-қою тұманындай қоңыр күздің.
Алапат, зұлмат, соғыс, тасыр көрген,
Көз ұшта барады ұзап ғасыр – керуен.
Ақ жүрек аталар-ай, кәлимасы
Аузынан бірге шыққан ақыр деммен.
Тәуелсіз елге тірек ертеңгі күн,
Біз тірі қалу үшін басын берген.
Жандары мәңгілікке жай тапса екен,
Жәннаттың самалы есіп жасыл белден.
Ер Зуқа, есіл Зуқа енді өлмейді,
Кағбаның қасиетті тасын көрген.
Дұға қыл күллі қазақ әлемдегі,
Атажұрт, аман бол деп асын берген!
Ұларбек Нұрғалымұлы
qazaquni.kz